• Тұлға
  • 22 Қыркүйек, 2022

ӘУЕЗОВТІҢ СОҢҒЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТШІЛДІК ИДЕЯ

Әрбір көркем шығарманың дүниеге келуінің астарында сол дәуірдің қолтаңбасымен қатар, қоғамның дербес сұраныстары – тап сол сәттегі адамдардың күйініші мен сүйінішін сипаттау, көпшілік ықыласпен қабылдай алатын өзекті тақырыпты табу, соны оқырман не тыңдаушыға түсінікті де қолайлы баяндау формасы арқылы жеткізу сынды алуан түрлі факторлар жатады. Заманалар ауысып, құндылықтар өзгерген тұста белгілі бір кезеңге тән сөз түрлерінің, көркем туындылардың, рухани мұралардың жалпы бұқара үшін өзектілігі кеміп, әдеби-мәдени ескерткіштерге айналады. Сол бір қайталанбас дәуірлердің үні мен оқиғаларын бедерлейтін, құндылықтары мен таным-түсініктерін бойында сақтайтын танымдық, тілдік мұра болып қалады. Айталық, қазақ эпостық жырларының санаулы батырлар есімдерімен ғана шектеліп қалуы – тарих көшіндегі ел намысын жыртқан хас батырлардың жалпы санымен еш байланысты емес еді, яғни бұл сол есімдері жырға арқау болған жандардан өзге батырлар болмаған дегенді білдірмейді. Ғашықтық жырлары туралы да осыны айтуға болар еді.

Сол секілді әдебиет жанрларының ең күрделісі, көлемі мен құрылымы сан-салалы, көп желілі, мың қатпарлы біздің ұғымымыздағы классикалық романдарға, олардың көлемі мен жанрлық ерекшеліктеріне қатысты да қазіргі кезеңде жаңа түсініктер мен талап-тілектер қалыптасуда. Бүгінгі таңда романды оқушылар санының төмендеуі, оған деген жаппай қызығушылықтың кемуі байқалуда. Бұл, бәлкім, танымдық категориялардың басқа арнаға ойысуынан немесе күрделі мәтіндерді қабылдай алатын қоғам мүшелері санының азаюынан да болуы мүмкін. Тіпті тарих қойнауына кеткен эпос­тық немесе лиро-эпостық жырлар тәрізді болашақта көлемді көркем шығармалар – поэмалар мен романдар да тумауы мүмкін деген жорамалдар бой көрсете бастады. Қоғамдағы мәдени-рухани, экономикалық қарым-қатынастардың, адамзат табиғатының өзгеруімен, сандық технологиялардың дамуына сәйкес ақпарат алмасудың жеделдеуімен байланысты бұл күрделі мәселелерге бүгінгі мақаламызда арнайы тоқталмаймыз. Тек өткен дәуірдің тілдік мұраларына, әдеби шығармаларына болашақта көзқарас қай үлгіде болуы мүмкін деген оймен жалпылама шолу ғана жасап отырмыз.

Әңгімемізді осылайша тым арыдан бастауымыздың да өзіндік себебі бар. Олай дейтініміз – «Көксерек», «Қараш-Қараш», «Қилы заман», «Абай жолы» сынды прозалық туындыларымен қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген, қазақ драматургиясының негізін қалаған М.Әуезовтей классик жазушының әбден кемеліне келген шағында арнайы қолға алған шығармалары туралы айту, оларды жазуының себеп-салдарына үңілу бүгінгі күн тұрғысынан аса қызықты тақырып болар еді. Биік көркемдік деңгей мен жазушылық шеберліктің шыңын бағындырған М.Әуезов сол кезең тұрғысынан өте шартты, замандастары үшін тым қарабайыр көрінген тақырыптарға неліктен барды!? Шындығында да, көптеген сыншылардың атап өткеніндей оның өмірінің соңғы жылдары жазған көлемді туындыларының идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі соншалықты төмен бе еді!?

1917 жылы «Еңлік-Кебек» сынды алғашқы кең тынысты сахналық туындысын жазған, өз дәуірінің ең белсенді де озық ойлы жасампаз тұлғасы болған М.Әуезов сол тұстағы барлық тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Ел ішінде жүріп жатқан түбегейлі жаңарулар, өз айналасындағы қарапайым тұрмыстық-экономикалық өзгерістерден бастап, әлемдік геосаясаттағы терең де ауқымды тектоникалық жылжуларға дейінгі адамзат баласына ортақ, өте ауқымды үдерістер оның көз алдында жүзеге асып жатқан еді. Осындай ұлы өзгерістердің тылсымды себеп-салдарын түсінуге, ақ-қарасын ажыратуға, адамзат тарихының жүріп өткен жасампаз жолын бағалауға М.Әуезовтің қабілет-қарымы мен білімі молынан жететін.

1957 жылы 60 жасқа толып, өмірдің биік бір белесін бағындырғандай болған ұлы суреткер осы тұста бір сәт терең толғаныстарға беріліп, өз көзімен көрген, жүрегінен өткізген жарты ғасырдағы жетістіктерге баға беруге тырысады. Мұны оның сол жылдары жазған күнделіктерінен, шығармашылық жоспарлары мен ел алдында сөйлеген риторикалық мәтіндерінен айқын аңғаруға болады. Туған халқының кемел келешегі мен мәңгілік мүддесі тұрғысынан оның озығы мен тозығын парықтауға, көркем туынды арқылы жөн сілтеуге күш салғандығы байқалады және өзін сондай баға беруге қай жағынан алғанда да құқылымын деп санағандығы сезіледі. Бұрын-соңды фольклорға дендей еніп, айтайын деген басты ой-тұжырымдарын көркем туындылар аясына көмкеріп, саяси қателіктер жіберуден қауіптеніп келген М.Әуезов 50-жылдардың орта шеніне қарай барлық шектеулер мен қауіп-қатерлерден, түрлі қуғын-сүргіндерден арылғандай болады. Бұған дейінгі басынан өткерген қиындықтары адам төзгісіз қаншалықты қатал болса, кейінгі жайма-шуақ, мағыналы шығармашылық, ұстаздық өмірі соншалықты шұғылалы һәм жемісті жылдар болды.

 Өмірінің бұл кезеңінде М.Әуезов Жапония, Индия, Америка ­сынды ­саналуан елдерді көзімен көріп, өркениет көшінің бағыт-бағдарын ­шамалайды. Адамзат тарихын жете білетін оның таным-көкжиегі енді шексіздікке бой ұрғандай болады. Абай дәстүрі мен ­Ленинград университетіндегі шалқыған білім мұхитынан шым-шымдап бойына сіңген даналық талайды тамсандырған есте сақтау қабілеті арқылы бойында жаңаша буырқанып, сыртқа тасып-төгіліп жатты. Өз заманының алдыңғы қатарлы гуманистерімен, әлемдегі талантты ақын-жазушылармен, философтармен таныс-біліс болады, пікір алмасып отырады. Шығыс халықтарының барлығының дерлік туындыларын түпнұсқадан оқып, соларға лайықты бағаларын беріп отыруды өзінің парызы санайды. Қырғыз, татар, өзбек, башқұрт, тәжік әдебиеттерінің білгір һәм әділ сыншысына, КСРО көлеміндегі қамқоршысына айналады.

Шығармалары әлемнің жүздеген тілдеріне аударылған М.Әуезов Одақ көлеміндегі ең жоғарғы мемлекеттік наградаларға ие болады. Осы тұста қаламгер идеологиялық шектеулерден, күн тәртібіндегі тапсырыстар мен күйкі тіршіліктің қажеттіліктерінен арылып, толық шығармашылық еркіндікке қол жеткізгендей күй кешеді. Негізінен, жан қалауынан туындаған сүйікті де өзі маңызды деп тапқан тақырыптармен шұғылдануға ден қояды. Бір сәт те ізденуден, оқудан жалықпайтын М.Әуезов қоғамдық ғылымдармен қатар нақтылы ғылымдардың да жаңалықтарына, жаратылыстың тылсымды заңдылықтарына тереңірек үңіле бастайды. Генетика, селекция сынды жаңа бағыттағы ғылымдардың өзекті мәселелерін қозғайтын «Асыл нәсілдер», «Алма бағында» атты күрделі де заманауи шығармаларын жазады. Және осынау бұрын-соңды болмаған ғылым салаларын қазақ тілімен, қазақ жерімен, ұлттық кадрлармен байланыстырғысы келеді. Ғылымсыз болашақтың бұлдыр екендігін, онсыз өз байлығыңды өзіңе бұйыртпауға бейіл өктем күштердің бір сәт те кірпік қақпай аңдуда отыратынын сездіруге күш салады.

50-жылдардың екінші жартысында жазушы өзінің күллі талантын, білімі мен көп жылдық тәжірибесін сарқа пайдалана отырып, өзі аса маңызды деп білген екі көлемді туындысын жазады. Олар: «Дос – Бедел дос» драмасы мен «Өскен өркен» романы болатын. Замандастары мен ресми идеологияның түсініспеушілігіне, түрлі сипаттағы орынды-орынсыз сын-ескертпелеріне жазушы көп мән бере қоймайды. Ең жақын ізбасарлары мен қаламгер әріптестері болмысы бөлек, бүкіл құрылымы мен баяндау тәсілдері әдеттегіден өзгеше бұл туындыларды қабылдай қоймайды. Оның да өзіндік себептері бар еді.

Бұл жанрлық табиғаттары тосын екі шығарма да формализмнен ада, жаңа көркемдік әдістермен жазылған тың туындылар болатын. Мұның ­басты жаңалығы – негізгі идеяның күн тәртібіндегі мәселелерден алшақ, тым тереңде, болашақ замандармен, мемлекетшілдікпен астасып ­жатуында еді. Екеуіне тән ортақ мәселе – қауымдасып тірлік кешудің ең жоғарғы көрінісі – мемлекет болудың зор жетістік болумен қатар, аса үлкен жауапкершілік пен жанкешті еңбек екенін сипаттайтын тұстар. Көркем шығарма аясына тың тәсілдер арқылы көмкерілген мемлекетшілдік туралы авторлық идея бірден аңғарыла қоймайды.

Қоғамтану ғылымдарында мемлекетке мынадай анықтама береді: «Мемлекет — белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы. Егемендікке ие және қоғамды басқаруды арнайы механизмдер (аппарат) арқылы жүзеге асыратын қоғамдағы саяси билікті ұйымдастырудың ерекше түрі, саяси жүйенің орталық институты». М.Әуезов заманында «Біз дербес мемлекетпіз бе?», «Мемлекет болсақ, қандай мемлекетпіз?», «Болашағымыз қалай болмақ? Ұлттық болмысымызды сақтап қала аламыз ба?» – деген секілді маңызды сауалдар легі күн тәртібінде тұрды. Ортақ Одақ аясында отырып саяси жүйе турасында мұндай тосын сауал қою, оған ашық жауап іздеу ол тұста мүмкін емес еді.

Міне, мемлекеттіліктің осындай сан қырлы астары мен алғышарттарын, уақыт талабын ескере отырып, М.Әуезов алдымен «Дос – Бедел ­досты» жазады. Бұл – шын мәнінде қазақ драматургиясында оған дейін де, одан кейін де болмаған жаңа үлгідегі табиғаты бөлек туынды еді. Барлық шарттылықтар мен драматургияның заңдылықтарын саналы түрде бұза отырып, М.Әуезов қазақ ұлтының емес, Қазақ мемлекетінің өткені мен келешегіне көркем әрі фило­софиялық шолу ­жасайды. ­Л.Толс­тойдың «Ассирия патшасы ­Асархадон» шығармасындағыдай ұлттық мем­лекетті болмыспен астасқан қиял әлемінде суреттейді. Шығармада сырттай бақылаушы міндетін атқаратын автор Тарихпен бетпе-бет келіп, онымен сырласуға, Қазақ мемлекеттігінің жүріп өткен жолы мен болашағын талқыға салуға мүмкіндік алады. Тұтастай қазақ халқын – Қазақ мемле­кетін үш түрлі тарихи ортаға, болуы әбден мүмкін үш түрлі мемлекеттік құрылымдардың аясына түсіріп сипаттайды.

Біріншісінде Қазақ республикасы КСРО сынды алып империяның құзырынан тыс, яғни Ауғанстан, Пәкістан, Иран секілді дербес ел болып қалыптасқанда қалай болар едік;

Екіншісінде Ресей республика­сының федерациясы, яғни Татарстан, Башқұртстан тәрізді бір бөлшегі болып қалғанда не күйде болар едік;

Үшіншіде Кеңестік Социалистік ­Республикалар Одағы құрамында алдымен, автономия, артынан дербес респуб­лика, өз алдына мемлекеттік бірлестік болғанда нендей күйге жеттік. Бір қарағанда, мүмкін емес­тей көрінетін бұл жолдардың барлығы да Қазақ халқының басынан кешкен, таңдауын жасаған саяси жолдар, мемлекеттік құрылымдар болатын. Автор түбі тәуелсіздікке ­бастайтын, өркениет пен ғылыми дамудың кепілі ретінде осы соңғы жолды таңдайды әрі келешекті дәл болжайды. Мұндай ой-тұжырымдарды ол тұстағы оқырман мен көрерменнің түсініп, қабылдай қоюы екіталай еді, әйтсе де автор осынау шығармашылық экспериментке саналы түрде барады. Бір қызығы, осы драмалық шығарманы сахналауға әр жылдары бірнеше мәрте ұмтылыстар болғанымен, М.Әуезов күткендей нәтиже бола қойған жоқ. Бұл осынау күрделі шығарманың осалдығынан немесе идеялық мазмұнының күңгірттігінен емес еді, оны жаңаша оқитын, мемлекеттік мүдделермен астастыра сахнаға қоя алатын режиссердің табылмай келе жатқандығынан туындаған жағдай болатын.

Қаламгердің соңғы «Өскен өркен» романына келсек, бұл – жазушының аяқталмай қалған прозалық шығармасы. Өзгерген заман адамының бейнесін сомдауды ертеден-ақ көздеп, 4 кітап жазбақ болған М.Әуезовтің бұл романы қай жағынан да жаңа бағытта, жаңа тілдік ерекшеліктерді пайдалана отырып жазылған деректі һәм көркем туындысы болатын. Романды жазу барысында М.Әуезов 1959–1961 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан өңіріне төрт рет сапар шегеді. Кейіпкерлер мен оқиға желісінің барлығы дерлік өмірден алынып, автордың шығармашылық лабораториясында шыңдалған деректер еді. Бір қарағанда, осы заман туралы баяндалып отырғандай көрінетін романның түпкі идеясы барды ғана көрсетіп қою емес, керісінше мемлекеттің келешегіне шолу жасау, оның тірегі, іргетасы болатын мызғымас құндылықтарды баса көрсету еді.

Романның алғашқы жолдарынан-ақ «ЗИЛ», асфальт, пенсиядағы доктор, интеллигент жүзді, проспект, академия, обком, райком, профсоюз деген секілді сол кезеңде енді ғана көпшілік санасына сіңе бастаған жаңа сөздерді автор еркін әрі саналы түрде қолданғанын байқауға болады. Романда ғылым-білімге ден қойған, қала құрылысы мен өндірісті өрістетіп қана қоймай, сонымен қатар мал шаруашылығын да қатар дамытқан толыққанды мемлекеттік жүйенің баянды тіршілігі суреттеледі.

«Қаланың өсуі қиын, ауыр жұмыс. Үлкен завод, фабрикалар, үлкен өндірістер жаңа туып, жаңа орнаған жерлерде Одақта және әсіресе осы Қазақстанның өзінде қырық жыл емес, жиырма жыл, он бес жыл, тіпті он-ақ жыл ішінде туып қалыптасқан қырық мың, елу мың, тіпті жүз мыңдаған халқы бар ғажайып сұлу социалистік қалалар барын да білесіз» деп толғайды басты кейіпкердің бірі Нил Петрович Карпов.

Романда қазақ жерін мекендеп отырған түрлі халықтардың шынайы достығы мен олардың өзара тату қарым-қатынастары да аңғарылып отырады. «Ал облыс жөнінде Карпов бұл күндерде көп деректер біле жүрген. Облыста 940 мың халық бар. Оның 44 проценті –  қазақ. Көп проценті өзбек, 30-ға тарта ұлт бар. 15 аудан бар. Үлкен өндіріс кендері де, шикізат қорларымен мықты завод, фабрикалары да бар. Өндіріс техникасы мығым облыс. Оның үстіне ауыл шаруашылығы және де әр сала балғын, мығым. Бар Қазақстанның мол мақтасын жалғыз осы облыс береді. Әсіресе, бұл облыс малға бай. Қой заты көбінше алтын туатын қаракөл қойлары. Облыста ғылым, мәдениет ордалары да бар. Жаңадан ашылса да облыс қана емес, бір республика да емес, одақ көлемінде де үлкен орны болатын аса қымбат мамандықтарды білдіретін технология институты бар екен». Жоқтан бар жасау қай заманда да оңай болмаған. Санаулы ғана жылдар ішінде Қазақстанның өндірісте қол жеткізген табыстарын автор осылайша шабыттана жаза отырып, қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығын да заман талабымен үйлестірудің маңыздылығын ескертеді.

Мемлекет тірегі – қашанда сол мемлекетке адал қызмет ететін кадр­лар, олардың кәсібилігі, моральдық-этикалық бет-бейнесі. Романда облыс, аудан, колхоз-совхоздарды басқаратын мамандардың, басшылардың мінез-құлқына, кәсіби біліктілігіне қатысты бүгінгі күні де өзекті тамаша тұжырымдар жасалады. Ортақ мүдденің қамын жейтін нағыз басшылардың, мемлекет үшін басын тіккен адал да білікті мамандардың көркем бейнесін сомдайды. Облыстың мал шаруашылығы бөлімін басқаратын Әлім Ерімбетов былай сипатталады: «Әлім Отан соғысын Садық сияқты көп жылдар бойында басынан атқарған. Бұл Балтық теңізінде әскери кемеде қысқы аяздарда әскери флот жауынгері боп көп істеген. Фин түбегінің қатты желін, суық толқынын, әсіресе қысқы тау-тау мұздарын талай шақтарда жаяу да, көлікпен де кезген болатын. Бергі уақыттағы жайлы тұрмыс, жылы пәтер, жұмсақ орындық, төсек, жайлы кабинет бәрінде жүріп-тұрғанда ол бұрынғы шақтың бастан кешкендерін ұмытқан емес-ті. Қайта осы облыста жауапты қызметте істеп жүріп, жазғы ыстықта, қысқы суықта Қарабастың осы қарабасқыр сұмдық желінің астында күн-түн демей жүре беретін. Өзін анда-санда осындай қиыншылық күйге өз еркімен біраз тастап қоюға әзіргі қажырлы сау денесімен қажет көретін. Қазір түйенің алдына өзі мінді де, қара інгенді баяғы бала кездегі дағдысы ­бойынша қос қабырғасына тепеңдеп, кезектеп тепкілей түсіп жиі-жиі «атшу-атшу» деп жіті жүргізіп кетті. Нағыз ердің қиыншылықта шынығып, ыстық пен суықта шыңдалатынын осылай сипаттап өтеді.

Сыбайлас жемқорлық, тамыр-таныстық, пара және олармен күрес барлық қоғамда да өзекті болған. ­Романда мемлекеттің іргесін шайқайтын басты қауіп әрі қоғамдық дерт ретінде бұл мәселе арнайы айтылады:

«Ал өлтіруші Сағит ауданда қатты жазаға ұшырау орнына сол аудандағы жақын жуан туыстары арқылы көп қорғаушыларды табады. Масқаралығы сол – райпотребсоюздағы ағасы, СМУ-дағы нағашысы Әбілмәжін, Бейсен дегендер арқылы аудандық тергеушіні, аудандық судьяны, прокурорды, олар ғана емес, жауапты, беделді кейбір аудан басшыларын да шырмаған көрінеді.

Әсіресе Бейсен дейтін СМУ бастығы қолында шаруаның көп керегі табылатын орында отырып, бірталай, адамды шатас­тыратын көрінеді. Арманды Сағиттың өлтіргені колхоздағы, аудандағы комсомол жұртшылығына, Арманмен бірге оқитын мектеп жастарына және мектеп оқытушы жұртшылығына зор жауыздық боп ап-айқын тұрса да, жаңағы аталған сот, прокурор орындары, қылмысты адамның өздері де қылмысты жыртқыш туыстарының ықпалына түсіп кеткен. Оларды ретке салып, теріс бетін сынап, түзеп, жөнге салады дейтін аудан басшылығы болмаған. Міне, осы мәжілісте отырған өзі Социалистік Еңбек Ері Ленин ауданының қадірлі басшысы, райкомның бірінші секретары, сол ауданда көптен істеп келе жатқан Көлбаев Мұқит жолдас өзі де адасқан. Судьяны, прокурорды өзі де жақтаушы боп шыққан. Нәтижеде Арманның апасы Айсұлуды оның қарсылығына қарамай алып қашып әкетпек болған Сағит апасы үшін алысқан Арманды, оныншы класта оқитын жас комсомолецті, ұрып жығып, машинасымен бастырып өлтіріп кетеді. Ал соған соттың шығарған үкімі үш қана жыл болады, оны және бірнеше амнистияға жатқызады. Әртүрлі жеңілдік, заңның әрқилы кешіріміне қиыстырады. Сонымен келіп, осы заманның жыртқышы, кісі өлтіруші қылмысты Сағит үш ай отырып, ақталып шығатын болады». Кеңес заманын шектен тыс әсірелеуді, социалистік қоғамды орынсыз идеалдандыруды автор мақсат етпейді. Қайта осындай жаңа қоғамда, өмірде болып жататын аса қауіпті құбылыстарды бейнелеу арқылы жемқорлық пен сыбайластықты әшкерелейді, оның туу себептеріне үңіледі. Белден басар жуандықтың адам табиғатына, мемлекет тұтастығына төндіретін қаупін ескерте отырып, ел келешегіне жол сілтейді. Романда барлық замандарда өзекті «Заң сезіммен үнемі үйлесе бермейді» немесе адал да еңбекқор жандар туралы «Сендейлерді керексіз етсе, өмір өзі неменеге тұрады?» дейтін өте терең қорытындылар жасалады. Қалай болғанда да, конституцияда айқындалғандай, мемлекеттегі ең ­басты құндылық – адам, оның өмірі мен құқықтары деген бұлжымас заңның үстемдігін қамтамасыз еткенде ғана үйлесімді қоғам, дамыған мемлекет құруға болатындығын ескертеді және баршаны соған шақырады.

Кеңес заманындағы атеистік идео­логия тұсында да М.Әуезов өзінің дін хақындағы ой-тұжырымдарын, көзқарасын түрлі тәсілдер арқылы баян­дап отыруды міндетім деп білгендігі аңғарылады. Ол халықтың сан ғасырлық наным-сенімін жалаң мансұқтауды қолдамайтынын, қазақ халқы ешбір заманда құдайсыз, дінсіз қауым болмағандығын ашық айтады. «Мұнда тегін айтпайды, «Сайрамда бар сансыз бап, Түркістанда Түмен бап, баптар бабы Арыстан бап» деген жайды Карповқа ұғымды етіп аударып берумен бірге, қазіргі облыстың үш үлкен ауданы осы бір сөйлемде аталғанын ескертті, ­Арыстан бап Шәуілдір ауданында. Ноян ауданында кеше ғана Ақишан деген айлалы, қатал, даңқты қазірет болған. Тіпті сонау Қаратау аржағындағы жырақтағы Ұзақ ауданының өзінде Баба түкті шашты әзіз, Бабата, Балықшы әулие дейтін әлденеше әулие жайлар бар. Мынау тұрған Ташкенттің аржақ-бержағы, Орта Азия мұсылмандарының бәріне құдайдың өмір құдіретіндей кәрлі құдірет бұйрығын таратқан Қожа Ахмет Ясауи, Ташкент түбіндегі Зеңгібаба мазары тәрізді бір облыс көлемінде бүкіл бір діндар мемлекетке мол жетерлік әулие-қазірет, ишан-пірлердің мекен-жайлары болған». Міне, қазақ руханиятының қайнар көзі болған киелі елдімекендер мен ұмытылып кетуі мүмкін рухани ұстаздардың есімдерін автор соншалықты бір құрметпен атап өтеді. Сол арқылы мемлекеттің дамуы мен жарқын болашағы экономикалық жетістіктер мен мәдени-рухани құндылықтардың әсем үйлесімінде жатқанын ескертеді. Бұл шағын мақалада атап өткендеріміз шығармада көтерілген ауқымды мәселелер мен көркемдік ерекшеліктердің бір мысқалдай ғана бөлшегі дер едік.

Қорыта келе айтарымыз, М.Әуезов­тің кемеліне келген шағында жазылған «Дос – Бедел дос» және «Өскен өркен» атты шығармалары – ешқашан көркемдік әрі идеялық құндылықтарын жоғалтпайтын, адамзат қоғамындағы мәңгілік мәселелерді биік суреткерлік талғаммен баяндаған астары қалың өлмес туындылар. Ұлы қаламгердің 125 жылдық мерейлі белесі тұсында жазушының жарты ғасырлық шығармашылық жолының қорытындысындай болған осынау ұлы туындыларды қайта оқып, жаңаша пайым­дап, бүгінгі күннің мұраттарымен ұштастыруға талпыныс жасасақ, орынды болар еді.

Мамай АХЕТ

 

1356 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы