• Руханият
  • 06 Қазан, 2022

ҚОС ҚАЙРАТКЕРГЕ ҚОЙЫЛҒАН ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткенде Түркістан өңіріне барса, жақында Семей, яғни Абай облысындағы жұртшылықпен кездесті. Абай, Шәкәрім, Мұхтардай алыптарды сыйлаған өңірдің ұлтымыз бен мемлекетіміз үшін маңызы ерекше. Сөзді осы үш тұлғадан бастаған Мемлекет басшысы, Семей қаласының еліміздің болашағы үшін күрескен Алаш үкіметінің астанасы болғанын еске салды. Бұл бағыттағы аталған қаланың ерекшеліктерін тізбелесек, біздің елдігімізге қатысты көп істің бастауында тұрғанын көреміз.

Осыдан 120 жыл бұрын ашылған әйгілі Мұғалімдер семинариясында Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов секілді біртуарлар білім алғаны белгілі. Қазақ театр өнерінің басында тұрған Семей музыкалық драма театрын да атап өткен абзал. Тіпті ең алғашқы командада Мұхтар Әуезов ойнаған, қазақ футбол ойынының тұсауы кесілген жер де – Семей. Қазақ жерінде пайда болған телеграф, архив, қоғамдық кітапхана, тарихи-өлкетану музейі секілді өркениеттік құрылымдар да осы қаланың еншісінде. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылы өз шешімімен қалаға «тарихи орталық» мәртебесі берілгенін атап өтті.

Бұл облыс халық үніне құлақ асатын мемлекет құрып жатқандықтан, елдің өтінішін ескеріп құрылғанын, ал Абай есімі берілгенін, ол ұлт пен жұрттың символына айналған тұлға екендігімен түсіндірді. Облыс республикалық бюджеттен тікелей қаржыландырылмақ. Сондай-ақ өңірді дамытудың нақты бағыттарын да көрсетті. Бұл ретте облыстың Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатқан ерекшелігін пайдалануды ұсынды. Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісі салынбақ екен. «Құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамытудың маңыздылығына тоқталды. Семейде кезінде жапондар салып берген көпір бар екендігі мәлім. Оны тұрғындар сырттан келгендердің көретін жалғыз нәрсесі ретінде атайды. Ол да тозып тұрғаны белгілі. Халықаралық күре жол Семей арқылы өтетіндіктен, қаладағы көпірлерді жөндеуді де тапсырды.

Президент Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозғанын да айтты. Жазда ыстық су болмай қалады, қыста үйлері жылынбай тұрғындар зардап шегіп келеді. Бұл тіпті телеарналардың тұрақты тақырыбына айналғалы біраз жыл болды. Сондықтан ол мәселені де түбегейлі шешуді міндет етті. Облыс ашылғалы жаңа мектептер, балабақшалар салу қолға алыныпты. Олардың санын әлі де көбейту керектігін ескертті. Қазірдің өзінде тоғыз мыңға жуық балаға орын жетіспейді екен. Соны тілге тиек еткен Президент:

– Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын. Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бе­кітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтердің мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік.

«Әліппені» қайтардық. Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан ары биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады. Семей білім беру саласында көш басында жүруі қажет. Батыстың озық университеттерінің бірі Семейде өз филиалын ашса немесе Семейдің жоғары оқу орнымен байланыс орнатса, жақсы болар еді, – деді.

Президент денсаулық саласын да назардан тыс қалдырмады. Қалада медицина университеті мамандар дайындауда. Енді сол университет жанынан Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен көпбейінді аурухана салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр екен. Қаладағы онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға беріліпті. Балаларды оңалту орталығы салынуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 65 нысан салынбақ. Мұндай шаралар, әсіресе ядролық сынақтан көп жыл бойы зардап шеккен өңір үшін маңызды екендігі сөзсіз.  

Өңірдің жер қойнауы полигон зардаптары кесірінен зерттелмегелі талай жыл өтіпті. Президенттің айтуынша ауқымды геологиялық зерттеулер жүргізілмек.
Жерасты байлықтары да жоқ емес. Өңірде болашақта тау-кен өнеркәсібі де дамымақ. Сондай-ақ аталған облыс кезінде мол ет, сүт өндіретін аграрлық өңір болғанын еске салды. Мал өнімдерін өңдеуге баса назар аудару қажеттігін де айтты. Яғни ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін жаңа заманға сай кәсіпорындарды дамыту көзделмек.

Кезекті бір маңызды мәселе – бос жатқан жерлерді анықтау. Бұл іс Президенттің пәрменімен еліміз көлемінде жүргізіліп жатыр. Абай облысы көлемінде бос жатқан мемлекетке қайтарылуы тиіс 200 мың гектар аумақ анықталыпты. Мемлекет басшысының айтуынша, соның 62 мың гектары мемлекетке қайтарылыпты. Енді сондай жерлерді шаруаларға әділ бөліп беріп, ел игілігіне жаратудың маңыздылығын айтты.

Президент экология мәселесіне де тоқталды. Энергетика министрлігі ­Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын әзірлепті. Мәжіліс мақұлдаған көрінеді. Енді сол заңды түбегейлі қабылдап, радиациясы жоқ жерлерді халықтың пайдалануына беру керек. Сондай-ақ жұрт біле бермейтін бір деректі келтірді. Жер шарының континенттік полюсі біздің жерімізде, тіпті, Абай ауданындағы Жидебайда, тура Абайдың мұражай-үйінің жанында екен. Бұл ерекшеліктің символдық мәні бар екендігіне тоқталды. Мұндай жаңалық туристерді тартуға да ықпал етпек. Бұдан ары Президент:

– Үкіметке жақын арада Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын  жасауды тапсырамын. Келешекте облыс өзін-өзі толыққанды қамтамасыз ете алатын, өркендеген аймаққа айналуы тиіс. Қасіретке шалдықса да қасиетін жоғалтпаған өлкені барынша дамыту – ортақ парыз. Бұл менің Президент ретіндегі парызым деп айтсам, артық емес. Осы орайда бір мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Шын мәнінде ұлтты жаңғыртуың негізі саясат пен экономикадан гөрі білім мен мәдениетте жатыр деуге болады. Семей өткен ғасырдың басында қазақтың рухани астанасы саналған. Абай бастап, Алаш арыстары жалғаған ұлы жол ұлтымызды есейтіп, мүлде жаңа деңгейге көтерді. Олар қазақтың болашағы қандай болуы керектігін айқындап берді – деді.

Рас, полигонның кесірінен қазақ үшін аса қастерлі өлке қасіретке тап болды. Кезінде полигонның жабылуы үлкен қуаныш болса, енді оның облыс болып ашылуы да өте маңызды оқиға. Сынақ тоқтап, өзіне келе бастаған жерді енді игеру мәселесі тұрғанын Президент атап көрсетті. Сондай-ақ білім мен мәдениеттің, тіпті саясат пен экономикадан да маңыздылығын ескертуі, соларды алға оздыру қажеттігін пайымдауы ұлт үшін өте  маңызды дер едік. Бұл ретте қоғамдық сананы түбегейлі жаңғыртумен айналысуға шақырды.

Жастар үшін хакім Абай айтқан бес асыл іс: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой» – әрқашан бағыт-бағдар Темірқазығы болуы тиіс. Ұлы ақынның болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекқор Толық адам идеясының да маңызы арта түспесе кемімек емес.  Бұл бағытта Президент қоғамымызда жаңа құндылықтар орнықтыру қажеттігін де үнемі айтып келеді. Жастар үшін терең білім, еңбекқорлық, сосын отаншылдық қасиет биік тұру керектігін осы жолы да ескертті.

– Бүгінде әлемде бұрын-соңды болмаған геостратегиялық шиеленіс байқалады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі саясаткерлер мен сарапшылар ядролық қарудың қолданылу қаупін қызу талқылап жатыр. Семей ядролық полигонындағы соңғы жарылыстан бері 33 жылға жуық уақыт өтті. Бұл аймақтың тұрғындары «Қырғи-қабақ соғыстағы» ядролық әлеует пен ақылға қонымсыз бәсекелестіктің барлық қиындығын бастан өткерді – деп әлемдегі саяси ахуал мен облыс тұрғындарының жай-күйін сабақтастыра сөйледі. Расында кезінде полигон жабылғанымен ұзамай облыстың жабылуы сол зардаптардан тезірек құтылуды тежегенін айтқан абзал. Енді облыс халқы баяғы бақуатты қалыпқа қайта келу үшін еңбектенетіні анық. Дегенмен Президент айтқандай жаңадан облыс құру оңай шаруа емес.

– Мен осы өңірден шыққан іскер азаматтарды Абай облысын бірге көркейтуге шақырамын. Мектеп, емхана және басқа да әлеуметтік нысандарды мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі аясында салуға мүмкіндік бар – деді. Демек сол өңірден шыққан кәсіпкерлер ойлануы керек.

– Кез келген мәселеде адамдардың өз ара қарым-қатынасы, сыйластығы маңызды. Президент адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Немқұрайлылық, сенімсіздік пен қатыгездік, енжарлық секілді жағымсыз қылықтар халықты кері кетірмесе ілгері бастырмайтыны анық. Жастардың бойына адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық секілді қасиеттерді сіңіруге талпынуымыз қажет. Мемлекет басшысы бұл ретте «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп Абайдан артық айтқан ешкім жоқ екендігін тілге тиек етті.

Президент облыстың бірнеше азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Жиын­ға қатысқан жұртшылық мемлекеттің өзде­ріне деген қолдауын анық сезінді деуге болады.

Осы сапар Президент Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткішті ашты. Ескерткіш көрсең көз тоярлық деңгейде жасалыпты. Ұстаз бен шәкірт, әлде аға мен іні. Қалай айтсаң да, жарасады. Мұхтар Әуезов Абай арқылы әлемге қазақты танытқаны, Қайым Мұхамедханов Абайтану мен Шәкәрімтануға, Алаштануға ғұмырын арнағаны белгілі. Президент бұл ескерткіштің Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналғанын атап көрсетті. Қысқасы Президент бұл жолғы сапарында сөйлеген сөзінде, елдің болашағына қатысты қадау-қадау ойлар айтты.

 

832 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы