• Тұлға
  • 22 Қыркүйек, 2022

ҰЛТ ҰПАЙЫН ТҮГЕНДЕГЕН

Бүгіндері 90 жылдығы аталып отырған философия ғылымының докторы, профессор Марат  Мұхамбетқалиұлы Сужиков айтулы азамат, белгілі ғалым, Қазақ ұлттық университетіндегі қызметіне қоса 20-дан аса болашақ кандидат, докторларға ақыл-кеңес берген ұстаз да болатын. Өзі қызмет еткен кеңестік қоғамның ғалым перзенті болғандықтан, оның  ғылыми туындыларының басты нысанасы – сол кездің ұлттық мәселелері болды. 
Марат Мұхамбетқалиұлының, ең алдымен, қазақ халқының жағдайын, оның еліміздегі жүзден аса ұлт өкілдерінің арасында жарасымды қарым-қатынаста өмір сүруін басты тақырып етті.  Онсыз қоғамның да, мемлекеттің де берекесі болмайтынын әлем тәжірибесінен жақсы білетін Мәкең осы тақырыпқа арнап жүздей жүйелі еңбек жазды, оның жиырмадан астамы жеке және ұжымдық монографиялар болатын.

М.М. Сужиков 1988 жылдан өмірінің соңына дейін жеті жылдай ҚазКСР ҒА Философия және құқық институты директорының орынбасары,Ұлттық және ұлтаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі қызметін атқара жүріп, Қазақстан халықтарының өзара түсіністігі мен достығының нығаюына, ұлтаралық келісімнің жақсара түсуіне өзіндік баға жетпес үлес қосты. Өзінің мазмұн сапалығымен, тақырып жаңашылдығымен, ғылыми-әдістемелік зерттеулерінің сонылығымен құнды еңбектерінде Мәкең ұлттардың жалпы дамуының заңдылықтарымен қатар, қазақ ұлтының қалыптасуының өзіндік ерекшелігін ашуға ерекше көңіл бөлді. Ұлттық қатынастың табиғатын, үйлесімділік теориясын терең талдап, ұлттардың өзара жақындасуына, тәжірибе алмасуына ерекше мән беріп, өндіріс үдерісінде әртүрлі ұлт өкілдерінің тікелей қарым-қатынас орнатуын, олардың өзара ұғынысуын, рухани, мәдени-тұрмыс, дәстүр саласында бір-бірімен жақындасуын қалады. Сондықтан ғалым әркез еліміздегі барлық этнос өкілдерінің иықтасқан бірлігі мен шынайы достығын нығайта түсуді ойлады. Қазақстандағы ұлтаралық шиеленістердің туу мүмкіндіктерінің жалпы және жеке себептері, ұлтаралық дау-жанжалдардың табиғаты талданып, оған болжаулар жасалды. Осыдан 40 жылдай бұрын ол қазақ тілі қызметінің азаюын заңдылық деп санаған кейбір ғалымдардың пікірлерінің негізсіз екенін дәлел­деді. Бұл айтылған пікірлер мен тұжырымдар Қазақстанда кең көлемді әлеуметтік зерттеулер негізінде жасалды.

2002 жылы М.М. Сужиковтың туға­нына 70 жыл толуына
байланысты шыққан «Марат Сужиков: Личность. Ученый. Гражданин» атты кітапқа бұрын жарияланбаған бірнеше еңбектері енді. Соның ішінде Философия және құқық институты жанындағы Ұлттық және ұлтаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі ретінде Қазақ­стан Компартиясының Орталық Комитетіне жазған: «Гурьев облысындағы ұлтаралық қатынастардың жай-күйі және оларды жақсарту перспективалары туралы» (1989 жылғы қазан), «Мемлекеттік аппарат пен қоғамдық ұйымдарда қазақ тілінде іс жүргізуді жақсарту туралы» (1990 ж.) деген тақырыптардағы талдау хаттамаларында көрсетілген әлі де еш мәндерін жоғалтпаған ғылыми тәжірибелік ұсыныстарына арнайы қысқаша тоқтай кеткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені осы материалдардағы мәселелердің көтерілгеніне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, елімізде тәуелсіздік туының желбірегеніне осыншама уақыт болса да, бұл мәселелер әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Қайта кейбір жайлар кейін қатты шиеленіске ұшырап, «Жаңа өзен қырғынына» ұласты. Ана тіліміздің мәселесі де көбіне сөз жүзінде ғана әңгіме болып келеді. Күрделі саяси құқықтық өзгерістердің ауылы әлі алыс болып тұр. Сол себепті осы арнайы әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы болған екі құжатта қандай талдаулар, қандай ұсыныстар болған еді?

Бірінші хаттамада Гурьев облы­сындағы тұрғын халық болып саналатын қазақтардың ұлттық мүдделері жеткілікті шешілмей, кейде аяқ асты болуы, аймақтағы  өндірісті игеруде одақтық министрліктер мен ведомстволар тарапынан әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, рухани және саяси сипатта толып жатқан шиеленістер туғызатын қайшылықтардың орын алуы, өндіріс объектілерінің құрылысында сол кездегі уақыт бойынша 30 жыл бойы жергілікті тұрғындар тарапынан жұмысшылар мен инженер-техникалық кадрлар даярлауға көңіл бөлінбеуі, жаңа өндірісті игеру, негізінен, сырттан келгендердің есебінен жүргізілгені, жергілікті халықтың өндіріс саласындағы үлесінің өте аз болуы т.б. өткір мәселелер атап көрсетілген. Ал құжаттың «Облыстағы ұлтаралық қатынасты жақсартудың перспективалары» деген үшінші бөлімінде этносаралық қатынастарға кері ықпал ететін аймақтың саяси экономикалық, демографиялық және экологиялық дамуында елеулі өзгерістер жүзеге асқанда ғана шиеленіс төмендейді деген түйін жасалып, мынандай шаралар ұсынылған:

– Республика Үкіметі мен жергілікті органдар қабылдайтын шаралар тұрғын­дардың әлеуметтік-экономикалық өмір деңгейін теңестіруге, бөлу қатынас­тарындағы әділетсіздікті жоюға тиіс;

– Жаңаөзен қаласында, Құлсары кентінде және басқа да елді мекендерге қатысты Одақтық және республикалық үкіметтік шешімдердің орындалуын жақсарту;

– Азық-түлік тауарларымен қамта­масыз етуді жолға қойып, сауда және тұрмыстық мекемелердегі тәртіпсіздікті, тұрғын үй құрылысының баяулауын, жұ­мысқа орналасудағы қиындықтарды жою;

– Табиғи ресурстарды игерудің вахталық әдісінен бас тартудың әлеу­меттік қана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімділігі үшін Қазақ КСР Білім министрлігінің кәсіптік техникалық училищелерін толық жүктеу арқылы 15 мың білікті жұмысшы даярлау;

– Гурьев облысындағы шағын және орта қалаларда, ауылдық жерлерде шоғырланған байырғы ұлт жастарының резервтерін индустриялық еңбекке тартуға мүмкіндік беретін орта және шағын өндірістер жүйесін ұйымдастыру;

– сондай-ақ халықтың дәстүрлі еңбек дағдыларын кеңінен пайдалану, халық кәсіпшілігін дамыту [1, 47-48 б.].

 Осыларды атап атап көрсете отырып, автор Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі мен КСРО мұнай және газ өнеркәсібі кәсіпорындары құрылысын салу министрлігінің «Гурьев облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі шұғыл шаралар туралы» бірлескен қаулысы көптеген өзекті міндеттерді шешуге арналғанымен, Жаңаөзенде болған оқиғаларға әкелген проблемалар Теңіз және Гурьев облысының басқа аудандарында да бар деп жазады. Сонымен бірге Батыс Қазақстан өңірін дамытудың кешенді бағдарламасы қабылданып, онда қалыптасқан жағдайға қатысы бар барлық одақтық министрліктер мен ведомстволардың нақты үлестік қатысуын айқындау қажет деп саналған.

Жаңаөзендегі 2011 жылғы соңғы оқиғалардың түп-тамырында да осы сияқты әлеуметтік экономикалық мәселелер жатқан болатын. Жалақы мен еңбек жағдайындағы алалаушылықты жоюды сұраған мыңдаған жұмысшының талабын орындаудың орнына, жергілікті билік оларға әртүрлі қысым көрсетіліп, ереуіл кезінде түрлі «қитұрқы әрекеттерге» барды. Жеті ай бойы мемлекеттік ақпараттық жүйе наразы мұнайшыларды «маргинал», «масыл», «қанағатсыз» деген сипатта, сыңаржақ бағытта ақпарат таратты. Тіпті елдің белгілі танымал тұлғалары жаңаөзендік жұмысшыларды айыптап-қаралады. Ең өкініштісі, мәселелердің қантөгіспен шешілгені болды. Жаңаөзен оқиғасында бейбіт азаматтарға қару жұмсау халықаралық норманың бірде-біріне сай келмейтін еді. Әрине, билік өз әрекеттерін заңдастыруға тырысты. Алайда шындық басқаша болатын. Келесі 1990 жылы дайындалған «Мемлекеттік аппарат пен қоғамдық ұйымдарда қазақ тілінде іс жүргізуді жақсарту туралы» талдау хаттамасында М.М. Сужиков тіл саясаты болашағын (перспективасын) айқындау және қостілділік мәселесін шешу республиканың мемлекеттік аппараты мен қоғамдық ұйымдарда қазақ тілінде сөйлеу мәдениеті мен іс-қағаздарының сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауды қажет ететіндігі соңғы ондаған жылда қазақ тілін пайдаланудың республикадағы мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда елеулі төмендеуімен түсіндірілген. Қазақ КСР-нің көптеген министрліктері, мемлекеттік комитеттері мен
ведомстволары, сондай-ақ жергілікті партия және кеңес органдары, кәсіподақ, комсомол және басқа да қоғамдық ұйымдар халықтың қалың бұқарасымен қарым-қатынаста өздерінің шешімдері мен азаматтардың хаттарына жауаптарын өздерінің ана тілдерінде бере алмайтындары атап көрсетілген. Бұл тікелей азаматтық құқықты шектеу болатын.

Ұлттық және ұлтаралық қатынас­тарды зерттеу орталығы тұрғылықты халқы 70-тен 98 пайызға дейін ықшам орналасқан 57 ауданда іс жүргізу орыс тілінде жүргізілетінін, тіпті қазақтілді аудандардың мекемелерінен облыс­тық партия және атқару комитет­тері құжаттарды орыс тілінде сұраты­ла­тынын атап көрсетеді. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарда іс-шараларды, алқа отырыстарын, кеңестерді, сессияларды, пленумдар мен конференцияларды орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аудармамен қамтамасыз ету мәселелері назардан тыс қалдырылған.

Осы және басқаларды атап көрсете отырып, іс-қағаздарын қазақ тіліндегі жүргізудегі кемшіліктерді жоймау зиян, ол ұлтаралық қатынастарды шиеле­ніс­тіреді, өйткені бұл жергілікті халықтың конституциялық сөйлеу еркіндігін, баспасөздің бостандығын т.б. шектейді деген қорытынды жасалған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» деді.

Бұл ойлар біздің түгендейтін де, тыңнан іздейтін де мәселелеріміздің жетерлік екенін байқатады. Тағы да сәл ойланайықшы. Сан ғасыр аңсап, осыдан 30 жыл бұрын жеткен тәуелсіздік бұқара халқымыз арасында шынайы рухани серпіліс туғыза алып отыр ма? Бүгінгі тәуелсіздік, шын мәнісінде, өзінің толыққанды мәніне ие болуы үшін барды жасай алдық па? Тәуелсіздіктің 30 жылында қандай мемлекет құра алдық? Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін алда әлі не істеуіміз қажет? Осы мәселелерді әрбір қазақстандық, ең бірінші өзіміз, осы жердің, осы елдің иелері терең де қатты ойлануымыз керек дегіміз келеді.

Екінші бір аса маңызды мәселе – ұлтаралық қатынасқа әсер етпей отыра алмайтын қазіргі кенжелеу келе жатқан рухани дүниеміздегі қайшылықты мәселелер мемлекеттің ұлттық сипатына жеткілікті көңіл бөлінбеуден бастау алып отыр. Мұнсыз мемлекет құрушы ұлттың мүддесі шешілмейтінін, тәуелсіздік мұраттары жүзеге аспайтынын, сондай ақ еліміздегі басқа халықтың мәселелері де ойдағыдай тиісті нәтиже бере қоймайтынын күнделікті өмір көрсетті. Менің ойымда «ұлттық мемлекет» ұғымы тұр. Өкінішке қарай, ресми жағдайларда жан-жағымызға алақтап, бұл ұғымды атай бермейміз.

Кешегі кеңестік кездегіден саяси мазмұны да, әлеуметтік әлеуеті де басқа құрып жатқан мемлекетіміздің ұлттық сипатының басым болуы мен осыған байланысты ең бірінші ұлттық мүдделерге айрықша көңіл білу ерекше қажеттілік, шынайы тәуелсіздіктің басты талабы дегіміз келеді. Сонда еліміз басқа этнос өкілдерінің де мұраттарын шешудің таптырмас мекені бола алады.

Сөз соңында ұлтымыздың саяси мұраттары мен әлеуметтік проблемалары, соның ішінде ана тіліміздің мәселелері туралы тұрақты қалам тартып келе жатуымның себебі осыдан қырық жыл бұрын Марат Мұхамбетқалиұлының жетекшілігімен ұлттар мәселесінен кандидаттық диссертация қорғауым болды. Келесі белестерге де осы жақсы негіз бола алды.

Әбдіжәлел БӘКІР,

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда университетінің

профессоры,

Мұстафа Шоқай ҒО ғылыми жетекшісі,  саяси ғылым

докторы

1027 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы