• Әдебиет
  • 06 Қазан, 2022

ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ ӘДЕБИЕТТІ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫРА АЛА МА?

Нұрлайым БАТЫР
«Ana tili»

Бізді қоя тұрыңыз, америкалық прозаик Джон Стейнбек «Жазумен салыстырғанда, ат жарысы – берік, сенімді бизнес» депті. Кітап кәсібі ертерек дамыған елдің өзінде жазудың азабын майталман суреткер осылай жеткізеді. Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиетінің тарихына үңілгенде «роман, повест немесе поэма, өлең жазып байып кетіпті» деген қаламгерді емге таппайсыз. Тиісінше, жазушылардың жаңа нарықтық қоғамға икемделіп, сіңісе алғанына тәубе. Бұрындары жақсы шығарма үшін қомақты қаламақы алып, алаңсыз жазумен ғана шұғылданатын қаламгерлер заманның илеуіне түсіп, күнкөріс күйбеңімен кетті. Сонда да сөз өнеріне адалдық сақтап, қаламға берген сертін бұзбауға тырысатындар бар. 

Жиырма бірінші ғасырда, оның ішінде құлдырауға ұшыраған посткеңестік елдерде жазу арқылы күнелту қаншалықты мүмкін? Кешегі аюдай ақырған, бір кездері әдебиеттің алтындай асылдары дүниеге келген Ресейде бүгін қаламақымен күн көре алмайсыз. Жазған кітап үшін мандымайтын мардымсыз ақы төленеді. Ондағы жаңадан бастаған немесе онша-мұнша танымал емес жазушылар бір ғана шығарма жазумен жан асырай алмайды. Заманға бейімделіп, өмір сүру үшін жазушылықтан бөлек, осы төңіректегі қосымша (қара) жұмыстарды атқарады. Бас бұрып, бері қарасаңыз – бізде де осы кейіп. Еліміздегі қаламгерлер тек қана жазған шығармасы арқылы табысқа кенелуде десек, жалған болар еді. Тіпті «Олар бұл заманда жазумен қалайша күнелтіп жүр?» деген сауал туады.

Жазу – жан азабынан бөлек, көңіл күй мен ой тыныштығын тілейтін өнер. Ал сапырылысқан қазіргі қоғамда тыныштық табу мүмкін еместей. Қолбайлау болатын, көңілді түсіретін жайттар өте көп. Оған қоса, пайымдап қарасаңыз, жазармандар арасында бейжайлық пен немқұрайлық та байқалып қалады. Арқаны кеңге салып, үлкен шығарма жазуға тұсау болатын мәселенің тағы бірі – қаржы мәселесі. Қаламақы оңбай тұрғанда, жазуға ден қоятындар некен-саяқ. Жастау кезінде бірер тәуір шығарма берер, әйтсе де үйлі-жайлы болған соң біртіндеп жазуы азая бастайды. Күйбең тіршілікке қалай кіріп кеткенін білмей де қалуы мүмкін. Бәлкім, бұдан ары жазуға деген қызығушылығы сөне бастайтын шығар. Бүгінгі жазушылардың жалпы сипаты осындай. Айында-жылында болатын шы­ғар­машылық байқауларды айтпай-ақ қойыңыз.

Жазушы үшін ең үлкен мотивация, бізде неге екенін қайдам, батыста ол – табыс пен танымалдық. Басын бастап, бір шыңға шықсаңыз, әрі қарай сізді атақ пен абыройыңыз – жазған жазуыңыз асырайды. Бәлкім, дамыған елдерде кітап кәсібінің бізге қарағанда алға кетуі бұған себеп болар?.. Әзірге әлемдік әдебиет «кәсібінің» ең жоғары биігінде ағылшын жазушысы Джоан Роулинг тұр. Бертінде ғана жасалған рейтинг бойынша еуропалық жазушының бір жылдық табысының өзі 95 млн долларды құрапты. Әрине, табыстың көп бөлігі Гарри Поттердің киноэкранизациясынан түскен қаламақы есебінен. Автор ретінде Роулинг өз үлесін әрқашан алып отырады. Бұған атақты шығармаға орайластырып құрылған «Гарри Поттердің Сиқырлы Әлемі» аттракционын да қосыңыз. Осының бәрінен жазушыға табыс түседі және ол заңды. Дамыған батыс қоғамында жазушылық жұлдызыңыз жанар болса қалай күн көремін деп бас қатырмасаңыз да болады. Себебі сізді оқырман мен түрлі агенттіктер өзі асырайды. Сіз тек қаламға адал болып, тоқтамай жаза берсеңіз болғаны.

Әрине, жазу қажымас қайрат, сар­қылмас ақыл мен жай-күйді талап етеді. Бұған шабытты қосыңыз. Егер жазған шығарма үшін қомақты қаржы берілер болса жазушы шабыт іздеп шарқ ұрмайтын көрінеді. Бәлкім, шабыттың өзі қаржыға құйылар. Орыс классиктерінің өмір жолына зер салғанда, олардың жазу арқылы бүгінгі қоғамның түсіне кірмейтін табыс тапқанын біліп, таңырқайсыз. Сол кезеңдегі азық-ауқат құнына шағып, қазіргі ақшамен есептегенде, Александр Пушкин «Борис Годунов» пьесасына 3 586 000 рублей (29 205 005 тг), Гоголь «Ревизор» пьесасына 978 300 рублей (7 899 608 тг), Достоевский «Идиот» романы үшін 11 920 000 рублей (96 251 995 тг), Толстой «Воскресение» романына 53 800 000 рублей (434 425 954 тг), Чехов «Вишневый сад» пьесасына 3 000 000 рублей (24 224 495 тг) қаламақы алыпты. Достоевскийдің қаламақы үшін ғана жазған кездері болғаны жайында тарихта айтылады. Десе де, классик жаза алмаса тұра алмайтындай бар болмысымен сөз өнеріне берілгені ақиқат. Әйтпесе жақұттай шығармаларды өмірге әкелмес еді.

Кеңес кезінде бізде де жазушыларға жағдай жасалғаны рас. 5 мыңнан 100 мыңға дейінгі таралыммен кітаптар шыққан. Бүгінде ең танымал тираж саны – 5 мың. Одан көбі – көп. Бұндай жағдайда қазіргі қазақ қаламгерлері, батыстағыдай, әдебиетті бизнеске айналдыра ала ма? Әрине, үлкен өкінішпен «жоқ» деп айтуға тура келеді. Бизнес былай тұрсын, қазіргі жазушылар күнін қалай көріп жүргеніне бас ауыртып кетесіз. Себебі сөз өнері ұзақ уақыт пен қапысыз еңбекті қажет етеді. Ал мұндайда жазушы жазу жазып отыра ма, әлде отбасын асырай ма? Не де болса, дәл қазіргі уақытта елімізде қаламгерлікпен табыс таба алмасыңыз анық. Өйткені егер сіз жаңадан бастаған жазушы болсаңыз, ­баспамен келіскен күннің өзінде жылына 500 мыңға жетер-жетпес қаржы аласыз. Айына шаққанда бұл мардымсыз сома қара басыңызды асырауға да жетпейді. Әркім өзі жазғанын жарнамалап, сатсын дейін десең, қаламгерлер көбіне кәсіпке бейімсіздеу келеді. Жазуға бас қойып, ынты-шынтысымен айналысқан адам енді оны жарнама жасап, таратуға дегбірі шыдай бермесе керек. Бәлкім, келешекте әдеби агенттіктер, жарнама орталықтары мен жазушы қауым бірлесе отырып, осы мәселенің шешімін тауып қалар. Не болса да, қандай заман туғанның өзінде жазушының міндеті – жазу. 

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ,  ақын, прозаик:

БАСТЫ КЕДЕРГІ – ЖАЗУШЫНЫҢ ӨЗІНДЕ

Бүгінде жазушылар ара­сында нақты кімнің не істеп, нәпақасын қалай тауып жүргенін білмеймін. Сырттай тон пішіп, жалпылай долбарласақ, қалам­гер­лердің күнкөріс көзі негізінен жазудың айналасы. Біреу газетте, енді біреуі журналда, тағы біреулері телеарналарда деген сияқ­ты, көбісі журналистиканы жаға­лап тіршілік етіп жатқан болуы керек.

Осы тұстан тағы бір үстеме сұрақтың ұшығы шығады. Қазір бар тірлігін қайырып, тіршілігін жиып қойып «қолы сынғанша жазып» жақтан қаламгер бар ма? Меніңше, некен-саяқ, тіпті күні-түні тынбай еңбектеніп, үзіліссіз, үздіксіз өндіртіп жазуына жұмысы қолбайлау болып жүрген жазушыны да көрмедім. Бұлай болуы да шарт емес. Әу бастан қазақ қаламгерлерінің көбісі жұмыстан кейін, демалыс күндері, жылына бір келетін еңбек демалысында қалам тербеген. Әбіш Кекілбайұлы бір сұхбатында атақты «Үркер», Елең-алаң» романдарын үкімет жұмысынан соң, түні бойы көз майын сарқып жазғанын айтады. Айтайын дегенім, негізі жұмыспен жағаласып жүріп те жазуға болады. Басты кедергі уақыттың тапшы­лығында емес, жазушының өзінде.

Әрине, қай кезде де еткен еңбектің, төккен тердің тиесілі өтеуі болуы тиіс. Кеңес үкіметі тұсындағыдай аткөпір қаламақы­ның енді қайтып болмайтыны да рас, оны аңсап, ауыздың дәмін алып айта берудің де қажеті жоқ. Қазір кейбір қаламгерлер мемлекеттік тапсырыс арқылы кітабын шығарып, сәйкесінше, әжептәуір қаламақы алып жатыр. Егер осы үрдіс тұшымды, татымды шы­ғармалардың иесіне бұйырса – құптарлық, қуанар­лық жағдай. Бірақ мұнан жыл сайын тапсырыспен кітап шығарып мемлекетке масыл болып алу деген ой тумауы тиіс. Бір сөзінде жазушы Есбол Нұрахмет: «қаламақы төленбесе жазғанымызды ешбір басылымда жарияламайық» дегенге саятын бір ой атты. Шынымен де, кейде қаламгерлердің өзі босаңдық танытады. Соқыр жармақ төлемі жоқ сайтқа не газетке шығармасын жариялайды, соның жарық көргеніне, бірлі-жарым адамның жылы сөз айтқанына мәз болып жүре береді. Енді осыдан соң қаламгерлерде не абырой, не қадір қалды дейсіз. Тегін дүниенің қандай салмағы бар? Ең әуелі жазармандар осыған өздерін дағдыландырғаны дұрыс.

Қазақ жазушысы, ең алдымен, өз ұлтының өтеуін өтей алса, асқан даңққа, кенеусіз қаржыға қол жеткізбесе де еркін жүріп-тұруына жетерлік қаржыға кенелуі мүмін. Бұл үрдіс қазірдің өзінде-ақ іске асып жатыр. Мысалы, жазушы Әлішер Рахат жақын жылдары екі роман жазды, өтімі, таралымы көңіл қуантарлық, демек, сапалы, жақсы шығармаға сұраныс бар. «Оқырман жоқ, ешкім оқымайды» деп ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Ал шетелге жол ашудың да алғашқы сеңі бұзылған секілді. Жазушы Бақытгүл Сәрмекованың кітабы ағылшын тіліне аударылып жарық көргелі жатыр, алғаш­қы қаламақысын алып та үлгерді. Еңбек еткен, ерінбеген, қолы­нан келгенше жақсы жазған жазу­шының жолы ашық болуы тиіс,­ ал азды-көпті кедергілерді шын жазарман өзі-ақ еңсеріп алады.  

 

Бақытгүл СӘРМЕКОВА, жазушы: 

ҚАЛАМАҚЫ ТӨЛЕУДІ ЖЕКЕМЕНШІК БАСПАЛАР МОЙНЫНА АЛСА...

Қазіргі таңда мен жазуға мүлде қатысы жоқ жеке кәсібіммен – саудамен күн көріп жатырмын, күн көріп жатырмын деп мүсәпірленбейін, жақсы өмір сүріп жатырмын деп айтуыма да болады.
Меніңше, қаламақы қайта жанданса – тапсырыс пен ақша үшін жазатындар көбейеді. Бірақ ақша, табыс үшін жазуын жазғанмен – іздейтін оқырманы аз болса, тағы да дисбаланс туады. Қаламақы мемлекет тарапынан төленсе – мемлекет өз идеологиясы бойынша жаздырады. Сондықтан қаламақы төлеуді жекеменшік баспалар, маркетингке ілесе алатын заманауи баспалар мойнына алса – табыс үшін жазуға болар еді. Сонда науқан үшін, мемлекеттің артық қалған ақшасын игеру үшін, жәй есеп беру үшін жазу, кітап шығару да басылар еді. Кітап – тауар, оқырман – тұтынушы, жазушы – тауар өндіруші болса ғана – әдебиет дамыр еді.
Кітабым саты­лымға шығып, оны кәдімгі оқырман сатып алатын жағдайда ғана қаламақы алуға дайынмын. Әйтпесе әр­түрлі мемлекеттік бағдар­ламалар аясында кітап шығару, белгілі бір тақырыптарда ғана жазып, сол үшін мемлекеттен қаламақы алуға мен қарсымын. 
Келешекте қазақ жазушысы шыққан кітабы арқылы көп қаржы тауып, танымалдыққа ие болғанын қалаймын. Кітапты тауар, сапалы тауар ретінде сата алатын дәрежеге жету үшін – неше ұрпақ ауысуы керек екенін білмеймін, әзірге біздің қоғам рухани дүниелерге қарауға мұршасы аз, бәріміз күн көру қамымен ғана жүріп жатырмыз.

 

3673 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы