• Әдебиет
  • 29 Қыркүйек, 2022

ЖҮРЕГІМЕ ЖЕТКЕН ЖҰДЫРЫҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР

Адам бойында кейде өзі де біле бермейтін ерекше қасиет болады. Жүрегі алқын-жұлқын соғып, өмірді өзгеше көзбен көру, өзгеше сезіне бастау секілді. Ол қасиет қайдан, неден туарын кім білсін?! Бәлкім, жазушы, ғалым, Тұрсын Жұртбай айтқанындай, жетімдіктің ащы дәмін сезініп, ерте есейгеннен болар, бәлкім, тәңірдің тағдырыңа тартуы ма?.. Көркем шығармадан жаныма жылу ала бастадым. Қиялым қанаттанып, арманым алыс-алыс асуларға аса берді.

Қыстың суық күні еді. Сол бір кітап жанымнан табылды. Кездейсоқ көзім түскен қоңыр кітаптан көз алмай оқи бастадым. Өз жанымның жалғыздығын, қорғансыздығын оқып отырғандай бола бердім. Алғашқы әңгіме, қорғансыз қалған үш әйел жайлы. Автор әңгіме басын сол маңайда туған, жасынан батыр болып, елін қорғаған Күшікбай батыр туралы хикаямен тарқатады. Бүгінде сол жер «Күшікбай кезеңі» деп аталады екен.

Кейіпкерлер тағдырының ауырлығын қыстың қаңтар айындағы ұйытқи соққан долы боранымен қатігез тағдырдың ауыр салмағаның бейнесін әдемі ұштастырады.Тозығы жеткен тар үйде таудай уайым арқалаған үш мұңлық. Бірі – кәрі кемпір, бірі – қос жанарынан айырылған соқыр келін, үшіншісі – жас, балғын, бірақ жасынан жетім деген ауыр атты арқалаған Ғазиза қыз еді. Шығарманың әр жолын оқыған сайын тамағымды әлдебір өксік түйіп, жанарыма жас үйіріле берді. Ауыл сыртында жатқан қостөмпешік Ғазизаның әкесі Жұман мен бауыры Мұқашты айтқанда көз алдыма туған жерімдегі қала сыртында орналасқан көп бейіттің ішінде қалған отыз екіде үзілген анам Қамажай мен ғұмыры көбелектің ғұмырынан да қысқа болған әпкем Әсемгүлдің бейіті елестей берді.

Үш мүсәпір әйелдің қайғы жұтып, қара жамылған шаңырағына келген құдайы қонақтан шығарма желісінен ­алыстап, өзімше қиялдап, үміттендім. Әлдеқандай жақсылық болып қалар, көмек қолын созар деген алдамшы сезім жылт ете қалды. Әженің көмек сұрай ағынан жарылғаны, оқырман маған одан бетер үміт берді. Бірақ... «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деп атам қазақ бекер айтпағанын тағы бір мәрте түсіндім. Ойға батып, үнсіз отырған Ақан кемпірдің қайғысына қайрылмай, өзінің арам пиғылының сұлбасын сызып отырғаны бойында тектіліктің тамшыдай да белгісі жоқ екенін аңғартады.

Сөйтіп, қаһарлы қыстың құшағында қасірет құшып, қорлық көрген Ғазизаның тіріден қайыр таппай, молаға асыққан қасіретті қадамын естігендей, аппақ қарға түскен әр іздің қайғы арқалағанын көзіммен көргендей күй кештім. Қасіретке қайғы қосып, сүрінгенге сүйеу болмайтын озбырлықтың мына өмірде бізбен бірге әлі күн кешіп келетіні қынжылтты. Пәктік пен тазалықтың кіршіксіз келбетіне тез дақ түсетіні, зұлымдардың залым пиғылы аңғал адамның сорына бастайтыны санама салмақ түсірді. Ғазизамен бірге мына әлем де бейшара күйге еніп, шарасыздықтан сан мәрте егіліп жылағандай, күңіреніп долданғандай көріне берді. Әке бейітінің қасында ақ адал қалпы мына жалғанды қиып кете барған нәзік әрі қайсар қыздың қылығына қайран қала бердім. Бұл Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» атты әңгімесі еді. Әңгімені мектеп қабырғасында жүріп оқығаннан кейін біраз жылды артқа тастап тағдырдың айдауымен Шығыстың жері, бүгінде Абай облысы аталған Семей қаласына келін болып түстім. Сәті түсіп, Күшікбай кезеңіне табаным тиді. Санама сол кезде сарт етіп оралғаны Әуезовтың әсерлі әңгімесі болды. Қанша жыл өтсе де, салмағы санама қатты батыпты. Ғазиза қыздың тағдырын одан кейін қанша қыз басынан өткізген болар, ал сол опасыздықты жасаған адамдарға не болды екен?.. Ойлаудың өзі қорқынышты.

Адам табиғаттың бөлшегі. Тіршілік табиғат ананың құшағында өрбиді. Әуезов әңгімелері де табиғат пен адамды ұштастырып, біріне-бірін жалғаумен әсерлі. Әйтсе де, табиғаттың да адам өзгерте алмайтын заңы бар. Мәселен, күн мен түнді ауыстыру немесе өлім мен өмірді өзгерту секілді. Және бір бұлтартпас тәртібі түз тағысын бауырына басқан адамның қателігі.   «Көксерек» – бір қарағанда балаларға арналған шығарма іспетті. Кейіпкері – кішкене Құрмаш. Оның мейірімді жүрегі, достыққа деген адалдығы кез-келген балаға үлгі боларлықтай қасиет. Ал бөріге ондай қасиет дарымаған, оның таным-түйсігі мүлдем бөлек. Ол күн көруі үшін жемтік іздейді, бір қарағанда кішкентай құлынды, қозы-лақты аяусыз өлтіріп жатқанға ұқсайды. Ал шынында адам мен қасқырдың айырмасы не? Сол малды адам да жеу үшін өсіреді. «Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ» деп айтқаны үшін немесе Алла о бастан малды сол үшін жаратқан деумен ақтау әбестік пе, әлде менікі құр сандырақ па кім білсін?..

Әлқисса. Көксеректі кішкене күнінен бауырына басып, сол үшін әженің құшағынан шығып кеткен кішкентай Құрмаш түбінде сол қасқырдың азуынан көз жұмады. Бауырына басқаны үшін, итаяғына ас құйғаны үшін қасқыр адамға не істеу керек еді? Оның түйсігінде табиғат ана жасап берген хайуандық қасиет бар. Ол сол үшін де түзде еркін өмір сүреді. Ал адамдардың хайуанға айналып, айдалада жазықсыз жатқан қасқырдың күшігін тірідей атып кетуі не? Оның обалын кім өтейді? Бәлкім, өмірде мұндай жағдайлар мүлде өзгеше дамып, соңы дәл мұндай трагедияға ұшыратпас. Бірақ автор таңдаған бұл сюжет оқырманға әлдебір өзгеше, терең ой салғаны белгілі.

Құрмаштың азапты қазасынан соң, балалар аман болса екен, хайуандық басқа теппесе екен деген тілек тілге іліне берді.

Өмірде бәрі өз ағымымен өте берсе, ешкім жыламаса, ешкім азап шекпесе, ғұмырдың бейнесі адамдар көзіне қандай болып көрінер екен?.. Жақсылықты көру үшін жамандықтан таяқ жеп, мейірімді бағалау үшін қатігездікке тап болу да – өмірдің біз білмеген заңы ма, кім білсін?.

Жетім деген аты жаман, заты ауыр атаққа адам өзі тіленіп алмайды. Тағдыр басқа салады, өмір өз ағынымен кезіктіреді әрі өзі емдейді. Ал кейде...

Келесі әңгіменің кейіпкері – Қасым атты он бір жасар бала. Ол әуелі бақытты ғұмыр кешіп жүріп, балалықтың бал дәмінен әсте айырылып, бірден азап есігіне кіріп кеткен бейшара еді. Бұл әңгімені автордың сол заманда жетімдер көбейіп, өз туғанын сыртқа тепкен жауыз адамдардың кеспірін көргеннен кейін қаламына тиек еткені болар деп топшыладым. Қасым әке-шешеден қатар айырылып, бір жылдан соң жалғанда қалған жалғыз сүйеушісі әжесінен айырылады. Баланың еншісінде қалған біраз малға қызығып, оны Иса атты жамағайын туысы асырап алады. Аманатқа қиянат жасаған Иса, бірақ өзінің арам ниетіне еш қымсынбай өмір сүре береді.

Автор әңгімеге ерекше стиль таңдап, дәл бүгінгі сәт пен өткенге лирикалық шегініс жасауды шебер пайдалана отырып бір баланың, бір отбасының, бір ұлттың тағдырын жеткізеді.

Кейіпкер жетім бала адамдар арасынан мейірім таппай, қайырымсыз жандардың кесірінен мына әлемнен безіп, алысқа, әке-шеше бейітіне қарай жөнеледі. Тау ішінде кезінде өзі естіген ертегілер кейіпкерлері жын-перілердің түн ішінде алдынан шыға келетінінен шошып, өз қиялынан өзі үркіп, ақыры жүрегі жарылып өледі. Өлімге қарай жақындап келе жатқан адамның жас шамасына қарай ойына не оралады екен деген сұраққа жазушы бала санасы өлімді өзге әлемнің есігіне ену іспетті, жаңа бір тіршіліктің ­ ­басталатыны сияқты қабылдайтынын айтады.

Біздің дәл осы күнгі өмірімізде жетімдер өте көп. Жетім бала, жетім шал, жетім кемпір, жетім тағдыр... Мейірім артта қалып, мейірімсіздік алға шықты. Қоғамдағы жайбарақат ғұмыр кешкен, немқұрайлы тірлік жалғаған жандарды оятатын, ойлантатын «Жетім» әңгімесінің жай-жапсары осы.

Әуезов әлемі – сыры терең, берері мол, бір әлем. Әдебиет айдынында ерекше шығармалар жазып, оқырманға ой азық бере отырып, өлшеусіз бақыт сыйлайтын автор аты мәңгілік болғай.

Айгерім  ҚИЫҚБАЙ

жазушы

 

2299 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы