• Мәдениет
  • 06 Қазан, 2022

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ

2024 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДА ӨТЕДІ

IV Дүниежүзі көшпенділер ойындары Түркияда өз мәресіне жетті. Оған әлемнің 102 мемлекетінен 3 мыңнан астам спортшы 13 спорт түрінен қатысты.
 Қазақ спортшылары спорттың 5 түрінен (қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, садақ ату) өнер көрсетті.  Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook парақшасында спортшыларымыздың жетістіктерін атап өтіп, оларды құттықтады.

– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігі делегациясы IV Дү­ниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін Түркияға арнайы барып, ақжолтай жаңалықпен оралып отыр.

Сапар барысындағы өзекті мәсе­лелердің бірі – Қазақстанда V Ойындарды өткізу жөніндегі келіссөздер болатын.

Нәтижесінде Түркияның Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу кеше салтанатты түрде аталған ауқымды шараның эстафетасын елімізге табыс етті. Яғни ресми түрде Қазақстан – 2024 жылғы V Дүниежүзі көшпенділер ойындарын өткізуші мемлекет ретінде белгіленді. Бұл – айтарлықтай қуаныш әрі аса жауапты жұмыс.

Мыңжылдықтардың мұрасына ие, көшпелі дала салтын ұлықтаған ел ретінде бұл дүбірлі доданы жоғары деңгейде өткіземіз деп сенемін.Түркия төрінде ел намысын қорғап, ерекше нәтиже көрсеткен барлық жеңімпазды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Ат үстіндегі Алаш рухының айбыны арта берсін», – деп жазды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Сонымен, Қазақ күресі бойынша біздің құрама қоржынында 6 медаль бар: Марат Нығматуллаев 60 келіге дейінгі салмақ  дәрежесінде жеңімпаз атанды. Сондай-ақ 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі алтынды Зарина Сарипова жеңіп алды. Еламан Қойшыбаев (80 кг) пен Рауза Нұрмұхамметова (55 кг) күміс, ал «Қазақстан Барысы» Мақсат Исағабылов (+80 кг) пен Мөлдір Азамат (+65 кг) қола жүлдегер атанды.

Қасымхан Қанат дәстүрлі садақ атудан финалда өнер көрсетті, онда 32 елден 95 спортшы бақ сынады. Ол өзінің қарсыласы Оғыз Окшадан 2 ұпай айырмашылығымен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.

Көкбөріге Қазақстан, Қырғызстан, Түркия командалары қатысты. Түркия командасы өз қалауы бойынша үшінші орынға келісім беріп, ақтық сынға қазақ-қырғыз құрамалары өтті. Ақтық сында Қазақстан-Қырғызстан командаларының ойыны 0-5 есебімен аяқталып, спортшыларымыз күміс жүлдеге қол жеткізді.

Қазақстан құрамасы көкпардан чемпион атанып, Қырғызстан командасын 4:3 есебімен жеңді. Финалға жету жолында қазақстандықтар Өзбекстан мен Моңғолия спортшыларын 8:1 және 12:2 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қазақтың ұлттық ойыны көкпар тұңғыш рет көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгенін және бұл жеңіс бірегей тарихи оқиға екенін атап өтті.

Сонымен, V Дүниежүзілік көш­пен­ділер ойындары 2024 жылы Қазақстанда өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­қа  Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов­ты қабылдау кезінде баян етті.

Ерлан Қошанов сондай-ақ Мемлекет басшысына Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің делегациясының қатысқаны жөнінде баяндады. Түркі қоғамдастығы
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылы Қазақстанда өткізу жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдады.

Ескерте кетейік, Қазақстан құ­рама командасы бұған дейін өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсене қатысып, жалпы­ко­мандалық есепте 2014 жылы – 2 орын, 2016 жылы – 3 орын, 2018 жылы –
2 орынды иеленгені белгілі.

 

1076 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы