• Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2022

ҰЛТТЫҚ ҚАЗЫНА

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханаcының оқырманға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары А.Байтұрсыновтың еңбектерін насихаттау мақсатында  «Тіл – ұлттық қазына» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Оған №69 жалпы білім беретін орта мектептің оқушылары қатысты.

Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, бір басында сан-салалы өнер тоғысқан телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа бастаудан асқан бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың рухани көсемінің кітап көрмесін жас ұрпақ ынтызарлықпен тамашалады.

Тұтас дәуірдің көсемі ретінде А.Байтұрсынұлы халқына қалтқысыз қызмет ете отырып, өз замандастарына да, өзінен соңғы ұрпаққа да зор ықпал етті. Сондықтан да баршамыз оны қазақ тіл білімінің атасы дейміз. 1912 жылы жарық көрген «Оқу құралы», 1912–1925 жылдар аралығында жеті рет басылған құрал, бұдан соң жарық көрген «Тіл құралдары» – қазақ балаларының бірнеше буынын тәрбиелеген, ана тілінің табиғатын танытқан қазақ тіліндегі басты кітаптар болды. Ұлт ұстазының бұл кітаптарында тіліміздің бұған дейін зерттелінбеген, жүйеленбеген табиғатын ашып, оның фонетикалық, грамматикалық, стилистикалық жүйесі мен құрылымы дәйектелді. Тіліміздің дыбыстық жүйесін, лексикалық байлығын, сөз таптары мен сөз тұлғаларын, сөз қолдану мен сөйлем құраудың ерекшеліктерін танытқан көшбасшы ғалымның бұл еңбектері ана тіліміздің барлық негізгі заңдылықтарын қалыптастырды.

Қайраткер ретінде де, ғалым-ұстаз ретінде де А.Байтұрсынұлы ұлтты тұтастырудағы, оның өмір сүруіндегі, рухани дүниесіндегі тілдің маңызы мен орнын ерекше бағалады. «Қазақ» газетіндегі мақалаларында ол үнемі тілді сақтау, дамыту мәселелерін қозғады. Тіл – ұлттың жан дүниесі, сонымен бірге халықтың саяси-әлеуметтік өміріндегі пәрменді құрал ретінде оған айрықша мән берді. Сондықтан да ол тілдің ұлтты сақтаушылық, тұтастырушылық қасиеті мен маңызын терең түсініп: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға
тырысады», – деп жазды.

А.Байтұрсынұлының тіл туралы терең тағы­лымдары бүгінгі заманымызбен үндесіп, ұрпақтың айта жүрер қанатты сөзіне айналды.

  Іс-шара барысында мектеп мұғалімдері мен оқушылар А.Байтұрсыновтың көрмеге қойылған «Қазақ тіл білімінің мәселелері», «Әдебиет танытқыш», «Оқу құралы», «Маса»  т.б. шығармалары  және мерзімді басылымдардан алынған тың деректермен танысты. Аталмыш кітап көрмесіне кітапханашы Гүлзада Бақдәулетқызы библиографиялық шолу жасады.

Бағдагүл  БАЛАУБАЕВА

 

552 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы