• Тіл
  • 22 Қыркүйек, 2022

ТІЛ: МҰҒАЛІМ ҒАНА ЕМЕС, АТА-АНА ДА ЖАУАПТЫ

«Ана тілі » газетіне Кенжехан Матыжановтың «Уыз тәрбие: Толғам» атты бірнеше қағидадан тұратын мақалаларын оқып, ойға қалдым. Автор кішкене сәбилердің ой-сезімін оятудың түрлі тағылымын алға тартады . Ұсыныс , пікірлері көңілге қонымды. 
Сонда да, бастауыш және басқа да сынып оқушыларының қабілетін жетілдіруде қандай тәрбие қажет деген сауал ойға оралады. Айталық, сыныпта мұғалім пәндер бойынша сабақты бар ынтасымен оқытады. Шәкірттері ұстаздың айтқандарын толық түсінетіні анық. Дегенмен ойға сақтау қабілеті нашар оқушылар сол сәтте болмағанмен, араға уақыт салған кезде ұмытып қалатыны жасырын емес. 

Өткен ғасырдың елуінші жыл­да­­рының ортасында мектепке бар­ғандардың арасында сабаққа зейін­сіздері болды. Оны жасыру мүлде қажет емес. Сол кезде «Баламыз жоғары оқу орнына қабылданбаса да, ауылда қалып, механизатор немесе бақ­ташы мамандығына жарап қалар» деушілердің әңгімесін естігенмін. Заманына орай көптеген замандастарымыз әлгі аталған мамандықтарды игерді. Жоғарыда аталған оқушылар сабақ түсіндіріл-геннің ертеңінде мектепке келгенде, кешегі сабақ мазмұнын айта алмайды. «Мұның себебі қандай?» деген сауалға жауап әзір .

Жоғары оқу орнынан диплом алғасын мектепте қазақ әдебиеті мен қазақ тілі пәндерінен сабақ бердім. Сонда байқағаным, бастауыш мектеп түгілі, онан жоғары сынып оқушы­ларының еске сақтау қабілеті түрліше болады екен. Егер де оларға үйде ата-анасы талап қойса, қатардан қалмайды.

Талап қоюдың да түрлі тәсілі бар. «Үйге берілген тапсырмаларды орындадың ба?» деп сауал қойылғанда нашар оқитын бала «Орындап жатырмын» деп немқұрайлы жауап қайыра салады. Баланың үніне мән беретін ата-ана күмәнданған қалпы тексереді. Күнделігін сұрап алып, қойылған бағаларға үңіледі. Көңілі толмаса, тергей бастайды. Мұндай ата-ана баласының болашағын ойлайды. Түптеп келгенде, мақсатына жетеді. Баланың оқу үлгірімі артады. Баласының ақырын ғана күбірлеген жауабын місе тұтқандар қапы қалады. Үйге берілген тапсырмаларды қалай болса, солай орындап, үлгірімін нашарлатқан оқушы сыныптан сыныпқа көшкен сайын есте сақтау қабілетінен айырылып қалуы мүмкін.

Кезінде орыс мектебінде оқы­ғандықтан, қазақша дұрыстап сөйлей алмайтын жас ата-аналар жетіп артылады. Әйтсе де, солардың көпшілігі баласының қазақ мектебінде оқығанын қалайды. Енді олар мектеп табалды­рығын аттаған сәбиге үйге қабылдаған тапсырмаларды орындауға қалай көмектеспек?

Тағы да ата-ана парызы көлденең кезігеді. Сана сезімі жоғарылардың сәтті амалдар тапқанының куәсі болдым. Қостанай қаласында тұратын Бақытбек есімді жігітпен сұхбаттасқанда керемет таңырқадым.

Бақытбек жұбайымен ақылдаса отырып, бірінші сыныпқа барған баласы үшін репетитор жалдаған. Әлгі көмекші ұстаз сәбиге сабақ түсіндіргенде ата-ана мұқият тыңдап, өздері де қазақшаға жаттығады. Сол сәбидің қазақша үлгірімі тәп-тәуір.

Енді өзімнің немерем туралы әңгімелейін. Қаладағы көп қабатты үйдің ауласында әртүрлі ұлт өкілдері балаларымен ойнап жүрген Әмира қазақшадан орысша сөйлеуге құмартты. Мектеп табалдырығын аттауға бір жыл қалғанда үй ішімізбен оған қазақша сөйлеуге ықпал жасадық. Әмир мектепке барысымен оқу озаттарының қатарына қосылды.

Бір сөзбен айтқанда, оқушының үлгірімі мектептегі мұғалімнің сабақ беруіне ғана байланысты деп пайымдағандар қателеседі. Мектептегі оқу кабинетіндегі сабақ оқу бір басқа, үйге берілген тапсырманы ата-ананың пысықтап, бақылау жүргізуі бір басқа екенін ұмытпаған жөн.

Ермекбай ХАСЕНОВ

 

 

815 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы