• Тұлға
  • 06 Қазан, 2022

ҚАЙРАТКЕРЛІК ҚАҒИДАСЫ

Осыдан жиырма жеті жыл бұрын жампоз журналист Қайнар Олжайдың «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі ­Алтынбек Сәрсенбаевпен сұхбаты («Тепе-теңдік теориясы», 10 наурыз 1995 жыл) жарияланған-ды. Қоғамда қордаланған өзекті мәселелер саясаткермен сұхбаттың арқауына айналған еді. Ол енді бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз – аңғарымпаз журналистің сұхбат соңындағы пайым-түйіні. «Алтынбек Сәрсенбаевтың бүкпесіз сөйлейтін ашықтығы, тереңнен пайымдап, құнды пікірге өзіңді лажсыз мойындататындығы ұнады. Кәнігі саясаткерлердей әсер қалдырды маған.

Саясаткерге салмақтылық жарасады. Оның бойынан жастығы да, салмақтылығы да жарасым тапқандай. Алысты ойлайтын азаматтық осылайша қалыптасатын шығар...» деп түйіндепті сұхбаттың соңын журналист.

Алтынбек Сәрсенбайұлы сол кезде бар болғаны 33 жаста болатын. Алаш қайраткерлері армандаған тәуелсіз мемлекеттің тұғырын биіктетіп, Қазақ елін өркениет көшіне қосудағы іргелі идеяларды жүзеге асыру жолында жанталасып жүрген кезі. Күйреген КСРО-дан азаттығын алған Қазақ елін жасампаз мемлекетке айналдыру басты мақсаты-тұғын. Алайда алып империяның қылбұрауынан босағанымен, егемендігін енді алған ел билігінің саясаты халықтың арман-мүддесімен үйлесім таба бермейді екен. Ел мүддесі емес, биліктің жеке мүддесі алға озған тұста көпшіліктің көздегені кейінге шегеріліп, кенжелеп қала беретінге ұқсайды. «Әуелі – экономика, сосын – саясат» деген жалаң ұранмен көпшілікті алдаусыратып, мемлекеттің демократиялық жолмен дамуына тұсау салынғаны басқа емес, биліктің қыр-сырын жақсы білетін Алтынбек үшін айдай анық еді. Демократиялық қоғам орнамай, халықтың еркін таңдау құқығына мүмкіндік бермей, Қазақ елінің өркендеуі де мүмкін емес-ті. Алтынбек Сәрсенбайұлы осыны жақсы түсінді. «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» жеке басын қатерге тіккені де сондықтан. Өзі айтпақшы, «Егер мен өзімнің саяси көзқарастарымнан бас тартсам, онда бұл саяси тұрғыдан өзіңді-өзің өлтіру болар еді. Мен өз көзқарастарымнан бас тартпаймын!» деп, өз-өзіне іштей серт беруі және ақырғы демі біткенше сол сертінен, азаматтық берік ұстанымынан таймауы айқын дәлел емес пе?!.

Елдің тәуелсіздігін жариялау бар да, мемлекеттілікті нығайту мен демократиялық қоғам орнатудың жөні бөлек көрінеді. Халық­аралық деңгейде ықпалдасудың орайы басқа да, ел билігінің мемлекетті көркейту жолындағы ықылас-ниетіне көп мәселе байланысты екен. Билік іштен іріп, бүлінсе, халықтың әл-ауқаты төмендеп, уақыт өткен сайын нашарлай беретінге ұқсайды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында бабалар арманына қол жеткізгенімізге мәз болып, шүкіршілік кейіпте жүре бергеніміз белгілі. Азаттық эйфориясынан арыла бастаған кезеңде мемлекеттің әлеуетті мүмкіндігі мен халықтың әлеуметтік жағдайы туралы шындық бір-біріне мүлде кереғар екенін пайымдадық. Осындай әділет­сіздікті көзбен көріп, ой елегінен өткізген ­Алтынбек Сәрсенбайұлы әділетті қоғам құруға, демократиялық құндылықтарды орнықтыруға белсене кіріскен-ді.

Таным бар да, білім бар да, соны өз өмі­рінің, күрескерліктің, қайраткерліктің қағи­дасына біржола айналдыру бар. Алтынбек Сәрсенбайұлының әділетті қоғам құру туралы кесек-кесек ойлары бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың бұлжымас қағидасы іспетті. Қайраткердің озық ойларын оқи отырып, тұжырымдарын әрбір алаш баласы көкірегіне түйіп, жадына тоқып өссе, Қазақ елінің болашағы да жарқын болады деген сенім бар. «Алысты ойлаған азаматтық» елінің ертеңгі таңдауын өзінің қайраткерлік қағидаларымен түбегейлі шегендеп берді. Ал біздің, Алаш жұртының ендігі міндеті – осы қағидаларды іс жүзіне асыру болмақшы. Көп болып қолға алатын ісіміз баянды болғай!

Бүгінгі күнгі мақсат – жау іздеу емес, пікір тоқайластыратын жер іздеу. Басты және негізгі міндет – көп болып қимылдап, мемлекетті нығайту, тәуелсіздікті сақтап қалу.

***

Билік саяси көзқарастардың тартысынан туындауы керек. Және билік басына кім келсе де, сол адам жетекшілік ететін саяси партияның көзқарасы үстем болуы керек, билік соның негізінде құрылуы керек. Сонда ғана  билік пен халықтың  қарым-қатынасы дұрыс болады.

***

Партия дегеніміз – адамның ой-санасына ие болу, қоғамдық ой-санаға жету. Ал ондай көзқарастарды меншіктеп қою мүмкін емес.

***

Саясат тек  қоғамдық көзқарас­тардың қарама-қайшылығы мен бірін-бірі толықтыруынан ғана туады. Сонда ғана қоғам үлкен негіздік құрылымға ие болады.

***

Шығармашыл зиялылардың демо­кратиялық құндылықтарға бет бұра бастауы – біздің өміріміздегі жаңа құбылыс.

***

Финляндияда 25 жыл бойы У.Кекконен президент болды. Демократиялық елде осынша ұзақ уақыт билікте болу деген – нонсенс. Бірақ оның Финляндиядағы мұражайында болып, мен оның балық аулауға рұқсат алғанын растайтын және төленген түбіртектерін көрдім де, өзімнің ішкі қате түсінігімнен бас тарттым.

***

Егер «телехабарлардың кем дегенде жартысы қазақ тілінде болуы керек» деген менің ұсынысым ұлтшылдық болса, онда еліміздің егемендігі жайлы әңгімені жылы жауып қою керек. Ұлтымыздың мүддесі үшін күрес ұлтшылдық па екен?!

***

Мемлекетіміз бай болса, халқымыз неге кедей? Меніңше, енді қалың бұқара осы сұраққа бас қатыра бастайды.

***

Биліктің барша тармағы сайланбалы болуы керек.

***

«Қазақтар саяси реформаларға дайын емес» деген сөз – ұлтымызды «ақыл-есі дұрыс емес» деп айтқанмен бірдей.

***

Мемлекеттік қызмет, ең алдымен, халыққа қызмет ететін орын. Сондықтан «қызмет» деп аталады.  Осыны ұмытпау керек.

***

Менің ұғымымда ұлттық идея, ол – нақтылы ұғым. Ол ұлтты жетілдірудің жолы. Ұлттық идеяны ұлттық мүддеден іздеу керек.

***

Патриотизмге, мемлекетшілдікке тәрбиелейтін құрал – баспасөз.

***

Шекарамызды сызып бергеннен кейін, ешкім бізге «тәуелсіздік мәңгілік» деп кепілдік берген емес.

***

Жасырып-жабатын не бар, біздің шенеуніктеріміз Қазақстанды феодалдық-азиаттық үлгімен басқарып, еуропалық үлгімен өмір сүргісі келеді.

***

Ұлтымызды қала халқы ету мәселесі – біздің алдымызда тұрған басты мәселе. Мұның саяси мәні де, әлеуметтік мәні де, стратегиялық маңызы да зор.

***

Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек. Себебі 160 миллион халқы бар. Не өндірсек те, соны оп-оңай сата алатын үлкен рынок, транспорттық дәліз.

***

Ішкі тұрақтылығы мығым, халқы­ның әл-ауқаты жақсы, үздіксіз жақ­сарып келе жатқан мемлекет еш­кімге жалтақтамай, сыртқы ­саясатын еркін жүргізе алады. Егер біздің ішкі тұрақтылығымыз сыртқы мемлекеттердің қолында болса, онда Қазақстан біресе анаған, біресе мынаған жалтақтап, кіріптарлыққа түседі.

***

Егер біз Еуроодаққа 20 немесе 30 жылдың ішінде енсек, онда қазақ ұлтының дамуына, әлемдік өркениет көшіне қосылуына толық мүмкіндіктер жасалар еді. Кемінде 100 жыл қауіп-қатерсіз еркін өмір сүруге кепілдік алар едік.

***

Қазақ халқын ХХІ ғасырда әкім­шілдік-әміршілдік, тоталитар­лық жолмен, басып-жаншып басқару мүмкін емес.

***

Ғылымды сыйлайтын адамдар – әділетті болуға тырысады. Себебі ғылымның өзі ақиқатқа алып баратын жол ғой.

***

Мәңгілік билеуші болмайды, мұны бәріміз де білуге тиіспіз. ТМД билеушілерінің қасіреті бір ғана мәселеге тіреліп тұр: авторитарлық үлгі-қалыптың болашағы жоқ және аса зиянды.

***

Әділетсіздік пен әділеттіліктің сындарлы тепе-теңдігі бұзылған жағдайда, қоғамның толқуы кез келген елде болады. Бұл да өмір заңы.

***

Билік  қылмысқа бой алдырса, қылмыс  билікке айналады.

***

Мен Қазақстан мүмкіндігін жү­зеге асыра алмаған мемлекет бол­ғанын қаламаймын. Менің буыным үшін ғана емес, келесі ұрпақ үшін де.

***

Парламент үкіметке ыңғайсыз сұрақтарды қоя алмайды екен, ол бір ғана нәрсені білдіреді: ол халықтың еркімен санаспайды және толықтай билікке тәуелді.

***

Адам құқығы жөнінде сөз еткенде бізде үнемі орыстілділердің азаматтық құқығы еске алынады.  Қазақ тілінде хабар ала алмай, өз мемлекетінде, өз жерінде, өз ана тілінде ақпарат көре алмай, тыңдай алмай отырған адамдар неге ескерусіз қалады? Олардың бұған құқықтары жоқ па?

***

Біздің  стратегиялық міндет – мемлекет құру. Онда да өркениетті, дамыған жаңа тұрпатты мемлекет құру. Егер осыған бәріміз жабылып жұмыс істейтін болсақ, біз бір-бірімізге көмекшіміз.

***

Біз қай елде, қандай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз қажет. Ал бұл мем­лекеттің идеоло­гиялық-имандылық негізін құрайтын – осы қазақ халқы­ның рухы, жан байлығы тіректері мен озық салт-санасы, оны ескермеуге болмайды.

***

Мен министр ретінде де, азамат ретінде де мемлекеттік біртілділікті жақтаймын. Себебі бұл қазақ тілін сақтаудың бірден-бір кепілдігі.

***

Мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілдің беделін көтеру үшін, ең алдымен, тұрғылықты халықтың өкілдері қазақша сөйлеп-жазуды үйренгені жөн. Егер мемлекеттік қызметте жүрген қазақтардың бәрі қазақ тілін үйренсе, онда бұл мәселе 90 пайызға шешілер еді. Өйткені, дәл қазір мемлекеттік шенеуніктердің  90 пайызы – қазақтар.

***

Кез келген салада  үркердей топтың монополияға ие болуы  қауіпті екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр, ал саясатта мұндайға жол берудің ақыры апатқа ұрындыруы ықтимал.

***

Тоталитарлық-авторитарлық режим халықты қаншалықты қысса, ол өз өмірін соншалықты қысқарта түседі. Бұрай берсең, қанша мықты арқан болса да, түбінде үзіледі.

***

Әдетте БАҚ-ты төртінші билік дейміз ғой, ал сол төртінші биліктің негізгі мәнінің өзі – алдыңғы үш билікке халықтың атынан қоғамдық пікір арқылы бақылау жасау. Сайланған президент пен парламентті, тағайындалған үкіметті бақылауға алу. Журналистиканың негізгі атқаратын қызметі – осы.

***

Ұлтты  ұлт ететін не? Оның тәуелсіз мемлекеті. Нақтырақ айтсақ, мемлекет жүргізетін саясат. Егер бодандықтан босаған ұлт мемлекеттік жүйесін дұрыс құра алса, дамудың үлкен жолына түседі.  Теріс жүйеге түссе, ұлт күйзеледі, күйрейді. Ұлт тағдырын мемлекет жүргізіп отырған саясаттан еш бөліп қарастыруға болмайды.

***

Жалпы жек көретін қасиетімді айтсам, уәдені көп беріп, орындамайтындарды ұнатпаймын. Сөзі байламды адамдарды ұнатамын. Бір келісіп, бір уәделескен мәселені қайтып өзгермей шешетін, сөзінде тұратын кісілерді  жақсы көремін.

***

Біздің әрқайсымыз өз таңдауы­мызды жасауға тиіспіз. Билікте жүру – ешкімнің басты мақсаты болмауға тиіс. Саясаткердің басты мақсаты  ұлттық мүдде мен халықтың ең зәру талап-тілектерімен сәйкес, үйлес болуы керек. Саясаткерлер жауапкершілікті әрі азаматтардың сенімін ақтай алуға тиіс.

***

Біздің демократиямызда кемінде бес жылға кешігу бар. Ал мынау ғаламдастыру кезеңінде кешігу біз үшін өте қауіпті.

***

Егер мен өзімнің саяси көзқарас­тарымнан бас тартсам, онда бұл саяси тұрғыдан өзіңді-өзің өлтіру болар еді. Мен өз көзқарастарымнан бас тартпаймын! Бұл мүмкін емес.

***

Қазақстанда әділеттілік орнайды. Бір сөзбен айтқанда, халық өз жеңісін тойлайтын кез келеді. Ол үшін ұзақ жұмыс істеп, халықтың көзін ашу керек.

Құрастырған Ғабит МҮСІРЕП,

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

 

1731 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы