• Руханият
  • 06 Қазан, 2022

ҰЛТЫНА ҒҰМЫРЫН АРНАҒАН ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР

Торғайда ұлт ұстазы ­Ахмет Бай­тұрсынұлының туғанына 150 жыл толу мерейтойына арналған дүбірлі той өтті. Алқалы жиынға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев та қатысты.

Сенат спикері «Ұлтына ғұмы­рын арнаған Ұлы тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құттықтау хатын оқып берді.

«Жалпы, Ахаң туралы жарты ауыз сөз айтудың өзі үлкен жауап­кершілік. Себебі ол өте терең, жан-жақты тұлға болды. Ол ақын, тіл және әдебиет сала­сындағы ғалым, саясаткер, публицист, педагог болғаны баршамызға белгілі. Ахмет Байтұрсынұлы осы бағыттардың бәрінде ұлттың білімін молайтып, еркіндікке қол жеткізуіне бар күш-жігерін ­жұ­мсады», – деп жазылған Прези­дент­тің құттықтау хатында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына «Қырық мысал» арқылы үн қатып, қазағын «Маса» болып оятуға талпынғанын атап өтті. Қайраткер тұлғаның жетекшілігімен тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газеті жарық көргенін еске салды.

«Ахаң – төл әліпбиімізді жа­саған реформатор. Еңбек жо­лының басында және кеңестік биліктің тепкісіне түскен тұста педагогикалық қызметке айрықша мән берді. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға қатысты маңызды оқу құралдарын жазды. Ахаңның саяси қайраткерлік қыры бір бөлек. Ол ұлт көсемі Әлихан Бөкейханмен және Міржақып Дулатұлымен бірге Алаш қозғалысының басында тұрды. Осылайша ұлтымызды қаламгерлігімен де, қайраткерлігімен де егемендікке жетеледі. Сол жолдағы табандылығы тау тұлғаның өз өміріне ауыр соққы болып тиді. Осындай ардақты арысымыздың есімін ұмытпау, ұлт санасында жаңғыртып отыру – баршамызға ортақ міндет. Себебі Ахаңның тұлғасы қазақ­тың әлеуетін, деңгейін, болмысын көрсетеді. Сондықтан Ахаңның тойы – Алаштың абыройы деп санаймыз», – деп жазылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев ұлт ұстазы, аса көрнекті ғалым, ағартушы, тарихи тұлға Ахмет Байтұрсынұлының саяси және рухани мұрасына кеңінен тоқталып өтті. Мерейтойдың қазақ үшін қастерлі Торғай жерінде аталып өтуінің айрықша маңызына назар аударды.

«Өздеріңізге белгілі, біз қазір күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі шиеленістер ушығып кетті. Қақтығыстар алыста емес, дәл іргемізде болып жатыр. Осындай алмағайып кезеңде біз қамсыз отыра алмаймыз. Елдігімізді сақтау және ұлттық мүддемізді қорғау – ең негізгі міндетіміз. Президен­тіміз осыдан бірнеше күн бұрын Түркістан төрінде сөйлеген сөзінде қазіргі таңда бізге бекем бірлік ­ауадай қажет екенін айтты. Бәріміз ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуымыз қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа тарихи кезеңінде өңірлерді өркендету мәселесіне баса мән беріп отырғанын, осы бағытта тиісті органдарға нақты тапсырмалар бергенін және алдағы міндеттерді нәтижелі орындау үшін Парламент жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын Сенат Төрағасы айтты.

«Мемлекет басшысы жаңа және Әділетті Қазақстан құру бағдарын айқындап берді. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Елімізде кешенді саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер іске асырылуда. Ең басты міндет – тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту. Ол үшін тұтас елімізді, сондай-ақ әр өңірді өркендетудің маңызы зор. Президентіміздің жаңа бастамалары қазақ үшін қастерлі мекен саналатын Торғайдың дамуына тың серпін береді деп сенеміз», – деген  Мәулен Әшімбаев Әділетті Қазақстан құру және өскелең ұрпақты отаншылдық рухпен тәрбиелеу жолында Торғай топырағынан түлеген тұлғалардың рухани мұрасын дәріптеудің маңызды екенін тілге тиек етті.

Ал аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов Ахмет Байтұр­сын­ұлының өмірі мен қызметіне арналған ауқымды іс-шаралар жыл басынан бері елімізде ғана емес, бірқатар шет мемлекеттерде де ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Айтулы шараның Әулие­көл ауданында болған төтенше жағдайға байланысты кейінге шегерілгеніне түсіністікпен қарап, қолдау біл­дірген көпшілікке алғыс айтты. Сонымен қатар мерейтой аясында ұлт ұстазының музей үйі және жаңадан кесене салынға­нын, ­Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының жаңа ескерткіші орнатылғанын атап өтті.

«Бұл нысандардың барлығы «Torgai Tour» туристік бағытына енгізіледі. Біз қазір жоспарлап отырған экономи­каның тұтас бағыттары қамтылған ауқымды жобалар облыстың оңтүстік өңірінде шамамен 4,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жыл сайын барлық деңгейдегі бюджеттерге салық аударымдары түрінде шамамен 50 млрд теңге түседі. Облысқа мол инвестиция тарту мақсатында біз «Қостанай облысының оңтүстік өңірлерінің инвестициялық картасы» интернет порталын әзірлеуге кірістік, ол әлеуетті бизнес субъектісіне өңірлердің экономикасымен, жер учаскелері, инфрақұрылымы және осы өңірлерде дамытуға болатын басым салалар бойынша ақпаратқа қолжетімділікпен танысуға мүмкіндік береді. Сайтты жыл соңына дейін іске қосуды ­жоспарлап отырмыз, ал 2023 жылдың бірінші тоқсанында интернет ресурсты деректермен толтыру бойынша жұмыс жүргіземіз», – деді облыс әкімі.

Конференцияда жазушы, ғалым Қойшығара Салғара, алаштанушы Әнес Ғарифолла, ахметтанушы Серікбай Оспанов және тағы басқа белгілі зиялы қауым өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері де сөз сөйледі.

Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының доценті Ғарифолла Әнес соңғы жылдардағы ғылыми ізденістер нәтижесінде алаштануға, ахметтануға қатысты тың деректер табылғанын айтты.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Жарлығы шықты. Сол бойынша комиссия құрылып, жұмыс істеп жатырмыз. Қаншама жаңалық ашылып жатыр. Осының бәрі халыққа жетсе екен дейміз. Мәселен, біз әу баста Ахмет Байтұрсынұлына қатысты архив құжаттарынан бір томдық жинақ дайындағанбыз. Ол екі том болды. Одан кейін үш том болды. Жуырда ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жабық қорынан Ахмет Байтұрсынұлы туралы үш том құжат, деректер шықты. Қазір бұл құжаттардың барлығы зерделеніп жатыр. Алаш қайраткерлері туралы әлі талай әңгімелер болады. Жұрттың бәрі Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған қайраткерлер 1937–1938 жылдары сталиндік үлкен террордың құрбаны болды деп ойлайды. Шын мәніндегі үлкен террор 1925 жылы қазан айында Қазақ даласына Голощекиннің басшы болып келуімен басталған еді. Ал енді 1929 жылдан кейін, бірде-бір Алаш қайраткерінің не аты, не мақаласы, не кітабы шыққан жоқ. Ақаңдар бастаған Алаш арыстары тек 1988 жылы 28 желтоқсанда ақталды. Сонда 60 жыл бойы үнсіздік болды. 60 жыл бойы бұл кісілердің аты аталмады», – деді ғалым.

Ал Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілі Гүлнар Төкенқызы Ахмет қалыптастырып кеткен төл терминдер төңірегінде ой қозғады. Таяуда орталық Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» мен «Тіл-құралын» тұңғыш рет үш тілге аударғанын айтып, еңбектің ең алғашқы данасы – қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдеріндегі нұсқасын ұлт ұстазының туған жері Торғайдағы музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекейге табыстады.

Сонымен қатар шара барысында Ахмет Байтұрсынұлы медалімен, «Тіл жанашыры» сыйлығымен және «Жангелді ауданының құрметті азаматы» атағымен марапаттау рәсімі өтті.

Мерейтой аясында Қостанай облысының Торғай ауылында Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш ашылды.

«Ескерткіштің Ахмет ­Байтұрсын­ұлы мен Міржақып Дулатұлына арналуының тағы бір себебі, екі қайреткердің де осы өңірдің тумасы болуында жатыр. Жалпы, Торғай өңірі – Ахмет пен Міржақыптай талай арыстар шыққан қастерлі мекен. Бұл өлкенің ұлтымыз үшін орны бөлек», – деді Сенат Спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев киелі Торғай өңірінен ұлт тари­хындағы көптеген ұлы тұлғалар шыққанын, олардың қатарында ­Абылай ханның серігі болған шақшақ Жәнібектің, елінің ертеңі үшін атқа қонған Амангелді мен Кейкі батырлардың, халқын бірлікке, білімге, отаншылдыққа шақырған Ыбырай ­Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының есімдері ерекше аталатынын айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қазақ үшін бұл өлкенің қасиеті бөлек екеніне және бұл әрдайым халқымыз жадына сақталатынына назар аударды.

Сонымен қатар  Сенат  Төрағасы жыл басынан бері
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен өсиетін дәріптеу мақсатымен елімізде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Мерейтой аясында Ұлт ұстазын ұлықтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз. Бірқатар елді мекендерге, көшелерге және нысандарға Ахаңның есімі берілді. Қайраткердің 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Ахмет Байтұрсынұлы туған жерде кесенесі тұрғызылды. Сол жерде музей-үй бой көтерді. Ұлтымыздың рухани көсемінің еңбегін насихаттау және оны тану жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды жалғаса береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Ауқымды іс-шара Ахмет ­Байтұр­сынұлының ауылында жалғасты. Ахаңның ата қонысы Сарытүбектегі қорымда әкесі Байтұрсын мен ағасы Қали және басқа да туыстары жерленген. Ұлт ұстазына халық болып қаржы жиып, ақ мәрмәрдан кесене салды.

Осы күні Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музей-үйі көпшілікке таныстырылды. Мұражай биыл 170 млн теңгеге бастан-аяқ күрделі жөндеуден өткізілген еді.

Мерекелік шара соңында балуан күресі мен бәйге ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген білекті жігіттер боз кілемде бақ сынасып, сар даланы желдей жүйрік арғымақтардың тұяғы дүбірлетті. Топтан озған жеңімпаздарға автокөлік, қомақты қаржылай жүлде берілді.

Айта кетейік, 4 қазанда Париж қала­сында ЮНЕСКО штаб-пәтерінде ­Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы және ренессанстық өркениет» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Конференцияға ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы және Монако Князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, отандық және шетелдік алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар қатысты.

Шара аясында Ахмет Байтұрсын­ұлы­ның өмірі мен қызметін сипаттайтын көрме ұйымдастырылып, «Қазақ өркениеті және Ахмет Байтұрсынұлы» атты бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде жазылған «Ахмет Бай­тұрсынұлы. Таңдамалы шығар­малары» атты кітаптың тұсаукесері болды.

Еске сала кетсек, өткен жылы ЮНЕСКО бас конференциясының қырық бірінші сессиясында бұл күн ЮНЕСКО-ның 2022–2023 жылдарға арналған атаулы күндері тізіміне енгізілген еді.

Майя МҰРАТБЕК

 

838 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы