• Қоғам
  • 22 Қыркүйек, 2022

ЖЕР СІЛКІНІСІН БОЛЖАЙТЫН ЖАНУАРЛАР

Ғалымдардың зерттеуінше, Жер шарында  орташа алғанда жыл сайын  жүздеген жер сілкінісі болады. Үлкен апаттардың алдын алу үшін жер сілкінісі құбылысын толық болжау мүмкін емес болса да, бұл саладағы кез келген әрекет маңызды. Бұл ретте ғалымдар арнайы құрал-жабдықтармен қатар, балама мүмкіндіктерді де қолданады. Соның ішінде  жабайы аңдар мен үй  жануарларының жер сілкінісін сезетін ерекше қабілеті назардан тыс қалған емес. Алматы қаласындағы Сейсмология институтының биостанциясында жабайы жәндіктер мен үй жануарларының бірнеше түрі арнайы бақылауға алынған. Енді бұл жануарлардың қатарына иттер де қосылмақ.

 

«Сейсмобиология» атты бұл бағыт елімізде 1980 жылдары қалыптаса бастады. Геофизика, биология, математика мен компьютерлік технологияларды тоғыстырған бұл ғылым тәжірибелік базасыз дамуы мүмкін емес. Қазіргі уақытта Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда баламасы жоқ сейсмобиомониторинг жүйесіне кіретін бес биостационар жер сілкінісі қауіпті аймақтар – Алматы қаласы мен облыстың Іле, Шелек тәрізді өңірлерінде орналасқан. Сейсмология институтына қарасты бұл биополигондардың әрқайсысында табиғат құбы­лыстарына өте сезімтал жануарлар – жыландар, кесірткелер, қоян, кептер және басқа жәндіктер мен жануарлар бар. Мамандар оларды тұрақты бақылап отырады және алынған мәліметтер зерттеулерде қолданылады.

Бақылау нәтижелері көрсеткендей, жануарлардың мінез-құлқы жер сілкінісінің күшіне және қашықтыққа байланысты түрлі дәрежеде байқалады. Жануар эпицентрге қаншалықты жақын болса, соншалықты ертерек сезетіні анықталған. Сейсмикалық оқиға алдындағы бірнеше сағат мезетінде жануардың мінез-құлқы күрт өзгереді.

1975 жылы Қытайдың Хайченг қаласында тосын оқиға болады. Әдетте қысқы ұйқыға кететін жыландар жылы орнын тастап, көше бастайды. Ауладағы тауық-қаздар шулап, егеуқұйрықтар інінен шығады. Құдықтардағы судың көтерілгені байқалады. Қала билігі бұл тосын құбылысқа назар аударып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге шешім қабылдайды. Сөйтіп, бір жарым айдан кейін болған 7 баллдан асатын алапат жер сілкінісінен адамдарды аман алып қалады. (Алматы облысының жергілікті тұрғындары да бір жылдары жер сілкінісінің алдында ордалы жыланның көшкеніне куә болған).

Алматы маңында бұған дейін ірі жер сілкіністері болғаны мәлім. Сондықтан да биостационарлар осындай ошақтарда орналасады. Сейсмология институты Сейсмобиология зертханасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Н.Суровцеваның айтуынша, биостационардағы құстар мен жануарлардың тіршілігі неғұрлым табиғи болуға тиіс. Сондықтан да бұл мекемеге зерттеушілерден басқа жанның кіруіне тыйым салынған. Мұндағы жануарлар кәдуілгі табиғаттағыдай өмір сүреді. Жыландар мен кесірткелер орналасқан терраруим арнайы құрылғылармен жабдықталған. Бұл құрылғылар бауырымен жорғалаушылардың мінез-құлқын тәулік бойы бақылап тіркеп отырады және кез келген тосын мінез елеусіз қалмайды. Станциядағы қояндар да жұптасып, өздерінше тірлік кешіп жатыр. Бұл қояндардың терісіндегі электрлік өлшемдерді алудың өз тәсілі бар, арнайы құрылғыны жануардың денесіндегі сезімтал нүктелерге жақындатса болғаны. Зерттеушілердің айтуынша, қоян жер тербелісін бірнеше тәулік бұрын сезуге қабілетті.

Зерттеулердің шынайылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында институтқа қарасты бес стационардағы зерттеу жұмысы біркелкі жүреді. Жануарлардан алынған мәліметтер өзге де сейсмикалық әдіс-тәсілдермен үйлестіре пайдаланылады.

Жуырда Сейсмология институты жер сілкінісінің алдын алу жұмыстарын жетілдіру мақсатында жаңа тәжірибелік жобаны қолға алды. Жоба бойынша сейсмобиомониторинг аясындағы зерттеулерге ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Алматы қаласындағы кинологиялық отрядтың қызметтік иттері тартылмақ. Айта кетерлігі, бұған дейін қызметтік иттер жер сілкінісіне қатысты эксперименттік бақылауларда пайдаланылған емес. Бұл жаңа әдіс болғандықтан, Сейсмология институтының қызметкерлері ҚР ТЖМ «Республикалық жедел-құтқару отряды» кинологиялық қызметінің иттерін сырттай бақылауға арналған тест нұсқауларын ұсынып отыр. Әзірге қызметтік иттердің мінез-құлқын бақылау тәжірибе ретінде енгізіледі. Жоба барысында алынған мәліметтерге сәйкес бақылау әдістемесіне тиісті түзетулер енгізіліп, толықтырылады. Әлбетте, ақпараттық мәліметтер негізінде нақты ғылыми тұжырымдар жасау үшін біршама уақыт қажет. «Республикалық жедел-құтқару отрядының» кинолог мамандары күнделікті жұмыс барысында қызметтік иттердің мінез-құлқын бақылап, арнайы дәптерге тіркеп отырады және мәліметтерді Сейсмология институтының сейсмобиология зертханасына жолдайды.

Жедел-құтқару отрядының бас кинолог-құтқарушысы Дмитрий Денисовтың айтуынша, ол өз тәжірибесінде иттердің жер сілкінісін алдын ала сезу қабілетіне куә болған. Маман 2000 жылдардың басында болған бір жер сілкінісінің алдында қызметтік екі иттің қатты мазасызданып, әдеттегіден ерекше мінез көрсеткенін айтады.

Сонымен, сейсмологтар мен кинологтар арасындағы келісімге сәйкес, енді қызметтік иттердің мінез-құлқындағы өзгерістер күніне екі рет арнайы журналға тіркеледі. Қазіргі уақытта бұл жерде он ит бар. Олар лабрадор және бельгиялық овчаркалар. Бірақ бұл иттер зертханалық жануарлар емес, құтқару операцияларына қатысып жүрген қызметтік иттер. Осы уақытқа дейін олар таудағы оқыс оқиғаларда бірнеше адамды құтқарған.

Сейсмологтар биостационарда барлық жануарды ұстау мүмкін еместігін тілге тиек етті. Иттерге арнайы жағдай жасалуы қажет екені де белгілі. Әрі сейсмология институты мен кинологиялық орталықтың бір құрылымға – Төтенше жағдайдар министрлігіне қарайтыны да жаңа жобаға оңтайлы келіп отыр. Тәжірибелік жоба сәтті өтсе, ­сейсмобиология қызметіндегі жануарлар қатары толығып, зерттеулер толыққанды бола түспек.

Дина  ТАЗАБЕКҚЫЗЫ

 

745 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы