• Тіл
  • 22 Қыркүйек, 2022

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТОЙДА ҒАНА КИЕТІН «ҚЫМБАТ ШАПАН» БА?

2021 жылы Қазақстан аумағында жүргізілген сауалнаманың жаңалықтары көп. Ең алдымен, бұл санақта алғаш рет сауалпарақтарды онлайн толтыру тәжірибесі енгізілді. Сауалнама құрылымдық тұрғыдан күрделенді және сұрақта қарастыратын мәселелер ауқымы кеңейді. Сонымен қатар бұл санақта мемлекеттік тілге қатысты сұрақтың біршама көбейгенін байқадық. Соңғы құбылыс мемлекет тарапынан мемлекеттік тілге жіті назар аударғанын байқатады. 

Санақ нәтижелерінің мемлекеттік тілге қатысты тарауын Ахмет ­Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институты, Әлеуметтік лингвистика білімі мамандары да қызыға талдады. Қазақ тіліне қатысты жауаптардың сандық көрсеткіштерін талдай отырып, соңғы он жылдағы тіл саясатының нәтижелерін байқауға болады. Атап айтқанда, білім беру жүйесіндегі мемлекеттік тілді оқытуға қатысты қабылданған шешімдер мемлекеттік тілді білудің ұзақмерзімді көрсеткіштеріне оң ықпал еткені айқындалды. Бұл үрдіс қазақ тілінде білім беретін мектептерде ғана емес, өзге тілдерде білім беретін мектептерде де анық байқалады. Осының нәтижесінде елдегі мемлекеттік тілді білу үлесі жасы 5-тен асқан Қазақстан азаматтары арасында 80,1% құраған. Бұған қоса өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді білу көрсеткіші едәуір жоғарылаған.

Мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдануға қатысты кейбір тенденцияларды да атап өтсек. Аталған тенденциялардың сипаты әртүрлі әрі көрінісі күрделі болғандықтан, оны шартты түрде «қымбат шапан» синдромы деп атадық. Синдром былай сипатталады:

• «Қымбат шапан» бәрінде болуға тиіс. Дегенмен ондай киімді ешкім күнделікті кимейді, тек белгілі бір оқиғаларға арнап киеді. Осы секілді мемлекеттік тілді Қазақстан халқының 80% астамы білсе де азаматтардың 50% ғана күнделікті қолданады;

• «Қымбат шапанды» дәрежесі жоғары, қоғамдық маңызы бар оқиға­ларда ғана киеді. Сол секілді мем­лекеттік тіл көп жағдайда мемлекеттік маңызы бар жиындарда ғана қолда­нылады;

• «Қымбат шапан» киіп баратын орындар саны шектелген. Дәл осылайша мемлекеттік тілді қолданудың кеңістігі Президент, Парламент, Сот, мемлекеттік органдар, балабақша, мектеп, ЖОО, Болашақ бағдарламасы және осыған ұқсас мекемелерде ғана регламенттелген.

Бұл қандай ауытқуларға әкеліп жатыр? Қазақстан азаматы қазақша балабақшаға барады, мектепті қазақша оқып, ЖОО қазақ тілінде тәмамдап диплом алады. Алайда сол дипломмен еңбек нарығына кіргенде, оның қазақша алған біліміне, мемлекеттік тілді білу дағдыларына сұраныс болмай қалады. Ол білетін қазақ тілі еңбек нарығында жұмысқа жарамды болмай, бар болғаны «қымбат шапанға» айналып шыға келеді. «Қымбат шапан» үйінде ілініп тұрады да ресми жиындарда, мейрамдарда, тойларда ғана «киіледі». 2021 жылғы санақ нәтижелері «қымбат шапан» синдромын айқын көрсетті. Қазақстан халқының 80% астамы мемлекеттік тілді білсе де, Қазақстан халқының 50% ғана мемлекеттік тілді күнделікті пайдаланып жүр. Яғни мемлекеттік тіл біраз адамның үйінде «қымбат шапан» ретінде ілініп қана тұр.

Мұның себебі не? «Қымбат шапан» синдромының бастауы ұлттық заңнамада жатыр. Конституциялық деңгейде «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» дегенімен, өзге заңдарымызда бұл бап жөнді регламенттелмегенге ұқсайды. Мәселен, ҚР «Еңбек ко­дексінде» азаматтардың еңбек ету тілін таңдау құқықтары қорғалмаған секілді. Аталған кодексте «мемлекеттік тіл» және «қазақ тілі» деген тіркестер мүлдем кездеспейді. Осының әсерінен елдегі кейбір жұмыс берушілер тарапынан жұмыскерлердің тіл құқықтарын бұзу, өзіне ыңғайсыз тілде жұмыс істеуге мәжбүрлеу фактілері нормаға айналған. Бұл жағдайда шетел тәжірибелеріне көз жүгіртсек, өзге тәртіпті байқаймыз. Мысалы, АҚШ компанияларының басым көпшілігінде әртүрлі лауазымдарға үміткерлерден, ең алдымен, ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын тексереді. Француз Республикасында француз тілінің қолданылу аясы арнайы заңдармен қатаң регламенттелген. Ал Ресей Федерациясында еңбек мигранттары орыс тілін білуі бойынша тестілеуден өту міндеттелген екен.

Ауытқуды қайтіп жоямыз? Бұл ретте ҚР Президенті Жолдауының тақы­рыбын «Әділетті мемлекет» деп атауы тегін емес деп ойлаймыз. Осы Жол­дау шеңберінде басталып кеткен құқықтық реформа мемлекеттік тілдің қоғамдық қатынастар саласында регламенттелуіне оң ықпал етеді деп үміттенеміз. Сонымен қатар құқықтық реформа еліміздегі еңбек нарығындағы ауытқуларды жойып, кейбір жұмыс берушілер тарапынан мемлекеттік тілді дискриминациялауын тоқтатады деген ойдамыз. Қалай дегенмен, мемлекеттік тіл «қымбат шапан» секілді сандықта ғана жатпауға тиіс.

Қуатбек ДҮЙСЕНОВ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

ғылыми қызметкері

1771 рет

көрсетілді

13

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы