• Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2022

КӨРКЕМ МІНЕЗ КӨКЖИЕГІ

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Мәлік Отарбаевтың «Қуатты елдің ұлттық болмысы» атты мақаласын» (14 қыркүйек 2022 ж.) бір деммен оқып шықтым. Саясатты алға салып, қаламсабын қара сияға малып алған жүрдек сөз емес, төгіліп тұрған тіркес, кісі көңілін жадыратар ой орамдарына кезіктім. Қуатты ел болдық, жаңғырған жаңа Қазақстан көші алға жылжыды. Енді біз ұлы көштің бастауында не істеуіміз керек? Мақала авторы осы сауалға жауап беруге тырысып, тарам-тарам тармақтарды алға тартады. 

Абайды айналып өте алмаймыз. Кемелдікке жеткен ел тізгінін ­кемел адамдар ұстап тұрады. Ол үшін әрбір тұлғаның болмысын көркем мінез әспеттеу керек. Осы жерде Әбіш Кекілбайдың мына сөзі еске түседі. «Үлкеннің алдын кеспе, көрінбей қаласың, кішінің алдын кеспе, көмілмей қаласың» деген-ді біртуар актер Ыдырыс Ноғайбаевтың 80 жылдық салтанатында мінбеде тұрып. Үлкеннің алдын кеспеу – ата-анаңды сыйлау, ақсақалды құрметтеу, таяққа сүйенген ардагерге айтқызбай орын беру; көмілмей қаласың дегені – жасқа міндет артпай тең сөйлесу, оның болашағын бағамдау. Аталмыш мақаланың өн бойынан осындай көркем мінез айшықтарын көр­гендеймін. «Алайда жаңа технология дамығанымен, мәдениет пен көркем мінездің, имандылық пен адамгершіліктің деңгейі төмендеп, құлдырап барады. Қатігездік, нем­құрайлылық, зорлық-зомбылық, зұлымдық сынды адам болмысына жат мінез белең ала бастады» дейді автор. Ата-анасын қарттар үйіне тапсыру, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген перзентін тоңазытқыш пен жүк қоймасына ­тастап кету XXI ғасырдың бізге тартқан сыйы боп тұр. Бұрын мұндайды жапон жазушысы Рю Муракамидің «Дети из камеры хранения» романынан оқып, біліп едік. Біз сияқты иманды алға ұстаған мұсылман жұртына да осы кеселдің келе бастағаны ма? Автор жас пен жасамысты осы жат кеселден сақтайық деген уағыз айтады, осы тұрғыда әркімнің жүрек қалтасына сияр міндет жүктейді. Соның ең бас­тысы – қоғамда мәдениет пен көркем мінезді дамыту мәселесі. Мінезді дамыту үшін адамға білім керек. Ауылдан шықпай қолына кітап ұстамаған жігіт пен университетте оқитын түбіт мұрттың арасында аспан мен жердей айырма бар. Қой баққан немесе күріш еккен жігіт: «Осы сенің руың кім?» десе, университетте оқып, кітапхана көрген жігіт: «Мен – қазақпын!» деп Жұбан ақынның сөзін қайталайды. Осы көрініске автор «Егер біз қазірден бастап жастарымыздың білімін және интеллектуалдық деңгейін көтермесек, әртүрлі рухани дағдарысқа қарсы төтеп бере алатын мінез қалыптастырмасақ, мәдениетін дамытпасақ, қоғамдық иммунитет әлсірей түсіп, жастарымыз түрлі идеологияның жетегімен кете беретін болады. Бұл мәселе дер уағында шешілмесе, болашақта қатер болып алдымыздан шығары ақиқат» деп түйіндеп, қатты алаңдаушылық білдіреді.

 Кітап оқу мен кітап шығару ісі – күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе болып тұр. Қазір бір жағынан қарасаң, кітап шығару қиын емес. Өйткені кез келген жазарман баспаханаға ақшасын төлеп, бір күнде 200 дана жаңа дүниесін жарыққа шығарады. Бұл – «шөп те өлең, шөңге де өлең»- нің көрінісі. Осы көрініспен біздің рухани деңгейіміз көтеріле ме? Тіпті осылай 2 кітап шығарып ап, Жазушылар одағының мүшелігіне өтсем деп қопаңдағандарды да көріп жүрміз.

Иә, төрт аяғын тең басқан әдеби ­туындыны халыққа жеткізу үшін қолдау қажет. «Соңғы ширек ғасырда біз кітап шығарумен ғана айналыстық, бірақ көркем әдебиетті мемлекеттік деңгейде дамытуға толыққанды қолдау жасамадық. Қазіргі жастар өткен ғасырда, тәуелсіздіктен бұрын жазылған шығармаларға үңіледі, әлі күнге дейін сол кітаптарды іздеп оқиды. Тәуелсіздік жылдарында жазылған шығармалар, елді елең еткізген туындылар саусақпен санарлықтай. Осы себепті біз ұлттық әдебиетті, мәдениет пен өнерді дамытатын және тың туындылар шығаратын Ұлттық қор құрып, талантты тұлғаларға қолдау көрсетуіміз қажет деген ұсынысты ортаға саламыз» дейді автор. Ұлттық қор қажет-ақ, қалтасы қалың кәсіпкерлер әдеби агентті қолтықтан демеп, таланттарға қолдау көрсетуі керек-ақ. Тек таланттар тамыр-таныстықтың тасасында қалып, қазақы әуенге салынбаса, талантты тұлғаны қолдауға еркін жол ашылар еді.

 Көркем мінезді қалыптастыру үшін әркім Абайдың өлеңдерін, сосын «Абай жолын» оқу керек. Абайды аттап өте алмаймыз деп сөз басында айттық. Автор ұлы Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озбақ» деген тәлімін алға тарта отырып, мәдениет пен өнер дамымай адамдық көркем мінез де, қоғамдық мәдениет те дамымайды. Ал оны дамытатын әр саланың өкілдері – зиялы да, өнер адамы да, кәсіпкер де деген тұжырым жасайды. Шынында, қатар жүрген кәсіпкер сәлемдесуден бастап, есеп айырысуға дейін өзін көркем мінезбен ұстаса, әнші сахнаға шыққанда қошемет тілемей әнін ойдағыдай орындап шықса, мәдениет деген осы еме пе? Бұл – барлық саланың өкілдеріне ортақ сөз. Осы жерде кәдімгі ­Михаил Жванецкийдің «Мен Мәдениет министрінен қорықпаймын, министрдің мәдениетінен қорқамын» деген алқалы жиында айтқан сөзі де құлақта күңгірлеп қалады. Осы ретте автор қарапайым ұстаздан ­бастап, биік мінберлерден сөз алатын лауазым иелеріне бес міндет жүктейді. Соның бірі – қоғамдық мәдениет пен көркем мінезді дамыту десе, «Ар-ұят пен көркем мінез ішкі мәдениетке негізделеді, көркем мінез бен мәдениеттің негізінде ұлттық мәдениет, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып жатыр. Ал біздің салт-дәстүр ата-баба ұстанған дін мен дала даналығынан туындайды» деп ойын тұйықтайды. Дала даналығының басты концепциясы өтірік айтып, жалған сөйлемеу, сөз бен істің бірлігі. Уәде – далалықтардың ант-су ішкен асыл мұраты. Ата мен әже немересіне «Бір сөзді бол» деп үйретсе, мұның астарында біреуді алдама деген асыл аманат жатыр. Біреудің артында қалың қол – халық тұр. Жапон жұрты таңертең бір-біріне «Қайырлы таң!» деп иіліп тұрса, бұл да адамзаттың бір-біріне сәттілік тілеген оң көзқарасы, ар-ұяттың, ауызбірліктің өзгермес көрінісі.

Он алты жасымда алыс ауылдан Алматыға агроном болам деп аттанғанда, үлкен әкем «Кетпеніңді адал шап» деп ақ жол тілеп еді, сол «адал» деген сөз әлі күнге құлағымда күңгірлейді. Адал адам жерде қалмайды. Аталмыш мақала ұлттық болмысты нығайтуға арналса, көркем мінезді қалыптастыру, автор айтқандай, ар-ұжданды қалыптастыру деп білеміз. Адалдық – ар-ұжданның арқауы. Бұл – бүгінгі күні үлкеннің де, кішінің де алдындағы асыл мұрат.

Қуандық  ТҮМЕНБАЙ,

жазушы, Халықаралық Алаш        және Махмуд Қашқари атындағы

әдеби сыйлықтардың иегері

 

1095 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы