• Тұлға
  • 13 Қазан, 2022

Білгір

Белгілі жазушы-этнограф Ақселеу Сейдімбек 2008 жылы кейінгі ұрпаққа мұра ретінде Палестинаның негізін қалағандардың бірі, аса ірі ориенталист ғалым Эдуард Сайиттің ізімен «Қазақтың ауызша тарихы» деп аталатын көлемді еңбек қалдырып кеткені мәлім. Эдуард Сайит бүкіл өркениеттің негізі Шығыстан басталатынын және ауызша тарихи білімнің зердені дамыту сипатын айтса, Ақселеу Сейдімбек даланың емес, қазақтың ауызша тарих айту білімін жіліктеп, оны тайға таңба басқандай етіп көрсетіп беріп кетті. 

Ал тарихшы, 40 жылдан аса ғұ­мырын ЖОО-да үздіксіз еңбек ету­мен өткізген ғалым, тарих ғы­лымының докторы, профессор Б.Т.Берлібаевтың еңбектеріне сүйенсек, «қазақтың жеткіншектері әлем биігінен көрініп, техникалық ғылым саласы мен шахмат ойындарынан олимпиада сияқты байқауларда немесе әлем біріншілігінде жүлделі орындарға көптеп іліне бастаса, мұны қазақтың ауызша тарих айту арқылы сіңген зердеден іздегеніміз дұрыс». Расында, бүгінде шет ел асып, диплом алған қазақ жастарына Еуропа мен Америка сияқты дамыған елдер тарапынан сұраныс көп болса, ендеше бұл сұраныс жады немесе зерде тазалығынан туындағанын көбіміз ескере бермейміз.

Иә, қазақтың ауызша тарихының жетістіктеріне барынша үңіліп жүрген білгір ғалым Б.Т. Берлібаевтың пайымдауларының көбі «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген мәтелден туындаса керек. Қазіргі көпшілік бұл мәтелдің мағынасын қан тазалығымен ғана шектеп жүр. Басқаша айтқанда, 7 атаны біліп, жеті атаға толмағандарға үйленуге болмайтынын ғана айтамыз. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген мәтелдің кең мағынасы тарихшы Б.Т. Берлібаев айтып жүргендей, «Жеті атаңның атын ғана емес, олардың тарихын, халыққа жасаған игілікті ісін де біліп жүруің, оны үлгі қылуың керек» деген  ұлағаты мол аталы сөзден туындайды.

Міне, қазіргі таңда халық санының аздығына қарамастан жеріміздің кеңдігі мен еліміздің бірлігіне әлем қы­зы­ғатын ел болып отырсақ, бұл «Жеті атасын білудің» жемісі болса керек.

XX ғасырдың басында большевиктер жеті атаны білуді ұлтшылдыққа, рушылдыққа әкеп тіреді. Содан бері ата-аналарымыз балаларына кесапаты тиер деген түсінікпен, жеті атаның кім болғанын айтпайтын, айтса да тек аты-жөнін тізіп қана шығатын болды да, ауызша тарих айту біліміміз орта жолда бұзылып, бүкіл ғасырлар бойғы тарихымызға орны толмас нұқсан келді.

Қазіргі таңда көзі ашық көкірегі ояу қазақтардың бір бөлігі жеті атасын түгендеуге қайта кірісіп отыр. Әр-әр жерде бұрынғы тұлғаларға ескерткіш орнатылып, олардың естелігі жаңғыра бастады. Сөйтіп, қазақ руларының шежірелері «көне сөз», «қария сөз», «қара өлеңдер» мен «ескі сөздерге» жүгіну арқылы, мәдени мұраларымызды түгендеу барысында батырлар жыры мен аңыздарды, әдебиетіміз бен билер сөзін сараптан өткізу ісінде қырық шоқпыт болған тарихымызды бүтіндеу үдерісінде түгенделе түсті.

Тарихи білімге қатысты осы мәселе­лерді толыққанды зерттеп жүрген ғалым Бақдәулет Берлібаев еңбек жолын қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қоғамдық кафедралардың бірінде ассиссент болудан бастаған еді. Ол Қазақстан республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері ретінде Қазақстандағы жоғары білім беру саласында (Оның ішінде ҚБТУ-да) 1979 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі тарихшы маман. 2002 жылы мектеп мұғалімдері мен оқушылары үшін «Желтоқсан оқиғасының тарихы мен тағылымы» деп аталатын көмекші оқу құралын жазды. Алматы энергетика және байланыс университетінде «Желтоқсан көтерілісін» еске салатын көрме ұйымдастырған Б.Т. Берлібаев өзге тарихи еңбектерінде де қазақ тарихи біліміндегі діл ерек­шеліктерін барынша дәріптеп жүр.

Б.Т. Берлібаев «Қазақстандағы тарихи білім берудің тарихы мен уақыт сын-тегеуріндері» деген мақаласында былай дейді: «Көрнекті ғалым Ақселеу Сейдімбек пайымдағандай, кеңес дәуірінде, орыс тілді тарихшы ғалымдардың беделі мен мерейі үстем болып келсе, қазіргі тарихшыларда талғам жоқ. Олардың дені зерттеу объектісіне қарай да, жазу тіліне қарай да іштей жасырын бірнеше бағытқа бөлініп алған. Бұл бағыттарды олардың қай тобы болса да, өзара сезінеді. Алайда оны реттейтін заң нормалары болмағасын, әркім өзінің таңдаған бағытымен келе жатыр. Ол мынандай бағыттар: I. Қазақ тілді тарихшылар. Бұлар іштей бірнеше түрге бөлінгенмен ең қауіптісі, орыс тіліндегі ғылыми еңбектерді қазақшаға аударып, жастарға плагиаттық  жол көрсетіп қоймай, өздері қатардан қалмауды мақсат етіп жүрген тарихшылар; II. Орыс тілді тарихшылар. Бұлар да бірнешеге бөлінсе, Батыс деректерінен аса алмай жүрген және қазақ тілін білмегесін, орыс тілімен келген нанынан айырылғысы келмейтін тарихшылар бүгінде ең қауіпті болып тұр; III. Екі тілді білетін тарихшылар. Бұлардың ішіндегі билікке құмарлар мен екі тілдік артықшылығын малданатын тарихшылар өздерінің қауіптілігі жағынан жоғарыдағы екеуінен де асып кетеді. Көріп отырғанымыздай, осы үш бағытқа бөлінген тарихшылардың арасында қандай ынтымақ болсын? Ал ынтымақ болмаған жерде  Қазақстандағы тарихи білім берудің тарихымен санаспасақ, бұдан басқа да кедергілердің көбейе беретіні тағы шындық. Сондықтан ауылдың маңайындағы біз айтқан негізгі кедергілердің тамырына балта шабылмай, халық күйінетін тарих ғылымының басқа мәселелері төңірегінде пікір білдірудің өзі, Асан қайғының зарын жоқтаумен бірдей».

Қазақтың тарихи білімін арттыру жолында қызмет етіп жүрген Б.Т.Берлібаев сынды ғалымда­ры­мыздың тарихи еңбектері мен ғылыми негізді пайымдары тарих ғылымы үшін де, жалпы болашақ үшін де маңызды.

Досбол СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,

 әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих

факультетінің ­деканы

822 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы