• Мәдениет
  • 22 Қыркүйек, 2022

АЛМАТЫДА БІР ҰЛЫҢ, СӘЛЕМ ДЕДІ ДЕГЕЙСІҢ

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында артист, актёр, әнші, композитор Қадырғали Көбентайдың «Қолымнан не келеді?» атты шығармашылық кеші болып өтті. Кеште Жанар Айжанова, Еркін Шүкіман, Асқар Наймантаев, Шахизада, Алмат Сақатов, Нұржан Тұтов, Әсет Иманғалиев, Ершат Қайырхан,  Бауыржан Жылқыбаев, Роза Әлқожа, Рабиға Ағманова, Бейбарыс Қаба және тағы басқа танымал шығармашылық адамдары өнер көрсетті. Кеш режиссері – Нұржан Тұтов. Концерт барысында Қадырғали Көбентай концерттерін өзі әнін жазған өлеңдердің атымен атағанды ұнататынын айтты. Біз де кеш туралы материалды артистің өзімізге ұнайтын бір шығармасымен атағанды жөн санадық... 

САХНАНЫ САҒЫНУ

 

Кеш алдында Қ.Көбентай: «Ал ардақты һәм Ұлы мәртебелі, патша көңілді көрермен! Сіздермен жүздеспегелі, алдарыңызға шығып ән салмағалы, әдемі әзіл сыйламағалы үш жылдың жүзі болыпты. Сіздерді қайдам, өз басым гастрольді, сахнаны сағындым… Араға біраз уақыт салып, сіздер мен біз Алматының «Алатауында» бас қосатын болдық», – деген еді. Сахнаны сағынған артист бұл кеште нағыз өнер мен өлең, ән мен сән-салтанат құрған өнер басқосуын өткізді. Кешті ашып берген жүргізуші Алмат Сақатовтан соң концерттік сахнаның өне бойы актердің өзі өнер туралы, өзі туралы сөз сөйлеп, көрерменге ақтарылды.

«Өнер институтында Асқар Тоқпанов, Хадиша Бөкеева,
Нұр­мұхан Жантөрин, Тұңғышбай Жа­ман­құловтардан дәріс алдым» деген оның осы кешінде «Өнер адамы» әнін өнер адамы Әсет Иманғалиев орын­дады. Сахна төрінде өмірден көшкен өнер иелерінің фотосуреті беріліп, олардың да сыр-мұңы осы ән арқылы айтылып жатқандай еді.

Бірінші бөлімде Қадырғали Көбентай әндері автордың орындауында көрерменге жол тартты. Әр ән сайын көрерменімен бір тілдесіп алған артистпен бірге оның балалық шағына да саяхаттап қайттық, өнер жолындағы ұстаздарын да құрметпен еске алдық, бүгінгі таңдағы әріптестері туралы да жылы лебізін естідік... Сахнадағы гитараның сүйемелдеуімен әуелеген ән сахнаны сағынған артистің сырын ақтарғандай...

Ертеректе «Қазақ әдебиеті» газетіне Берікхан Тайжігітке берген сұхбатында Қ.Көбентай: «Арма­нымның бірі – гитараны қазақша «сөйлету» еді, сол орын­далған сыңайлы. Гитараға таза қазақы үйлесім енгізсем деуші ем. Марқұм, белгілі әнші Келденбай Өлмесековпен ақылдаса отырып, Ершат Қайырханмен бірге оны іске асырдық. Негізі, гитараға қазақы үйлесім енгізуге Кеңес уақытында рұқсат берілмейді екен. Қазір де гитараға дәстүрлі, қазақы реңк беру ісі ақсап тұр», – деген болатын. Міне, гитарадан қазақы сыр мен жырды да айта түсу жайы осылайша өз биігін көрсетіп берді.

 

АРТИСТ – ӘР ТІС ЕМЕС ЕДІ

 

Сахна төрінде өнерге қатысты бірқатар пікірін айтқан әнші һәм композитордың біршама сөзін оқырманға да жеткізуді жөн санадық. «Конферансье – кәдімгідей оқу еді. Оқумен, біліммен келетін мамандық болатын. Мен сол мамандықты кәсіби тұрғыдан игерген адаммын. Қазір ол мамандық туралы ұмытып кеттік. Әйтпесе сахнаға шығып шығарма мен шығармашыл тұлғаны хабарлау да өнердің бір түрі еді ғой»... Шындығында да конферансье өнерімен жақсы таныс маман есебінде Қадырғали Көбентай сахнаға шыққан әр әншіні арнайы таныстырып, ол орындайтын шығарма туралы да жан-жақты мәліметпен бөлісіп отырды.

«Артист сөзінің түбірі – арт болатын. Арт – өнер деген сөз. Сол үшін өнер адамын арт түбіріне «ист» жалғауын жалғап, артист деу қалыптасқан. Оны бізде қазақшалап әртіс дейді. Әртіс десе, көз алдыма әр-әр жерде селдіреп қалған әр тіс елестеп кетеді. Артист – әр тіс емес еді ғой. Сондықтан бізді таныстырғанда артист деген өнер сөзін қалдырса дейміз»...

 

«АЛАТАУ СЕН ДЕ БИІК,

МЕН ДЕ БИІК»

 

Бұл кеште гитарамен ғана емес, домбырамен де ән әуеледі. Дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман автордың екі әнін: «Алатау, сен де биік, мен де биік (сөзін жазған: Маралтай Райымбекұлы) және «Сезім» (сөзін жазған: Нұртілеу Иманғалиұлы) әндерін орындады. Қазақы бояуы анық байқалатын осы екі ән де автор шығармашылығының сан құбылған реңкін анық байқататындай.

Кеш барысында әншінің әріптестері: Шахизада, Роза Әлқожа, Жанар Айжанова және т.б. бірқатар танымал әншілермен қатар, сахнаның жас жұлдыздары да ән шырқады. Кеш соңына қарай Қадырғали Көбентай мен жұбайы, актриса, әнші Рабиға Ағмановамен бірге «Жоғалтып алма сен мені» (сөзін жазған: Алмат Исәділ), «Сырымды ашамын» (сөзін жазған: ­Маралтай Райымбекұлы) әндерін орындады.

Қадырғали Көбентайдың бұл кеші – үлкен шаһар Алматының бір-бірімен таныс тұрғындарын:
Қадыр­ғали Көбентайдың көрер­менін бір залға жинаған өнер мерекесіне айналды. Кеш басталар тұс пен кеш соңында шығар­ма­шылық кешке жиналған көрермен бұрын­нан таныс-біліс жандардай бір-бірімен емен-жарқын амандық-саулық сұрасып, кештің әсерін ай­тысып жүргенінен-ақ бұл кеш үлкен шаһар­дың өнерді қадірлейтін тұр­ғындарын бір үйдің баласындай жа­­қындата түскенін байқауға болар еді... 

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

 

1095 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы