• Руханият
  • 13 Қазан, 2022

«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНДЕГІ ТӨТЕ ЖАЗУ

Төте жазу – қазақ жазуының тарихында өзіндік орны ерекше жазу түрі. Арабнегізді ескі жазуды реформалап, төте жазуды халыққа ұсынған – ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы. Жазуды реформалау аса жауапты әрі қажетті іс, неліктен ұлт көсемі осы күрделі іске  бел буды, қалай жүзеге асырды?  

«Ахмет Байтұрсынұлының барлық ресми құжаттарда туған жылы мен күні «1873 жылдың 25 қаң­тары» деп көрсетіліп келеді. Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Орталық Мем­лекеттік мұрағат қорында сақталған «Служебный список сотрудника Наркомпроса КССР» және  1926–1927 жылдарда арналған «Личное дело председателя Академического Центра Байтурсунова Ахмета Байтурсуновича» атты құжаттар тізбегінде Ахаңның өз қолымен толтырған құжаттардан «туған жылым 5 қыркүйек 1872 жыл» немесе «Жизнеописаниеде» туған жылым мешін 1872 жыл», – деп көрсеткен анықтаманы таптық», – дейді ахметтанушы Г.Тұрғараева. Бұған қоса «Дело учителей киргизской школы» атты мұрағат тізбегіндегі құжатта да аталған дата көрсетілген  екен.

Ахмет бастауыш білімді ­Ыбырай Алтынсарин іргесін қалаған Торғайдағы мектептен алды. Оны 1891 жылы 19 жасында бітіріп шығады. Ахмет оқуын әрі қарай жалғастыру үшін Орынбор учили­щесінің мұғалімдер дайындайтын Мектебіне оқуға түскендігін растайтын мұрағат құжаттары бар.  растайды. Ол туралы тағы да Г.Тұрғараева «Байтұрсынұлы Ахмет Торғай облысы, Тосын болысының  5-ші ауылының қырғызы Орынбор қырғыз мұғалімдер дайындайтын Мектебіне үкімет есебінен 10-шы тамызда 1891 жылы қабылданды», – деп көрсете отырып, зерттеуші Г.Тұрғараева 1895 жылы жылы 13-ші мамырда 260 нөмірмен тіркелген куәлік мәтінін аударып берген: «Мұғалімдер мектебінің толық курсын бітіруші Байтұрсынұлына, 1880 жылдың 27-қарашасында Жоғарғы мәртебелімнің бекіткен Нұсқауы негізінде және Жоғары мәртебелімнің  1872 жылы 27-ші наурызда  бекіткен Ереженің 27-ші бабына сәйкес Уфа, Симферополь қалаларындағы татар Мұғалімдер Мектебі мен Қырғыз Мұғалімдер Мектебіне арналған Ереженің негізінде аталған мектептің педагогикалық Кеңесінің шешімімен «Бастауыш мектептің Мұғалімі» атағы берілсін». Осы куәлікке қоса оның Қырғыз бастауыш мектебінде 6 жыл мұғалімдік өтелімін өтеуге міндеттілігін көрсететін бұйрық та берілген. №116 бұйрыққа сәйкес 1895 жылдың 9-маусымында Ақтөбе уезі, Арынғазы ауыл мектебіне жолдама беріліп, оған оқу бөлімінің Аймақтық қамқоршысы Е.А. Алекторовтың көмегімен жетіп орналасады. Осы ұстаздық жолын 1895–1909 жылдарға дейін Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде жалғастырады.

Бұл деректерді көрсетіп отыр­ғандағы себебіміз, ұлы ағартушы А.Байтұрсынұлы 1895–1909 жылдар аралығында ауылдық, болыстық бастауыш мектептер мен бес-алты жылдық екі кластық училищелерде мұғалім бола жүріп, ана тілінде оқыту жүйесін жетілдірумен, төл оқулықтар, тілашарлар дайындаумен тікелей айналысқанына назар аударту. Ол қазақ балаларының ­сауатын қазақша ашатын «Әліппе», өзге де оқулықтардың жоқтығына көзі жетеді, өзі оларды жаңадан түзбекші болғанда, жалпы қазақ тілінің ғылыми тұрғыдан зерттелмегеніне, жүйеленбегеніне көңіл аударады. Сондықтан ең алдымен қазақ тілінің дыбыстық құрамын зерттеуге кіріседі. Сонан соң өзі анықтаған қазақ тілінің дыбыстық, өзге де грамматикалық заңдылықтары негізінде жаңа ­алфавит, жазу үлгісін жасайды. Өзіне дейінгі қазақ жұртының пайдаланып, тұтынып келген араб жазуынан қазақ тілі үшін қолайсыздықтардың бар екенін дәлелдеп, жазуды жетілдіріп, «дәйекшіні» енгізеді. А.Байтұрсынұлы 1912 жылы кейіннен бірнеше басылым көрген кітаптарын бастырып шығарады. Осы кітапта жазудың маңызы туралы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық даражаға жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды. Жазумен дүниенің бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керегі онан да артық», – дейді. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы 1912 жылы араб әліпбиі негізінде қазақ жазуын, жаңа әліпбиін түзді. 1929 жылға дейін осы әліпби халықтың керегін өтеді, мектепте оқу үдерісінде пайдаланылды, кітаптар шығарылды, мерзімді басылымдар басылды т.б.

Ағартушының араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртшылығы, әсіресе мұғалімдер қауымы жақсы қабылдады. Себебі  оның әліпбиге жасаған реформасы әрі қазақ тілінің табиғатына барынша сүйеніп, әрі мейлінше ғылыми негізде жасалған болатын. Сонымен, 1912 жылдардан бастап, А.Байтұрсынұлының осы алфавитті негізге алып жасаған жаңа жазуы (ол «Жаңа емле» деп аталады) іс жүзінде қолданыла бастады. Міне, «Қазақ» газеті осы «жаңа емле» жүйесімен жарық көрген еді және жаңа басылым көтерген мәселелер әлеуметтік жүгімен қоса оқуға барынша оңай емле жүйесімен де бұқараны баурап алды.

Ал бұл жаңа жазу жүйесі 1924 жылы Қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, маусымның 12-сі) бекітіледі, латын алфавитіне көшу кезінде бір топ қазақ зиялылары оны жан сала қорғайды.

А.Байтұрсынұлының төте жазуы оны «қазақ жазуының реформаторы» атандырды, өзі жазудың атасы ретінде төте жазудың ғұмырының ұзақ болуын, қазаққа қызмет етуін тілегені белгілі. Осы ойға алған мақсаттарына Совет өкіметінің көмегімен қол жеткізуге болады деген сеніммен А.Байтұрсынұлы да Совет өкіметі жағына шықты, 1920 жылы Қазақстанның халық ағарту наркомы болып тағайындалады.

Ал қадымнан төтеге көшудің себептері біршама: «Бұл сияқты араб алфавитінің төте түріне көшуге Орта Азия, Қазақстан жерінде жарық көрген «Дала уәләятының газеті», «Түркістан уәләятының газеті», «Айқап» журналында жарияланған, Уфадан шығып тұрған басылымдардың материалдарында кетіп жатқан қателер, араб алфавиті асты-үсті қарекелерін оқудағы қиындық себеп болған. Араб алфавитінің өзгертілген, жеңілдетілген төте түрі ­1924–1929 жылға дейін, тіпті 1938 жылы латын алфавитіне көшкеннің өзінде жарыса қолданылып келді», – деп көрсетті кезінде зерттеуші ­­С.Ш. Хасанова. Мұнан өзге негізгі себептері мен алғышарттары мынадай болды: ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамы жаңа бір өзгерген өмірге аяқ басты. Сол тұстағы қазақ зиялылары мұны анық аңғара алды, дұрыс түсінді. Олар қазақ қоғамы серпілу үшін қоғам дамуына қажетті нәрселерге бетбұрыс жасау керектігін ұғынды. Бұл кезең қазақ зиялыларының алдына үлкен-үлкен практикалық іс-шараларды жүзеге асыру міндетін қойды. Бірінші кезекте халықтың сауаттылығы деңгейін көтеру, ол үшін жазу жүйесіне өзгеріс енгізу тұрды. Мақсатқа жету үшін атқаруға тиісті міндеттердің қатарына: қазақ тілінің жүйесін мейлінше дұрыс көрсете алатын етіп әліпбиді өзгерту, терминологияны қалыптастыру, дұрыс жазу мен дұрыс оқудың қағидаларын жасау, қазақ тілін оқытудың, үйретудің бағдарламасын жасау, емле нормасын бекіту т.б  жатты. Осы істердің басы-қасында өз үлесін қосып, А.Байтұрсынұлы да жүрді, сондықтан әдеби тілді жетілдіруге қосқан үлесі оның ағартушылық қызметімен ұштасып жатыр. Өйткені А.Байтұрсынұлы ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысты, қазақ грамматикасын («Тіл-құрал») жазды. Үш кітаптан тұратын бұл еңбегінде қазақ тіл білімінің қазіргі кезде қолданыста жүрген көптеген терминдерін қазақ тілінде қалыптастырып үлгірді. Бастауыш, баяндауыш, шылау, зат есім, етістік т.б. терминдерді, өз мақалаларында ана тілі, жабық мәжіліс, ашық хат, орда гербі, елтаңба, әнұран, шек аралық сияқты номинацияланған қолданыстарды дүниеге келтірді. Жалпы, оның ағартушылық қызметінің үш қыры бар: біріншіден, А.Байтұрсынұлы орысша немесе татар, ноғай молдалары оқытып жүрген мұсылманша оқу түрлерінің ішінде қазақ баласы үшін ең керектісі ана тілінде білім алу (беру) екенін және оның міндеттілігін көрсетіп, қазақ тілінің болашақтағы даму бағытын белгілеп берді. «Әрі ұстаз, әрі ағартушы ретінде А.Байтұрсынұлының көңілін бөліп, қатты алаңдатқан екінші мәселе – мектептің құрылымы болса, үшінші мәселе – оқыту жүйесін (дұрысы жүйесіздікті жою) жетілдіру, оқытушылардың педагогикалық талаптарға сай болуына назар аудару» болды. Байқалып тұрғандай, А.Байтұрсынұлының әліпби ауыстыру деген ұлы да аса жауапты қадамға кездейсоқ келмеген. Қатарынан бірнеше жыл бойы оқытушылық қызмет атқару барысында (Орынборда, Ташкентте, Алматыда, Торғайда) көп нәрсені көңілге түйіп, көп нәрсенің байыбына көз жеткізді, қазақ мектебінің оқытудағы жүйесіздіктен тығырыққа тірелгенін көрді, ал тығырықтан шығудың жолы әліпбиді ретке келтіріп, «жосықты оқу» жүйесін енгізу екеніне көзі жетті. Алда атқарылуға тиісті іс-шаралардың басты шартының бірі әліпби екенін анық түсінді. Екінші жағынан, уақыттың өзі осындай айтулы істі, яғни бұрынғы графикалық жүйенің, азғана топ қана пайдаланып келген араб графикасына негізделген ескі қазақ жазуының орнына қазақ тілінің дыбыстық жүйесін негізге алған жаңа жазуды енгізуді қолға алуға мәжбүрлегені белгілі. Ол өзі енгізген төте жазуға халық тілінің дыбыстық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін барынша негіз ете алды: «Бұ күнде қазақша оқуда кемшілік көп. Әуелі оқу құралы, кітаптар жоқ. Ноғайша оқу құралдары қазаққа үйлеспейді. Екінші, қазақ мектебіне түзелген бағдарлама жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды. Үшінші, бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалімдер аз», -деп, оқуға ауыртпалықтар әкеліп, бөгет жасап отырған қиындықтардан шығудың жолдарын белгілеп, қандай шаралар орындау керектігін көрсетіп береді.

Жалпы ағартушылық қызмет атқару сол кездегі әрбір оқыған азаматтың парызына, ал әрбір жарық көріп жатқан кітап пен мерзімді басылымдардың қай-қайсысының болмасын төл мін­детіне айналған еді. Нәтижесінде А.Байтұрсынұлы араб графикасына негізделген қазақ әліпбиін түрлендірді. Ол түрлендірген алфавитті белгілі түрколог Е.Д. Поливанов ұлы жаңалықтардың қатарына жатқызды. Н.Ф. Яковлев, К.Менгес, Б.Комри сияқты шетелдік ғалымдар «Байтұрсынов алфавитінің» жетілген алфавит екенін мойындап, оны алдыңғы лектегі ғалымдардың қатарына қосты.

А.Байтұрсынұлы әліпби жайында: «Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақ», – деді. Ол тіл дыбыстарына жететін таңбалары бар, жазғанды оқуға жеңіл, оңай оқылатын, баспа ісінде де қолайлы әрі көркем, көзге жайлы әліпби жасау арманын іске асырды.

А.Байтұрсынұлының әдебиет, мәдениет, тарихқа байланысты жазғандары, төте жазуды пайдаланып, «Қазақ» (1913–1918 жж., Орынбор) газетін шығарудағы еңбегі қазақ халқының мәдени өміріндегі баға жетпес үлес, шығармашылық өмірінің шыңдалған уақыты осы жылдарға тұстас келеді.

Газет шығарудағы мақсаты мынадай еді: «Жұрттың пайдасына көз болу, қазақ арасына ғылым, өнер жайылуына көз болу, қазақ арасына ғылым, өнер жайылуына басшылық ету, басқа жұрттардың хәлінен хабар беріп, таныстыру. Сол мақсаттарды орнына келтіру үшін закүндерді, хакімдердің бұйрық-жарлықтарын білдіріп тұру. Мемлекеттік Дума һәм Мемлекеттік кеңес жұмыстары турасында жете хабар беру, ішкі һәм сыртқы хабарларды жазып тұру, қазақтың бұрынғы және бүгінгі жайын жазу, күнелту, кәсіп, жер-су, егін-таран, мал шаруашылығы, оқу оқыту, мектеп, медресе, школа, ғылым, өнер, әдебиет турасында жөн көрсету, адам һәм мал дәрігерлігі жайынан жазу». Тарихшы Г.Тұрғараева газет туралы мынадай мәліметтерді келтіреді: «Газеттің бастырушысы алғашқыда М.Оразаев еді. «Газет алғаш шыққан жылдары Омбы, Қызылжар, Кереку, Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Түркістан, Шымкент, Әулие-Ата, Ташкентке дейін таралды». Газет «К.Хусаинов и К» серіктестігі баспаханасында басылып, бір жылдық бағасы 4 сом, жарты жылға 2 сом 50 тиыннан сатуға рұқсат. Генерал-лейтенант Сухомлинов» деп мөр басылып, рұқсат берілген. Қаржы тапшылығы газет шығаруға қолбайлау бола бастаған соң, «1913 жылдың соңына қарай «Азамат» серіктестігін құруды тиімді деп шешті, оны құрды да. «Қазақ» шығарушылары баспахана сатып алуды о бастан көздеген, оқырмандардың, қалталы адамдардың, Қытайдағы қазақтардың көмегімен, құрған сріктестігінің арқасында 40 мың сомға қазақ даласындағы алғашқы баспахананы ашады».

Сол кездегі мерзімді басылымдардың бәрінің қазақ халқы үшін қызметі әмбебап, энциклопедиялық сипатта болды. Бірақ бәріне ортақ бір қызмет түрі болды, ол – ағартушылық қызмет еді. «Қазақ» газеті осы қызметінде өзгелерден оқ бойы озық басылым болды. Өйткені газет А.Байтұрсынұлы түрлеген төте жазуды іс жүзінде алғаш пайдаланып, тәжірибеден өткізген, жазудың жүйеге түсіп, реттелуіне зор үлес қосқан, усул-жәдид қозғалысын қазақ даласына кең жайған газет болды.

«Усул жәдид» қозғалысы және осы қозғалыстың қазақ даласына әсері сол кез үшін өзекті болды да, ол мәселенің «Қазақ» газетінде көрініс тапты. Мысалы, 1915 жылғы «Қазақ»-тың 153-нөмірінде «Усул жадид мәселесі» деген тақырыппен Нұғман Манаевтың қысқа хабарлама-мақаласы жарық көрген: «Ғылым жолында кенже қалған біздің жұртқа осы уақытда анау усул жадид, мынау усул қадым деп тартыс қылмай, әйтеуір оқыту қамын ойлау керек еді. Жадидтің, қадымның жанжалы мен өткізетін уақытымыз жоқ еді. Бірақ, бұл қайырсыз жанжал қазақ арасында көрінеді. Жалпы қазақ жұртында тегіс болмағанмен көп жерде-ақ халықты әуре қылып тұр.

Ақмола облысы, Қызылжар уезі Пресновский волосқа қараған 4-інші ауылдың қазағы Серікбай мырза Жақсымбетов екі жылдан бері мұғалім ұстап, ауылының балаларын жаңа жолмен оқытып келе жатыр екен. Ел ішіндегі шала молла, жарты сопылар «Усул жадид харам, оның мұғаліміне ұйып намаз оқуы дұрыс емес» деп, ел арасына пәтуа жайыпты. Жұртдың көбі олардың пәтуасына инанып, усул жадидтен балаларын ала бастаған соң, Серікбай мырза Троицкідегі атақты ишан Зейнолла хазіреттен бұл турада пәтуа сұрайды. 31-інші июльде ишан хазіреттен Серікбай мырзаға пәтуа қағазы келеді. Оқушылардың көздері көрсін деп, ишан хазіреттің пәтуасын өзгертпей көшіреміз...

...Усул жадид харам деп жүрушілердің бастығы ишан хазіреттің мүриттері еді. Олар бұған не айтар екен? Әлден ишан хазірет те олардай білмеді ме екен?

Ишан хазірет мұнан 10-15 жыл бұрын, татарлар арасында усул жадид жанжалы қозғалған кезде «усул жадидпен оқыту дұрыс» деп пәтуа берген еді. Бұл турада дәлелдерімен жазған бір кітабы басылып та жаралған.

Енді  ишан хазіреттің көкейіне қонып, бұрынғы надандықтарын тастаса игі ед деп тілейміз».

Ал А.Байтұрсынұлының төте жазудың, емле түзудің реттелуіне тірек болған еңбектерін өзі бас болып шығарған «Қазақ» газеті жарнамалап отырған. 1913 жылғы 9-нөмірінде «Жақын арада басылып шыққан һәм шығатын кітаптар» тақырыпты шағын хабар бар (осындай хабарлар әр жылдары уақ-уақ жарияланып отырған). Онда: «Оқу құралы» есімінде үш кітапша шығады. Біреуі қазақ тілінде қандай дыбыстар бар, ол дыбыстар қандай хәріппен, қалай жазылмақшы һәм усул саутиә (сотие) жолымен оқытуды қалай бастау афдал болатын жайын сөйлейтін «Баяншы» кітап. Бұл басылып шықты.

Бағасы пошта ақысы 5 т., ­пошта ақысымен 7 т. Онан басқа екі кітапшаның біреуі – қазақ тіліне жазылатын хәріптерді үйрететін әліпби. Екіншісі – қазақтан басқа тілдерге, мысалы: басқа түрки, араби, фарси сөздеріне жазылатын хәріптерді үйретуге шығарған екінші кітап. Бұл соңғы кітапта әріптердің бәрін білгеннен кейін балалар оқуға төселуіне ыңғайлап жазған қазақша мақалдар, жұмбақтар, баталар, өлеңдер, ұсақ-ұсақ қарасөздер бар. Бұлар тез арада басылып шығады. Адрес мынау: Оренбург, Редакция газеті «Казак». А.Байтурсунову».

1913–1918 жж. шығып тұрған тілі, мақсаты тұрғысынан жалпыхалықтық «Қазақ» газеті төте жазумен жарық көрген. ХХ ғасыр басындағы («Қазақ» газетіндегі де) төте жазу – ескі төте, ал қазіргі кездегі (ҚХР-да тұратын қазақтар қолданатын) төте жазуды жаңа төте деп ала отырып, алдымен, ескі төте жазуда кездесетін ескі араб жазуына тән (шағатайлық) кейбір таңбаларды анықтау қажет екені байқалды. Айталық, ХҮІІ–ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ сұлтандарының Чиң патшалығына, әкімшіліктеріне, әртүрлі аймақтағы басқарушыларға жазған хаттарын зерттеп жүрген Д.Әбділәшімұлының зерттеулерінде Иуңбау («») сияқты адам атында «у» дыбысы нақты «у» әрпімен таңбаланады, жалпы ескі жазуда и, у дыбыстары жартылай дауыстыларға жатқызылып келген. Кейіннен осы жазу дәстүрінің, ескі шағатайлық үлгінің А.Байтұрсынұлы Бас шығарушы болған «Қазақ» газетінде сақталуының бір себебі сонда болса керек. Ондай шағатайлық таңбалар خ - х, غ - ғ дыбыстарын таңбалауда да кездеседі. Кейде ескі жазудың әсерінен арыла алмаудың салдарынан тұтас
(«») сөздердің сол күйінде таңбалануы орын алған. Сонымен қатар емлелік ерекшелік ретінде у-дың «ұу» түрінде таңбалануы т.б ерекшеліктерін атауға болады және шағатайлық жазу дәстүрінің, квазиәліпби сипатының «Қазақ» газетінде әлі де басым болғаны байқалып тұрады. Ал төменде қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесіне А.Байтұрсынұлының классификациясы берілген түпнұсқаның көшірмесі ұсынылды.

Ал төте жазудың таңбалануындағы ерекшеліктер туралы зерттеуші С.Хасанова былай деп көрсетеді: «Әріп­тер­дің жол бойымен жазылу, жолдан шығарылып жазылу (таңбалану), жолдан төмен түсіріліп жазылуына қарай өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, «жол бойымен жазылатындар – б – «ب», д – «د», е – «ﺓ» (ه), и – «ي», н – «ن», п – «ﭖ», т – «ت», ф – «ف», ы – «ﻯ», і – «ءﻯ», қ – «ق», Һ - «ﻫ» дыбыстарының таңбалары жатады. Бұлар (дәптер жолы, не жазып келе жатқан) жолдан не жоғары көтерілмейді, не төмен түспейді. Жол бойымен келесі әріптермен / д – «د», е – «ﺓ» әріптерінен басқасы) тіркесіп отырады. Ал а – «ا», ә – «اء», г – «گ», к – «ﻙ», л – «ل», ң – «ﯔ» дыбыстарын таңбалайтын әріптер жол бойымен жазылатындарға қарағанда, екі есе бойшаң жазылады, жолдан жоғары шығарылып (көтеріңкі) таңбаланады. Мысалы: кітап – «», қымбат – «» сөздері араб әрпімен жазылғанда к – «ﮎ», а –«ا» әріптері басқаларға қарағанда жолдан шығарылып жазылған.

Бұлардан басқа сөз ішінде жолдан төмен түсіріліп жазылатын (таңбаланатын) әріптер де бар. Оған в – «ﯟ», ж – «ج», з – «ﺯ», м – «ﻢ», о – «و», р – «ر», с – «س», у – «ﯟ», х – «ح», ч – «چ», ш – «ش» , ғ – «ع», ұ – «ﯗ», ү – «ﯝ», ө – «ٶ» дыбыстарының әріп таңбалары жатады». Араб әріптері сөз ішінде жазылу барысында бәрі бірдей бір-бірімен тіркесе бермейді. Бұл – өзіндік ерекшелік. Алфавиттің құрамында өзінен кейінгі әріптермен тіркеске түспейтіндері бар. Оларға: а – «ا», ә – «اء», в – «ﯟ», д –«د», е – «ﺓ», з – «ﺯ», о – «و», р – «ﺮ», у – «ﯟ», ұ – «ﯗ», ү – «ﯝ», ө – «ٶ». Осы дыбыстардың әріптері (таңбалары) сөз ішінде өзінен кейін келетін әріптермен байланысқа түспей жазылады (Мысалы, адам – «», «» – заман, ұзын – «», үлкен –
«», аяныш – «», айна – «» т.с.с.).

А.Байтұрсынұлы әліпбиінің ең тамаша жаңалығы /ء/ дәйекші таңбасы, ол тұрған жерде дауысты дыбыстар міндетті түрде жіңішке айтылады. Айталық, «а» таңбасының жоғарғы оң жағына «اء» дәйекші қойылса, ол «ә» «اء» болып оқылады. Осылай дәйекші (жіңішкерткіш) арқылы жіңішкертіліп айтылатын (оқылатын) қосақты дыбыстарға «ا» (а) – «اء» (ә), «ﻯ» (ы) – і, «ﯗ»

(ұ) – «ﯝ» (ү), «و» (о) – «ٶ» (ө) жатады. Дәйекшінің /ء/ әсерінен «ق» (қ), «ع» (ғ), «ﯗ» (ұ), «و» (о), «ﻯ» (ы) жуан дыбыстары жіңішкеріп, «ق» (қ) – «ﻙ» (к), «ع» (ғ) – «گ» (г), «و» (о) – «ٶ» (ө), «ﯗ» (ұ) – «ﯝ» (ү) болып оқылады.

А таңбасы «ا» түрінде жазылған кезде сөз ішіндегі а-ның байланысы біржақты (кері) байланыс екендігін білдіреді. Сөз басында көлбеу түскен сызықша түріндегі таңба («آ») жазылады. А таңбасының жоғарғы жағындағы көмекші таңба (диакритика) («آ») мадд деп аталады. Мадд-сыз жазылған таяқша сүйеу таяқ немесе әліп деп аталады. Төте жазу мәтіндерінде балалы («») сияқты сөздердің құрамындағы л-дың «ل» жазылу үлгісі бойынша соңынан келетін а-мен көлбеу «» келіп тіркеседі. Ал «لا»,  (мүфтилк) деген сөздің жазылуы алдыңғы л-дың жазылуына, яғни алдыңғы және соңғы әріппен тіркесіп, жалғасып жататын л-дың жазылуына ұқсамайды. Осындай жазылу бала («») сөзінен, сол сияқты сандаған сөздерден байқалады, ал «балалы («») сөзінің жазылуындағы «л мен л тіркеске түспейді, себебі алдыңғы л а-мен байланысып тұр».

Төте туралы алғашқы зерттеу жүр­гізген ғалымдардың бірі С.Ш. Хаса­нованың «Көне түркі және араб-латын жазбалары» (Алматы: Республикалық баспа кабинеті. – 1993, 288 б.) еңбегіндегі көне түркі, араб, латын жазулы мәтіндердің бәрі дерлік қолмен жазылған. Сол кездегі техникалық мүмкіндіктің болмауы осылай жазуға мәжбүр еткені байқалады. Осы жерде айта кету жөн, С.Ш. Хасанованың аталған еңбегін жаңа техниканы, жаңа компьютерлік бағдарламаларды пайдаланып, қайтадан бір бастырып шығарса, ғылыми қауымға да, ізденушілерге де, басқа да қазақ мәдениеті мен тілі қызықтыратын, әліпби тарихымен айналысып жүрген зерттеушілер үшін де пайдалы еңбек қайтадан жаңғырып қолға тиер еді.

Соңғы жылдары А.Байтұрсынұлының бірнеше кітабының кирилге көшірілген нұсқалары халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Қазақ тіл білімінің антологиясы» сериясының А.Байтұрсынұлына арналған томына енгізілді. Ал мақалаға арқау болып отырған «Қазақ» газеті әр қырынан әлі де зерттелуде, бірақ, біздің ойымызша, газеттегі жер-су атауларының, адам аттарының, яғни топонимикалық атаулардың жазылуын саралау, лақапаттар иелерін стиліне қарай нақтылау мәселелері, сөйлем түрлеріне талдау жасау, газеттегі қанатты сөздерге мағыналық талдау беру, жаңа сөздерді анықтау, діни лексика, араб сөздері мен парсы сөздерін іріктеп алып, жазылу үлгілеріне тоқталу, ауызекі сөйлеу элементтерін іріктеп, грамматикалық талдаулар беру, т.б. тереңдете зерттеуді жалғастыру керек. Сондай-ақ газет арқылы әдеби тілдің өзге стильдері қандай өзгеріске түсті, қай тұрғыда ілгерілегенін анықтайтын лингвистикалық талдаулар қажет. Әрине, ең бастысы, төте жазудың 1913–1918 жж. аралығындағы жайы қалай болды, емле түзілісі, жазу үлгілерінің қалыптануы байқалды ма, әліпби қолайлы ма немесе қолайсыздығы болды ма, алдыңғы усул-қадым жазуынан айырмашылығы қандай болды т.б. мәселелер өзектілігін жоймайды.

Бағдан МОМЫНОВА,

филология ғылымының

докторы, профессор

6596 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы