• Руханият
  • 22 Қыркүйек, 2022

ОЙЛЫ ОҚЫРМАНМЕН ОЙЛАСЫП ЖАСАЛАТЫН БЕТ

АНАХАРСИСТІҢ ДАНЫШПАН САЛОНМЕН АЛҒАШ КЕЗДЕСКЕНДЕГІ СӨЗ ҚАҒЫСТЫРУЫ

Бізге жеткен деректерге қарағанда, бір күні Анахарсис ­Афина қаласындағы Салонның үйіне келеді. Есікті қағып рұқсат сұраған ол өзінің жат жерлік екенін, Салонмен ­достасып, қонақ болуға келгенін айтады. Салон оған: «Достықты әркім өз үйінде жүргізгені жақсы», – деп жауап береді. «Солай ма еді, сен ғой қазір өз үйіңдесің, сондықтан менімен достасып, қонақжайлық таныт», – дейді ­Анахарсис. Салон скифтің тапқырлығына, шешендігіне риза болып, оны өз үйінде біраз уақыт тұрғызады. Көп ұзамай Салон адамдар арасындағы тәртіпті сақтау үшін заң жазып шығады. Мұны білген Анахарсис күліп:

– Сіз заң арқылы қылмыс пен қиянатты ауыздықтауды армандайсыз. Ал оның өрмекші торынан еш айырмасы жоқ. Өрмекшінің торы секілді, заңда да әлсіздер мен кедейлер тұтылып, күштілер мен байлар құтылып кетеді.

Оған Салон:

– Адамдар арасын бір мәмілеге келтіріп, келісім жасататын заң қажет. Егер оны бұзса, екі жаққа да тиімсіз болады. Заң жарияланып, заңмен жүрудің артықшылығына олардың көзі жетеді, – деп қарсылық білдіреді.

Бірақ көп ұзамай-ақ Анахарсистің айтқаны келіп, Салонның күткені еш нәтиже бермейді. Тағы бірде халық кеңесіне қатысқан Анахарсис:

– Элладалықтарда сөзді ақыл­дылар айтып, істі ақымақтар шешеді екен, – деп таңғалады.

«Әдеби жәдігерлер» көптомдығынан

 

ТАСАДАҒЫ ТАРИХ

ТАСТАҒЫ ІЗДЕР

Атты құрметтеуді, атқа табынуды, оның көшпенділер өмірінің табиғатына жан-жақты кірігіп кеткендігін, бізге эпикалық жырлармен қатар, алдыңғы жобаға салт атты мен атжұбы шығатын жартасқа салынған суреттер де жеткізеді. Ертедегі суретшілер аттардың керемет сымбаты мен мінезін бере алған. Сарыарқаның кеңістігіндегі петроглифтердегі ат суреттері ширақ қимылға толы. 
Көшпенділер табынатын орында адам табаны мен тұлпар тұяғының ізі түскен тастар да кездеседі. Әл-Бируни: «Қимақтар (қыпшақтар – Ә.М.) елінде Манқұр тауында көлемі үлкен қалқандай көл бар. Судың беті осы құдықтың жиегімен бірдей болып тұрады; кейде одан бүкіл әскер ішсе де, судың деңгейі бір еліге де түспейді. Бұл құдықтың жанына кеп бас иген адамның аяғының ізі және оның қолының саусақтарының, тізесінің ізі, баланың аяғының ізі мен есек тұяғының ізі бар» деп жазған жолдары бар. Мұндай құбылыс жайында Казвини де жазған. Адам аяғының, тұлпар тұяғының, түйе табанының іздері біздің заманымызға дейін Сарысу өзенінде, Теректі Әулие сайында, Ұлытауда, Сарыарқаның басқа да жерлерінде сақталған…

 

КИІЗ ҮЙГЕ ҰҚСАС ЕСКЕРТКІШТЕР

 

Тас мүсіндермен байланысты естелік құрылыстың бір тобы дың, үйтас деп аталады. Қай жерде тас мүсін көп болса, ол жерде дың, діңгек, үйтас та жиі кездеседі. Бұлардың жиі кездесетін жері, әсіресе Орталық Қазақстан мен Жетісу өлкесі. Соңғы жылдардағы зерттеу бойынша, VI-VIII ғғ. қолданған тас шарбақтың орнына тас мүсінді, енді тас обаның іргесіне не үйтас, дың деп аталатын құрылыстардың қасына қоятын болғаны байқалады. Дың мен үйтастың ерекшелігі: олар Қазақстанның ежелгі мал өсірушілерінің жазғы киіз үйіне өте ұқсас.

Өлген адамдардың басына ескерткішті өзінің тірі күнінде жасаған үйіне ұқсатып қою көшпелі елдің ежелгі салты болған. Сондықтан үйген оба, тұрғызған дың, үйтастардың бәрі де түр жағынан жазғы киіз үйге ұқсаған. Бұл құрылыстардың қызықты болуы тас мүсіндердің бір тобы осы айтылған оба, дың, үйтастардың қасында кездеседі.

Соңғы жылдары Қарағанды облысының көп жерінен, оның Ұлытау, Жезқазған, Жаңаарқа, Бетпақдала, Торғай өзенінің бас жағынан киіз үй тәрізді тас құрылыстардың бірталайын қағаз бетіне, фотографияға түсіріп үлгердік…

«Ә.Х. Марғұлан шығармаларынан» (төртінші том)

 

«ТҰЛЫМША» ЖАУДЫҢ ҚАТАРЫН БҰЗУ ӘДІСІ

 

Ұлы даланың сардарлары далалық ұрыс жүргізу тәсілдерін пайдаланып, қытайдың мұздай қаруланған артиллериясы бар әскерін, Еуропа рыцарларын, арабтың, үндінің түйе, піл мінген жауынгерлерін тас-талқан етіп жеңіп отырған. Сондай тәсілдердің  бірі «Тұлымша» деп аталады.

Ол тәсіл бойынша жазықта екі әскер кездескенде, ең алдымен, жеңіл қаруланған, ұшқыр ат мінген жауынгерлер қарсыласқа екпіндеп, жақындап келіп, садақпен оқ боратып, қатарларын сиретуге тырысады. Сөйтеді де шегініп кете береді. Олардың артынан іле семсермен, айбалтамен қаруланған ауыр жасақ, жаудың сиреп қалған қатарына «майға кірген пышақтай» тіліп-тіліп кіріп, алды-артына қарамай қашуға, шегінуге мәжбүрлейді. Осындай тәсілді жалпы түркілер, оның ішінде қазақ жауынгерлері де қолданғаны сөзсіз.

Құспан Ароновтың

Facebook-тегі парақшасынан

 

 

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС ҰҒЫМДАРЫ

ТҮС ЖӘНЕ ОНЫ ЖОРУ

Ағарған сақал – ауру белгісі.
Ағаш алып бара жатсаң – шығын.
Ағаш кессең – жақы­ныңды жоғалтуың мүмкін.
Ағаш сатып алып жүрсең – өсекке қаласың.
Ағаш үй: түсіңізде ағаш үй көрсеңіз және ол үй жаңа болса – түсінігі мол абзал жанмен отбасы құра­ты­ныңызды білдіреді. Ал ескі үй болса – аурудың белгісі немесе науқасыңыздың одан сайын күшейетініне жорылады. 
Егер кісі түсінде оң жақ азу тісінің түсіп қалғанын көрсе – онда өңінде оған анасы жағынан туыс болып келетін біреу қайтыс болады.
Егер кісі түсінде өлген адамдардың қолынан бірдеңе алса – онда ол өңінде пайда, табыс табады. 
Егер кісі түсінде өзін қуып жүрген бураны көретін болса – онда оның ісіне қарай, өңінде бірде жақсылыққа, бірде жамандыққа кезігуі мүмкін.
Егер кісі түсінде палау, мәнті жеп, сүт ішсе – онда ол өңінде барлық тілегіне жетеді. 
Егер кісі түсінде пілге не айдаһарға, арыстанға не жолбарысқа, барысқа не мүйізтұмсыққа мінсе – онда ол өңінде барлық жауларын тізе бүктіреді. 
Егер кісі түсінде самұрық құсты көрсе – онда өңінде оның басына бақыт, байлық, дәулет орнайды. 
Егер кісі түсінде сары түсті киім кисе – онда ол, өз ісіне қарай, өңінде бірде жақсы, бірде жаман жағдайда болады.
Тірі кісіні өлік күйінде көрсең – өмір жасы ұзын болар, басына келетін ауыртпалықтан құтылар.
Тісің шіріп кеткенін көрсең – ұрыс-керіске кезігесің.
Тісіңді жұлдырып жүрсең – өлім хабаршысы болуы мүмкін.
Улы, азулы жыртқыш көру – дұшпандық көру болар.
Ұсақ күміс ақша – көз жасының белгісі.
Ұшу – сапарға шығудың белгісі. Ұшып жүріп жоқ болып кеткенін немесе қайтып оралмағанын көрген адам өледі. Бір жерден екінші жерге ұшқанын көрген адам құрметке бөленеді. Кімде-кім екі қанатпен ұшса – мұндай түс қайырлы түс. Жер мен көктің арасында ұшу арман-тілектің көп екендігін білдіреді. Ұшу білім үйренуді де білдіреді. 
Ұя көрсең – жақсылық. 

ҚАЗАҚ ЫРЫМДАРЫ

 

«Айналмақ» өзін-өзі садақа етіп, құрбандыққа қиятын ырым. Өзін біреудің жолына құрбан еткісі келген кісі ауырып жатқан науқасты үш айналып шығуы керек. Қазақтың жақсы көрген адамына «айналайын» дейтіні осыдан шыққан.

«Алапесті үйге кіргізбе, құйрығын жерге тигізбе» дейді. Алапес қазақ ұғымында ем қонбайтын дерт. Ниеті бұзық, пиғылы тар адамдарды да «алапес» деп жек көреді.

«Көкпардың еті ауруға мың да бір ем болады» деп ырымдап, ауыл-аймақтың барлық адамы оны бөлісіп татады.

«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дейді. Яғни ырымы жасалмай ұзатылған қызды, оны алған күйеу жігітті ананың ақ сүті, атаның ары мен кәрі атады деп ырымдайды.

Ағайынды кісілер араздасып қалса, басқа бір туысы ақ дастарқанына шақырып, дәм сыйлап, татуластырады. Кейде араздасқандар бірін-бірі шақырып дәм береді. Онысы – түгі жығылып жүрсін, таспен ұрғанды аспен ұр деп ұйғарғаны.

Ағаштың жапырақтары жайлап түсетін болса, қыс суық әрі ұзақ болады.

Ағын суға кір шайқамайды, кірдің суын суға төкпейді. Өйткені «судың басы су, аяғы у» болады, судың киесі атады дейді.

Ағын суды беталды бөгемейді. Бөгесе жолы болмайды деп жориды.

Адам қайтыс болған соң, мәйіт көмілмей тұрғанда, көп жылауға болмайды. Көп жыласа көрі көз жасына толып кетеді деп жориды.

Адам өлгенде жетісінде, қырқында жеті ­немесе қырық шырақ жағады. Шырақ арналып жағылған адамның қабірі жарық тұрады деп жориды.

Адам өлім алдында жанталасып жатқанда жанында әйел адам тұруға болмайды.

Адамның қабағының арасындағы қыртысы қанша болса, ол сонша рет үйленеді.

Ақтың жұғындысын адам жүретін жерге, ағын суға төкпейді.

Алғашқы некеге пайдаланылған бұйымдар бұзылмайды, той киімдері сөгілмейді. Себебі бұлай етсе, тату неке бұзылады, не адам өледі, көңіл жыртылады, араға суық түседі, ыстық құшақ суиды. От жүректе тұтап, өрт кеудеде лапылдап тұрған махаббат сезімі өшеді, әуелі адамдар бір-бірімен жауласады, бітпес дау басталады деп ырымдайды.

Алыс жолға шыққан адам қара шаңырақтан немесе үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.

Алыс сапарға шыққанда жолға сары май, тұз алып шықпайды. Оның мәнісі – жолым сар­ғайып зарықтырмасын, тұздай ащы азап ­тартпайын деген ниетті бейнелегені.

Аңға шыққандағы бі­рінші олжа ешкімге сыйланбайды. Бірінші олжа қоян, ал кейінгісі қасқыр немесе түлкі болса да солай етеді.

«Бабалар сөзі» 94-том

ЖАЗУЫҢЫЗ  ТАҒДЫРЫҢЫЗДЫ  ТҰСПАЛДАЙДЫ

 

Қазiр психологияда жаңа өрiс алған бағыт – графотерапия. Мәселен, медицинадағы музотерапия деген тәрiздi. Бiрақ графотерапияның жөнi бөлек. Осы саламен табандап айналысатын мамандар сiздiң қол қоюыңызға, хат жазуыңызға қарап мiнезiңiздi айқындай алады не болмаса сiздiң алдыңыздан ашылар жаңа кеңiстiктер туралы болжам жасап бередi.

Мәселен, красноярскiлiк ғалым Екатерина ­Злотникова былай дейдi:

– Бiз қолмен жазамыз дегенiмiзбен, бұл ми жұмысы арқылы жүзеге асатын процесс. Қолдың қимылы мен мидың қимылы бiр-бiрiмен тығыз байланысты.

Мәселен, жазуы ұсақ, iрi қол қоятын адамға қандай анықтама беруге болады.

Бұл – болашаққа ауқымды жоспарлар құратын, ­амбициясы байқалып тұратын ой-қиялы басым, қысқасы, көңiлi көкте жүретiн адам.

Ал ендi мәтiндi көп жазатын, қолы кiшкентай адам толыққанды дамымаған адам.

Қол қоюы өте түсiнiксiз, күрделi адамның өзгелермен қарым-қатынасында қиындықтар көп болады, ойы мен сезiмi қауiптi, қателiгiне жауап бермейтiн, өмiрiнде үйлесiм болмайтын көрiнедi.

Сондай-ақ ең қысқа қол қоятын кiсi – шыдамсыз, бiрбеткей, тез шешiм қабылдайтын адам деп қабылданады. Сонымен қатар аты-жөнiн толық  жазатын кiсi мақсат-мұраты айқын, ашық мiнездi, адалдықты сүйетiн, жұртпен тез тiл табысатын жан екен.

Белгiлi психолог Пушкин мен Паустовскийдiң де жазуы мен қол қоюын зерттеген ғалым. Ол жоғары қарай жазып қол қоятын Пушкиндi қолтаңбасына қарап терең ойлы, бар қуатын рухани дүниеге арнайтын, сөйте тұра өзiне көңiлi толмайтын жан ретiнде таниды.

 

ҚАРА ӨЛЕҢ

Қолымда бір қамшым бар…

Қолымда бір қамшым бар алтындаған,

Кей адам ұстай алмай қалтылдаған.

Кеткенде ауылың алыс ей, қарағым,

Көзіңнен айналайын жалтылдаған.

Қолымда бір қамшым бар күмістеген,

Білмеймін соны сәндеп кім істеген.

Кеткенде ауылың алыс, әй, қарағым,

Көзіңнен айналайын ілгіштеген.

Қолымда бір қамшым бар өрілмеген,

Ешкімге «өріп бер» деп берілмеген.

Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым,

Көзіме сендей ешкім көрінбеген.

Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі,

Айтайын мен бір өлең күлдіргелі.

Орныңнан ары отырмай бермен тая,

Қармаққа отырғам жоқ ілдіргелі.

Қолымда бір қамшым бар алтындаған,

Ажары ақ жаңбырдай жарқылдаған.

Сексен қыз серуенге шықса-дағы,

Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.

 

ҚАЗАҚЫ НАҚЫШТАР

КҮН

Күн, Ай, аспан бейнеленген тұмарлар қасиетті деп саналған, себебі діни ұғымда бұлардың магиялық күші бар. Күн, күн көзі, күн сәулесі, шыққан күн оюлары кілемнің, түскиіздің дәл ортасына салынады. Сол сияқты бұл өрнек кесте тоқуда, ағаштан, сүйектен ойылған заттарды бедерлеуде, ат-әбзелдерін әрлеуде қолданылады.

 

ЖҰЛДЫЗГҮЛ

Бұл ою-өрнек бес бұрыш жасап, гүлмен өрнектеліп, бес тармақтан тұратын гүлді тұспалдайды. Түскиіз, төсекжапқыш, беторамалдың ортасына және сырт киімнің арқа тұсына немесе шапан етегінің алдыңғы екі бұрышына салынады.

ИТЕМШЕК

 

Төртайшық өр­негіне ұқсас күрделі элементтен тұрады. Итемшектің төрт тармағы айға ұқсас болып келеді. Ал сол тармақтың астыңғы тұсына салынатын ұсақ екі қатар элементтер иттің емшегін тұспалдап, екі жаққа бағытталып орналасады.

Маргарита Өмірбекова

«Энциклопедия. Қазақтың ою-өрнектері»

Бетті дайындаған  Дағжан БЕЛДЕУБАЙ   

 

 

713 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы