• Руханият
  • 22 Қыркүйек, 2022

ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ОРТАҚ ТАҢЖАРЫҚ

Түркияның Анталия қаласындағы Akdeniz университетінде ақын Таңжарық Жолдыұлының 120 жылдық мерейтойына орай Халықаралық әдеби конференция өтті. Шараны ұйымдастыруға Халықаралық «Таңжарық зерттеу қоры» қоғамы, Дүниежүзі қазақтарының даму қоры, Akdeniz университеті, Еуразия Жазушылар одағы және «Түрік Ошағы» бірлестігі атсалысқан.

Конференцияның басты мақсаты – Таңжарық Жолдыұлының өмірдерегі мен шығармашылығын насихаттау, Түрік әлеміне таныстыру, Қазақ-Түрік әдеби, мәдени байланысын нығайтуға үлес қосу.

Шара барысында Түрік тіліне аударылған 22 қазақ ақынының өлеңдері мен өмірбаяны топтас­тырылған жинақтың тұсауы кесілді (топтастырған – М.Мамытхан). «Таң­жарық» журналы таныстырылды, Қазақстаннан барған ақындар өлеңдерін оқыды, Таңжарық шығармаларына талдау жасалды, өнер адамдары Таңжарықтың әндерін шырқады.

Айта кетейік, Таңжарық
Жол­дыұлы – ақын, 1903 жылы наурыздың 15 жұлдызында Шыңжаң Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Күнес ауданындағы Қамысты деген ауылда дүниеге келген. Алғашқы білім жолын туған ауылында бастаған, 1922–1925 жылдары Қазақстанда Кеген, Нарынқол аудандарында жеті жылдық мектепте оқыған. Қазақ жазушыларының еңбектерімен кеңінен таныс болған. Ол 1940–1946 жылдары Қытайдағы солақай саясаттың кесірінен тұтқындалып, түрмеге жабылған. «Жастарыма», «Осы таң кімнің таңы?», «Оқып көр газетімді», «Көңілім қалды, торықты», «Абақтыда кім жатыр?», «Ақын сыры», «Еліме» өлеңдері осы кезде жазылған. «Өткен күндерім» (1942), «Қоштасу» (1941–1942), «Қасқыр мен Бөрібасар» (1934–1943) т.б. толғау жырлары мен «Назигүл» (1943) дастанының авторы. «Алғашкы жинақ» (Құлжа, 1948), «Армантау» (1974) жинақтары жарық көрген.

Түркиядағы белгілі жазушы, ғалым, қоғам қайраткерлері
Таң­жарық ақынның қиын да қилы өміріне тоқталып, шығармалары, артында қалған бай мұраларына талдау жасай отырып, «Таңжарық Жолдыұлы – түркі әлемінің ортақ құндылығы» деген баға берді.

Н.БЕЙСЕНБАЕВА

 

1143 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы