• Қоғам
  • 22 Қыркүйек, 2022

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ НЕГЕ МАНДЫМАЙ ТҰР?

Нұрболат Абайұлы, 
«Ana tili»

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп мақалдатқан қазақ қой өсіруді ежелден қолға алғаны белгілі. Тарихи деректерге көз салсақ, бір өзінде 10 мыңнан 20 мыңға дейін қойы бар қойлыбайлар болған деген деректер кездеседі.

ҚАЗАҚ БАЙЛАРЫНДА  ҚАНША МАЛ БОЛДЫ?

Қошқар ата төлі айырбас пен саудалауға, сойып, етін азық ретінде пайдалануға, терісі мен жүнінен киім тігуге жыл он екі ай қолайлы болғандықтан, халқымыз көбіне қой өсіргенін байқаймыз. Ауқатты адамдар малшы, жалшыларының еңбегін де ұсақ малмен өтеп отырған. Жетісудың белгілі дәулетті адамы болған Маман байдың саудамен аты шыққан баласы 1847 жылы туылған Тұрысбек Маманұлы Орта Азияның Наманган, Бұхара, Ташкент, Самархан қалаларына жаз бен күзде 20-30 мыңдап қой айдатып саудалаған. Одан түскен қаржыға халықтың тұрмысына қажетті заттар әкеліп, Талдықорған, Ақсу, Лепсі, Сарқан өңірлерінде дүкен ашып, бұйымдарды жыл бойы сатылымға шығарып, байлығын еселеп отырған деген дерек бар. (Мамания: Тарихи деректер, естеліктер, өлеңдер, құжаттар, пікірлер. Құрастырған Ж.Қалиұлы. Алматы, «Атамұра», 1991 жыл). Бұл деректен патшалық Ресей жерімізді толық жауламай тұрған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда мал шаруашылығы өркендеп дамығанын көруге болады. Мұндай деректер еліміздің әр аймағынан-ақ кездеседі. Мәселен, адай руында «Үш Назар» деп аталатын қойлыбайлар он сегізінші ғасырда өмір сүрген. Олар – Назар Жарлыұлы, Қожаназар Жаңайұлы, Саназар Құдайназарұлы. «Үш Назардың» қойы Маңғыстаудың маң даласына сыймай, Бетбақтың құмына дейін қыстатып жүргені туралы  мәлімет ауызша және жазбаша деректерде кездеседі.

   Қазақтың дәулетті адамдары байлығын қойдан бөлек жылқы түлігінің көптігімен де бағалаған. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпостық жырында Қарабайдың 90 мың жылқысы болғаны айтылады. Әрине, бұл көркем шығарма ғой десек, одан өзге де нақты деректер бар. Қамбар ата тұқымын 40 мыңға жеткізген де байлар болған. Бұл жөнінде кезінде орыс, поляк зерттеушілері де көп жазған. Жылқылы байлар жайлы дәлме-дәл дерек көрсеткен бірден-бір зерттеуші – Шоқан Уәлиханов. Себебі Шоқан қазақтың тұрмыс-тіршілігін жетік білген. Әкесі Шыңғыс сұлтан сол байлармен істес, аралас-құралас болған. Шоқанның жазуынша, арғын ішіндегі қуандық Сапақ байда 18 мың, қаржас ­Азнабайда 25 мың жылқы болған деседі.

  Бұдан бөлек қазақ елінде түйелі байлар көптеп кездескен. Кеңес заманында оңтүстік, батыс өңірлерде ғана өсірілген түйені қазақтың өз билігі өз қолында тұрған заманында еліміздің барлық аймағында баққан. Өйткені төрт-түліктің төресі – жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп-қонғанда негізгі көлік құралы болған. Түйенің шұбаты – дәрумен, еті – құнарлы ас, жүні мен терісінен төзімді киім тіккені белгілі. Ойсылқара тұқымы шөлге төзімді, табиғи жайылымда жайылуға бейім болғандықтан да көптеп өсірілгені анық.

 Сиыр малын да сүті мен еті үшін табын-табындап өсіргенін ауызша деректерден білеміз. Дегенмен дәл алдыңғы үш түліктей Зеңгі баба тұқымы көп дәріптелмегенін байқауға болады. Алайда өзге түліктерге қарағанда, сүтті көп беретіндігі, сүтінен май, құрт секілді құнарлы азықтар алынатындықтан және етінің өзіндік ерекшелігі арқасында халқымыз сиырды да көптеп асыраған.

Міне, әрбір дәулетті адамдар осынша мал жиғанда бүкіл қазақ даласында қанша миллион түлік болды екен? Осы сұраққа жауап іздегенімізде кейбір деректерде 1895–1897 жылдары Патшалы Ресей жүргізген жан мен мал санағында қазақ елінің жалпы төрт түлігі 100 миллионға жуық деп көрсетілген. Алайда көршілердің отарлау саясаты салдарынан қазақ елі біртіндеп жазықтағы шұрайлы жерлерінен айырылды. Мал басы мен жан басы да кеми бастады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде  орыстың жазалаушы отрядтары халықты аяусыз қырған соң, қазақтардың біраз бөлігі көрші елдерге бас сауғалап қашты. Мал-мүлкі де талан-таражға түсті. Бұдан кейінгі күштеп колхоздастыру кезінде дәулетті адамдардың бәрінің малы тәркіленді. Мыңғырған мал өсірген ірі байлар да, орта шаруа да қолындағы төрт-түлігінен айырылды. Белгілі тарихшы Талас Омарбековтің айтуынша, 1931–33 жылдары қазақ даласында 40 миллион бас малдан 4 миллионы ғана қалған. Салдарынан алапат аштық кезінде сол кездегі 4,8 миллион қазақтың 2,3 миллионы аштан қырылған. Міне, қолындағы малынан, шаруашылығынан, кәсібінен айырылудың соңы қандай зардаптарға ұрындырады?..

 

КЕҢЕС ЗАМАНЫНДА  МАЛДЫ КІМ БАҚТЫ?

Кеңестік жүйе орнаған соң, Мәскеуден бастап үлкен қалалардағы интернационал халықтарды қол жетімді бағадағы етпен қамтамасыз ету үшін мал шаруашылығын дамытудың түрлі амалдары жасалғаны белгілі. Ғалымдар Аустралия мериносы, корриделі, линколн қойы, романи-маршы қойларымен қазақтың еділбай және қаракөл қойларын будандастыру арқылы қошқар атаның жаңа тұқымдарын қалыптастырды. Жылқы, сиыр түліктерін де будандастырып, малдың етті-сүтті жаңа тұқымдары алынды. Бұл жұмыстарды атқаруда жергілікті халықтың бар потенциялы пайдаланылды. Жергілікті халықтың білімді жастарын, негізінен, ауыл шаруашылығы саласына оқытып, малшының бәрі тек қазақтардан болды. Қойшының баласы қойшы болатын үрдіс қалыптастырды. Қазақтардың мал бағуға бейімділігі мен төзімділігі нәтижесінде барлық түлік басы жыл санап өсті. 1933 жылы Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институты құрылып, қошқар ата түлігін дамытуды ғылыми түрде қолға алады. Бұл жұмыстар 1941–45 жылғы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де тоқтамайды. Ал соғыстан кейін, тіпті қарқын алып, мал азығын дайындайтын ғылыми-зерттеу институттары құрылып, ветеринария ғылымы да дамиды. Төрт-түліктің басы өсіп, одан өндіретін ет, сүт көлемі де ұлғайды. Мәселен, қой саны 1984 жылы 36 миллионнан асып, 100 пайыз асыл тұқымды болып есептелді. Қой санын енді 50 миллионға жеткізуге жоспар құрылады. 1981 жылы қой етін өндірудің өзі 100 мың тоннаға жуықтаған. Осылайша қой саны жөнінен Қазақстан сол кездегі одақ елдері арасында Ресейден кейін екінші орынды иеленеді. Ал бағалы қаракөл терісін өндіру жағынан бірінші орын алады. Колхоз, совхоздардың көбі аралас шаруашылықтар бағытында дамиды. Одан бөлек 1990 жылы елімізде 1250 қой шарушылығы болса, соның 702-сі арнайы мамандандырылған ірі қой шаруашылықтары деген деңгейге көтерілген болатын.

 

МАЛ ТАҒЫ ДА ТАЛАН-ТАРАЖЫҒА ТҮСТІ

Алайда кеңес үкіметі тараған соң, сол кездегі өкіметтен бастап, басшылардың біліксіздігінен жетпіс жылға жуық қалыптасқан шаруашылық жүйесінің де быт-шыты шықты. Саяси жүйе ыдырағанымен шаруашылық жүйесін ұстап қалуға болатын-ақ еді... Сөйтіп, қазақтың төрт-түлігі тағы да талан-таражға түсті. Үкімет деңгейінде жекешелендіру науқаны дұрыс жүрмеген соң, елге бас болуы тиіс колхоз, совхоз басшылары шаруашылықтардың малын, техникасын алдымен өздері алды, одан соң жақындарына таратты. Қарапайым халық ішер ас пен киер киімнен қысылды. Бір қап ұнды екі қойға сатып алып, талшық еткен кездерді білеміз. Сол кезде «адидас» деп аталатын қытайдың спорттық киімнің бір данасын екі қойға айырбастап киді. Шаруаның бір пар керзі етігі де екі қойға бағаланды. Былайша айтқанда, «екі қойың бес теңге» деген сөз сол кезден қалыптасқан...

Өзге түліктер де осылай елдің қажеттілігі үшін сатылып, сойылып жатты. Кезінде миллиондаған қаржыға салынған малшылар үйлері мен кешенді қоралары бұзылып, материалдары ауыл, қалаларға жеке адамдардың баспана салуы үшін тасымалданды. Әр колхоз, совхозға салынған астық сорттайтын қырман, бидай тартып, ұн өндіретін дирмендер қиратылып, темірлері «металлом» болып Қытай асты. Мал менен адамдар азығын сақтайтын қоймалар қиратылып, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Басшы да, қосшы да жаудың дүниесін тонап жатқандай бір жағдай орын алды. Салдарынан төрт -түліктің басы күрт кеміді. Өткен ғасырдың қысылтаяң уақыттарында ашылған ғылыми-зерттеу институттары да жабылудың аз-ақ алдында тұрды.

 

МАЛ БАСЫН  ҚАЛАЙ КӨБЕЙТЕМІЗ?

Осы кезде ғылыми институттарды өз қолдарымен құрған ғалымдар дабыл қағып, Үкіметке, ел басшыларына бұлай бетімен жіберсе, асыл тұқымды мал басын мүлде жойып алатынымызды жеткізді. Аграрлы елдерде малды қалай көбейтіп, оның азығын қандай сапада дайындайтынын ұсыныс, жоба ретінде Үкімет алдына қойды. Осылайша елімізде асыл тұқымды мал басын қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Ең бастысы, қарапайым халық та малсыз тіршіліктің түзу болмайтынын түсінді. Тәуелсіз елдің жастары өсіп, ата кәсіпті дамытудың жаңаша жолдарын іздестірді. Дамыған аграрлы елдердің тәжірибелерін зерттеді. Біртіндеп мал басын асылдандырып, санын да сапасын да арттыра ­бастады. Кезінде қойдың жиырмадан астам асыл тұқымдары болса, бүгінде екі қолдың саусағына толмайтын ғана асыл тұқымды түрлері қалған. Атап айтқанда, биязы жүнді арқар-меринос, қылшық жүнді, етті, гиссар, қазақтың ежелгі еділбай қойы, бағалы елтірілі қаракөл қой, етті-жүнді дегрес қойы, құйрықты қарғалы, саралжын тұқымдары. Бірен-саран өзге де тұқымдар бар, бірақ олардың  саны мүлде аз. Осы мал басының саны мәселесіне келсек, статистикалық деректер әр ведомствода әртүрлі көрсетіліп жүр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Республикалық статистикалық агенттік­тің деректері екі түрлі. Сондықтан да «Шопан-Ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтің  мәліметіне сүйендік. Себебі осы қауымдастық қой шаруашылығын дамытуда министрліктен де артық жұмыстар жасап жүр. Осы қауымдастық мамандарының есебінше, елімізде қалған қой саны қазіргі таңда 18 миллионнан сәл асады. Қауымдастық республикалық қой палаталары мен ғылыми-зерттеу институт ғалымдары және форсайт мамандары бірлесіп, қой шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын жасаған. Ол бағдарламаның мақсаты мен міндетін қауымдастық төрағасы Алмасбек Садырбаев БАҚ өкілдеріне арнайы мәлімдеме жасады.

– Егер мемлекет дер кезінде қолдаса, қаржыландыру мәселесі шешілсе, «Қазагроның» кепілдік саясаты өзгерсе, біздің бағдарлама бойынша қазіргі 18 миллион қойды 2030 жылға дейін 36 миллионға жеткізетінімізге сенімдімін. Әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде мал өсіру тиімді, түрлі сыртқы ықпалдардан тәуелсіз шаруашылық екенін халық жете ұғынды. Ол әлемдік экономикалық құлдыраулар мен дағдарыстардан қорықпауға мүмкіндік береді, – деді қауымдастық төрағасы.

Осы бағдарламаны дайындауға қатысқан және бір қоғамдық ұйымның төрайымы да осы басқосуда өз пікірін білдірді.

– Бағдарлама мемлекет қаржысына емес, Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығы тапсырысы бойынша әзірленді. Бірақ қазіргі таңда оны Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдап, салалық мемлекеттік бағдарлама ретінде рәсімдеп жатыр. Өңірлермен келісімге келу сатысынан өтіп, басқа да министрліктер және халықаралық ұйымдармен келіссөздер жүргізілуде, – деді «EXIMAR Foresight агенттігінің төрайымы, форсайт бағдарламалар әзірлеу жөніндегі маман Айман Тұрсынхан.

 

КӨРШІ ЕЛДЕРДЕ ҚОЙ САНЫ  ҚАНША ӨСКЕН?

Аталмыш қауымдастық төрағасының айтуынша, елімізде қой басы күрт азайып жатқан тұста көрші Өзбекстанда 9,3 миллионан 16,8 миллионға, Түркменстанда 5,4 миллионнан 14 миллионға, Моңғолияда 12,1 миллионнан 30,1 миллионға, Қытайда 61 миллионнан 161 миллионға көбейген. Әрине, 1,5 миллиардтан астам халқын азықпен қамтамасыз ету үшін Қытай билігі қойды тез көбейтудің түрлі амалдарын жасап жатқанын білеміз. Олар тіпті қойды шошқамен будандастырып, оның төлін де, етін де еселеп көбейтуде. Әрине, ондай қойдан алынған өнімнің адам ағзасына зиянды тұстары да бар. Сондықтан олардың тәжірибесін үлгі етуден аулақпыз. Ал тұрмыс-тіршілігі бізге ұқсас моңғолдардың қой санын өсірудегі жетістіктері тіпті керемет. Бұл жетістікке ондағы қандастарымыз да елеулі үлес қосып отырғаны белгілі. Олардың қолында қазақтың ежелгі суыққа төзімді, таулы жердегі жайылымға бейім қызыл қойының көп екенін ескерсек, мемлекетаралық келісіммен сол қолдарындағы малдарымен бірге көшіріп алсақ, қой шаруашылығын дамытуға септігі тиері анық. Ғалымдардың зерттеуінше, қазақтың осы қызыл қойының тұқымы біздің елде жоқ. Ал Қытайдан келген қандастарымыздың айтуынша, ондағы 161 миллион қойдың таулы аудандарда бағылатын  бөлігінің бәрін осы қазақтың қызыл қойы құрайды екен. Әрине, Қытай асыл тұқымды малын сата қоймас, бірақ ондағы дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан қандастарымызды қайтарып алуға мүмкіндік жасаса, ол да бізге олжа болмақ. Өйткені қазіргі таңда елімізде малшы мен ветеринар мамандар жетіспейді. Ал бұл, өз кезегінде, мал басын өсіруге кедергі болып тұрған мәселенің бірі. Қойдың жүні мен терісінің кәдеге жарамай тұруы да – сала дамуының екінші кедергісі. Қазіргі таңда осы екі өнім жайылымдарда шашылып жатыр. Мұның экологиялық зардабы тағы бар. Бұдан кейінгі ең ­басты мәселе – жайылымның жетіспеушілігі. Әрине, бұл мәселемен ел Үкіметі және жер жөніндегі қоғамдық комиссия айналысуда. Игерілмеген жерлер мен заңсыз иеленгендерін мемлекеттік жер қорына қайтарып алып, шаруаларға бөліп беруде. Бұл игілікті іс аяғына дейін жүргізілсе жөн болар еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, еліміздегі жайылымдық жердің көлемі 180 миллион гектардан асады екен. Оның ішінде 21 миллион гектары елді мекендегі жайылымдар болса, 76 миллион гектар жайылымдық айналымдағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруашылық иелеріне берілген. Еліміздегі жайылымдық жердің 80 миллион гектары нақты пайдаланылса, 30 миллионы деградацияға ұшыраған. Ал елді мекендерден алыс, таулы аймақтардағы 60 миллион гектар жайылымдық жер пайдаланылмай жатқаны анықталған. Мамандардың пікірінше, ол жайылымдар да бұрын пайдала­нылған. Қазіргі таңда жергілікті жерлердегі әкімдер мен ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларының жағдайды реттей алмауынан кәдеге жарамай жатыр. Яғни шаруалар өздері таулы аймақтағы игерілуі қиындау жерлерді пайдалануға құлықсыз. Егер Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылық жасап, жергілікті жерлердегі әкімшіліктер мен аталмыш басқармалар қолдап алыс таулы аймақтағы жайылымдарға жүк көліктері ­баратындай жол жасап, шағын үйлер, қоралар салуға бастамашы ­болса, бұл іске ­шаруалар да құлшыныспен кірісері анық. Осы ­жайылым мәселесі 2017 жылы қабылданған ­«Жайылымдар туралы» заңда да жазылған болатын. Бұдан бөлек «Жер Кодексінде» де егістік алқаптар мен жайыл­ымдар туралы қамтылған. Ал қазіргі таңда Сенатта «Асыл тұқымды мал туралы» Заң қаралып жатыр. Міне, осы заңдар бір-біріне кереғар шықпай бірін-бірі толықтаратын болса, оның жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік туар еді. Мұны енді сол заңдарды дайындаған министрліктер мен қабылдайтын депутаттар ескерсе дейміз.

Мақаламызды «қазақтың төрт-түлік малының саны қанша?» деген сауалға жауап іздеумен бастап едік, түйіндер тұста да олардың қазіргі таңдағы санына тоқталып өтсек.

Түйе – 300 мыңға жуық.

Сиыр – 7,4 миллион.

Қой – 18 миллион.

Жылқы – 2,8 миллион.

Әрине, бұл ресми тарап жүрген мәліметтер. Өкінішке қарай, мәліметтер әр жерде әртүрлі. Сондықтан бұл да Үкіметтің бақылауына алатын мәселесі болуы тиіс. Қазақ елі – аграрлы мемлекет. Ал оның басты саласы – мал шаруашылығы. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мал бағу үрдістерін заманауи ғылыммен ұштастырсақ, ұтарымыз мол.

786 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы