• Мәдениет
  • 29 Қыркүйек, 2022

ҚАЗАҚ ФОТОӨНЕРІНЕ ҚОСЫЛҒАН ҚОС КІТАП

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің ұйымдас­ты­руымен «Дарын» баспасы және «Адырна» ұлттық порталының қолдауы негізінде университеттің аға оқытушылары Асылхан Әбдірайымұлы мен ­Досжан Балабекұлының  «Фотография өнері: таңдамалы мақалалар жинағы», «Фо­тожурналист анықтамылығы» оқу анықтамалық сөздігінің тұсаукесері өтті.

Кітаптың тұсаукесер рәсімін журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы құттықтау сөзімен ашып, факультет доценті Сағатбек Медеубекұлы жүргізіп отырды.  

Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы: «Бізде қазақ тілінде фотоөнер туралы кітаптар өте аз. Бұл тарапта көп еңбектеніп жүрген  – Асылхан Әбдірайымұлы. Асекеңнің соңғы 10 жылда 5 фотоальбом кітабы мен 5 оқу құралы шықты. Біз 30-35 жыл бұрын осы факультетте фотожурналистиканың кітаптарын орыс тілінде оқитынбыз. 1962 жылы қазақ тілінде бір кітап шыққан, оның өзі қолға тимейтін. Өте аз данамен тараған. Амал жоқ, орыс тілінде оқуға мәжбүр болдық. Қазір құдайға шүкір, Асекең фотожурналистиканың бір бұрышын көтеріп келе жатыр. Қазақ фотожурналистикасының теориясын жасады. Міне, соңғы еңбегін осы екі жинақ деп атап айтуға болады. Өзінің шәкірті-Досжан көмекшісі болып жүр. Бұл ғана емес, Асекеңнің еліміздің түкпір-түкпірінде шәкірттері, дос, әріптестері өте көп», – деді.

– Қазақ даласында фотоөнер де бар.Асылхан Әбдірайым осы журналистика факультетіне келгеннен кейін фотожурналистер клубын құрды. Осы  №230 аудиторияда Нұрғожа Жұбанов ақсақал бастаған 20 шақты фотожурналист қазақ даласынан жиналып келіп, клубтың тұсаукесерін жасағанбыз. Одан кейін, бұл фотоклуб мүшелері ай сайын жиналып, фотожурналистиканың шеберлік сағатын өткізіп тұрды. Кейін Асылхан Әбдірайымұлы факультетке келгеннен кейін, фотожурналистика пәні дендеп еніп, тұрақтанды. Қазір фотожурналистика дәрісі біздің сабақ кестесіне кіргеннен кейін және қазіргі оқу жүйесіне байланысты журналистикадан бөлек, басқа факультеттің студенттері де Асылханның сабағына қатыса бастады.

Бүгін шығып отырған жинақ­тың екінші авторы Досжан да факуль­тетіміздің түлегі. Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз да, басып қалсаңыз да, Досжан Балабекұлының табиғатты, тарихты түсіріп жүрген фотоларына таң қалып, тамсана қарайсың. Тіпті, тікұшаққа, ұшаққа мініп алып, кейде осы бала дронның үстінде кетіп бара жатыр ма деп ойлайсың... Оның әуеден жердің бедерін түсірген қаншама суреттері жарық көрді. Табиғаттың тылсым сәттерін көре білетіндігі, екінің бірі көрсе де, байқамайтын құпияларды көретін көрегендігі Досжанды елге танытты.  Өзі жазады, докторантурасын қорғады, ұстаз болып жүр, – деді журналистика факультетінің доценті Сағатбек Медеубекұлы.

Оқырманға жол тартқан «Фотография өнері: таңдамалы мақалалар жинағы»  жинағында сонау адамның ең әуелі дыбыстық тілі емес, образбен ойлайтын графикалық бейнелі тілі, яғни сурет тілі шыққаны, одан фотографияның пайда болуы, фотоөнерінің әлемдік және отандық дамуы мен ұлттық фотоөнер тұлғаларының мақала-сұхбаттары және бүгінгі жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы қорғалған магистрлік диссертация, бакалавр дипломдық жұмыстары және колледж студенттерінің дипломдық жобалары еніп отыр. Авторлар жан-жақты зерттеулер мен ғалымдардың тұжырымдамаларын топтастыру арқылы талдаудан өткізіп, тереңдей байыптауға тырысады.

Аталмыш еңбек, фотография саласы бойынша мемлекеттік тілде жарық көріп отырған тұңғыш жалпы-жинақ, жалпы фотоөнерге қызығушылық білдіретін қалың оқырман қауымға арналған. Еңбекті журналистика факультетінің аға оқытушысы Асылхан Әбдірайымұлы мен философия және саясаттану факультетінің аға оқытушысы Досжан Балабекұлы бірлесіп әзірлеген.

Сонымен қатар осы күні қазақ фотожурналистикасында алғаш рет
Асылхан Әбдірайымұлының автор­лығымен «Фотожурналист анықта­мылығы» оқу анықтамалық сөздігінің тұсауы да кесілді. Бұл анықтамалық фотожурналистерге арналған практикалық нұсқаулық. Мұндағы тақырыптар белгілі бір жүйе бойынша түзілген, фотография туралы анықтама мәліметтерді, оның негізгі қағидаттары мен әдістерін қамтиды, фотопублицистиканың БАҚ-тағы жұмыс технологиясына баса назар аударады. Сонымен қатар бұл анықтамалықта отандық және әлемдік фотожурналистика туралы маңызды мәліметтер келтірілген.

Кітап авторының бірі, ҚазҰУ-дың философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Досжан Балабекұлы: «Қазір үшінші мамандығым бойынша еңбек етіп жүрмін. Бірақ ұстазым Асылхан Әбдірайымұлы фотожурналистиканы қатар алып жүру керек екенін үнемі айтып отырады. Фотожурналистиканың практикасынан бастап, теориясын жазуға шақырды. Жинақ шығаруды осы жылы қолға алдық. Ағаның осы салада бай тәжірибесі бар. Мұрағаты бай. Фотоөнерде шәкірт тәрбиелеуде еңбегі де орасан. Бүгін міне, ізденген еңбегіміз «Дарын» баспасынан 500 данамен  жарыққа шықты. Бұл да бір үлкен жетістік», – деп пікірімен бөлісті.

Шара аясында  ғұмырының 50 жылын фотожурналистикаға арнаған, ардагер фотожурналист Қалиғұмар Қабдешевке Қазақстан фотожурналистикасына сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалі, сонымен қатар, ҚХР-нан келген, «Алтай қазақ этнофотография қоғамының» төрағасы Серік Мұқышұлына Қазақстан фотоөнеріне сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалі табысталып, марапатталды.  

Факультет профессоры Кәкен Қамзин оқулық авторларына ізгі тілегін білдіріп, батасын берді.

Еркін ҚАЛДАН

 

964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы