• Руханият
  • 13 Қазан, 2022

Қайсар ғұмыр

Шығармашылық қызмет адамының қол босаған сәтте жеке мұрағатына үңіліп, өткен жолдарға ой жүгіртуі заңды. Біз де мүмкіндігімізше сол дағдыдан жаңылмауға ұмтылдық. Таяу күндерде назарымыздың мына фотосуретке ауғаны. Сыртында «Жанғабыл! Менің мерейтойымнан ескерткіш болсын деген ақниетпен өзіңе осы суретті жіберіп отырмын. Апаң Бибі-Ана. Алматы.» деп жазылған. Авторы – халқымыздың ардақ тұтар қыздарының бірі, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты Бибігүл Иманғазина.

Ол осыдан жиырма жыл бұрын 60 жасқа толуына орай, туып-өскен өлкесі Ақтөбе облысына келіп, облыс орталығында Тахауаи ­Ахтанов атындағы драма театрының ғимаратында жұртшылықпен кездесті, сол тұстағы облыс әкімі Ермек Имантаев жазушыны мерейжасымен құттықтап, темір тұлпар сыйлады. Көп ұзамай Алматы қаласында өткізілген салтанатты шараға әдебиет пен өнердің танымал қайраткерлері,облысымыздың бірінші басшысы,               оңтүстік астанадағы зиялы қауым өкілдері, Бибігүл Қабиқызы өз қолымен құрып, керегесін тіктеген «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының жетекшілері қатысты. Сан тараудан алуан кәсіптің әрқилы жастағы адамдары ағынан жарылып, сыр ақтарған сол кештен ұмытылмастай әсер алғанбыз.

Кештен кейін апамыз атамекеннен арнайы келген делегация мүшелері – біздерді құттыхана мешіті – өз үйіне шақырып, қонақасы берді. Оқырман назарына ұсынылып отырған суретте – алдыңғы қатарда отырғандар – солдан оңға қарай, еңбек ардагері Төлеш Айтуғанқызы, қазақ әдебиетінің дарабоз тұлғасы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Бибі-Ана; екінші қатарда – солдан оңға қарай Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Жангелді Құрмашов, оның зайыбы Базаргүл, еңбек ардагері Ұмсынған Айтуғанқызы, партия-кеңес қайраткері, Қазақстан Республикасына айрықша еңбегі сіңген зейнеткер Төлебай Құрманалин, осы мақала авторы және партия қайраткері, Қазақстан Республикасына айрықша еңбегі сіңген зейнеткер, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Сматолла Беркімбаев. Сол отырыста Әбең – Әбдіжәміл ағаның құлаққа жағымды қоңыр үнімен айтқан байыпты ой-түйіндері жан-жүйкемізді елжіретті.

Арада көп уақыт өткізбей – 2006 жылғы желтоқсан айының басында қаламгер апамыз Ақтөбеге арнайы маңдай тіреп, облыстың бірнеше ауданында прокурор болып қызмет атқарған әкесі Қаби Иманғазиннің туғанына 100 жыл толуына арнап ас берді. Осы сапарында мүгедектер құқығы жөніндегі «Жан» азиялық қоғамы Ақтөбе филиалының төрайымы Құралай Бәйменовамен (кейін Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болды-Ж.Қ.) және облыс орталығында тұратын бір топ мүгедек қыз-келіншектермен кездесті, облыс әкімдігінде өзі басшылық ететін қоғамдық қор филиалының қызметін жандандыруға қатысты пікірлерін ортаға салды.

Даусыз ақиқат аға және орта буын өкілдері ата-бабаның қанға сіңген дағдысымен қайы­рым­дылықты көріп өсті, сол үрдіспен әрқайсысы өз мүмкіндігімен айналасына мейірім шуағын төгіп келеді. Біздің кейіпкеріміз де кезіккен қиын­дықтарға еш мойымай қайсар қалпымен өзін мойындатты. «Бибі-Ана»–қайырымдылық қорын әртүрлі кесір-кесапаттан аман алып шығып, қанат жайғызуының өзі – ерлік. Бұл жолда сыңаржақты көзқарастарға әлденеше рет тап болса да сағын сындырмады.

Әңгімемізді нақты мысалдармен әдіптейік. Қаламгердің өзі айтқандай жетесіздердің жетесін, санасыздардың санасын оятсам, жетім-жесірлердің, мүгедектердің жігеріне жігер қосып, көз жастарын азайтсам деп «Тауқымет» романын жазып шығаруы, жыл сайын бір миллион теңгеге мүгедектерге мерзімдік газет-журналдарды тегін жаздырып алып беруі – қандай мадаққа да лайық. Туған өлкесі Шалқар ауданынан екі баланың «Бибі-Ана» қоры есебінен медициналық университетте тегін оқуына мүмкіндік жасады. Олар алдын ала жасалған келісім-шарт бойынша, жоғары білім дипломын алған соң, таяу кезеңде ашылуы белгіленіп отырған мүгедек балаларды оңалту орталығында жұмыс істейтін болады. Отағасысы дүниеден озып, жалғыз өзі бауырынан өрбіген он баланы еш қағажу көрсетпей бағып-қағып отырған мүгедек әйелге хан сарайындай кең үйді сатып алып бергендегі сол ананың қуанышын көрсеңіз... Тағдырдың қатыгез жазуымен екі қолынан айрылса да өмірге құштар сезімін сөндірмеген Тайбек есімді азамат Бибігүл апасына кезіктірген Тәңірге дән риза. Олай дейтініміз – қайырымдылық қоры басшылығының қозғау салуы нәтижесінде баспаналы болды, Банктен қайтарымы аз мөлшерде несие алып, кәсібін дөңгелетіп әкетті. Қазір екі бала тәрбиелеп отырған отбасы сапалы өнімдерімен ауылдастарына алғысына бөленіп отыр.

Бибі-Ана қолтаңба жазып берген «Тауқымет» романы (Алматы, «Жазушы» баспасы – 1993ж. 544 бет) үйіміздегі жеке кітапханада құнды жәдігерлердің бірі ретінде сақтаулы.

Жанғабыл  ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

838 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы