• Тұлға
  • 29 Қыркүйек, 2022

СЫРЫ БӨЛЕК СҰЛТАНҒАЗИН

Қазақ ғылымында есімі алтын әріптермен жазылған көрнекті тұлғалар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі –  Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазин. Ол тірі болғанда биыл 86 жасқа келер еді. Сұлтанғазиннің сіңірген еңбегі мен артында қалдырған мұрасы қазақ халқының жадында мәңгі сақталары хақ. Бүгін біз көрнекті академиктің  бөлесі, ұлағатты ұстаз Дәулеткелді Арыстановпен болған сыр-сұхбатты ұсынып отырмыз. Әңгімеге негізінен ұлы тұлғаның адамгершілік қырлары, өзінің кіндік қаны тамған өңірдегі туған-туысқандарымен арадағы қарым-қатынасы, ізгі қамқорлығы арқау болды. 

БІЗ ЖАСТАЙЫМЫЗДАН СЫЙЛАСТЫҚ

– Өмірзақ Махмұтұлы – менің туған бөлем. Анам мен оның шешесі екеуі апалы-сіңлілі болып келеді. Сондықтан  жастайымыздан бір үйдің балаларындай аралас-құралас, тай-құлындай тебісіп өстік. Ол мен үшін әрдайым айрықша жан ретінде жүрегімнің түкпірінде сақталып қалды. Екі үйдегі туыстар бір-бірін ұзақ көрмесе, сағынысып қалатын. Көрнекті ғалыммен ағалы-інідей болып кеттік. Онымен талай сырласып, алда тұрған жарқын күндеріміз бен жылдарымызды жыр қып айтатын едік. Мұндай асыл адамдар ешқашан естен кетпейді.Оның есімін мәңгілік қалдыру мақсатында қаншама ізгілікті шаралар жүзеге асырылды.

Қостанайдағы өңірлік университетке қарайтын педагогикалық институт – білікті мамандардың алтын ұясы. Осы жоғары оқу орны университетке айналғанда, оған академик Сұлтанғазиннің аты берілді. Ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен  онымен бірге дәмдес болған замандастары, академиктер, жан-жары және балалары, шәкірттері қатысты. Бұл облыс өміріндегі елеулі оқиға болды. Білім ордасының екінші қабатында академиктің есімі берілген дәрісхана да болашақ мамандардың сүйікті орны болғандығы көпке мәлім.

Күллі халқымыздың сүйікті перзентіне айналған дарабоз ғалымның бойындағы асыл қасиеттер өзінің өскен киелі шаңырағында дүниеге есігін ашқан кезден бастап қаланды десем орынды. Өмірзақ өзінің отбасындағы жалғыз перзент екендігіне қарамастан, мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ,   тиянақтылығымен,  жауапкершілікті жоғары сезінуімен ерекшеленетін. Ол уақыттың қадірі мен бағасын жақсы білді. Кітапты көп оқитын. Ұстаздары да оның қағілездігіне, мұқияттылығына тәнті болды. Білім  ордасында маңдай алды шәкірттердің бірі ретінде аты-жөні қашанда құрметпен аталатын. Мұндай жанның келешегі жарқын болатындығына олар риясыз сенді. Зерек шәкірт ретінде өзінің математика пәніне деген ерекше қабілетін көрсетті.

Ол Қараоба елді мекеніндегі орта мектепті тәмамдаған соң, арман қуып, табиғаты көркем, ауасы кәусар Алматы шаһарына келді. Оқуға түсті. Қазақ мемлекеттік университетінің бетке ұстар студенті атанды. Алдыңғы қатардағы жастардың бірі болды.

 

АНАСЫН АЛАҚАНЫНА САЛЫП АЯЛАДЫ

– Өмірзақ Махмұтұлының адам баласына деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Әкесі дүниеден ерте қайтты. Анасы Нұриләні алақанына салып аялады. Өзі Алматыда оқығанымен, демалыс кездері ауылға келген шақтарда білек сыбана жұмыс істеді.

Оның үйімізге ат басын тіреуі біз үшін де кәдімгі мереке-тін. Жас та болса, түсінік-пайымы жоғары болды. Анама көйлек-көншек әкеліп, шешемнің: «Қарағым-ау, өзің студент емессің бе? Қаражатыңды керегіңе жұмсамадың ба?» дегеніне қарамастан, шын пейілімен табыстап жататын.

Бауырмалдығы шын мәнінде өте жоғары-тын. Өзінің үлкендігін көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып, «жастық шақты текке өткізбей, білімге көп көңіл бөліңдер» дейтін. Алматыға жолымыз түсіп, үйіне бара қалғанда, ағалық қасиетін көрсетіп, менің бетімнен сүйіп, арқамнан қағатын. Қазір сол күндер есіме түссе, сағыныштан көңілім босап, көзімнен еріксіз жас шығып кетеді.

Ал ағайындар жайлы жылы хабар естісе, балаша қуанып, қайғылы жағдай болса, мұңайып, терең ойда қалатын. Менің анам ауырған кезде, қолынан келген көмегін аямады.

 

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН КИЕЛІ ШАҢЫРАҚ

–  Ол тек ғылым мен білімнің шыңына көтеріліп қана қойған жоқ. Үлкен, ынтымағы жарасқан киелі шаңырақтың тірегі де еді. Кейінгі жастар жан-жары «Өмекең мен Райхан апамыздай өнегелі жандар болсақ» деп армандап, оларға қатты еліктейтін. Олар шын мәнінде қос аққудай жараса тіршілік кешті. Тіпті Өмекең мен Райхан Қараоба ауылындағы орта мектепте бір сыныпта оқыды. Кейін Алматыда да жоғары оқу орнында бірге жүріп, жүректері қалаған кәсіпті меңгерді.

Ал Райхан апамыз жаны жаз, көңілі көктем, кісі қадірін білетін, уақыттың қай мезгілінде де қонағын жылы жүзбен қарсы алып, барын алдына қоятын. Қазақ қызына тән инабатты қасиеттері ұлтымыздың көптеген қыз-келіншектеріне тағылым болғандығы айдан анық. Бұл кісі де руханият саласында, яғни жастарға ұлағатты тәрбие, сапалы білім беруде көп тер төкті. Әйтсе де, азаматын қашанда жоғары қойды. Өмірзақ Махмұтұлының ғылымдағы, қызметтегі абырой-беделін көтеруге өзінің лайықты үлесін қосты деп толық сеніммен айта аламын.

Ата-ана ретінде перзенттеріне ­жастайынан өнегелі тәрбие беріп, заман талабына сай сапалы білім алуына айрықша назар аударды. Олар да әке-шешелерін жерге қаратпады. Мәселен, ұлдары Алмасты бұл күндері кім білмейді? Белгілі кәсіпкер.

Ал бір қызы тағдырдың жазуымен дүниеден ерте өтті. Одан өзге тағы бір сүйікті перзенті Жанна өзінің жарқын талантының арқасында әке-шешесінің сенімін ақтады.

Тынымсыз еңбекқорлығының арқасында қазақ елін әлемге әйгілі етті. Көптеген шетелдік мәртебелі әріптестері оның пікірімен санасты. Қаншама ізбасарларын тәрбиеледі. Ана тілін ардақтады. Руханиятты жоғары қойып, жансарайын байытты. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы берік ұстанды. Оның сөйлеген сөзінен, әрбір ісінен Отанға деген шексіз мақтаныш пен сүйіспеншілік сезіліп тұратын.

Өз басым қазіргі жастардың күнде­лікті өмірінен осындай ізгілікті, биік парасаттылық пен жоғары патриоттық сезімді көргім келеді. Өйткені, еліміздің келешегі бүгінгі алға ұмтылған дарынды ғалымдардың қолында.

Жазып алған

Оразалы ЖАҚСАНОВ

1088 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы