• Cұхбаттар
  • 06 Қазан, 2022

Наталья ӘШІМБАЕВА, Санкт-Петербургтегі Ф.М. Достоевский әдеби-мемориалды музей-үйінің директоры: ДАЛА МЕН ҚАЛА БАЛАСЫНЫҢ ДОСТЫҒЫ

Қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толу мерейтойы аясында бірқатар іс-шаралар өткені белгілі. Соның бірі – жазушы атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған ауқымды іс-шара. Әуезовтің шығармашылық мұрасы мен өмірін зерттеп, тиянақтаудың бір жолын көрсетіп берген осы бір жиынға Петербордан келген қонақ – әдебиеттанушы Наталья Түймебайқызы Әшімбаева еді. Достоевский музейінің ашылуы кезеңінде музей құрылымын жасақтаудан бастап еңбек еткен Н.Әшімбаевамен әңгіме, ең алдымен, қазаққа белгілі тұлға Түймебай Әшімбаев туралы сұрақтан басталды... 

– Әкеңіз Түймебай Әшімбайұлы қазақ экономика ғылымына үлкен еңбек сіңірген тұлға. ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылы­мының докторы. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Соғыс уақытында Ле­нинградты қорғаған қазақтарға арнап газет шығарған, кейін «Халық жауы» деген жаламен ұсталған адам...

– Әке туралы айтқанда... Бәрін басынан айтып шығуыма рұқсат етіңіз. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда әкем Түймебай Әшімбайұлы Ленинградтағы қаржы-экономикалық институттың студенті екен. Ленинградтағы ұрыс, қаланың қоршауға алынуы – мұның бәрі соғыс тарихындағы ғана емес, жалпы бәріміздің ортақ өткеніміздегі қасіретті кезеңдердің бірі ғой. Ол уақытта бастауын ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінен алатын «На страже Родины» атты басылым Ленинградта шығып тұрған. Ленинград ұрысына қатысып жатқан қазақтарға арнап, басылымның қосымшасы ретінде, 1942 жылдан бастап жарық көрген «Отанды қорғауда» газетін шығарушылардың бірі әкем болатын. Бұл газетте орыс және қазақ тілін жетік білетін әкем әрі аудармашы болған әрі 900 күнге жалғасқан Ленинград қор­шауын­да қалып, соғысқан қазақ жауын­герлерінің ерлігі туралы материалдар жазыпты. Үш жыл бойы
баспа бетін көрген, 319 саны жарияланған газет жақында ғана кітап болып жарыққа шықты.

Әкем 1943 жылы ­анам – Александра ­Константиновна Голубева екеуі бас қосады. 1944 дүниеге мен келемін. 1945 жылы соғыс аяқталған соң әкем Түймебай Әшімбаев әуелі газетте қате кетті деген желеумен, кейін «Халық жауы» деген жаламен ұсталады. Әкем ұсталып кеткен соң, ол шығарған «Отанды қорғауда» газетінің тігіндісін анам сақтап қалыпты...

Әскери трибунал әкеме және газеттің тағы да екі қазақ қызметкеріне «Халық жауы» деп айып тағып, әкемді 6 жылға бас бостандығынан айырыпты. Редколлегия толық таратылып, газеттің жұмысы біржола тоқтаған.

Әкем қамаудан босап, 1951 жылы Алматыға келеді. Ленинградқа орала алмайды. Анам да белгілі бір себептермен Алматыға бара алмапты. Міне, сол кезеңнен соң, әкемнің Алматыға бет бұрған, ғылым жолына ғұмыры мен ерік-жігерін арнаған уақыты басталыпты. Әкем ҚазҰУ-да оқуын жалғастырып, кейін Экономика институтында қызмет еткен. Өмірінің соңына дейін сол институтты басқарған. Экономика саласындағы Қазақстанның бетке ұстар ғалымы атанып, академик дәрежесіне көтерілген.

Әкемнің есімін отандастары ерекше қадірлейтінін мақтан тұтамын. Түймебай Әшімбаевтың аты көшелерге, орта мектепке берілген. Алматыдағы Ғылым ака­де­миясының орталық ғимаратында Т.Әшім­баевқа арнап мемориалды тақта орнатылған...

Әкемді өте құрметпен еске аламын.

– Кейін әкеңіз ақталған соң, ол кісімен араласып тұрдыңыздар ма?

–  Әлбетте.  Біз  хат алмасып тұратынбыз. Әкем ғылымды қатты сүйетін. Маған кітаптар жіберетін. Алматыдағы бауырым Алида Түменбайқызымен де ерекше достық қарым-қатынас ұстандық. Ол – әке жолын қуды. Экономика ғылы­мының докторы, профессор атанып, Қазақстанның экономика ғылымына зор еңбек сіңірген жандардың бірі.

– Ал сіз экономиканы емес, әдебиетті таңдадыңыз...

– Иә, менің жаныма әдебиет жақынырақ болды. Әйтпесе әкем ғана емес, анам да әкем оқыған Ленинград қаржы-экономика институтын тәмамдаған, қаржыгер еді ғой. Сірә, менің тағдырыма әдебиет атты мамандық жазылған болуы керек.

– Онда тақырыпты әдебиетке қарай бұрсақ. Петербор оқырмандары қазақтың қазіргі әдебиетімен қаншалықты таныс? Жалпы бүгінгі Қазақстан мен Орта Азияның әдебиеті жеткілікті зерттеліп жатыр деп есептейсіз бе?

– Меніңше, біршама зерттеліп жатыр. Әдебиет деп бөлмей, тұтас өнер әлемі деп алсақ, Қазақстанда жазушылар, суретшілер, музыканттардың өте жақсы бір толқыны өсіп келе жатқанын, олардың есімі алыс-жақын шетелге танымал болғанын байқаймыз. Қазақстан – таланттарға бай ел.

Әрине, бізге Қазақстанның мәдениет қайраткерлері көптеп келсе деп армандаймыз. Бізді қазақ жастарының шығармашылық өрлеуі қатты қызық­тырады.

– Достоевский музейін басқарасыз ғой. Қазіргі заманғы оқырманға Достоевскийдің қай шығармасы, несімен жақындау деп есептейсіз?

– Достоевский қазіргі заманғы оқырманға шынымен де жақын екенінің бірінші белгісі – біздің музейге келушілер өте көп. Достоевский шығармалары адам құпиясын ашуға, адам жұмбағын шешуге тырысады. Ол тіптен жас кезінде, әлі ештеңе де жазып бастамаған уақытта, яғни жазушы ретінде атақ-даңқы аспандап тұрмаған сәтте Әскери-инженерлік училищенің тәрбиеленушісі кезінде, өзгелер оны алда әскери инженердің мансабы күтіп тұр деп ойлап жүрген сәттерде Ф.М. Достоевский бауырына хат жазып, онда былай деген екен: «Адам – жұмбақ. Мен осы жұмбақты шешкім келеді, себебі адам болғым келеді».

Міне, адам жұмбағын шешуге
Достоевский күллі ғұмырын арнайды. Шынымен, адам жанының құпиясын ашудан керемет не бар? Ал Достоевский болса, осы құпияны ашуда өте тереңге дендеген жазушы. Ол тіршіліктің қарапайым суреттерін емес, шынымен де адам жанының ең түпкірдегі құпиясын ашуға, жұмбағын көрсетуге ұмтылды. Ол шығармаларында тарих, ғарыш, әлем мен Құдай контексіндегі адам мен адам тұлғасын ашты. Бұл, әрине, қазіргі де кейінгі оқырман үшін өте құнды.

Достоевский шығармаларының рухани-адамгершілік мәселелерінің максимализмі жалпыадамзаттық мәнге ие және бұл оның көркемдік әлемінің тартымдылығының басты себептерінің бірі деп есептеймін.

Былтыр Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды музейі 50 жылдығын даңқты жазушының туғанына 200 жыл толу мерейтойымен қоса атап өтті. Міне, сонда бізге толассыз ағылған келушілер санынан-ақ, Достоевский оқырманына әлі де жақын екенін анық түсіндік.

– Музей туралы сұраудың сәті де келіп тұрғандай. Бізге өзіңіз басқаратын
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды музей-үйі туралы кеңінен айтып берсеңіз.

– Біздің музей қала орталығындағы Санкт-Петербургтің тарихи үйінде орналасқан. Бұл үй, дәлірегі пәтер – жазушы өмірінің ең берекелі, ең бақытты жылдары өткен мекен. Бұл пәтерде онымен бірге сүйікті жары және сенімді досы Анна Григорьевна, балалары Люба мен Федя тұрды. Мұнда Достоевский «Ағайынды Карамазовтарды» жазды.

Жалпы, арыдан тартсақ, бұл үйде 1968 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Дәл осы уақытта
Ленинград қалалық атқару комитеті Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды музейін ашу туралы шешім қабылдайды. Осылайша жазушы пәтерінің макетін қалпына келтіруге мүмкіндік туады.

Музей 1971 жылы қарашада Дос­тоевскийдің туғанына 150 жыл толу мерейтойы қарсаңында ашылған.

Біз ол уақытта жалындаған жас әдеби қызметкерлер жаңа музейге жәдігер жинай бастадық, суретші Т.Н. Воронохина және сәулетші Г.В. Пионтекпен бірге мемориалды пәтердің және барлық үй-жайдың макетін, болашақ музейдің көркемдік шешімін, мазмұнын талқы­ла­дық. Музейдің алғашқы директоры Борис Варфоломеевич Федоренко әкімшілік міндеттерді ғылыми-зерттеу жұмысымен ұштастыра білетін энтузиаст еді.

Жазушының немересі Андрей Федорович Достоевский 1968 жылы өмірден өтті. Өмірден өтпестен бұрын ол екі маңызды іс істеп кетті деп есептеймін. Біріншісі – 1917 жылы Санкт-Петербургтен кетіп, бір жылдан кейін Ялтада қайтыс болған әжесі
А.Г.Достоевскаяның мәйітін Дос­тоевскийдің қасына әкеліп, қайта жерлейді. Анна Григорьевна қайтыс болғаннан кейін күйеуінің зиратына жерлеуді өсиет еткен екен. Екіншісі – Андрей Федорович өзі армандаған
Достоевский музейі ашылатынын білген соң өзіндегі кітаптар, фотосуреттер, құжаттар, Ф.М. Достоевскийді еске алуға қатысты кейбір заттарды музей меншігіне мұраға қалдырып кетеді.

Музей қорында жазушының немере қарындасы Мария Владимировна Савостьянованың отбасылық жәдігерлері де бар. Бірақ бұл да музей ашуға жеткіліксіз болды. Сондықтан экспонаттар мен басқа да материалдарды жинау ісін талмай жалғастырдық. Антиквариат дүкендерінен заттар сатып алдық, оларды реставрацияладық. Кейбір мемориалды заттар Мемлекеттік әдеби музейден (МӘМ), Пушкин үй-музейінен алынды. Ленинградтықтар да музейге бірегей бұйымдарын сыйға тартты. Әріптестеріммен кітапхана, архив аралап, жұмыс істедік. Көптеген құнды дүниелерді, мысалы, Қоғамдық кітапхананың айырбас қорынан таба алдық.

Қазір Ф.М. Достоевский музейінің кол­лекциясында графика мен қолдан­балы өнердің, фотосуреттердің, театр афишаларының үлкен коллекциясы бар; қолжазба қоры, үлкен кітап қоры (13 000 томнан аса) және ғылыми кітапхана (14 000 томнан аса) жинақталған. Келу­шілердің, Музей достарының, жазушы шығармашылығын зерттеушілердің сый­лықтарының арқасында музей экспо­наттарының саны үнемі ұлғайып келеді.

Музейде бірнеше экспозиция, әдеби экскурциялар бар. Мәселен, «Достоевскийдің Петербургі» экскурциялары бірнеше түрге бөлінген. «Қылмыс пен Жаза» өткен Петербург» – бұрыннан келе жатқан, музей қонақтары қатты ұнататын, көп таңдайтын экскурциялардың бірі. Осы экскурция арқылы музейге келушілер Радион Раскольников, өсімпұлмен ақша беретін Алена Ивановна тұрған үйлерді көреді. Романда сипатталған көшелермен жүреді. Әрине, Петербург ол уақыттан бері өзгергені анық, алайда сонымен қатар ол дәуірдің де тыныс-тіршілігі сақталған.

Музей маңындағы Мәскеу көше­сінде Достоевскийдің ескерткіші тұр. Осы маңайда Достоевский «Бейшара жандарды» жазған үй, Достоевский тығыз байланысқан адам­дардың мекенжайы осында. Н.Н. Некрасов сол уақытта осы маңайда тұрған. Жалпы петербургтегі осы аудан шығармашылық тұрғыдан қызғы­лықты жер дер едім. «Двойник» шығармасындағы субұрқақ та осы жерде.

Қазір «Нақұрыс» романына арналған экскурция жасалып жатыр. Мұнда да кейіпкерлер тұрған үйлер мен сол кезең ғимараттарын көріп, сол дәуірдің құпиясын сезінуге болады. Петербург – әдеби естеліктерге толы қала. Осы қалада Достоевскийдің өзі де, өмірі де, кейіпкерлері де із қалдырған. Оның басты романдары: «Қылмыс пен жаза», «Нақұрыс», «Жасөспірім» шығармаларындағы оқиғалар Петербургте өтеді. «Албастылар» мен «Ағайынды Карамазовтар» Петербург оқиғаларын сипаттамайды, алайда онда орыстың беймаза өмірі жайлы айтылады.

Сондай-ақ музей қызметкерлері мектеп оқушыларына арнап интерактивті экскурсиялар жүргізеді. Балалар ХІХ ғасырда петерборлық отбасының өмірімен таныса алады, Достоевскийдің үйі қалай болғанын көре алады. Мысалы, Федор Михайлович балаларының көңілін көтеру үшін ойнаған ойынды бүгінгі балалар да Достоевский үйінде ойнап көреді. Достоевскийдің балаларға оқып берген кітаптарын қарай алады...

– Достоевский десе, есімізге Шоқан түседі.

– Шоқан мен Достоевскийдің араластығы, мәселен, А.П.Майковпен таныстығы секілді ұзақ уақыт бойы жүрмеді. Олар Омбыда, Достоевский каторгадан босағанда танысты. Кейін Семейде кездесті. Достоевский Шоқанның дарынын, ерекшелігін бірден байқады. Шоқан өте сұлу жан болған. Шоқан ерекше әрі сиқырлы тартымдылығымен Петербургтің әдеби-мәдени ортасын бірден баурап алғаны да рас. Достоевскийдің Шоқанды «Бауырынан да артық сүйетінін» жазған хаты да, екеуі алмасқан өзге хаттарының барлығының көшірмесі де біздің музейде сақтаулы тұр. Жалпы Достоевский өміріндегі Шоқанның алар орны туралы үш-ақ дерек келтіре кетейін.

Бірінші, Достоевскийдің біздің заманға бірнеше суреті жеткен. Неге екені, ол суретке көбінесе жалғыз түскен. Тіптен сүйікті бауыры Михаилмен бірге түскен суреті жоқ. Анна Григорьевнамен бірге түскен суреті де сақталмаған. Міне, біздің музейдегі фотосуреттер кешенінде Достоевскийдің екеу болып түскен суреті біреу ғана, ол – Шоқанмен бірге түскен суреті. Шоқан қолына қанжар ұстап түскен. Ол Достоевскийдің қанжары болатын. Ол қанжар кейін Врангельдің қолына түседі де, естелікке Шоқанға береді. Шоқан Қашғар сапарынан Петербургке асқан даңқпен, үлкен қошеметпен оралады. Осы кезде ол Петербордың әдеби ортасында ерекше құрмет көреді. Достоевский білген, Достоевскийді білген ортада жүреді. Бұл таныстық Достоевскийге де, Шоқанға да ыстық болғаны анық.

Екіншіден, музейде Шоқан мен
Достоевский хаттарының көшірмелері де бар екенін айттым ғой. Міне, сол хаттарының бірінде Шоқанның  күйзелісте жүріп жазған хатына жауап ретінде Достоевский досына «Дала туралы жаз» деп, оның – сауатты, білімді, алғыр да зиялы тұлғаның өз Даласын Батыс жұртшылығына таныстыру деген зор жауапкершілігі бар екенін хат арқылы білдіреді. Достоевский қазақ даласында болған. Оның қымыз ішіп, бауырсақ жеуі, қазақ адамын көруі, араласуы мүмкін ғой. Бірақ ол туралы әңгімелерінде айтпайды. Сөйте тұра Даланың ұлылығын сезініп қайтқан болуы керек. Бәлкім, өзі Даланы лайықты түрде жаза алмаймын деді ме екен? Әйтеуір Шоқанға «Дала туралы жаз» дейді.

Үшіншіден, Шоқан жастай дүниеден озып кетеді. Ф.М. Достоевский «Жасөспірім» деген романын жазады. Онда ол басты кейіпкер Версиловтың образын Шоқанды еске ала отырып жазды ма деп ойлайсың. Себебі ол роман туралы ойларын түсірген қағазға Версилов туралы жаза келе, «Шоқанның адамды баурап алу ғажайыбы» деп түртіп қойған...

Жалпы музейде Шоқанды, Даланы еске салатын жәдігерлер де көптеп саналады.

– Музейде түпнұсқа жәдігерлер көп пе?

– Өкінішке қарай соншалықты көп емес. Достоевскийге тиесілі материалдық заттар аздау. Себебі
Достоевкий қайтыс болғаннан кейін Анна Григорьевна ол пәтерден көшіп кетеді. Федор Михайловичтің заттары Петроградтағы қойманың біріне тапсырылады. Анна Григорьевна Ресейдің оңтүстігіне көшеді. Ол жақта бәрі сәтті бола қоймайды. Қызметшісі революция идеясына берілген жан болып шығады. Анна Григорьевна 1918 жылы Ялта қонақүйінде жалғыз қайтыс болады. Сол жақта жерленеді. Арада жарты ғасыр өткенде немересі Андрей Федорович оның сүйегін Достоевскийдің қасына қайта жерлегенін сөзімнің басында айттым.

Ал Достоевскийдің Петроград складында қалған заттарына келсек, революциядан соң, қойма қайта жасақталады да, қаламгердің қолжазбалары Пушкин үйіне жөнелтіледі. Кітаптары кітапханаға беріледі. Ал жазушының жеке заттары жоғалып кеткен.

– Музей Қазақстандағы әріптес­терімен бірлесе жұмыс істей ме?

– Әрине. Сол әріптестіктің негізінде М.О. Әуезовтің туғанына 125 жыл толу мерейтойына келіп отырмыз. Әуезов институтының қызметкерлері біздің музейде де болған. Мені осы жиынға шақырғанда екіұдай күй кештім. Білесіз бе, мен зерттеген Достоевский мен Әуезов мүлдем екі түрлі тұлға ғой. Достоевский – күрделі, күйгелек, қалалық. Әуезов – сырбаз, еркін, далалық. Мүлдем бөлек екі халықтың перзенті, мүлдем бөлек екі мәдениеттің өкілі. Алайда сол даланың басқа бір перзентімен Достоевский дос болған жоқ па, ол даланың ұлын «бауырынан да артық сүймеп пе еді?».

Иә, Әуезов пен Достоевскийді біріктірген – Дала. Әуезов – Даланың төл перзенті болса, Достоевский аз уақыт болса да, Даланы өз көзімен көрген, ұлылығын таныған. Ұлылығын танығаны сол, Шоқан досына «Дала туралы жаз» деп хат жөнелткен.

Екіұдай күй кешкенімнің екінші бір себебі – Әуезов кең құлашты жазушы. Оның роман-эпопеясы өте ауқымды шығарма. Ал біздің қазіргі заман адамы жылдам, тізгінсіз. Мұндай заман адамына Әуезовті қалай жақындатамыз? Жақындата алады екенбіз. Себебі роман-эпопеяда Әуезов адам психологиясының күрделі әлемін көрсетеді. Ал адам о заманнан өзін тануға құштар. Достоевскийдің сөзімнің арасында айтқан «адам жұмбағын шешу» мәселесі есіңізде ғой. Міне, адам жұмбағын шешудің сан қыры әр талантты қаламгерде әрқилы көрсетіледі. Осындайда талантты тұлғалар тамырлас екеніне сенесің.

– Достоевский ше? Оның қай еңбегі «жылдам, тізгінсіз» бүгінгінің адамына жақынырақ?

– Оның көп оқылатын бес романын Библияның бес кітабына шендестіріп, «бес ұлы кітап» деп айтатындар бар. Бұл сөзбен келісетіндер де, келіспейтіндер де көп. Мәселе онда емес. Мәселе осы бес романы арқылы Ф.М. Достоевский бір үлкен кітап жазып кеткен секілді болып байқалатынында ғой. Ол «Житье великого грешника» атты ауқымды кітап жазғысы келген. Оның көлемі Л.Н.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» секілді ауқымды болады деп сенген. Алайда Достоевский ол кітапты жаза алмады, мақсаты мен түрткен ойлары шимай дәптерлерінде ғана сақталып тұр. Бір нәрсе анық, оның атақты бес романы да жақсы мен жаманды көрсететін, дұрыс пен бұрысты айқындайтын, адам жұмбағын шешуге тырысқан роман.

Достоевский – ауқымды әлем, оның шығармашылығының әр қырына тоқталып, ойының әртүрлі шешімін табуға болады. Достоевский терең және сан қырлы. ХХ–ХХІ ғасыр оқырманы үшін, ол адам жұмбағын шешуші ғана емес, тарихи өмір үдерісін түсіне білген, адамзаттың болашақ апаттарын болжаған қаламгер.

Оның көркем дүниесі ғана емес, публицистикасы да өзекті. Жазушы күнделігіндегі жазбаларды оқи отырып, оның қызығу ауқымына таң қаласыз: жастар арасындағы суицид, Балқандағы соғыс, еврей мәселесі, сот реформасы, қылмыстық соттар, маскүнемдік, әдеби әлемдегі оқиғалар...

Иә, бүгін біз Достоевский өмір сүрген реалийде жүрген жоқпыз. Бірақ оның өмірлік құбылыстардың түп-төркінін байқап, суреттеудегі ерекше қабілеті біздің заманға да керек, өте керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

 

4311 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы