• Руханият
  • 06 Қазан, 2022

БЕЙНЕУДЕГІ БАСШЫ МЕШІТІ

Маңғыстаудың шеткері ауданы саналатын Бейнеуден жағымды хабар келді. Аудан орталығынан Басшы Әзірханов атын иеленген мешіт ашылғалы жатыр екен. Алланың үйі саналатын мешіттің атын иеленетіндей Басшы Әзірханов кім? Оның ел мен жұртқа жасаған ізгілікті ісі қандай? Өмірден озғанына жылдан астам уақыт өткен Басшы Айжанақұлын оқырмандарға қысқаша болса да таныстыру мақсатында қолға қалам алдық. 
Бейнеу ауданын 27 жыл бойы бас­қарып, жұрттың ілтипатына ие болған Басшы Әзірхановпен қысқа тірлікте аз-кем кездесіп, пікірлескенбіз. 2012 жылы «Бекет ата – 260» атты деректі кітап шығардым. Осы еңбекте Басшы Әзірхановтың ата жайлы терең ойлы, тың мәліметке молынан суарылған мақаласы басылған болатын. Сол кезден бастап, Басшы ағаның қаламынан туған дүниелерді аракідік болса да баспасөз бетінен оқып қалатынымыз бар. Ол кісімен өмірден озарынан 5 ай бұрын қара шаңырағында жүздескенбіз. Басшекең әңгіме айтқанда сұхбаттасушының тақырыпты қаншалықты меңгергенін, аталған мәселе мұны несімен қызық­тырып отыр деген сауалдарға жауап алу үшін, бірді-екілі сұрақ қойып, барлап-бағамдайтын әдеті бар екен. 

ӘБІШТІҢ ҰСЫНЫСЫМЕН  ЖАЗЫЛҒАН МАҚАЛА

«Бейнеудің құрылу тарихы Маңғыс­таудың дүр сілкінген кезеңімен тұспа-тұс келеді. Әбіш Кекілбаев Маңғыстаудың құлпырған кезеңінің бастауында «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты тарихи мағлұматтар молынан ұшырасатын деректі кітап жазғанын білесің. Маң­ғыстау мұнайын игеру үшін темір жол міндетті түрде керек еді. Сол себепті, Мақат – Ақтау теміржол құрылысы салынып, іске қосылды. Кейіннен Бейнеу – Қоңырат бағытындағы теміржол желісі де пайдалануға берілді. Теміржол желісі тартылғасын бұл өңірге ел қоныстана бастады. Газ құбыры тартылды. Бейнеу мен Боранқұлда газ айдау станциялары да іске қосылды. Өндіріспен қатар, мал шаруашылығы да қанатын кеңге жайды. Кезінде Орталық партия комитетінің ауыспалы Қызыл Туын қатарынан 5 рет жеңіп алған республикадағы жалғыз аудан осы Бейнеу. Талай дүлдүлдер осы жерден қанат қағып ұшты. Ұлтымызға қиын кезде қорған болған талай арыстар Бейнеудің топырағында мәңгілікке тыныстап жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңде шаруашылықты жөнге келтіреміз деп шапқылап жүріп, сол арыстарды ұлықтауды да ұмытпадық. Пір Бекет атаның көзі тірісінде өз қолымен салдырған мешітінің біреуі көне Бейнеуде. Әкімшілік жұмыс дегеннің өзі, көжеңді бүлкілге басып жүріп ішкізетін, сапырылысқан тірлік қой. Әкім кезімде елдің шаруасымен біте қайнасып жүріп, жарықтық Бекет атамыздың ғұмырын, ұстанған жолын өзімше зерттей бастадым. Біз көбінесе ірі тұлғалардың ғұмырын, еңбегін зерттеумен тек арнайы сала мамандары айналысуы керек деп ойлаймыз. Бекет атаның 260 жылдық мерейтойына орай Әбіш Кекілбаев «Егемен Қазақстан» газетіне ата туралы танымдық мақала жазуым туралы ұсыныс айтты. Алғашында жүрексіндім. Нар тәуекел деп жазып шыққан көлемді мақалам кейіннен газет бетінде басылды. Оң пікір білдіргеннің қарасы көп болды. Атаның табаны тиген киелі өңірге басшы болып отырып, пір ата жайлы білмеуді кемшілік деп санадым. Көне Бейнеудегі ата мешітіне барар жолдың жиегінде адамзаттың рухын шыңдап, адам ғұмырының барлық кезеңін мәнді өткізуге шақыратын белгі соқтық. «Таспен жазылған табиғат заңы» деп аталатын бұл ескерткіштің мәні ықылым замандардан бастау алады. Күре жолдың бойындағы үлкен мұнараны тынымсыз тіршілікке араласып, шапқылап жүрген адам десек, жебенің ұшы оның ертелі-кеш баратын мәңгілік мекені. Жебе ұшындағы «рух», «жан», «тән» делінетін мұнарадағы тас саны мұнарадағы тас санымен бірдей. Себебі адам осы үш нәрсенің жиынтығы. Балалық, жастық шақ, азаматтық, кәрілік деп аталатын аркалардың да көлемдері бірдей. Себебі әр кезеңнің өзіне лайықты қызығы мен міндеті бар. Адам баласы кішкентай ғана ғұмырда өзіне шектеліп берген әр кезеңді толығымен пайдаланып, қоғам, әлеумет үшін еңбек етсе, ырыс пен ынтымақ сол кезде табалдырығымыздан аттайды. Ғұмырдың мәні әлгі үйлесімділікте тіршілік кешу. Бұл ескерткішті өз көзімен көрген Әбіш Кекілбаев пен Есенғали Раушанов ескерткіштің философиялық мәнінің терең екендігіне разы болып еді. Мұны айтып отырған себебім, біз кешегі дін ұстаған көкелерімізді қамшымен сабаған оспадарлау қоғамнан шықтық. Тек күнделікті қарын тойдырғанға мәз болмай, өткінші ғұмырдың түп мәніне ой жіберіп отыруымыз керек. Обал-сауап деген категорияларды жеткіншек ұрпақтың бойына сіңіру жұмысын тек гуманитарлық сала мамандарына артып қоюға болмайды. Бейнеудің берекелі бағзы өлке екенін, адамзат көшінің белесінде өзінің айшықты қолтаңбасы бар мекен екенін мақтан тұтуымыз қажет», – деп еді Басшы аға сол кездесуімізде. Әңгіме барысында кешегі жекешелендіру дәуірі кезінде жерлестерінің қиыншылықтан қорықпай, жеке шаруашылық ретінде кеңшардан бөлініп шығып, бүгіндері іргелі шаруашылықтың тұтқасын ұстап отырған замандастарына деген ризашылығын байқадық. Кешегі партия дәурен салып тұрған шақта ел басқарғандардың бір қарағанда жолы болған секілді. Әрине, темірдей тәртіпке сүйенген партияның көңі­лінен шығу – оңай емес. ­Жоспарлы экономикаға негізделген шаруашылықтар үздіксіз жұмыс істеп тұрды. Айлық уақытында, көп ештеңеге бас қатырмай, жоспарды мезгілінен бұрын орындасаң болғаны. Тәуелсіздігімізбен бірге табалды­рығымыздан аттаған нарықтық қатынастар кезеңінің талабы мүлдем өзгеше екен. Нарық дегенің кәсіп­керлікке тікелей тәуелді болып шықты. Шын кәсіпкердің бағасы жаңа жұмыс орындарын ашумен есептелетін кезеңде әкім-қаралар тиісті үкіметтік бағдарламалардың заң шеңберінде сәтті орындалуына басшылық жасайды. Міне, осы жағдайды дер кезінде түсінген Басшы Әзірханов кәсіппен айналысып, бағымды сынаймын дегендерді барынша қолдаған. Тәуелсіздік жылдарында аудан халқы үш есеге өсіп, бүгіндері 73 мыңнан астам тұрғыны бар бейнеуліктер климаттың қаталдығына қарамастан, ешкімге алақан жаймастан еңбек етіп келеді. Басшы аға әкім болған кезінде ауданда жаңадан 2 колледж, 10 орта және 2 бастауыш мектеп ашылған. Мұнымен қоса, 11 мектепке спорт залы, 16 мектепке 175 сыныптық қосымша құрылыс, 7 балабақша іске қосылған. Ойсыратып кеткен оңтайландыру деген кезде елімізде талай ауылдың тоз-тоз болғанын білеміз. Бейнеуде керісінше жаңадан 5 ауылдық округ құрылған. Мұның барлығы ақиқатында аудан әкімі Басшы Әзірхановтың шебер ұйымдастырушылығы, темірдей талабымен жүзеге асқан жобалар еді.

 

«ЕСЕНҒАЛИ ОРМАНЫН» ЖАЙҚАЛТҚАН

Жалпы, Б.Әзірхановтың қала­мынан туған «Орта тапты қалып­тастырған он жыл», «Берекелі бағзы өлке», «Дінім менің Ислам» және бас редакторлығымен жарық көрген «Бейнеу» атты деректі-танымдық еңбектермен таныссаңыз, өлке тарихының бізге белгісіз жаңа беттерін ашасыз. Жеті жұрт көшіп, жеті жұрт жайлаған елге пана болған Үстірттің ту ықылым замандағы кескін келбетін «Берекелі бағзы өлке» кітабында алдыңа жайып салса, енді бірде оқырманын Үстірттегі керуен жолдарына бастап, аудандағы елді мекендер атауының шығу төркінін тым әріден, ғасырлар қойнауынан іздейді. Туған жердің төсіндегі адыраспан, сексеуіл, жыңғыл деген құба даланың жүздерін жел сүйген қоңырқай адамдарына жақсы таныс өсімдіктер бар. Басшы Әзірхановты, тіпті, осылардың нендей шөп екендігі, бұлар турасында кім не жазды, әлгілердің қандай емдік пайдасы бар, бәрі қызықтырған. 7, 12 сандарға жасырынған құпияларға бойлап, олардың мифтік-діни ерекшеліктері мен ұлттық дүниетанымымыздағы орнына да үңіледі. Оның кітаптарын оқысаңыз, оған шығындаған уақы­тыңа еш өкінбейсің. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев: «Бірнеше облысты басқардым. Талай әкімдермен жұ­мыстас болдым. Бірақ Басшы Әзірхановтай елдің психологиясын, халықтың мұң-мұқтажын терең білетін, парасаты мол эрудит, беделі биік, сұңғыла азаматты аз кездестірдім. Атына заты сай нағыз Басшы еді ғой ол», – деп еске алады.

Маңғыстау мен Атырауды бас­қарып, үлкендердің ерекше ілтипатына бөленген Нұртас Оңдасынов деген ғұлама өткен. Нұртас Оңдасынов кезінде айдаудан келген Ержан хазіретке бірді-екілі нөкерін ертіп, көрісе барыпты дейді. Жарықтық ­Ержан хазірет Нұртастың қолын алып тұрып, «амансың ба пақырым», –депті. Бұған Нұртас Оңдасынов разы болса, қасындағы атқосшыларының көзі атыздай болыпты. Осы Ержан хазіретті өле-өлгенше ұстаз тұтқан баубек Айжанақ Бөлтекұлы есімді пірадар қоңыртөбел 1954 жылдың қыркүйегінде сыйлас досы, өзі жыршы, өзі күйші Шамығұл Ыбырайымұлын ертіп келіп, жаңа туған немересінің Әділ деп қойылған атын Басшы деп өзгерткен екен. Күші қайта қоймаған қыркүйектің шуағына шомылып, маужырап тұрған қараша үйдің алақандай төрінде іңгәлап жатқан көкесінің сол немересі атына заты сай болып өсіпті. Ғұмыр бойы адал еңбегіне арқа сүйеп, қажет жерінде сүрінгенді қолтығынан демеді. Тағдыр оның маңдайына тәуелсіздіктің тал бесігін алғаш тербеткендердің бірі болуды жазыпты. Туып-өскен ауданын 27 жыл бойы үздіксіз басқарды. 2021 жылдың тамызында өмірден озғанша берекелі Бейнеуінен ешқайда табан аудармады. Кіндік қаны тамған қасиетті өлкеде мәңгілікке тыныстады. Қазақ поэзиясының арда күреңі Есенғали Раушанов досының құрметіне, Бей­неудің шет жағынан «Есенғали орманын» жайқалтқан еңбегі – Басшы ­Әзір­хановтың кісі қызығар тағы бір қыры.

Үстіміздегі жылдың ақпанында іргетасы қаланған Басшы ­Ай­­жанақұлы Әзірханов атындағы ме­шіттің жалпы аумағы 5000 шаршы метр, сыйым­дылығы 350 адам­дық, 8 мұнаралы, Құран оқу залы мен мұражай бөлмесі заманауи құрылғылармен жабдық­талып, ауласы көрнекі тастармен абаттандырылды. Мешіттің іргетасы Бейнеудің ақ ұлутасынан қаланып, сырты Жетібайдың өңделген тасымен қапталып безендірілген. Мешіттің үлкен күмбезінің диаметрі 15 шаршы метр, ұзындығы 20 метр болатын 2 мұнараның, ұзындығы 9 метрлік 6 мұнараның күмбезі темірден түйіліп жасалынған. Құрылыс жұмыстарына Берікбай Қарамұрзаев басшылық жасаса, тәжірибелі шебер Айтбай Құлтанұлы бастаған мамандар нысан құрылысын мезгілінде аяқтауда.

Қорыта айтқанда, ол да сіз бен біз секілді қуанған, мұңайған, шаттана білген жер бетіндегі көп пенденің бірі еді. Бұйрықты күні келді, дәм-тұзы таусылды, жаны көкке ұшты. Ел-жұртына жасаған жақсылығы алдынан шыққай деп дұғада болайықшы. «Билік – Алланың сыйы, кім оны дұрыс қолдана алса, бақытқа кенеледі, ол сондай бақыт – адам үшін одан өткен бақыт жоқ», – деген ғұлама Имам Ғазалидың пікірінің айна-қатесіз ақиқат екендігіне Б.Әзірхановтың тағдыры куә. Өлшеп берілген азды-көпті ғұмырын әлеуметтің қажетіне арнап, асыл дінімізді насихаттап өткен Басшы Айжанақұлы атындағы мешіт бейнеуліктердің имани-рухани ордасына айналсын дейік.

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ

 

897 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы