• Тұлға
  • 29 Қыркүйек, 2022

ШЕРХАН МЕН ШЫҢҒЫС

Бауырластар төс қағысып қауышқандай ұзақ уақыт салмағынан қыңбай Шығыстың алтын шуағын зілмауыр тас керуенімен жеткізіп жатқан Тәңіртаулармен сағынысып ұшырасқан Алатау мен Қаратау Сарыарқа самалымен аймаласып, Ортақтау тұсында түйіседі. Тескентау да осы төңіректе. Жердегі жәннаттай Мыңбұлақ, ботакөз бұлақтары сырлы иінағашпен суға келген сұлу қыздай мың бұрала бұлқынып, қойнауларды жайнатып, тек тәкаппар таулармен тілдеседі. Тіршілік бояуларға тұнып тұр. Қызыл, жасыл, сары, ақ, түрлі-түрлі. Гүлдердің хош иісі бұрқырайды. Түстік жағы Сусамыр, қапталда – Ақсу-Жабағылы, теріскейі ұшы-қиырсыз сағым құшқан қазақ даласы. Тескентаудан өткеннен кейін, пойыздар арқырап жер танабын қуырып, Шығыс пен Батысқа тартады. Теріс өзені кесе көлденеңдеп түстікке қарай ақса, Шекер тау-тас бұғағынан босанып, жалбыз жағасына күміс шашып солтүстікке сілтейді. Адамдар түгілі құстар екеш құстар да тылсым табиғаттың тарту күшін сезінгендей, терең аңғармен көктем мен күзде қанатты керуендер ілгері-кейін үздіксіз ағылып жатады. Бұл Жуалы төрі – Шерхан Мұртазаның туған топырағы, қозыкөш жерде Шыңғыс Айтматов айылы. Ақша бұлттарға жан бітіп, бір-біріне қимастықпен қол бұлғайтындай. Төсекте жандары, төскейде малдары қосылып, ауылы аралас, қойы қоралас қатарласып қоныстанып жатқан ел.

Қырғыздар:

Ақсай, Көксай, Сарысай араладым,

Сенен асқан перизат таба алмадым, – деп сырласа, қазақтар іліп әкетіп:

Біздің ауыл Ақсайдың қақ басында,

Күміс жүген сылдырар ат басынданы, – қонақ-кәдеде аңыратып, жиын-тойдың сәнін келтіреді.           

Қай заманда да қызғаныштың қызыл иті сүмеңдеп, ішін тырналап, қыр соңнан қалған ба? Ол Қалжан Нұрмаханов өміріне де терең із тастады. Сыншы күнделігіне сыр ақтарып: «Қырғыз ағайындар маған өкпелемес деп ойлаймын. Қолымнан келгенінше істеп-ақ жүрмін. Қазақ бауырларым: «Қалжан қырғыздарға жалданыпты» деп мазақ етіп те жүр. Не десе, о десін, маған бәрібір. Құдай адам жанын түсінбейтін жазушы етсе қайтем. Айта берсін тілдерін безеп, менің жанымды тілгілей берсін, бірақ мен алған беттен қайтпан, кейін шегінбен. Қазақ пен қырғыздың рухани жағынан жақындаса, туыса түсуі үшін барлық күш-жігерімді жұмсап бағам...»

Қазақ оқырмандарына Шыңғыс Айтматовты тұңғыш таныстырған да Қ.Нұрмаханов. Алдымен достық дәнекері Мәскеуде жалғасқан шығар. Ол «Жәмила», «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Ақ жауын» шығармаларын қазақшалады.

Оған сыншы сүйсініп: «Қырғыз жазушылары қазір старт алды. Тамаша! Бұған алақайлап қуанбасқа бола ма?!» деп қуанышын көңіл күнделігіне қалдырды. Сөйтсек, оның сыни ойлары да құнарлы топыраққа тамыр тартыпты.

Арада біраз уақыт өткенде Ш.Мұртаза да тәржімалық тәжірибесі толысып, өнер өрісін ашты десек, ұлы жазушы мерейі одан әрі таси түседі. Ол тау мен даланың тұтасқанын көрді.

Елі жақын қос қаламгер қалай табысты? Әрине, мылтықсыз майдан тұрғанда томаға-тұйық қалып, ынтымақтаспау мүмкін еместей. Шабыт шырағданы жарығында жазылған шығармалар болмаса, бұл нәзік байланыстарды кім куәландыра алады? Шыңғыс Айтматовты төл перзентіндей көріп, төбесіне хан көтеретін Қазақияда оның насихаты бәрінен де асып түседі десек, ақиқаттан онша алыс кетпегеніміз болады. Ел құлағын елең еткізген «Жәмиладан» бастап, Айтматовтану толастаған жоқ. Оған деген қазақ оқырманының ықыласы мен сүйіспеншілігі орасан. Егер әр кезде әңгіме, хикаяттарын Баламер Сахариев, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов және басқалар некен-саяқ қазақшаласа, Ш.Мұртазаның аудармашылық еңбегі ересен. Тек «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» романдарын, «Ботакөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» хикаяларын тәржімалағанын тәспіге тізсе қомақты қазына ашылғандай.

Әрқашан ұрпақтар ауысуы әдебиетте де білініп қалады. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа» болмаған соң, сәл бостандықты сезінген тобыр  ауа жайылады. Мұхтар Әуезов жоқ. Оның жақсы-жаман үзеңгілестері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы мәдениет майданындағы айқай-шудан мүлде алыстап, анда-санда болып жататын дау-дамай мен тартыс-таласқа араласпай қалды. Жаңа толқын келгенше «Менің атым Қожа» жазылып, кішкентай оқушылар жүрегіне жол тартты. «Қан мен тер» аяқталу үстінде еді. Бірақ дауылдан кейінгі өлі тыныштық ұзаққа созылмайды...

Шерхан Мұртазаның парасатты прозашы, сөз сүлейі, уәлі уәжгер (публицист) екені айтылып жүрсе де, аудармашылығы салиқалы әңгіме болған емес. Бұл өнерді де өгейсітпей игеріп әкетті.

Бір ғана «...тарғыл төбеттен» мысал: «Жартасқа арқырай соғылып, қыңсылай құлап, қараңғы түнде тынышсыз күңіреніп те ыңыранып жатты теңіз. Теңіздің соққысын тойтарып тастап, тастай қатты қара жер ентіге уілдеді». Қанша қимыл, әрекет. «Ғасырдан да ұзақ күннің» эпилогы: «Пойыздар бұл өлкеде бұрынғыша Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа қарай жүйткіп жатты...».

Ал теміржолдың қос қапталын алып, бұл өлкеде Сарыарқаның Кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлы даласы құлазып жатты...».

Оқырман әлі шығарма кейіпкер­лерімен қоштасқан жоқ. Тағы бір сапар шақырып тұрғандай. Аласапыран айқасқа толы оқиғалардан кейін, қайта атқа қонып, қиыр көкжиекке көз тігіп, үлкен өмір жолына шыққыңыз келеді.

Өткен жүзжылдықтың жетпісінші жылдарының ортасында Ш.Мұртазаның «Ақсай-Көксай» әңгімесі жарияланды. Тақырыбы таңсық. Қаршадай бала Барысханның кейуана әжесіне еріп, Көксай жақтағы Қырғыз айылына барған сапары баяндалады. Батыстағы сұрапыл соғыс өрті оларды да шарпиды. «Екі жарты, бір бүтін» болып, тақыл-тұқыл күн көріп отырған көрші жұрт, сыр бермей шығарып салады. Сол Барысхан ат жалын тартып мініп, білдей азамат атанып есейеді. Жеткіншектің көңілі қаяулы болып өсіп келе жатыр. Әкесі зұлмат қасіретті жылдарының құрбаны болып, Сібір түкпірі орманында атылады.

Бұл жағынан қос қаламгер де тағдырлас. Ш.Айтматовтың да әкесі сол зобалаң аласапыранда мерт болады. Өмірдің бұл ащы сабағы екеуін жақындастыра түскендей, бәлкім.

Мәскеудегі жоғары оқуды бітіріп келген жас маман әуелі өлеңнен бастап, әдебиет әулиеханасының есігін жасқана ашқан жігіт бірте-бірте жанқиярлық күреске араласты. Ол шығармашылық қайнаған қара қазанының құлағын алыптар тобымен бірге ұстасты. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде «Мылтықсыз майдан», «Қара маржан» жазылды, «Қызыл жебе» эпопеясы туды. Қазақ әйелінің биік болмыс-бітімін сомдаған «Ай мен Айша» романы өмір айнасына айналды. Бұл туындылар өзінің көркемдік қасиеттері һәм бейнешілдігінен Ш.Мұртазаны буыны ғана емес, ұлттық ой-қазына әлемінде алдыңғы қатарға шығарды. Уәжгердің замандасы Камал Смайыловпен сырласқан хаттары мен гауһартас қырындай қырнаса жарқырай беретін «Бір кем дүниесі» толысқан талант, кемеліне келген суреткердің жазушылық қарымы мен келбетін толық ашып көрсетті. Шеберлік шыңына тартқан шашасына шаң жұқпайтын Шалқұйрықтай шығармашылық айдынындағы айбарлы қайраткер қаламгерді мезгіл мінберіне шығарды. Енді Шераға парламентте, небір мәжіліс-кеңестерде тас түйін сөйлеп, сұқбат беріпті деген аңыз болып тарап жүр. Халық мүддесін қозғап, қорғап, қасқайып тұрып бетің бар, жүзің бар демей ақиқаттың ала жібін аттамай, ащы болса да айтып беру тек осындай тұлғаларға ғана жарасады. Ел мен жер, тіл мен діл туралы оның ойлары еріксіз тәнті еткізеді. Билік пен халық, парасат пен ғарасат, тұлға мен тобыр арасындағы байланыстар тыс қалған емес ешқашан.

Өзім дегенде өзегін суырып беретін жалаңтөс жандар болады. Ол сол сойдан еді. Ақанды жазған сері жазушы Сәкен Жүнісовке шық жуытпай сыйлап өтті. Өзімшілдігі мен даңғойлау мінезін кешіріп, түсіністікпен қарады. Бірде қоңырау шалып қатты ұялтты. Қайдан естігенін білмеймін, қайтыс боларынан екі ай бұрын Шәмші Қалдаяқов сырқаттанып, ауруханаға түсіпті. «Ең болмаса ағаңның көңілін сұрап, тіпті басылым атынан жағдайын біліп қайтыңдар», – деп тапсырманың шетін шаужайдан алды. Бас редактор ғана емес, досына жанашырлық білдіруі кімді болса да ойландырды. Ақын Сабырхан Асанов, сазгер Мыңжасар Маңғытаев бәріміз барып, науқастың хал-жағдайын біліп қайтқанымыз үлкен абырой болды.

Соғыстың сұрапыл кезінде
И.В. Сталин үнемі осал тұстарға маршал Г.К. Жуковты жұмсайды екен. Қазақ журналистикасында Шерхан Мұртаза сондай марқасқа болатын. Ел-жұрт алдындағы абырой-беделі бәсейіп, танымдығы түсе бастағанда «Лениншіл жасқа» барды. «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» да оған сеніп тапсырылды. Басылымдардың күрт таралымы өсті, мән-мағынасы, кеңістігі кеңейіп, сапасы жақсарды.

Бір күні «Еңбекші қазақ» кезеңінен бірнеше мәрте атын ауыстырған елдің бас газеті тағы да өзгеретін болып, редалқа улап-шулап жүріп, енді капиталистік те, социалистік те болмай, тек Қазақстан аты сұранып тұр деп соған бәріміз уағдаласып, Ш.Мұртаза Орталық комитетке кетті. Оралғанда «Егемен» болдық деп біраз налығандай дел-сал жүрді. Әлі «Егемен Қазақстан» болып жарық көріп жатыр. Ол да бір дариға дәурен еді!..

Бұл жерде Ш.Мұртазаның түгел түркі дүниесіне байланыс-қатысын айтпай кетуге болмайды. «Қызыл жебе» дәуірнамасының бас кейіпкері Тұрар Рысқұлов аузынан түспейді, күрделі қарым-қатынаста ірі іс әрекеттері байқалады.

М.С. Горбачевтің қитұрқылығымен КСРО тарап, сабаудай-сабаудай он бес республика тәуелсіздік туын желбіретіп, уық шаншып, шаңырақ көтерді. Азаттықтың алғашқы таңында тұсау кескен Орта Азия республикалары да оңаша отау тікті. Бас сарапшының ойлап, толғануы мен қадағалауының арқасында Өзбекстанның тұңғыш Президенті Ислам Кәрімов, Қырғызстаннан Асқар Ақаев, Түркіменстан атынан Сапармұрат Ниязов қазақша сөйлейтін болып келісілді. Қызметкерлер
Ташкент, Бішкек пен Ашқабатқа аттанды. Көп ұзамай олардың сұқбаты да
жарияланды. Бұл бүйрек бұрғандық емес пе? Түркі әлемі ынтымақтастығының нұрлы бастауындай болатын ұлы
бастама бұл. Тұран топырағы толқиды. Жер бетіндегі түркілер туыстығы түске енді. Ақалтекелер тыпыршып кісінейді. Ақиқаттың алдаспаны.

...Мен арқаны кеңге салып, жағам жайлау болып, Тәкен Әлімқұловпен бірге Қаратау қойнауын бір апта аралап, құзар шың үстінде ұшқан қос атақыранның қабаттасып қалықтағанын қызықтап көп тұрдым. Әдетте қарға-құзғындар тобымен ұшып, төңіректі у-шу даңғазаға бөлеп ығыр шығарады. Ал көк патшалары жекелей самғап, шыңырауға құлдилап, қайта шарықтап еркін ойын салады. Әлгі екеудің біреуі бір жақтан жараланып келді-ау деймін, бастапқыда қалбақтап, ақиықтардың тәкаппар мінезінен айнығандай, баяулап қанатын қағілез қаға алмады. Серігі соны сезгендей, кәнігісі әлсіз әріптесі құз жартасқа соқпас үшін демеп, кәдімгідей қамқорлық білдіріп самғап кетуге көмектесті. Қанаттасты. Шыңғыс пен Шерхан да солар сықылды әдебиет әлеміндегі қанаттастар. Олар тек самғауға жаралғандар!

Аян-Сейітхан  НЫСАНАЛИН

 

930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы