• Мәдениет
  • 29 Қыркүйек, 2022

Мүнира ИЖАНОВА: «ҚЫЗ ЖІБЕК» ФИЛЬМІНДЕ ЖІБЕК БОЛЫП ӘН САЛДЫМ

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ НАЗАРЫНА!

Апаймен қалтафонда сөйлесіп, таныстық. Ол кісі  – Атырауда, ­біз  ­–­­­­­ Ал­матыда. Ұялы байланыс дамыған заманда бұл үйреншікті әдетке айналғаны мәлім. Апайдың жай әңгімесінің өзінен құлағыма телеарнадан әлде кинофильмнен «Бұлбұлды», «Гәккуды» шырқаған дауыс келгендей әсерде болдым. Сексеннің сеңгіріне шыққанына қарамай дауысы сондай ашық әрі анық. Тіпті сыңғырлап тұр деуге болады. Өнердің құдіреті шығар. 

БЕС ЖАСЫМНАН САХНАҒА ШЫҚТЫМ

– Апай, ғұмырбаяныңызды басынан айтсаңыз.

Мен 1942 жылы 1 мамыр күні бұ­рынғы Семей облысы, Суықбұлақ деген жерде дүниеге келдім. Әкем – Матайбай, анам – Гүлсім. Ата-анамның он үшінші баласымын.

– Көп ағайынды екенсіздер.

Жоқ -а. Жарылғап Матайбаев ағатайым екеумізден өзгесі түгел шетінеп кеткен. Соғыс, аштық болғасын ауру-сырқау да көп. Оның үстіне жығылғанға жұдырық, бес жасымда анам қайтыс болды. Мені қыз бала болғасын Жарма қаласындағы нағашы атам мен апамның қолына жіберді. Рухтары шат болсын, үлкен қамқорлық жасады. Бесінші сыныпты бітіргенше Жібек әже мен Шаяхмет нағашымның үйінде тұрдым. Ағатайым Семей педагогикалық училищесін бітіріп келіп, Шар қаласындағы бір мектепке директор болды да, мені өз қолына алды. Орыс мектебінде оқыдым.

–  Әулеттеріңізде әнші-күйші өнер адамдары болып па еді?

Ағатайым домбырамен халық әндерін шырқайтын. Мандолинде ойнайтын. Өнердегі ең алғашқы ұстазым Жарылғап ағам. Бес жасымнан ауылдағы той-томалақта сахнаға шығып, ән айтып жүрдім.

 

БАЛМҰЗДАҚТЫҢ АЩЫ ДӘМІ

– Дауысыңыз, талантыңыз бар екендігі сол кезде-ақ анық болған ғой.

Иә. 1960–1964 жылдары Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеде оқыдым. Оны беске тәмамдағанмын. Ағатайым мені консерваторияда оқытқысы келді. Ол кезде ақша-қаражат қат. Қал­тамда 75 рубль бар, Алматыға келдім. Құжат­тарымды басқалар қатарлы түгел тапсырдым. ­Арияларды, қазақтың халық әндерін айтамын. Дауыспен қатар есту қабілетің де ол салада маңызды болып саналады. Консерваторияның ұстаздары бәрі де жақсы бағалады. Дегенмен алда арнайы емтиханнан өтуіміз керек. Өзіме сенімді едім.

Емтихан тапсыруға бір күн қалғанда тосын жағдай болды. Жастық, албырттық ғой. Училищеден бері бірге келе жатқан Катя Малбаева есімді досым бар еді. Екеуміз «Бұлбұлды» бірге шырқайтынбыз. «Балмұздақ алып жейік» деді. Ол сегіз, мен сегіз, он алты балмұздақ. Мен бірден жеп қойдым. Оныкін де жеуге тура келді. Бір жағы аңқаулық. Кешке тамағым ауырды. Туысқан Әсия есімді апам көмекке келді. Терезеге қаратып қойып, дұғасын оқып, тұзды сумен шайып, тамақтың қанды іріңін ағызып емдейтін. Солай емдеді. Емтиханның алдында дәрігерлер тексереді екен. «Тамағыңызға не болған?» деді. Әрине, балмұздақ жеп ауырғанын айттым. Бірақ емтихан кезінде әнді ойдағыдай айтып шықтым. Тыңдап отырғандар қол соқты. Бес алдым деп ойладым. Алайда ертесінде емтиханнан өтпегенімді білдім. Кеңес дәуірінде әншінің денсаулығына да мән беретін. Тамағында кінәрат бар деп көрсе керек.

– Одан бері де алпыс жылға тақады. Айта беруге болатын шығар. Досыңыз қыз­ға­нышпен әдейі солай істеді деп ойлайсыз ба?

Жан доспыз дейтінбіз. Қызға­ны­шы болды. Концерттерге одан бұрын көбіне мен шыға беретінмін. Пенделік қой.

 

«АҚ ШАҒАЛАНЫҢ» ШАРАПАТЫ

Ақын Тұрсынхан Әбдірахманова Жарылғап ағамның әйелінің апасы еді. Қыздар педагогикалық институтына баруға кеңес берді. Жеңілдіктері бар әрі ақысыз тамақ береді екен. Басқа амалым болмады. Мамандық бойынша «Бұлбұлды» шырқап бердім. Онымды беске бағалапты. Тарихты төртке тапсырдым. Сөйтіп, Қыздар институты бұйырып тұрыпты. Бітіргесін қызметке қалдым.

– «Алтын кездік қап түбінде жатпайды». Өнерлі адам бір жерден қалайда шығады дейміз. 

Бірде Кеңестер Одағын түгел қамтыған өнер байқауы болды. Оркестрдің жетекшісі Марат Балтабаев. «Ақ шағала» әнін айтып мен де қатыстым. Жүлделі болдым. Телеарнадан көрсетті. Институтты 1968  жылы бітіргенмін. 1969 жылы институтқа Нұрғиса Тілендиев, қасында режиссер Сұлтан Қожықов ағай  екеуі келді. Нұрғиса ағай «Мүнира деген әнші сіз бе?» деді. Өзінің әнін айтқаным ұнапты. Сол жерде күйсандыққа сүйеніп, он бес шақты ән орындап бердім. «Қыз Жібек» фильмі түсіріліп жатқан кез. Алматыдағы  «Сегізінші март» көшесіндегі киностудияға шақырды.

– Кастингке қатыстыңыз ба?

Онда кастинг демейді, көркемдік кеңес шешеді. Менің отыз шәкіртім бар еді, институтта соларды ерте бардым. Дауысы күшті небір әншілер бақ сынап көрді. Бибігүл Төлегенова менің сүйікті әншім. Ол кісі де болды. «Гәккуді» әрине, әркім әртүрлі орындады. Бір айдан кейін Нұрғиса ағай телефон шалып, фильмде Жібектің партиясын айтуға көркемдік кеңес мені ұйғарғанын жеткізді. Қуаныш әрі жауапкершілік. Киностудия түнгі он екіден, таңғы алтыға дейін жұмыс істейді. Әртістердің тілімен айтқанда, «түнде дауыс ұйықтап қалады». Сол жағдай кішкене қиындық туғызды.  Дегенмен халық күні бүгінге дейін сүйсініп тамашалайтын «Қыз Жібек» фильміндегі, Жібек болып ән шыр­қаған, бүгінгіше айтқанда сыңғырлаған жанды дауыс – менің дауысым.

– Қазақша, орысшадан басқа қай тілдерде ән айтасыз?

Жас күнімде көршілеріміз немістер, шешендер болды. Сол тілдердегі әндерді де айтатынмын. Қыздар институтында оркестр, хор ұжымдары жұмыс істеді. Жамбыл атындағы филармонияның басшысы профессор Анатолий Молодов дауысымды тыңдап көріп, жұмысқа алды. Қыздар педагогикалық институтында, сосын филармонияда жүргенде талай шетел­дерге гастрольге бардық. Ресейді түгел араладық. Югославия, Венгерия, ­Германияда болдық. Немісше айтқанымда, Германия жұрты  керемет қабылдағаны есімде.

 

47 ЖЫЛ. 80 ЖАС

– Жамбыл атындағы филармонияда қай жылға дейін жұмыс істедіңіз?

«Қыз Жібек» көрсетілімге шы­ға­рылған соң, Құман мен Меруерт үйленді. Әлі есімде, фильм түсіріліп жатқанда, бірнеше оркестр болды. Консерваторияның профессоры, белгілі музыкатанушы Болат Сары­баев ағай «анау көзәйнекті жігітті көрдіңіз бе? Сол сізге ғашық»  деді. «Мен тұрмысқа шықпаймын» деп азар да бе­зермін. Сол жігіт Досқали Ижанов екен. Ағайдың айтқаны келіп, 1972 жылы үйлендік. Ол Құрманғазы оркестрінде, филар­монияда жұмыс істеген музыкант, дирижер.  Туған жері Атырау. Анасы, менің енем Шарипа апа Құлсарыда тұратын. «Үнемі гастрольде жүресіңдер, Атырауға (ол кезде Гурьев) келіп тұрыңдар» деп қайта-қайта айта берді. Үлкен адам, біз үшін алаңдайды ғой. Сосын бір жолы өзім шештім. Жұмысқа барып Анатолий Ва­сильевичке арыз жазып беріп едім, «Сендей әншіні жібере алмаймыз. Атаққа ұсынамыз» деп өтінішімді жыртып тастады. Мен көнбедім. Қайтадан арыз жазып,  кетіп қалдым. Сол 1975 жылдан бері ­Атырауда тұрамын.

–  Жолдасыңыз да туған жеріне баруға бірден келісті ме?

Досқали үйде жоқ еді. Мен жұмыстан шығып қана қойғам жоқ. «Алматыдағы үйімізді Атыраудағы үйге баспа бас айырбастаймын» деп іздеу салдым. Жұмағалиев деген (есімін ұмыттым) жазушы дәл сондай үй іздеп жүр екен. Бір күнде айырбастауға келістім де, үйімдегі заттарымды буып-түйіп, пойыздың вагонына тиетіп үлгердім. Жолдасым келіп таң-тамаша. «Не болып жатыр?» дейді. «Сенің шешеңнің өтінішін орындадым»дедім.

– Сіз өзіңіз де Атырауға баруды қаладыңыз ба?

Жоқ. Олай десем, өтірік болады. Бірақ үлкен кісіден аспайтын қазақы тәрбие ғой. Атырауда маса көп. Алған үйімізде де тұтып тұр екен. Десе де, үйрендік. Екеуміз де Дина Нұрпейісова атындағы училищеге оқытушы болып орналастық. Содан мен табан аудармай аталған училищеде 47 жыл жұмыс істедім. Биыл ғана 80 жасқа толғанда ұжым болып тойлап, ең жақсы лебізі мен кәде-сыйларын жасап, зейнетке шығарып салды. Атырауда жаман болған жоқпын. Досымжан есімді балам бар. Екі немере сүйдім.

ЖҰРТ НАҒЫЗ ЖҰЛДЫЗДАРДЫ ІЗДЕЙТІН БОЛАДЫ

– Қыздар педагогикалық институты әрине жақсы оқу орны, бірақ сіз үшін консерватория емес, Атыраудағы училище Жамбыл атындағы филармония емес. Біреудің кесірінен, өзіңіздің аңқаулығыңыздан консерваторияға түсе алмай қалдыңыз. Одан филармониядан өз еркіңізбен кетіп қалдыңыз. Өкінбейсіз бе?

Әрине, өкінемін. Кәсіби орта қалай дегенде де бөлек. Бір жағынан өкінбейтін де себебім бар. Филармонияда Мәскеу консерваториясын бітірген Гүлжазира Ахметова бастаған кәсіби мамандармен жұмыс істедім. Кілең жақсы адамдарға жолықтым.

– Дегенмен көңіліңізге алмаңыз. «Онша жолы болмаған әншімін» деп өзіңізді ойламайсыз ба? 

Жоқ, әрине.  Алланың бергеніне шүкір­шілік айтамын. Өмір бойы ізденіп келемін. Менің репертуарым бай. Көп тілде халық әндерін, Батыс классикасын айтамын. Қазір компьютермен әнші болып жүргендерден менің жолым мүлдем басқа. Мені ба­ғалайтын, күтетін тыңдармандарым бар. Соған разымын. Өнер жолындағы жастарды халықты алдамай-арбамай,адал қызмет етуге шақырамын. Ерте ме, кеш пе, жұрт бәрібір бұрынғыдай нағыз жұлдыздарды іздейтін болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

P.S.

Жөн-ау. Апай бағаланбадым демейді. Құдайдың бергеніне разы. Алайда әділдік үшін мұны да айтпай кете алмадық. Қазақ өнеріне өмір бойы тер төккен. Адал жүріп, анық басқан осындай таланттар бағаланбай кейде тасада қалып қояды. Неге? Мұндай әншіні бар болғаны «Мәдениет саласының үздігі» деген төсбелгімен шектеуге бола ма? «Қыз Жібек» фильмін тамашалаған сайын, еріксіз тыңдалатын дауыс иесін еңбегі сіңбеді деп айта алмасақ керек. Осы сауалға Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі жауап берсе...

1710 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы