• Қоғам
  • 04 Наурыз, 2009

Қазақ жастары тақырбастарға тойтарыс бергісі келеді

Скинхедтік қозғалысты тудыратын себептер «Біз оларға өз ұлтшылдығымызды қарсы қоюымыз керек..» Ғаламтор форумындағы пікірлердің бірі Болашақта қоғамдағы қалыптасқан ахуалға наразылар бізде де шығуы мүмкін. Қазақстандағы қазіргі саяси-этникалық және әлеуметтік ахуалға обективті ой жүгіртсеңіз, еріксіз осылай деп топшылауға тура келеді. Себебі, ел аумағында қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі мәртебесінің ескерусіз қалғанына қарсылардың қатары күн санап көбейіп барады. Әсіресе, жастар арасынан молынан көтеріліп келеді деуге толықтай негіз бар. Өйткені, орта жастан асқандар қазіргі қоғамдық ойға қозғау салуға құлықсыз. Ал жасарын жасап, асарын асап алған «шал-шауқандар» жағы тәуекелшіл тірліктен гөрі «тәубе» деп тыныш отырғанды хош көреді. Өз кезегінде ұлттық салт-дәстүрлерді үлкен ықыласпен қабылдап жатқандардың түгелі дерлік осы жастар болып отыр. Қазақша сөйлеуді талап етіп жүргендер де, мешітке жұма күні асығатындардың да көбіне осылар екеніне ешкім талас алмайды. Қазақ халқының қазіргі жағдайына қарны ашатындарын айтқан тосын пікірлерді осы буынның ауызынан есітіп жүрміз. Бұл әңгімеге түрткі болған мына жайт: Қазір Қазақстанның кейбір қалаларында Ресейдің ультранацистік бағыттағы ұйымдары астыртын насихаттық жұмыс жүргізуге көшкен. Әсіресе, скинхедтік қозғалыстар өздеріне Қазақстаннан тілектестер табуға талпынуда. Құзырлы органдар жоққа шығаруға тырысқанымен, бұған дәлелді интернет беттерінен көптеп келтіруге болады. Олар ниеттестерін қазақ арасынан емес, өз ұлтының ішінен іздеп жүр. Өйткені, қазақ жеріне келіп тұрса да қазақтармен санасуды олар үлкен қорлық көреді. Өздерінің кемтар идеяларын бізге таңып, бізді айтқандарына шыбындап бас шұлғитын халық ретінде көргісі келетінін қайтерсіз! «Жаман үйді қонағы билейді» деген осы.. Бұлардың қылығына тіс қайрап жүрген қазақ жастары да аз емес. Ғаламтордағы осы тақырыптағы форумдарға бас сұқсаңыз, бұған көзіңіз жете түседі. Бұл форумдарда қазақшыл жастардың кейбірі «ұлт тоқырауда тұр» деген пікірлер айтып, өздерінің жігерін жануға тырысыпты. Ұлтты мұндай тоқыраудан алып шығып, қазақтың өршіл рухын оятатын бір ғана жол бар. Ол ұлтшыл азаматтарға Ресейдегідей жан-жақты қолдау білдіріп, мемлекетте «қазақыландыру» үрдісін бастау. Олар: «Тек осындай қадаммен ғана Республикадағы көп диаспораның бірі болуға көніп қалған ұлттық рухты қайта серпіп бере аламыз» деп жазыпты. Тағы бір форум мүшесі «өз ішімізден скинхедтік ұйым құрсақ қалай болады?» деген ой тастаған. Бұл пікірді қолдағандардың бірі «ол үшін қазақ ұлтшылдығының қандай бағытта дамитынын ойластырып алумыз керек. Бізге еуропалық стил жарамайды...» деп жөн сілтеген. Жалпы, форумдағыларды ашындырған мына жайт екеніне көз жеткіздік: «Ресейдегі жағдай біздікінен әлдеқайда көшілгері. Федерация болса да орыс ұлтымен ондағы барлық диаспора санасады. Орыс тілі баршаның қатынас құралына айналған. Ресейдегі ультранацистік ұйымдар осыған «тәубе» демей, орыс халқын одан да үстем ұлтқа айналдыруды көздеп отыр. Ал унитарлық мемлекет болы табылатын Қазақстанда қазақ тілі өгей баланың күйін кешуде...», «Қазақ ұлты мемлекетті ұйыстырушы күш болудан қалып, екінші сатыға ысырылып қалған...». Ғаламтор бетіндегі қазақ жастарының арасындағы пікірталас осы мәселе төңірегінде өрбіген екен. Форумда тақырыпқа тамызық ретінде скинхедтік қозғалыстың қалай пайда болғанын баяндайтын дерек те келтіріліпті. Онда былай делінген: «Алғашқы скинхедтер 1968-1969 жылдары Англияда пайда болды. Бүгінгі басбұзар, фашист және антисемит жеткіншектермен оларды салыстыруға әсте болмайды. «Алғашқы толқындағы» скинхедтер жастар бейнесінде көрініс тапқан бұқаралық таптың қарсылығы ретінде қалыптасқан болатын. Олар буржуаздық мәдениетке қырын қарады. Мәселен, АҚШ-та мұндай жастар полицейлермен қақтығысып, нәсілдік кемсітушілікке қарсы бой көтерді. Олар топ-тобымен түрмеге тоғытылып жатты. Сонда да олардың талайы Франция мен Италияда баррикадалардағы шайқастардың бел ортасында жүрді. Қазіргі скинхедтердің көпшілігі де қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарының өкілдерінен құралған. Оның тууына бір жағынан әлеуметтік теңсіздік те түрткі боулы мүмкін. Сондықтан байларды жек көретіндер де көп. Дегенмен, араларында байлар да бар. Бірақ аз. Көпшілігі әлі оңы мен солын танып үлгермеген «боқмұрындар». Бұларды көп жерде қолшоқпар ретінде пайдаланады. Ұлтаралық жанжалдарға араластырып, шетелдіктерге айдап салатын серкелері де бар. Ал ол басшылары «жоғарыдағы» қамқоршыларының бұйрығын орындап отырады». Жалпы, форумдағы ой-пікірлердің ешқайсысын да негізсіз деп айтуға ауыз бармайды. Жастар шындықты айтқан. Және олар бүгінгі, біздің қоғамдағы қалыптасқан «ащы шындық» пен «меңдеген дертті» сөз етіпті. Сондықтан бұл мәселені бүгіп қалудың ретін таппадық. Қазақтың «ауруын жасырған өледі» деген сөзі есімізге түсті... Жолымбет Мәкішев

3228 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы