• Тұлға
  • 06 Қазан, 2022

КЕМЕҢГЕР КЕЛБЕТІ КЕСТЕЛЕНГЕН КІТАП

Райхан Сахыбекқызы Имаханбет – Алматы қаласындағы Ахаң үйінің нағыз жанашыр «шырақшысы». Райхан Сахыбекқызы ұлт ұстазының өмірі мен ғылыми мұрасы туралы кандидаттық диссертация қорғап қана қоймай, көптеген кітаптар, энциклопедия мен анықтамалық-көрсеткіштер, фотожинақтарды  «Ахметтану» тақырыбында басып шығарған. 2021 жылы «Ахмет – ұлт ұстазы» телехикаясының бас кеңесшісі болды. Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын насихаттаудағы мерейлі жылда ғұламаның ­12 томдық толық шығармашылық жинағын дайындап жатқан ұжымда да –басты орындаушы. Ахаң­дай кемеңгердің рухани мұрасын талмай зерттеп, зерделеп һәм насихаттап жүрген ғалым­ның биыл «Ғасыр саңлағы» атты кең көлемді кітабы оқырман қауымға жол тартты.

Алдыменен айтарымыз, кітаптың авторы Райхан Сахыбекқызы 2010 жылы «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашы­лық ғұмырбаяны (мұрағат деректері негізінде)» атты монографиясын жариялаған. Бұл зерттеуге қазақ елі­нің білім мен ғылым саласында аса зор құрметке бөленген белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Тұрсынбек Кәкішевтің берген бағасы өте жоғары. Содан бері соңғы 10 жылдан астам уақытта Р.Имаханбет өзі жүргізген зерттеулерінің нәтижесін жинақтай отырып, бұл еңбегін толықтырып, екінші рет әдеби туынды ретінде ұсынуда. Кітаптың қолжазбасын оқи отырып, мынадай ойлар туды.

Біріншіден, ахметтану саласында 30-дан аса докторлық, 60-қа жуық кандидаттық диссертациялар мен 50-ге жуық жарық көрген кітаптардан басқа мыңдаған мақалаларды саралаған әрі осы еңбектерге ғалым ретінде өзіндік баға бере отырып, оралымды ой-тұжырым түйеді. «Барды бар, жоқты жоқ» деп турасын айтумен қатар, мазмұны жағынан жіберілген қателіктерді де жүйелі түрде дә­лелдеп, дұрыс жолын көрсетеді. Со­нымен қатар болашақ ұрпақтың, тіл мен әдебиет саласындағы ғана емес, жалпы ғылым саласындағы ахметтанушыларға қисынды бағыт-бағдар береді. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының өмірдерегі мен ата-баба шежіресіне, жеке отбасына аса мұқияттылықпен зерделеу жүргізе отырып, бұрын жаңсақ кеткен мәліметтерге де дәйекті түрде түзетулер жасаған. Ахаңның өзі ғана емес, туыстары мен жолдастары, замандастарының аты-жөні, туған күндері және өлген жылдарына байланысты мәліметтерде нақтыланған. Осы деректерді бір жүйеге келтіріп, библиографиясын тізбектеп шыққан.

Үшіншіден, кітаптың әрбір тарауында мұрағаттық құжаттармен (ҚР Орталық мемлекеттік архиві, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ­ҚР Ұлттық кітапханасы) тыңғылықты түрде үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасағаны тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.

Төртіншіден, ең бастысы – Алаштың Ахметіне арналған, жоғарыдағы көрсеткен қисапсыз әде­биеттердегі шашырамды дәйек-деректерді бір ізге түсіріп, көп­теген жылдар бойы үлкен ыжда­ғат­тылықпен сирек қорлардағы құнды материалдарды да рет-ретімен пайдаланып, осылардың бәрін тұтас ғылыми тұрғыдан тұжырымдап, алғашқы рет толыққанды жүйеленген ерен еңбектің жарыққа шығуына бар мүмкіндікті жасаған.

 Әдеби туындының мазмұны мен әрбір тарауының «шегеленгендей» атаулары бір-бірімен үндесе тізбектелген. Мысалы, «Киелі мекен», «Толағай тұлға», «Ұлы ағартушы», «Ғасыр саңлағы». Әдеби туынды мәтіні шұбалаңқы емес, қысқа да нұсқа әсем өрнектермен, майын тамызып ақ қағаз бетіне түсірген. Осының бәрі әдеби туындының толыққандылығын көрсетіп, ғылыми құндылығын арттыра түскен. Ойы орамды, тілі жатық, пікірлері дәлелді.

Кітаптың көлемі – 400 бет. Бұл көз майын жегіп, бірнеше жыл дайындаған еңбектің жемісі деп білемін. Әрбір дүниені байыпқа салып бағамдай алу үшін және арнайы тоқтап әспеттей алу үшін де терең білімділік пен үздіксіз жанкештілікті ізденісті қажет ететіндігін білеміз. «Келешек заман адамының игілігі үшін жоқ дегенде, бір кірпіш қалаған адам, ел бүлдірген озбыр патшалардан анағұрлым жоғары тұрмақ» деген екен бір білімдар. Расында да қара күш жұмсау әркімнің де қолынан келеді, ал ақылды жұмсау – ілуде бірдің ғана қолынан келеді. Ендеше, осындай кісінің қаламынан туған әдеби туындының деңгейі жоғары болатындығына күмән жоқ. Кітап қазақ тілінде жарық көргеннен кейін ағылшын және түрік тілдеріне аударылып баспадан шығуға дайындалып жатқандығынан да хабардармыз.

Хас тұлға, данагөй Ахмет Байтұрсын­ұлының өмірдерегі мен мұрасын жан-жақты көрсетумен қатар, тарихи тұлғаның жеке басына арналған лебіздер легі де (Алаштың Ахаңы, Ұлағатты ұстаз, Халық көсемі, Кемел ер, Кемеңгер тұлға, Алаш ақиығы және т.б.) өз орнын контекстке байланысты дәл тауып басқан. Пікір білдіруші әрі оқырман ретінде кітапты риясыз қабыл алып, сүйегі қатқан сүбелі туынды деп білемін.

Алтынбек НУХҰЛЫ,

ҚР Парламенті

Сенатының депутаты,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының

корреспондент-мүшесі

1260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы