• Руханият
  • 06 Қазан, 2022

МӘСКЕУДІ ДЕ, БРЕЖНЕВТІ ДЕ КӨРГЕНБІЗ…

Дүние есігін ашқаннан кейін әуелі бесікке бөлегенде, одан соң тәй-тәй басқан тұсаукесерінде тиісті ырымын, кәдесін жасап бағатын ата-ана ұрпағына деген тілегін ғұмыр бойы еш толастатпайды. «Көпшіл болсын» деп тон, шапан жабады, «ат жалын тартып мінсін» деп қамшы іледі, «көз тимесін» деп тұмар тағады, дастарқанға бас келгенде, «көреген болсын» деп көзін, «әнші болсын» деп таңдайын, «шешен болсын» деп тілін, «көңілді болсын» деп езуін, «ақылды болсын» деп жұмсақ миын ұсынып жатады. Шаңырағы құтқа байланған барша қазақ отбасындағы осындай жағдай Байжановтар әулетіне де тән болған сияқты. Қонағы мен мейманы үзілмеген айтулы шаңырақтың кенже ұлы – Ерланға жоғарыдағы сыбаға молынан және көбірек тиген-ау деп тұспалдаймыз. Өйткені ол алпыс жасқа келгенше қаншама ұстаз, аға-іні, дос-таныс, қадірлес тапты. Өршіл болып өрісін кеңейтіп келеді. Естияр кезінен қоғамдық жұмыстан шеттемей, ғылыми-ағартушылық, кәсіпкерлік, қоғамдық-саяси, мемлекеттік істерге белсене араласып-құраласты, зиялы қайраткер азамат болып қалыптасты. Әртүрлі деңгейдегі басшылық қызметтің де тізгіні бұйырды. Бүгінде Төтенше және Өкілетті елші болып істейді. Тым жырақта, сонау Вьетнам Социалистік Республикасында, Камбоджа Корольдігінде, Лаос Халық Демократиялық Республикасында жүрсе де ағайын-туыспен, достарымен, бұрынғы әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста хабарласып тұрады.

 

Ерлан Сапарұлы екеумізді таң­даған оқу орнымыз бен болашақ мамандығымыз таныстырып, табыстырды десе болады. КазҰУ-дің табал­дырығынан аттап, бойымыз енді үйрене бастағанда үш-төрт оқу оза­тына күтпеген ұсыныс жасалды. Университеттегі азды-көпті жетістігіміз ескеріліп, М.В.Ломоносов атындағы МГУ қабырғасында, журналистика фа­культетінде оқуды жалғастыратын болдық. Әлі есімде, каникул мезгілі болатын, Советтік социалистік республикалар одағының астанасы – Мәскеуге ұшуға жиналдық. Бізді шығарып салу үшін аэровокзалға жақын туыстарымыз ғана келді. Әсіресе Ерланды қаумалаған кісі қарасы аз болмады. Сол жерде оның әкесі мені шетке шығарып, жақсы тілегін айтты. Соңында ұлының қызбалығы бар екендігін, керек кезінде оған ағалық танытуымды әрі бір-бірімізге сенімді серік болуды соншалықты сыпайы түрде жеткізіп, ескерткені бар. Қарапайым студентпен тең дәрежеде сөйлесіп сырласқан кісі досымның әкесі ғана емес, жазушы-журналист, Жоғарғы Кеңестің депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Сапар Байжанов екенін соңынан білдім. Байсалды, парасатты, әділ, нағыз зиялы кісі еді. Араға уақыт салып, талай рет Мәскеуге іссапарлап келгенінде де сол қалпынан, мінезінен, ірілігінен, айнымады. Ал әлі күнге дейін ұлын аялап жүрген анасы – Күләш Бейсенбіқызы да есімі елге етене таныс адам. Апамыздың тәрбие, руханият, журналистика саласындағы еңбегі көптеген шәкірттеріне үлгі-өнеге болып келеді. Осының бәрі ­Ерлан үшін, жауапкершілік жүгін еселеп арттырған сияқты. Әкеден балаға ауысқан тектің белгісі, ана тәрбиесінің сипаты – ұқыптылық, зеректік және кәсіби біліктілік болса, соның бәрі Ерланның бойында бар қасиеттер. Біз одан әрбір істі алдын ала жоспарлап қоюды, «оқ жонып, тон пішкендей» етіп пысықтауды үйренуге тырыстық. Мәскеуде өзге жоғары оқу орындарында оқитын алматылық жастар баршылық еді. Алайда оларға қарағанда Ерланның болмысында қалалық тәрбиеден гөрі дәстүрлі қазақы сыпайылық, ата-анаға деген сый-құрметі басымырақ болды. Әкенің айтқанын екі етпей, оның атына кір жуытпауға тырысатынын, өз намысын қорғай білетінін байқайтынбыз. Мұндайды қоғам, кез келген орта әке тәрбиесі деп қабылдайды. Оның үстіне Ерлан Сапарұлы Мәскеуге КПСС мүшесі болып барғаны да ол кезде белгілі бір әдепті, тәртіпті талап ететін. Түрлі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, белсенділік таныту да жазылмаған міндет болатын. Кейде бәріне үлгермей де жататын. Соған байланысты бір оқиға есімде қалып қойды. Қызыл алаңда 7-ноябрьде өтетін Октябрь революциясы мерекесіне арналған шеруге өзінің орнына менің баруымды өтінді. Бөгде адаммын, оның үстіне партия қатарында жоқ екендігім әшкереленіп жатса екеуміздің де мәз болмайтынымызды түсінсем де, Ерланның сөзін жерге тастай алмадым. Оның үстіне, жас коммунистің атына сөз келетінін, оңайға соқпайтынын біліп, әжептәуір әбігерге түсуіме тура келді. Шынын айтсам, сол жолғы «сүзгіден» Мәскеудің қара суығы мен аязының арқасында «Ерлан Байжанов» болып тез өтіп кеттім. Сірә, тексерушілер түр-түсімді ажырата алмай қалған болуы керек. Сөйтіп, КПСС Бас секретары Л.И. Брежневті өлерінен үш күн бұрын жақыннан көру сәті бұйырған еді. Одан кейін билікке келген Ю.Андропов, К.Черненко, М.Горбачев сияқты көсемдердің кезеңдерін де Мәскеуде өткізген едік.

Жалпы, байтақ елдің астанасындағы ағайындардың азиатжүзділерді жыға танымайтыны, бір-бірінен айыра алмайтыны бізге таңсық емес-тін, оған екі-үш мәрте көзіміз жеткен. Тағы бірде әскери жиындар кезінде Жарғыны өрескел бұзып, кереуетте сыртқы киіммен жатқан, көзілдірікті досымызға тағайындалған жазаны көзілдірік тағатын Ерланның тартуына тура келгені де бар. Әскери дайындық сабақтарында қазақстандық студенттерінің алған бағалары бірінен біріне алмасып кететін кездері де кездесетін.

Кезінде М.Әуезов: «Менің бір бақытты жерім – феодалдық қоғамды көргенім» депті. Заңғар жазушымыз айтқандай, біз де советтік кезеңді, тәуелсіздікке қол жеткізген қазіргі заманды көргенімізді мақтан тұтамыз. Советтік мемлекеттік құрылыстың жақсы жақтарын, мүлдем теріс тұстарын зердеге түйіп үлгердік. Сондай-ақ цензурасы аяқ бастырмайтын совет журналистикасының арқасында ел-елді, жер-жерді араладық, одақтас республикалардың өкілдерімен таныстық, көпшілігімен достығымыз да жарасты. Осы орайда тағы бір оқиға еске түсіп отыр.

1984 жылы Краснодар өлкесіндегі «Советская Кубань» газетінде өндірістік практикадан өтуге бардық. Ол сапарымыз хақында Ерланның өзі жақында төгілтіп естеліктер жазды. Мәскеуде ашқұрсақ болып жүрген студенттер бай өлкеге келгенімізбен бірден тойып, шала байып кетуге мүмкіндік болмады. Жазған-сызғанымыздың қаламақысын тосып, қаржы жағынан қысылыңқырап жүргенбіз. Бір күні газеттің редакторы екеумізді кабинетіне шақырып алып, уақытша жұмысқа қабылдайтынын айтып, хабарлады. Тіпті жалақымызды алдын-ала бергізді. Сөйтсек, сыртымыздан үндемей қамқорлық жасап, жарылқаған Сапар Байжанов ағамыз екен. Қазақта «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деп бекер айтпаса керек. Сөздің мәнісін түсіне бермейтін бәзбіреулер соңғы кезде мұны «Жақсы әке – балаға жүз жыл азық» деп өзгертуге тырысатын болыпты. Әрине, біріншіден, ұлтымызда 100 жыл жасайтын балалар көбейсін деп тілейміз, екіншіден, аталарымыз көз тимесін деп, бала атаулыға анықтауыш ретінде «жаман» сөзін әдейі қосып қолданғанын ұмытуға болмас. Ал одан мақұрым болса, өкінішті жағдай деп қабылдамауға лажымыз жоқ. Бірақ одан мәтелдің мәні өзермейді.

Оқуды тәмамдағаннан кейін біз жолдама бойынша еңбек күндерін ҚазТАГ-та бастап кеттік, ал Ерлан ғылым жолына түсті, оқуын МГУ аспирантурасында жалғастырды. 1989 жылы «Заманауи газеттегі публицистикалық пікірсайыстың негізі мен рөлі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

Бәлкім, ол да әке арманы, аманаты шығар. Сол кезеңде еліміздегі Бас архив басқармасының бастығы болып барған Сапар ағамыз да мұрағаттардан тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашып, халыққа ұсына бастады. Соның ішінде, «Абай және архив», «Архив – айғақ», «Қажыға барған қазақтар» сияқты еңбектері халық арасында өте жоғары бағаға ие болды. Сондай-ақ Сәтбаевтың Сталинге хаты, Момышұлының майданда жазған хаттары, Байсейітованың күнделігі, Брусиловскийдің күнделіктерін жарыққа шығарды. Әкесінің қандай жауапты жұмыста жүрсе де, қолынан қаламын тастамайтын қасиеті, біздіңше, Ерланға дарыған деуге болады. Өйткені Ерлан қалам тартып, жаза бастағаннан көзге түсті, кәсіби журналистердің ортасында өзіндік беделге ие болды. Соның арқасында ол министрдің бірінші орынбасары, тұңғыш Президенттің Баспасөз хатшысы болып істеген кезінде, сондай-ақ, еліміздегі түңғыш рет ашылған «Арна Медиа» ақпараттық холдингіне жетекшілік еткенде жаңашыл, іскер басшы екендігін танытты. Одан кейінгі кезде қандай лауазымды иеленсе де журналистикадан қол үзген емес. Мұны әке жолына адалдық деп бағаласа болады. Әлі күнге дейін әлемдік ақпараттық кеңістіктегі ағымдар мен тенденцияларды қалт жібермейді. Өйткені Ерлан Сапарұлы Байжанов – кәсіби журналист қана емес, ұлағатты ұядан ұшқан ғалым, қалам құдыретін құрметтейтін қайраткер тұлға, елдестіруді мұрат тұтатын тәжірибелі елші.

Дархан МЫҢБАЙ

 

894 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы