• Cұхбаттар
  • 06 Қазан, 2022

ТҰҢҒЫШБАЙДЫҢ ТӘЛІМІН КӨРГЕН

Қостанайлық ағайындар үстіміздегі жылы құрылғанына жиырма екі жыл толғалы отырған Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында қызмет атқарған талантты жігіттерді ешқашанда ұмытпайды. Осы мамандық иелері жайлы сөз болғанда ең алдымен Әлімхан Мырзаханұлы өзіндік дарынымен бірден жұртшылық назарына ілінді. Ол әрдайым өзінің тың ізденісімен, хас шеберлігімен көрермендерінің көз айымына айналды. 

ҚҰШТАРЛЫҚ

Бұл күндері ұлтымыздың ұйытқысы болып отырған Түркістан облысының Отырар ауданын біл­мейтіндер кем де кем. Өйткені бұл өңірде қазақтың талай әсем әндерін өмірге келтірген Шәмші Қалдаяқов секілді біртуар тұлғалар дүниеге келген. Күллі түркі әлемінің рухани астанасы атанған қасиетті Түркістан шаһары да осы жерден алыс емес. Мұны жолы түскен ағайындар жақсы біледі. Біздің Әлімхан да жоғарыда аталған ауданның «Шілік» деп аталатын ауылдың тумасы. Бұл киелі қоныс – Отырарға 20 шақырымдай ғана жерде жатыр.

Әкесі Мырзахан Асанұлы бұл небәрі он алты жаста мәңгілік көз жұмды. Оның негізгі кәсібі агроном болатын. Сол Шіліктіде ауыл шаруашылығында білек сыбана жұмыс істеді. Ешқашан қиындықтан қаймықпаған азамат еді. Анасы Үрбибі осы отба­сының берекесін келтіріп, балаларының барлық тауқыметін көтеріп, оларды өз қатарынан қалдырмау үшін барын салды. Солардың тілеуін тілеп, қайда жүрсе де, аман болуын күндіз-түні ойлады.

Мырзахан шынында да өзіміз нар тұлғалы, жан-жақты кісі-тін. Өйткені ән десе, елеңдеп тұратын. Қолына домбырасын алып, қайсы басқосудың болса да көркі-тін. Әрине, бұл күндері оның бәрі де сағыныш болып қалды. Азаматтың атбегілік қасиеті де ауылдастарына жақсы таныс-ты. Ол ұлдарын ес білгеннен өз беттерімен еңбек етуге баулыды. Өзінің бойындағы қасиетін болашақта бір-бір отбасын ұстайтын перзенттерінің бойына сіңіруге тырысты. Төрт ұлына да үйрене берсін деп жылқыға жақын етіп тәрбиеледі. Мұны айтып отырған себебіміз, өзі оңтүстікке белгілі шабандоз да еді. Талай көкпарлар мен бәйгелерді ұйымдастыруға ұйытқы болды. Әлімханның әлі есінде өзі жеті-сегіз жасқа толған кезінде әкесі «Сайтан сары» деп аталатын жылқы алып берді. Әкелерінің осындай қамқорлығының арқасында бұл үйдегі ұлдардың бәрі де жастайынан аттың құлағында ойнап өсті. Тіпті бала кезінде  аудандық, облыстық бәйгелерде топ жарып, жүлде алған кездері де әлі күнге дейін ұмытылған жоқ.

Ағасы Еділхан да әкесі секілді білегі мықты, атты жарата білетін шабандоз-ды. Мырзахан аға бұларды мал шаруашылығына да баулыды.

Мектеп қабырғасында жүргенде қазақ әдебиеті мен тарихты ерекше жақсы көрді. Осы пәндерден ұстаздарының ыстық ілтипатына бөленді. Көркем әдебиетті көп оқыды. Оның бәрі де сайып келгенде, оның ой-өрісін кеңейтуге әсерін тигізді.

Кейіпкерім білім ордасында жүргенде-ақ қабілетін көрсетті. Елдімекендегі талантты бозбалалар мен бойжеткендердің басын қосып, ауылда «Тамаша» ойын-сауық отауын құрды. Әлімхан әлгі ойын-сауық отауына тек жетекшілік етіп қойған жоқ, өзі де комедиялық рөлдерді аса шеберлікпен ойнады.Өзі жанындай жақсы көретін әкесі Мырзахан да ұлының бойындағы әртістік дарынды дер кезінде байқады. Сондықтан марқұм мұның осы қиындығы мен қызығы мол мамандықты таңдауына қуанбаса, қарсылық білдірген жоқ.

Алайда қайран әке құлынының әртістік диплом алып, үлкен сахнада шыққанын көру бақытына ие болмады. Оның есесіне жан-жары Үрбибі апамыз ұлының шеберлігіне тәнті болып, қуаныштан талай рет көзіне жас алды.

Ол көрікті шаһардағы Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясына құжатын тапсырып, бағын сынады. Әлімхан жолы болып, таңдаған мамандығына қабылданды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, талай тарихи фильмдерге түскен өнер тарланы Тұңғышбай Жаманқұловқа еліктеген болса, академияда оның сыныбында дәріс алу бақытына ие болды. Әлімхан да Тұқаңның шекпенінен шықты. Оның актерлік өнер жайлы әрбір дәрістерін ұйып тыңдап, ұстазының бойындағы асыл қасиеттерінің бәрін де қалт жібермей бойына сіңіре білді.

Бұрынғы облыс әкімі, ұлтжанды азамат Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің кезінде Қостанай тарихында тұңғыш рет қазақ драма театры бауырларымызға есігін айқара ашты. Театр дүниеге келген соң, оның бағын ашар актерлер де ауадай қажет екендігі белгілі. Сондықтан Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз 2000 жылы Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында өзінен дәріс алған бір топ шәкіртін осында алып келді.Болашақ актерлер өздерінің дипломдық жұмыстарын да театрда қорғады. Олар мұнда Назым Хикметтің «Фархат-Шірін» және Лопе Де Веганың «Шөпті қорыған» деп аталатын сахналық туындыларын қойды. Әлімхан бірінші драмалық шығармадағы басты рөл Фархаттың образын сомдады.Ол уақытта театрда бас режиссер болып, марқұм Жамбылбек Есенбеков қызмет атқаратын. Ұлағатты тәлімгер театрдың беташар қойылымында ұлы жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайдың «Абылай хан» деп аталатын спектаклін жұртшылық назарына ұсынды. Жас актер мұнда бала Абылайдың бейнесін өте сәтті шығарды. Сол кезде бұл не бәрі жиырма жастағы жігіт болатын.

Уақыт деген бір орында тұрмайды. Мұны бәріміз де білеміз. Жамбылбек ағамыз дүниеден өткен соң, оның орнына сахнаның нағыз шебері, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубай театрда көркемдік жетекші болып тағайындалды. Әрқашан да актерлердің бағының ашылуы режиссерлердің қолында. Сценарийін Ерсайын Төлеубайдың өзі жазған «Сергей Есенин» драмасындағы басты рөл Есенинді бұл өте жоғары деңгейде шығарды. Оны көрермендер жылы қабылдады. Басқа да рөлдерде өзін тек жақсы қырынан көрсетті. Комедия жанрында оны мүлдем басқа қырынан танисыз. Бұған «Боздаған бойдақтар» комедиясындағы сомдаған бейнесін айтсақ та жеткілікті.

 

ӨНЕРДЕ ДЕ, ОТБАСЫНДА ДА БАҚЫТТЫ

Өзі туып-өскен Отырар ауданында тәрбиеленген Жазира есімді қазақтың ару қызына тағдырын тоғыстырды. Жастайынан отбасында тәлім-тәрбие көрген келініміз отағасын пір тұтып, оның актерлік мамандықта жан-жақты танылуына барлық жағдайды туғызды. 2004 жылы шаңырақ көтерген олар Аружан және Нұрайым есімді алтын асықтай қыздарын өсірді.

Аружан кішкентайынан өнерге бейім болды. Әкесі Әлімханға еліктеп ән айтты, би биледі, фортепиано аспабында ойнады. Театрдағы бірде-бір спектакльді жібермеді. Ыбырайдың образын өзіне әрдайым үлгі тұтты.

Жаны сұлу, білімге құштар бойжеткен биыл орта мектепті тәмамдады. Ата-анасының келісімімен шырайлы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясына құжатын тапсырды. Болашақ дизайнер. Одан кейінгі Нұрайым да алғыр да ұқыпты. Бұл күндері мектеп оқушысы.

Өткен жылдарда таңдаған кәсібінде біліктілік танытқан Әлімханның еңбегі де лайықты бағаланды.Ол Қостанай облыстық меценаттар клубының «Театр» номинациясы бойынша «Шабыт» сыйлығының лауреаты атанды.

Осыдан екі жыл бұрын өзі Алматыдағы өнер академиясынан кейін еңбек жолын бастаған Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрына директорлық жауапты қызметке бекітілді. Қысқа мерзім ішінде ұжымдағы әріптестерін қай жағынан болсын қолдап, өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік, қайраткерлік қырларымен танылды. Өнер ордасында қаншама тың да өзекті мәселелерді арқау еткен спектакльдер қойылды. Оның арасында көрнекті қаламгерлер Төлен Әбдіктің «Өтелмеген парыз», Қалихан Ысқақтың «Қазақтар» және басқа да туындыларды атап өткеніміз де орынды.

Өзі басқаратын ұжым еліміздегі таңдаулы театрлардың қатарында аталады. Жас актерлердің тәжірибе алмасуы мен кәсіби жағынан шыңдалуына айрықша көңіл бөлді. Астана қаласы мен Алматы шаһарындағы іргелі өнер ордаларымен шығармашылық байланыс нығайды. Театрдың 20 жылдығына орай бірқатар актерлердің еңбегі бағаланып, кеудесіне «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісін тақты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Өзі де үлкен үлкен ұжымға жетекшілік етумен қатар жеке актерлік шығармашылығында үнемі шыңдаумен болды. Киноға да түсіп,  көрермендер тарапынан шынайы алғысқа кенелді.

Үстіміздегі жыл ол үшін өте жемісті де есте қаларлықтай болды. Өнер саласындағы көп жылғы адал еңбегі мен сахнадағы шеберлігі ескеріліп, мемлекет басшысының жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» мәртебелі атағымен марапатталды.

Біз жақында Әлімхан Мырзаханның Түркістан шаһарында ашылған музыкалық драма театрына басшы болып тағайындалғанын естіп, қуанып қалдық. Ол қандай құрметке болса да әбден лайық.

Оразалы  ЖАҚСАНОВ

 

3824 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы