• Руханият
  • 22 Қыркүйек, 2022

«ТҮГЕЛ ТҮРКІ ЖИНАЛЫП, ТОМСЕНГЕ ЕСКЕРТКІШ ҚОЙСАҚ...»

«Ана тілі» газетінің өткен №31, 33, 35, 36 сандарында жоғарыдағы тақырыппен шыққан мақалаға қатысты даниялық ғалымға ескерткіш қою қолдау тауып, қызу талқыланды. Бұл жолы да ғалымдар тарихқа қатысты маңызды деректер келтіріп, орынды ойлар айтты.   

Ерден Қажыбек, 
филология ғылымының докторы, профессор:

ТОМСЕН БІЗГЕ ЖАҚЫН – ВИКИНГТЕРДІҢ ҰРПАҒЫ

 

Қаламгер бауырымыз Дағжан Белдеубай көтерген,Томсенге ескерткіш қою өте орынды әрі маңызды ұсыныс дер едім. Олай айтуымның бірнеше себебі бар. Ол болмаса көне төл жазуымызды, мүмкін, тіпті күні бүгінге дейін білмей жүрер едік.

Бұл ретте сөзді арыдан қозғаған дұрыс. Томсен даниялық, яғни дат халқының өкілі. Дания, Норвегия, Швеция елдерінің тарихы, көне жазуы  әйгілі викингтерге барып тіреледі. Викингтер деген бір таңғажайып ел болған. Өз заманындағы алдыңғы қатарлы елдердің  барлығын тым оңай жолдармен бағындырып, көптеген жекелеген өкілдері сол елдерде билікке қол жеткізген. Күні кеше марқұм болған Англия патшайымы Елизаветаға дейін, Францияның, Германияның, тіпті Ресейдің де ең атақты патшалары өз шежірелерін сол викингтерден таратады. «Менің тегім – викинг» деген сөз мақтанышқа айналған. 

Ал викингтер деген кімдер? Бұл сұрақ, алдымен, олардың тарихшыларын толғандырған. Бес-он жылдың алдында бір ғалымы Әзербайжанға барып, тілдік, этнографиялық көптеген ұқсас­тық­тарды көріп, бір жақын­дықты сезіп, ДНҚ-лық зерттеулер жасатып, викингтердің түркілерге туыстығын дәлелдеген. Ондай зерттеулер түркілердің атажұртындағы қазақ пен қырғызға жасалған жоқ. Дегенмен  олар түркілерден тарағаны анықталды дей аламыз. Оған олардың эпостары да дәлел. Әйгілі эпостық батыры Етсел кәдімгі біз бен сіз білетін Аттила екендігін өз ғалымдары айтып отыр. Аттила, яғни Еділ – олардың да бабалары. Дәлірегі, викингтер біздің алыс туысымыз. 

Өз басым Норвегияда болған кезде билеттер, тоулеттер деген жазуларды көріп сұрағанымда, тер – оларда да көптік жұрнағы екен. Лер емес. Түрікше, әзербайжанша билетлер болар еді.  Яғни оғызша емес, қыпшақша. Сосын қызығып, викингтерді зерттей бастадым. Викингтердің батырлары қайтыс болған кезде, оларды өзінің мініп жүрген атымен бірге жерлейді екен. Жатқан жеріне қорған қылып тас үйген. Жоғары жағына құлыптас орнатады. Тасқа кәдімгі көне түрікше жазу жазған.

Аталған скандинавия елдерінің сүйікті тағамы қой еті. Қой етін мүшелейді, басын сыйлы қонаққа тартады. Қандай ғажап ұқсастықтар. Өз бауыларымыз түріктер, әзербайжандар бұрын Қазақстанға келмеген, салт-дәстүрімізді білмейтін болса, бас тартсаңыз дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Өзіміздің оғыз
бауырларымызда ондай салт жоқ. Ал әлгі викингтердің ұрпақтарында бар. Бас тарту – қазақ, қырғыз, ноғай, қарақалпақ халықтарына тән. Яғни қыпшақтық әдет. Қазақтың төл дәстүрі дер едім. Тұздалған май да – ұлттық тағамдары саналады. Скандинавия елдері суық жерде орналасқан. Мұз, қар. Майды тұздау қажеттілігі жоқ. Бұл да – ата-бабадан жеткен әдет.

Демек, Томсен бізге жақын халық­тың өкілі ретінде де қымбат. Томсен алғаш бітік жазуларын көргенде, «Мен бұл жерде құдайымыздың… ең киелі сөзімізді көріп тұрмын ғой» депті. Ол «Тәңірі» деген сөз екен. Томсеннен басқа, өз еркімен есім-сойын өзгертіп,
Радлов атанып кеткен ресейлік неміс ғалымы Вильгельм Фридрихтың да еңбегі ерен. Он төрт томдық түркі халықтарының салыстырмалы сөздігін жасауының өзі неге тұрады? Ол түркі тілдерінің барлығын білген.

«Басқақ» деп Алтын Ордада салық жинаушыларды атаған. Ресейде тағы бір керемет ғалым – Баскаков. Ол өзінің тегі түркі екендігін білген. Өмір бойы түркі әлемін зерттеді. Өте көп еңбек жазды. Бірақ мұндай түркілерді зерттеген ғалымдар, өкініштісі, бүгінгі Ресейге керек емес. Біз оларды да ескеруіміз қажет.

Жалпы біз тарихымызды
зерттеуде, танып-білуде әлі де мойын­дау керек, кенже қалып келеміз. Әлемде алғашқылардың қатарында металл қорытқан, дөңгелек ойлап тапқан біздің бабаларымыз. Ал дөңгелек болмағанда, қазіргі өзіміз мініп жүрген машинадан бастап ұшақтар, зымырандар жасалар ма еді? Мұны ғылыми-техникалық жетістіктің бастауы деуіміз керек. ­Демек, бабаларымыз адамзаттың соңғы төрт-бес мың жылдық дамуына ауыз толтырып айтарлық сүбелі-сүбелі үлес қосқан.

Майя, астек, инки деп аталатын америкалық үндіс тайпаларымен неге тіліміз ұқсас? Неліктен  түбір сөздері қазақ тіліне жақын. Ортақ түбір сөздер отыз пайыз делінуде. Құсты құс, күнді кин, жасты яш дейді. Мұндай деректердің барлығы байыпты түрде жіті зерттелуі тиіс. Ол біздің халқымыздың баяғыдан келе жатқан байырғы ұлт екендігін айғақтайды. Қорыта айтқанда, Томсенді бөтен бір алыс шетелдің ғалымы емес, шалғай болса да бізге бауыр елдің ғалымы ретінде қараған жөн. Қазақ тарихы шет-шекара қоюға келмейді. Күллі еуразиялық аумақта қарастыруды қажет етеді. Өйткені тарихи ахуал солай.

 

Кенжехан Матыжанов, 
филология ғылымының докторы, 
ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі:

АСТАНАДА  АЛЛЕЯ БОЙ КӨТЕРСЕ…

Менің ойымша, «Ана тілі» газеті өте жақсы мәселе көтеріп отыр. Түркі жазуын ең алғаш оқыған Вильгельм Томсенге ескерткіш қою өзекті. Ол кісінің сіңірген еңбегін түркітекті халықтар түгел жоғары бағалауға әбден лайық. Оқып қана қоймаған, бітік жазудың түркі халқының рухани мұрасы екендігін әлем алдында дәлелдеген. 
Дегенмен бұл орайда ойланатын да мәселе жоқ емес. Рас, ол алдымен, «Тенгри», сосын «Түркі», одан «Білге» сөздерін анықтап оқыған. Сол ғылыми жаңалықтың ашылуының өзінде символдық мән бар. Томсен жаңалықтың басында тұрғанмен, онымен сол заманда қатарласа жұмыс істеген В.Радловтың еңбегі де үлкен. Радлов – түркология ғылымының негізін салушы. Томсен Радлов жариялаған еңбектерге сүйенді. Радлов экспедициясы анықтаған деректерге талдау жасады. Кілтін тапты. Тұңғыштың аты – тұңғыш. Томсенді көтерген дұрыс. Бірақ меніңше, түркітанудың негізін қалаған ғалымдарға үлкен бір аллея жасаса, дұрыс болатын секілді. 
Томсен бітік жазудың кілтін тапқан кезде, Радлов он-он бес әріпті оқып қойған. Іле-шала Томсенннің жаңалығына сүйеніп, түркі жазуларының атласын жасап шықты. Жалпы түркітануға ерекше еңбек сіңірген адамның бірі, сөз жоқ Радлов. Ол – неміс ғалымы. Берлинде оқыған. Алтайда жұмыс істеген. Алғашқы археологиялық ашылымдар жасаған да – осы кісі. Түркі фольклорын он том етіп басып шығарған. Әлемде түркітекті халықтар бар, олардың осындай бай мұрасы бар деп жариялаған. Түркі тілдерінің он томдық сөздігін де жасаған Радлов.
Сондықтан осындай ірі тұл­ғаларды бөліп-жармай, ортақ ал­леяда бәрін тоғыстырған жөн болар. Ол Астана қаласында, Еуразия университетінің қасында бой көтерсе, түркітанудың ұлы тұл­ғаларын сол жерден көрсек деген пікір айтқым келеді. Томсеннен бастап, Ахмет Байтұрсынұлына дейін бейнелері сомдалса, еңбектері көрсетілсе, оның танымдық, тәрбиелік мәні жоғары болар еді.

1264 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы