• Мәдениет
  • 22 Қыркүйек, 2022

ДАЛА ЗАҢЫМЕН ҮНДЕСКЕН БОЯУ

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»

Алматы галлереясында Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының 15 жылдығына арналған көрме өтті. Көрменің ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, көркемсурет академиясының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Амандос Ақанаев, қазақ мүсін өнерінің қалыптасуы мен ­дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Ескен Сергебаев,­ ­«Алматы әуендері» КМҚК көркемдік жетекшісі Бақтияр Тайлақбаев және т.б. қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

 

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлық иегері Нұрғали Нүсіпжанов: «Көз алдымызда көрген адам көзімен оқитын, санасына қорғасындай құйып алатын, бүгінгі дүниенің өнер қасиетінің жауһарлары іспетті бұл суреттердің бәрі дайын бір жазылған кітап сияқты. Өткенімізді көз алдымызға әкеледі. Бүгінгі өміріміздің қырын, сырын көрсетеді. Бояу өте шеберлікті, тереңдікті қажет ететін дүние» деп, мұның ұлттық идеология тұрғысында маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті. 

Рас, көрмедегі қай туындыны ал­саңыз да ғажап, көрсең көз тояды. Оның кереметтілігі сонда, сырт айналып кете алмай, маңайында ұзақ тұрып қаласың. Әр туындыдан тазалық байқалады. Әр сурет жүрек қылын шертеді. Бір сурет шабытқа жетелесе, бірде тұңғиыққа батырады. Ұлттың болмыс-бітімі, бояуы дала заңымен үндесіп жатқандай әсерде қаласың. Мәселен, «Ұлы дала ұраны» аталатын картинаны қараңызшы: қазақтың кең даласы, тау-тасы, табиғаты. Тауға апаратын жалғыз аяқ жол шебер салынған. Жылқы. Құс. Ұлттық киіммен қолына домбырасын ұстаған жеткіншектің жанында жеті асық жатыр. Мағынасына мән берсеңіз, жеті асықтың жатуы да тегін емес.

Енді бір сәт Марат Нүсіповтың 2008 жылы салған «Нұртілеу атамның бейнесіне» суретіне үңіліңіз. Сурет сөйлейді. Қарияға сүйіспеншілігіңіз артады, құрмет тұтасыз. Бұл сурет мені балалық шаққа жетелеп, ауылдағы ақсақалдарды еске түсірді. Қазір қазына қарияны іздесеңіз де, таппайсыз. Әжім торлаған жүзіне үңіліп, қазыналы қарт­тың қазынасын тыңдар ма еді, шіркін!

Кенет... алдымнан «Кәрілік» шықты. Жанында «Сақ қызы» мен «Атамның портреті» бар. Ағашқа жан бітірген Ақан Оймауытов былай дейді: «Қазақ сурет өнерінің отаны Әбілхан ағаның туған жері Жаркент өңіріненмін. Үлкен Шыған ауылында тұрамын. ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетін бітіргенмін. Өмір бойы ұстаздықпен шұғылдандым. Кейінгі он жылда ғана осы ағаш мүсінін қашауды қолға алдым. Бұл үшеуі де академиямыздың 15 жылдық мерейтойына арналған шығарма».

Жалпы шығармаға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Мысалы, балбал тасқа қараңыз, бабаларымыз еуропалық қасаң тәртіпке бағынбайды, өздерінің таным-түсінігі бар. Біз де сол ертедегі ата-бабаларымыздың жасаған өнерінен үлгі ала отырып, оны бүгін білім және  шеберлікпен ұштастырып жасаймыз. Сезінесің. Сөзбен жеткізу қиын. Оны бейнемен, жарықпен, көлеңкемен, қимылмен, қозғалыспен, көрдіңіз бе, сонымен көп нәрсені айтуға болады.

Көрмеде халықтың қарасы көп. Арагідік әр туындыға жіті назар аударып, қайта айналып келіп, тамсанып жүрген бірнеше шетелдік азаматтар да көрдік..Көрмеде Қытай елінен арнайы келген Серік Мұқышұлына жолықтық.

–Мен фотографпын. Екі  өнер негізінен егіз. Бейнелеу өнерінің қазақ елінде дәл осындай дамығанын көріп, таңғалып отырмын, қайран қалдым. Еуропаның, басқа да батыс елдерінің, Американың бейнелеу өнерін біршама жақсы танимын. Ойы терең суреттер біршама бар екен. Жалпы айтқанда, суреттердің ойы терең, модернизм, сюрреализмге тән суреттер бар екен. Көрмеге келгеніме  қуанып тұрмын» деп Серік Мұқышұлы пікірін білдірді

Көрмеге Амандос Ақанаев, Лаура Сәйкенқызы, Нелли Бубе, Жұмақын Қайрамбаев, Қырым Алтынбеков, Шоқан Төлеш, Метай Даубаев, Ботагөз Ақанаева, Бәтима Зәуірбекова, Ескен Сергебаев, Вагиф Рахманов, Ғазиз Ескенов, Антон Фидя және т.б. көптеген туындылары қойылды. Олардың арасында Швейцария, Түркия, ­Греция, Норвегия, Франция, Италия, ­Чехия және басқа да Еуропа елдерінде көрмелері өткен танымал қазақстандық суретшілердің картиналары бар.

931 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы