• Әдебиет
  • 29 Қыркүйек, 2022

КІНДІГІНЕ БАЙЛАНҒАН (новелла)

Әбубәкір ҚАЙРАН

Қаладан Ақбастау ауылына қатынайтын «Икарус» деген алып автобусқа мініп жатқан жолаушылардың бәрі – қазақ. Көпшілігі – күйеулері жұмыссыз қалған соң, саудамен айналысуға көшкен ауыл әйелдері сияқты. Солай екендігі жаңа ғана автобустың астындағы жүксалғышқа ала қаптарын нығарлап жатқанда байқалды. Сөз саптастарынан да білініп тұр.

«Қазақстанның тәуелсіздік алғанына да он жылдан асты. Елдің жағдайы әлі түзеле қоймаған ба? Біздің ауылдың хәлі қандай екен?» деп ойлады қазақтан гөрі, орысқа ұқсайтын сақалды жігіт. «Ел кіріп болған соң-ақ мінермін» дегендей, басқалар сияқты жанталаспай, жұрттың соңында тұрған бұл бойшаң жігіттің сақал-мұрты тым өсіңкі, үстіне елден ерекше – не тонға, не пәлтеге ұқсамайтын теріден тігілген, қалтасы көп бір киім киген. Басында жүні түтелене бастаған құндыз бөрік. Иыққа асатын жол дорбасын қолына ұстап алыпты. Қасында тізесімен теңесетін үлкен шабаданы тұр. Бағана осы автобустың жанына келіп тұра қалған кезінде-ақ анталап тұрған жолаушылардың бәрі бұған сұқтарын қадап, таңданыса қарасқан.

– Мынау орыс та біздің ауылға бара ма? Түрінің жаманы-ай! – деп норка бас киім киген бір келіншек қарадан қарап, тыжырына қалды.

– Е, көпір салатындардың бірі шығар, – деді жүдеу өңді жасамыс әйел. – Әлгі су жұлып кеткен көпірдің орнына керемет көпір салады дейді ғой. Орыстар салатын шығар. Қазақтың қолынан келеді деймісің!

– «Басқасы келісіп, түйе жабуы қалып па!?» дегендей, елдің тұрмысы түзеліп болып, керемет көпір салу ғана қалыпты ғой! Бізге қарапайым ғана шыдамды көпір салып берсінші, алдымен. Кедір-бұдыр айналма жолмен күні бойы жүріп әбден зықымыз шықты! Содан қорқып, мәшинеме де мінбей шықтым, – деді темекі тартып тұрған алтын тісті азамат. Өзі тойға баратындай әдемі киініп алыпты. Маңындағылардың бәріне жақтырмай, алая қарайды. Қазаққа ұқсамайтын сақалды жолаушыға көзінің зәрін төгіп, тіпті, жауын көргендей болып тұр.

– Қаңғып жүрген біреу ғой. Өзі ұры болып жүрмесін! – деді бір кезде, – Киімі мен қоржын-қолаңы соны айтып тұр.

Қазаққа ұқсамайтын қаба сақалды жолаушы түк естімеген, түк ұқпаған адамдай болып, селт етпей тұра берген. Оның кейде шаттана нұрланып, кейде тұңғиықтана мұңданып тұрған көк-жасыл томпақ көздері қалың қабақтың астынан аса бір сыршылдықпен қарайтындай. Анда-санда астыңғы ернін тістелеп-тістелеп қояды.

Ол жолаушылардың бәрі көлікке мініп болған соң, билетін көрсетіп, орнына барып жайғасты.

Автобус қаладан шыға салысымен, керіліп жатқан кең даланың үстімен зырғыды. Қаба сақалды жігіт әйнекке жабысып алып, көктемгі даладан көз алмай, құмарлана, құныға қарайды. Дала беті – ала-құла. Қыраттау тұстардың теріскей жағы мен ойпаңдау жерлерді қыс бойы мекендеп қалған омбы қар жер тістеп, жабысып жатса да, алабажақтанып, тозып кетіпті. Жол жеріндегі суағар бойларын қуалап, бозбала мұртындай тебіндеп, көк шыға бастаған. Сол көктің арасында көзге ұрып тұрған қызылды-жасылды сәби гүлдердің әдемісін-ай! Осы гүлдің аты қалай еді, құдай-ау?! Бәйшешек пе?.. Бәйшешек!

Жолаушының көк-жасыл көзі жұмылыңқырап, әлдебір тәтті қиялға батып кеткендей болды. Оның есіне сегізінші сыныпты бітірген соң, аудан орталығындағы механизаторлар даярлайтын училищеде оқып жүрген кезі түсті. Сонда наурыз айында, бұларды қой қоздатып, төл алдыру үшін фермаларға таратып жіберген. Бұл Қалтай деген шопанның қарауына барды. Сонда ғой... Өзі сияқты төл алуға келген Әсия деген қызбен танысқаны... Бірге төл алғаны... Бірге қозы баққаны... Сүйіскені... Бір құшақ бәйшешек теріп, сол қызға ұсынғаны...

«О, Әсия! Сен қайдасың? Бар ма екенсің? Ауылда жүр ме екенсің?» деп ойлаған жолаушы, алыста бұлдыраған қарлы тауларға телміре қарап, терең күрсінді. Іле-шала сол қыздың: «Албырт Альберт, жалбыр, сазбет» деп мазақтап, қашып бара жататыны, сыңғырлап, сықылықтап күлетіні есіне түсіп, жымиып күліп қойды.

Бұлар Германияға көшіп бара жатқанда, сол Әсия мұны шығарып салуға келіп тұрып: «Қош бол, Албырт! «Отан – оттан да ыстық» деуші еді. Сол рас екен. Мені тастап, қашып барасың! Алдап кеттің!» деп еді.

Сонда... Сонда Әсияның «алдап кеттің» деген сөзі Альберттің жүрегіне оқтай қадалған. Шындығында да Германияға кетуге мұның түк құлқы жоқ еді. Оған себеп тек қана сүйген қызының қалып қоятыны емес, біріншіден, өзінің ана тілінде жақсы сөйлей алмайтыны, екіншіден, марқұм әкесінің інісі Айнаның: «Өсіп-өнген жерім мен туыстан жақын боп кеткен елімді тастамаймын!» деп, ешкімге көнбей қойғандығы. Альберт те сол ағасына қосылып, жер табандап көріп еді, аурушаң анасы мен бойжеткен қарындасы жылап-еңіреген соң, солардың көз жасын аттауға да, сенімін таптауға да шамасы жетпеді...

Әсия сол жолы әлгі сөзін айтып болып, тағы да бірдеңе дегісі келгендей, мұның бетіне қадала қарап тұрды да, көзінде көлкілдеп тұрған ашы жасын төгіп-төгіп жіберіп, бетін басқан күйінде, жүгіре басып, кетіп қалды.

Альберт қазір сол бір сәтті көз алдына елестетіп отырып, жүрегінің қайта-қайта шаншығанын сезінді. Оң қолын киімінің ішіне жүгіртіп, кеудесін уқалады. Басындағы бөрігін алып, маңдайын сап-салқын әйнекке төседі. Ыстығы көтеріліп келе жатқандай болып, өзін өте жайсыз сезініп отыр. Ойлап қараса, туып өскен жерінде жүргенде аса ұятты іс қылып, басқа жаққа ауып кеткен қылмыскердей екен. Ағайын-туыстары мұның қажетті құжаттарын дайындап қойса да, өзі кері тартып жүргенде, көп өтпей-ақ үйленетінін айтып, сүйген қызының пердесін бұзғаны – арсыздық емей немене?!.

Күн батып, қас қарайған кезде жол бойындағы өз ауылы – Қособадан түсіп қалған Альберт, жолдорбасын иығына асып алып, дөңгелекті шабаданын сүйретіп, Айнаның үйіне қарай беттеді. Осындай қараңғылық түсіп, кісі аяғы басылған кезде келіп түскеніне қатты қуанып келе жатыр. Ішін өртеген ұяты сыртына шығып, лапылдап тұрғанда, таныс ешкімнің кездеспегені жақсы ғой. Қазір үйіне барғанда, Айна ағасы алдымнан шықса екен деген тілегін дамылсыз қайталайды. Құдай қолдап, бұл тілегі орындалды.

Есіктен кіріп келген алып адамды танымай қалған немере ағасы:

– Кімсің? Төрлет! – деді, мейманға таңырқай қарап.

– Мен Альбертпін, Айна аға! Танымадыңыз ба?

Шашын тақырлатып алдырып, тақия киіп алған кішкентай сары шал состиып тұрып қалды.

– Құдай-ау!  – деді сонсоң, – Келдің бе, құлыным?! Жеттің бе аман?! Албыртым!

Шал ұмтылып келіп, немере інісін құшақтай алды.

– Ира айтып еді! Сені келеді деп еді! Германияға шақырту қағазын жібергенін де білемін! Менің Ира ботам Үйлі баранды ғой!

Кішкентай шалдың бойы еңгезердей жігіттің иығына да жетпейді екен – Альбертті мойнынан тарта еңкейтіп, қоп-қою сақал-мұртының үстінен сүйіп жатыр. Бір қазақ келіншегі мен бес-алты жастағы көк көз, ақсары бала бұлардың қимыл-әрекеттеріне қызықтай қарап, күлімдеп тұр. Альберт шалдан босана салысымен оларға: – Сәлеметсіздер ме?! – деп басын иді.

– Мынау менің келінім Құралай. Сашканың келіншегі. Ал, Сашкаң қырда жер жыртып жүр. Бұлар биыл үйленді. Мына бала... Албырт... Сен аттас...– деді Айна.

– Қалай? Бұл бала кім!?

– Бұл бала – сенің де, менің де балам!

Альберттің өне-бойы шымырлап кетті. Мына ақсары, көк көз бала бұрыннан таныс сияқты көзіне жылы ұшырап барады.

– Бәрін кейін айтам. Сен түк түсінбей тұрсың, – деді Айна. Сонсоң Құралайға қарап: – Келін, ет ас! Әлгі «ұзынсарыға» сақтап жүрген қазыны да сал. Міне, ұзын сары келді, – деді.

– Біздің немістер жылқы етін жемеуші еді ғой. Сіз жейтін болғансыз ба, Айна аға? – деп, Альберт таңданыс білдіріп еді, шал қолын бір сілтеді.

– «Жылқы етін бізге жеуге болмайды» деп қыртатынның бәрі кеткен соң, өзімнің еркім өзіме тиді ғой. Мен, бірақ, шошқаның етін аузыма алмаймын.

– Немене, мұсылман болып кеткенсіз бе?

– Жоқ. Ішіме жақпайды, – деген Айна теріс бұрылып, күйбеңдеп кетті. Жайғасып отырған соң:

– Иә, не жаңалықтарың бар? – деді шал көрші ауылдың кісісімен сөйлесіп отырғандай.
– Германияң қалай?

– Жақсы...

– Өзі қаласы көп ел дейді ғой. Біздің даладай дала жоқ шығар?.. Айтсаңшы, енді!

Альберт Германияның өте дамыған ел екенін, бұрын екіге бөлініп тұрса да, демократиялық республика мен федерациялық республика қосылып, Берлин қабырғасы құлағаннан кейін, тіпті көркейіп бара жатқанын әңгімелей отырып, неше жерден мәдениетті ел болса да, өзіне түк ұнамайтынын айтты.

– Астанасы Берлинде де болдым. Алатаудың етегінде тұрған біздің Алматының астарына да татымайды! – дегенінде,  Айна шалдың өңі нұрланып, көзі күлімдеп, орнынан тұрып кете жаздады.

– Қазақстан – Қазақстан ғой! Мұндай қасиетті жер әлемде жоқ! – деп, диванның арқалығына қолын жайып жіберіп отырды, – Жеріндей алып жоқ, еліндей халық жоқ!

Ағасының ұйқастырып сөйлегеніне інісі түк таңданбады. Бұл шал қазақтың талай қалжыңбас қуларын сөзден сүріндірген Айна шешен емес пе?! Баяғыда ауылдық кеңестің жиналысынан шығып тұрғандарында, Кеңесбай деген кісі Айнаға: «Артыңнан қарап, сөйлеп тұрған қазақ бай екен десем, алдыңнан таныдым, неміс бай екенсің ғой», – деді. Сонда Айна бөгелместен: «Мен сенің мұртыңды көріп, пошташы Қонысбай екен десем, жылқы ұрлағыш Кеңесбай екенсің ғой», – деді.

Жақында ғана жылқы ұрлап, сотталып кете жаздаған Кеңесбай, тез бұрылып, тайып тұрды.

Бұл кісі шешендігімен ғана емес, адалдығымен де елге аңыз болған адам.

Бір жылы Айнаның сиырына бір тайынша үйір болып алды. Күнде кешке сиырларымен бірге келеді. Қуып тастайын десе, қаңғып кетеді ғой, иесіне обал болар деп, сиырларымен бірге өргізеді, бірге қамайды. Уақыт өтіп бара жатқан соң, аудан орталығындағы ішкі істер бөліміне барып, болған жайды баяндапты. Содан көп өтпей-ақ, әлгі тайыншаның иесі келіп, жоғын тауып, рақметін жаудырды. Малын жоғалтқан – жалғызбасты жесір әйел екен.

Айна – ауданға танымал ағаш ұстасы! Күл боп кеткен сүйекті қалпына келтіретін сынықшы! Айна туралы бүкіл ел білетін мынандай сөз бар: «Арбаң сынса, Айнаға бар,  жөндеп береді. Аяғың сынса, Айнаға бар, емдеп береді».

Альберт қасында отырған кіп-кішкентай ағасының кісілік қасиетіне масаттанып, иығынан құшақтап, қысып-қысып қойды.

– Менің достарымның бәрі аман ба?

– Аман... Енді... – деп бөгеліп қалған Айна, абыржып қалған өңін жинап ала қойды. – Жүр ғой, бәрі. «Албырт бізді ұмытқан шығар. Немістің бір фрауын алған шығар» деп. Ал кейбіреуі: «Қазақшаны ұмытып, неміс тілін үйренді ме екен?» деп, сенің қамыңды ойлап жүр.

– Амантай қалай?

– Амантай... – Айна тағы бөгелді. Сонсоң Альбертті құшақтап: – Саған айта алмай отыр едім. Ол... Ол жоқ! – деді.

– Не?

– Трактормен асудан асып бара жатқанда, аударылып өлді.

Альберт қос алақанымен бетін басып, еңкейген күйінде ұзақтау отырып қалды.

– Басыңды көтер! Бәрі – Құдайдың жазуы! – деді Айна, інісінің арқасынан қағып, – Үштина, Кәтіш әжетайларың да бұл дүниеден озды. Имандары жолдас болғай!

Айнаның Үштина деп отырғаны –
Юстина. Ал Кәтіш деп отырғаны – Катерина. Бұл әжелер – осы ауылдағы ең көп жасаған неміс кемпірлері еді. Альбертті өте жақсы көріп, жалғыз баласындай еркелететін осы бір асыл аналар да о дүниелік болған екен! Жатқан жерлері жарық болсын, жарықтықтардың! Осы марқұмдардың басына күн шыққан соң-ақ, барып қайтады ғой.  Айна ағасы алып баратын шығар.

– Сенің анаң Мәриәм – жақсы көретін жеңгем еді. Өтерінде жүзін көріп, қолын да ұстай алмадым! Бір уыс топырақ та сала алмадым! Өздеріңе телефонмен ғана көңіл айтқан болдық. – деді Айна, екі қолын тізесіне қойып отырып.

– Иә, Айна аға! Ол кісі де сіз туралы көп айтушы еді. Осындағы құрбы құрдастарын да аузынан тастамайтын. Әйтеуір, бір жақсысы, қызының тұрмысқа шыққанын көріп кетті, марқұм. Мен ол кісіге келін түсіре алмадым. Қыз да болмады. Жоқ. Қыз бар ғой. Амал қанша, менде тіл жоқ! – деді Альберт күлімсіреген болып, – Мен... Осы неміс тілін үйрене алмай-ақ қойдым. Сол жақта жеті жыл жүріп, жеті сөзді дұрыс айта алмаймын.

– Маған да сол неміс тілі қонбады. Шет елдің тілін үйрену оңай дейсің бе?! Оқып-тоқысақ, бір сәрі! Бірақ маған сол неміс тілінің не керегі бар? Айтшы өзің!

– Иә! Не керегі бар?! – деді
Альберт, басын изеп.

– Иә, мемлекеттік тіл. Бірақ осындай керемет, ғажайып тілді қор етіп, бүкіл елге сөйлете алмай жүрген жоғарыда отырғандарға жыным ұстайды! Олардың өздерінің де көбі оңып тұрғаны жоқ. Сөздерін қағаздан оқып, тілдерін бұрап, былдырлап тұрғандары! Орысша сөйлегенді тәуір көреді.

– Неге олай?

– Өз ұлттарына деген сүйіспеншілік жоқ. Ал сүйіспеншілік болмаған жерде, ниет те болмайды.

– Екеумізде де өз тілімізге деген сүйіспеншілік жоқ қой.

– Біздікі басқа. Біздің туып-өскен отанымыз – Қазақстан. Сондықтан  қазақ тілі – біздің ана тіліміз.

– Шет елдерге қоныс аударып жатқан қазақтар туралы естідім. Солардікі не?

– «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» дейді қазақ. Семіздікті қой ғана көтереді. Кекіріктері азған шығар...

Ертеңінде күн шыға салысымен торықасқа бие жегілген жел үрленетін дөңгелектері бар жалпақ арбаға мінген, Айна мен Альберт қорымға барып, марқұмдарға зиярат етті. Айнаның кемпірі Эльзаның басында ұзақтау отырды. Ол кісі қайтыс болғанда,
Альберт хат жазып, көңіл айтып еді.

Қайтып келе жатқанда, Альберт бірінші болып үнсіздікті бұзып:

– Әлгі екінші Албырт туралы айтамын деп едіңіз ғой. Ол қай бала? – деді, ат айдап отырған ағасын өзіне қаратып.

Айна тұғжиып отырып қалды да: – Әй, – деді Альбертке ашулана қарап, – Әй, сен ана жаққа кетеріңде Әсияны бүлдіріп кетіпсің ғой! Оның не?

Альберт бетін басқа жаққа бұрып, үндемей қалды. Әдеттегісіндей астыңғы ернін тістелеп отыр.

– Әсия,  сен кете салысымен, қалаға барып, жұмысқа орналасқан болатын. Кеткенде маған арнайы жолығып, жылап тұрып, сенен аяғы ауыр боп қалғанын айтты. Зорға жұбаттым. Баланы емшектен шыға салысымен бізге әкеліп таста дедім. Өзім бала қылып аламын дедім. Иә – ә, ақырында бәрі сол айтқанымыздай болды. Кемпірім байғұс өлерінде осы баланы қайта-қайта өзіне шақырып, қимай кетті... Албырт – өте жақсы бала!

– Одан кейін Әсияны көрдіңіз бе?

– Жоқ. Келмеді. Мықты екен. Күйеуге тиіпті. Балалары бар көрінеді.

Бұдан кейін екеуі де үнсіз қалды. Айна өзінің ең жақсы көретін жұп-жуас, жұп-жуан торықасқа биесіне анда-санда «шу, шу» деп қойып, делбені бос ұстаған күйінде, ойға батып кеткен. Альберт аяғын арбадан салбыратып жіберіп, аспанға қарап жатыр. Лүп-лүп соққан жүрегінің ішінде аласапыран айқас жүріп жатқандай. Бір өкініш, бір қуаныш. Ардың азабын шегіп, ауылдан безіп кеткен Әсия мен немере ағасының қолында қолында қалған жас сәби. Опасыздық пен адамгершілік. Туып-өскен Отанынан қайдағы бір тарихи мекеніне ауып кеткен табансыз, мақсатсыз Альберт пен өмір бойы адамның  ала жібін аттамаған, ақкөңіл, еңбекқор Айна. Тарлық пен кендік. Әр қадамын аңдап басып, саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған Германия мен әлі жас мемлекет болғандықтан, бойын жинай алмай жатса да, дархан даласындай дана жүрегі бар, ешқашан ортаймайтын ырысы бар, ешқашан еңкеймейтін еңсесі бар Қазақстан.

«Құдай-ау! – деп ойлады Альберт, – Адамдар да, мемлекеттер де көзге көрініп тұрмаса да, көңіл түсіне қоятын қарама-қайшылықтардан тұрады екен ғой. Егер мұндай қарама-қайшылықтар болмаса, сол адамдардың қасиеттері мен кемшіліктері де байқалмайды екен-ау!

Бұл жолы үнсіздікті Айна бұзды:

– Еліңе қашан қайтпақсың, Альберт? – деп артында жатқан Альбертке мойнын бұрды.

– Қайтқаныңыз не? Мен қайт­паймын! Осы келгенім – мүлдем келгенім! Қазақстаныма қайтамын деп бел байлаған соң, өзім ойлағандай, теп-тез кете алмай, қажетті құжаттарды дайындаумен қаншама жүрдім. Ира қарындасыма шақырту қағаз алдыр­ғаным да – сол. Маған қатты көмек­тескен Берлиндегі Қазақстан елшілігі болды. Оларға мың да бір рахмет! Мен енді осындамын! Сіздің қасыңыздамын! Өзімнің Қазақстан жеріне кіндігіммен байланып қалғанымды баяғыда-ақ түсінгем.

Айна арбаны тоқтата қойып, шал­қа­сынан жатқан інісін бас салып құшақ­таған күйінде, еңіреп жылап жіберді.

– Кіндігінен байланған бауырым  менің, бауырым! – деп айғайлады. Бейне бір өксік атқан дауысын бүкіл әлемге естіртірткісі келгендей.

 

1940 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы