• Мәдениет
  • 10 Ақпан, 2009

«Заманауи кесек туындылар керек...»

Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өткен аптаның сейсенбі күні  Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымымен кездесті.

Театр ғимаратын аралап шығып мәдени орталықтың бүгінгі жағдайына қаныққан министр ұжым басшылығына бірқатар тапсырмалар берді. Бұған дейін күрделі жөндеу көрмеген  театрға жүргізілетін  күрделі жөндеу жұмысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, театр мәселелеріне арналған кеңесте баяндауы тиістігін айтты. Сонымен қатар, министр театр басшысына репертуарды жаңартуды тапсырды. «Қазіргі кезде театрда романтикалық сарынды дүниелер көп. Алдағы уақытта осыны азайтып, қазіргі уақыттың тақырыбына сай келетін туындыларды сахналау керек. Арзан күлкіге құрылған дүниелер де қажет емес, кесек туындылар жасаңыздар», – деген министр биыл министрлік үздік драматургиялық шығармаларға байқау жариялағанын жеткізді. «Қазақ театр өнерінің тарихы М.Әуезов атындағы театрмен тығыз байланысты. 80 жылдық тарихы бар бұл театр Қазақстандағы театрлардың ағасы және бағыт беруші үлгі-өнеге көрсетуші ұжым. Сондықтан бұл театрдың бүгінгі жай-күйі, болашағы, оның репертуары, қызметкерлердің жалақысынан бастап бәрі бүгінгі кездесуде талқыланды. Бұл театрдың жұмысы әрқашан біздің басты назарда болады», – дей келе жаңа құбылыстар мен өзгерістер болуы керектігін ескерткен министр әлемдік деңгейдегі ірі режиссерлерді шақырту мәселесін де қолға алу қажеттігін айтты. Ал театр қызметкерлері министрден театрды құруға атсалысқан, ұзақ жылдар еңбек еткен Сәбира Майқанова сынды тұлғалардың есімдері ұмытылып бара жатқанын, сондай тұлғалардың атына көше, мектеп атаулары берілсе деген өтініш айтты.

 

2865 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы