• Қоғам
  • 22 Қыркүйек, 2022

25 ҚАЗАНДЫ «ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІГІНІҢ КҮНІ» ДЕП АТАУ КЕРЕК!

Ханкелді Әбжанов, 
ҚР ҰҒА академигі

1990 жылдың 25 қазаны қазақ үшін ақ түйенің  қарны жарылған күн еді. Ресейге бодандықты қабылдағаннан бергі екі жарым ғасырдан аса уақыт ішінде алғаш рет тәуелсіздіктің құқықтық негізі қаланды. Оны бізге сыйлаған құжат Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған мемлекеттік егемендік туралы Декларация болатын.

Декларацияның 1-бабында Кеңестік Социалистік Қазақ республикасы Егемен Республикалар Одағымен ерікті түрде бірігетіні және олармен келісімшарт негізінде қарым-қатынас құратыны көрсетілді. Екінші бапта Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттілігін күзетуге, қорғауға және нығайтуға шаралар қабылдайтыны жарияланды. Үшінші бап: Қазақстан аумағы мен шекараларының мызғымайтынын әрі өзгертуге жатпайтынын, оның рұқсатынсыз пайдалануға да болмайтынын паш етті. 17 баптан тұратын Декларацияның 8 және 9-баптары ерекше маңызды. Оларда республика аумағында ел Конституциясы мен заңдары үстемдікке ие екені, жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, барлық ұлттық байлық республика меншігі саналатыны бекемделді.

Декларацияның тағы бір құдіреті – КСРО-ның ыдырауын жеделдеткені. Осының алдында ғана, яғни 12 маусымда РСФСР-да егемендік Декларациясын қабылдаған еді. Екі алпауыт республиканың егемендікті жариялауы КСРО-ның тағдырын шешті.

Демек, Ұлттық Құрылтайда  ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Декларация қабылдаған күнге айрықша мәртебе беру керектігі туралы айтқаны көптің көңілінен шыққан бастама болды. Менің ойымша, 25 қазанды «Қазақ мемлекеттілігінің күні» деп айдарлау керек. Неге дейсіз ғой?

Біріншіден, Қазақ хандығы да 1465 жылы қара күзде шаңырақ көтерді.

Екіншіден, кеңестік автономиялы Қазақ ­Республикасы 1920 жылы қазан айында дүниеге келді.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасының құқықтық болмысы 25 қазанда қабылданған Декларациямен айқындалды.

Ендеше, қайта оралатын ұлттық мерекені «Қазақ мемлекеттілігі күні» деп ұлықтасақ, Құдайдың жолы болар. Ол мемлекетшіл санаға соны серпін береді.

1043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы