• Қоғам
  • 22 Қыркүйек, 2022

БАС МІНБЕРДЕГІ БАСТЫ ӘҢГІМЕ

Халықаралық басты мінберде сөз алған Қазақстан Президенті БҰҰ-ның штаб-пәтеріндегі бүгінгі кездесу әлем геосаяси текетірестің жаңа кезеңіне қадам басқан адамзат үшін сындарлы кезеңде өтіп жатқанын айтты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер ұйымның Жарғысында осы уақытқа дейін біздің қызметімізді сәтті реттеп келгенін халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын жазып, бекіткенін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ негізінде жатқан іргелі постулаттарды сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, ол мем­лекеттер егемендігінің теңдігі, терри­то­риялық тұтастықты құрметтеу және мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі сияқты үш негізгі қағидаттың өзара байла­нысын қайта қарастыру қажеттігіне тоқталды.

– Бұл – үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады. Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы. БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала береді, – деп сенім білдірді Президент.

Мемлекет басшысы заманауи сын-қатерлерді тек ұжымдық күш-жігермен ғана жеңуге болатынын айтты. Осыған байланысты ол бірқатар тәсілдерді атап көрсетті.

– Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысының «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасындағы ұсыныстарын құптады. Оның пікірінше, бұл БҰҰ Жарғысының ережелерін бекіту, көп­жақтылыққа жаңа серпін беру, қол­даныстағы міндеттемелерді іске асыруды күшейту, жаңа сын-қатерлерге нақты жауаптарды келісу және мүше мемлекеттер арасындағы сенімді қалпына келтіру үшін зор мүмкіндік.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық сын-қатерлер мен дағдарыстарға жай ғана жауап беруден олардың алдын алуға және қалыптасып келе жатқан үрдістерді жақсы болжауға көшу қажеттігін мәлімдеді.

– Қазақстан 30 жыл бұрын дәл осы мақсатпен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды.

Жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге байла­ныс­ты алдағы қазан айында араағайын­дық пен бітімгерлікке ат­са­лысу мақсатында өтетін Саммитте АӨСШК толыққанды ха­лықаралық ұйымға айналады деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Шығыс пен Батыс арасындағы ашық ­диалогты, сондай-ақ өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген жаңа жаһандық қауіпсіздік парадигмасын құруға шақырды.

Президент ядролық держа­валардың бәсекелестігі мен текетіресінің күшеюіне, сондай-ақ Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың шолу конференцияларында жетістіктің жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін айта келе, Мемлекет басшысы біздің еліміздің ядролық қарудан азат әлем құру үшін күресін жалғастыратынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған шұғыл шаралар қабылдаудың өзектілігін атап өтті. Осы орайда Қазақстан Президенті Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бұрынғы ­бастамасын тағы да еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кли­маттық күн тәртібі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі дағда­ры­сымен тікелей байланысты еке­нін атап өтті. Ол жаһандық азық-түлік қауіпсіздігімен күресу үшін Қазақстанның орасан зор ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалану туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

– Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала береді. Сондай-ақ біз Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен, сондай-ақ БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден ­босату аса маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы сенімді, әртараптандырылған жаһандық транзиттік және көліктік инфрақұрылымның маңыз­дылығына тоқталды. Осы тұр­ғыда Президент Қазақстанның Азиядан Еуропаға дейінгі маңызды құрлық дәлізі ретіндегі өсіп келе жатқан рөліне тоқталды.

– Транскаспий халықаралық көлік бағытына немесе «Орта дәлізге» тың серпін берілді. Алдағы жылдары біз Қазақстан арқылы жүк тасымалының айтарлықтай арта түсетініне сенімдіміз. Біз Каспий теңізінің бейбітшілік пен жаңа мүмкіндіктер теңізі ретіндегі позициясын қамтамасыз етуіміз керек. Алдағы айларда Қазақстан сауда және жеткізу тізбегінің істен шығуы салдарынан туындайтын энергияға және маңызды шикізатқа қолжетімділіктің шектелуін азайтуға көмектеседі. Ұзақмерзімді перспективада біз жасыл сутегі мен жаңартылатын энергия көздеріне ерекше назар аудара отырып, энергия көздерін әртараптандыруға ұмтыламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ор­талық Азия елдерінің саяси және экономикалық өзара іс-әрекетін нығайтуға ниетті екенін ерекше атап өтті.

Қазақстан Президенті өңірдің ха­лық­аралық ынтымақтастық, оның ішінде табиғи және ауыл шаруашылық ресурстары, адами капиталы мен транзиттік әлеуеті ар­қылы зор мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық рефор­маларға да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ішкі саяси оқиғаларға, атап айт­қанда президент мерзімінің қайта қа­рас­тырылып жатқанын атап өтті.

– Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы тың серпіліс. Біз «күшті Президент – беделді Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын қатаң ұстана береміз. Бұл формула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сон­дай-ақ сапар барысында Африка Одағы мен Еуропа Одағының бірлескен төрағалығымен өткен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммитке қатысты. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 77 сессиясының аясында Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Питер ­Маурермен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру салаларында жұмыс істейтін америкалық ірі компаниялардың басшыларымен жүздесті.

Президент сондай-ақ Нью-Йорк қаласында шетелде тұра­тын әрі әлемнің же­текші технологиялық ком­пания­ла­рында жұмыс істеп жатқан 400 ­қа­зақ­стандықты бірік­тіретін Digital Nomads IT қоғам­дас­тығының өкілдерімен кездесу өткізді. Бейресми жағдайда өткен кез­десуде Қазақстанда ІТ сала­сын дамыту перспективалары мен қазіргі әлемдік үрдісте талқыланды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапарының соңында БҰҰ Бас хатшысы ­Антониу Гутерришпен достық жағдайында өткен кездесуде Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтас­тықты нығайтудың жай-күйі мен ­перс­пек­тивалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы лауазымындағы қызметін жоғары бағалап, оның 2023 жылы «Болашақ саммитін» шақыру туралы бастамасын толық қол­дайтынын жеткізді. Президент осы маңызды жиынның қорытындысы орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Еркін ҚАЛДАН

667 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы