• Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2022

ШАҢЫРАҚҚА ҚАРАУ немесе КІРГЕН ІЗ БЕН ШЫҚҚАН ІЗ БІРДЕЙ МЕ?

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Соғыс кімді аясын? Ақпан айынан Украинаға болысқан жұрттың көңілі алаң, тілегі бір. Ақпан айынан соғысқа қарсы ресейліктер елінен шығып болды ма? Тіптен соғыс бастала сала Ресейден кеткен РФ азаматтарының кейбірі соғысқа қарсылықтан емес, дүниежүзі салған санкция­лардың қысымына шыдамай кетуі де бек мүмкін ғой. Осы күні Ресейден бізге ағылған көшке қарап, біржақты баға бере салуға келмес, алайда өз елің мен ұлттық қауіпсіздігің туралы ойланғанда, ресейлік мигранттардың жай-күйі мен ұстанымын толық зерделеп жатпай, шекараны аша түскеніміз (тіптен түрлі шарттар негізінде десек те) қаншалықты көңілге қонымды? Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Десе де түрлі әлеуметтік желілерде шетелге шығып кеткен Ресей азамат­тарының  кейбірінің теріс қылығын да байқап қалып жатамыз.

Қыркүйектің соңын ала ішінара жұмылдырудың салдарынан Ресейден ағылған мигранттар толқынына әрбір көрші ел әртүрлі ұстанымда екенін байқатты. Мәселен, Чехия Сыртқы істер министрі Ян Липавскийдің «Елге дизертирлерді жинауды мақсат тұтпаймыз, бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Олардың арасында Ресей жансыздары да болуы мүмкін ғой. Мен Еуропадағы Ресей арнайы қызметінің ықпалы азаюы үшін бұрыннан және жемісті түрде еңбек етіп келемін» деген сөзін әлеуметтік желіде журналист Мұхтар Сеңгірбай бөлісті. Финдер мен грузиндерге ағылған ресей мигранттарына қатысты ұстанымдарды біз өзімізге қолдана алмауымыз да мүмкін шығар, алайда ең басты назарда Қазақстанның тұтастығы мен еркіндігі екені кім кімнің де есінде тұрғаны абзал.

Ресеймен құрлық шекарамыз 7 591 шақырымға созылатынын, бұл дүниежүзіндегі ең ұзын құрлық шекарасы саналатынын ескерсек, бізге Ресейден ағылған мигранттар саны артпаса, кемімек емес. ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықовтың дерегіне сенсек, жыл басынан бері елімізге 4 млн 399 мың шетелдік келсе, оның 1 млн 700 мыңы – Ресей, 1 млн 5 мыңы – Өзбекстан, 547 мыңы – Қырғызстан, 200 мыңнан астамы – Тәжікстан азаматы.  «22 қыркүйектен бастап Қазақстанға күніге келетін ресейліктердің саны екі есе артты. Сондықтан Ресей Федерациясының шекарасы жағынан кептелістер болып жатыр», – дейді Аслан Аталықов.

Ішінара жұмылдыру басталғалы елімізге келген
Ресей азаматтары ЕАЭО шарттары негізінде бізде жұмыс істей алатыны рас, алайда Президент сөзімен айтсақ, мигранттарға қамқор болғанымызбен, оларға жеңілдіктер қарастырылмаған.

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 2020 жылдың 30 наурызда Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді мақұлдап, оны мемлекетішілік келісу жүргізу үшін Одақ елдеріне жіберген болатын. ЕЭК бұл құжатты ЕАЭО елдерімен бірлесіп әзірлеген. «Келісім ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды қосымша растаусыз тікелей тануға бағытталған, бұл ЕАЭО-да жоғары білікті мамандардың жұмысқа орналасуының жайлы жағдайын арттырады», – деген еді сол уақытта ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Руслан Бекетаев. Айта кетейік, бұл шарт ғылыми қызметкерлерден бөлек, педагогтерге де қатысты дегенімізбен, ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық білім беру ұйымдарына басқа елдерден педагогтерді қабылдау үшін қойылатын талаптарды брифингте түсіндіріп берді. Педагогтерді жұмысқа қабылдау кезінде үміткерлер Ұлттық біліктілік тестінен өтуі тиіс. Бұл тест екі бөлімнен тұрады: пәндік және оқыту әдістемесі. Қазақстанда пәндерді оқытуда, әдіснамада және пәндердің мазмұнында маңызды ерекшеліктер бар. Тиісінше, үміткерлер осы талаптарға сай болуы керек.

Екінші мәселе, 2020 жылдың тамыз айында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының отырысында ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министрі Гегам Варданян Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) цифрлық күн тәртібі шеңберінде іске асырылып жатқан «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесі» жобасының орындалу мәртебесі туралы есепті ұсынған еді. Гегам Варданян «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесі» жобасы қажет болған кезде еңбек көші-қонын есепке алу ақпараттық жүйесі сервистерінің бірі бола алады», – деген еді. ЕАЭО азаматтары үшін өз елінің аумағында да, сол сияқты  «бестік» елдерінде де жұмысқа орналасу үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады; жұмыс берушілер үшін –  персоналды іздеу алаңдарының тізбесі кеңейді; мүше мемлекеттер үшін – ЕАЭО еңбек нарығын дамытудың  қазіргі заманғы және тиімді цифрлық құралдарын енгізеді деген еді сол жобаны таныстыру барысында. Міне, бүгінгі жағдайда осы жобалар аясында жұмыс іздеген, РФ-дағы ішінара жұмылдырудан қашқан азаматтар осы шарттар негізінде өз жұмысшыларды ысырып жібермей ме деген күдік те қылаңдайды.

Сонымен түрлі шарттарға тәуелдіміз десек те, мигранттарға шаңыраққа қарау – заңды сыйлау екенін, кірген іздің міндетті түрде шыққан ізі де болуы қажет екенін айтсақ,  кім-кім де есте сақтаса деген ой біздікі.

947 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы