• Руханият
  • 13 Қазан, 2022

ҰЛТ ҰЛЫҒЫ – МҰСТАФА

Мұстафа Шоқайдың Грузиядағы күрескерлік өмірі туралы

 Мұстафа Шоқайдың өмірінің жеткіліксіз зерттелген бөлігі Грузиядағы 1919 –1921 жылдар екендігі белгілі. Осыны ескеріп, еліміздің Тбилисидегі елшілігінің кеңесшісі болып қызмет етіп жүрген кезімде Грузия Ұлттық мұрағатында жұмыс істеуге рұқсат алып, Алаштың ардақты арысының саяси және публицистикалық қызметіне қатысты мағлұматтарды жинастырдым. 
Ал ақиқатына келсек, Қоқанда екі ай ғана өмір сүрген Түркістан Мұқтарияты күшпен жаншылған соң, Мұстафа Шоқай 1919 жылдың көктемінде қазақ даласы арқылы Бакуге жетіп, одан Тбилисиге аяқ тірейді. Бұл кезде Кавказ елдерінде тұңғыш демократиялық республикалар құрылып, саяси өмір қайнап жатқан кез еді. Мұнда Мұстафа  Шоқай 1921 жылы 26 ақпанда Тбилисиге Кеңес әскері басып кірген соң, Батуми арқылы Түркияға өткенге дейін Түркістанның өкілі ретінде белсенді саяси қызмет атқарды. 

Саяси күрестің айнасы болған ол мерзімде Мұстафа Шоқай баспасөзде жалынды публицистикасын да қатар алып жүрді. Мұстафа Тбилисиде 1919 –1920 жылдары «Ерікті одақ» баспасынан «На рубеже» журналын шығарып әрі редакторы болды. Бұл жерде айта кетерлігі, Ұлттық архив қызметкерлерінің мәліметтеріне сәйкес, 1921 жылы мұрағат жәдігерлерін сақтап қалу мақсатында оларды жасырып, кейін түгелдей жинап алу мүмкін болмаған. Осы себептен Грузия ұлттық архивінде «На рубеже» журналының тек №6 саны ғана сақталған.

Сонымен қатар М.Шоқай сол жылдары Грузияда басылып шыққан «Борьба» және «Вольный Горец» мерзімді басылымдарында Түркістаннан алынған деректер негізінде қазақ даласындағы қиын жағдай мен әділетсіздік туралы көптеген мақалалар жариялаған. Осылайша «На рубеже» журналының 1920 жылғы 15 қаңтардағы №6 санында М.Шоқайдың «Сәлде оранған коммунизм» (түркістандық боль­шевиктердің шығыс саясатының парақшасы) («Коммунизм в чалме» (страничка восточной политики туркестанских большевиков) атты мақаласы жарық көрген. Туындыда түркістандықтардың құқықсыз, қаналған жағдайы әшкереленеді. Автор мақаласын «Түркістандағы жергілікті жұрт қанша төзімді немесе енжар болғанымен, олар өздерінің құқықсыз жағдайына ұзақ көне алмады» деп бастайды.

Сұңғыла саясаткерлігімен, жан-жақты білімділігімен, шешендігімен танылған Мұстафа Шоқайдың мақалаларынан бүгінде біз оның геосаяси түсінігін терең және жан-жақтылығын көре аламыз. Мақалада ол, Түркістанның Шығысқа «жол ашатын кілт», Ұлыбритания империализмінің осал жері болып табылатын Үндістанға апарар жол ретіндегі геосаяси маңыздылығын атап көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық азаттық жолының түркістандық мұсылмандардың түсінігінде тең құқылы бауырластық, қатар өмір сүру, көршілес мемлекеттермен еркін одақта болу екендігіне баса назар аударылады. Бұл дегеніңіз озық демократияшыл көзқарас емес пе?!

Мақаланың басты желісі ­Түркі­стандағы мұсылман халқына азаттық керек екенін түсінген боль­шевиктердің «ұлт азаттық идеясын діни фанатизмнің қызыл сәлдесімен әшекейлеуге» тырысуын әшкерелеуге құрылған.

Сондай-ақ «На рубеже» журналы­ның №1-2 сандарында Мұстафа Шоқайдың «Түркістан және революция», ал №5 санында «Нағыз күн қашан келер екен?» атты мақалалары жарияланған. Алайда өкінішке қарай, басылымның бұл сандары мұрағатта сақталмаған.     

Есесіне Мұстафа Шоқайдың арқасында қазақ даласының ғасырлар бойғы қасіретін Тбилиси архиві сақтап қалған. Осыдан 100 жыл бұрын шыққан, беттері әбден сарғайған «Вольный горец» газетінің 1920 жылғы 8 наурызындағы №33 санында басылған «Дала қасіреті» (қырғыздың хаты) атты мақалада революция «жетістіктері» нәтижесінде жыл санап хәлі мүшкілденіп, мүддесі жаншылған,  күнкөріс қамы әбден қиындаған халқының қасіретіне жүрегі қан жылаған автор бұл жағдайдан шығу жолдарын іздеген.

Аталмыш мақалаға түсініктеме ретінде «тілшіміз Жанаев қазақ даласының зиялы өкілінен ана тілінде хат алғаны, онда кеңес үкіметі басқаруындағы Ресейдің шетінде орналасқан халықтардың көңіл-күйі сипатталған соң, хаттың толық басылғаны» айтылған. Хат жазушы «біздің еркін дала енді жолшыны қонақжай жылулықпен қарсы алмайды, бұрынғы кеңшілік жоқ. Барлық жерде қирау мен өлімнің ізі жатыр» деп әңгімелейді. «Ақыр соңында революцияның барлық мағынасы тек бір нәрсеге – тірі қалу, халықты аман сақтап қалу үшін күреске келіп тірелді» деген жолдар бар. Ал революция жолында «алым-салық тек жалғыз малмен төленбеді: дала қаңырап бос қалды... 1920 жылдың өзінде қазақ даласында адам шығыны жарты миллионнан асып түсті» деген сөздері жан түршіктіреді.

1920 жылы «Вольный Горец» газе­тінің бірнеше нөмірінде басылған «Шығыс проблемалары» (Кеңес өкіметі мен қырғыздар) атты мақалалар сериясының авторы өзін «Қыпшақ-оғлы» деп атайды. Бұл орайда Мұстафа Шоқайдың Қыпшақ тайпасы Бошай бөлімінен тарайтын Жанай руына жататынын ескеріп, Мұзаффар Жанаев және «Қыпшақұлы» деген бүркеншік аттарымен жазылған қазақтың жоғын жоқтаған мақалалар оған тікелей тиесілі деп санаймыз. 

«Вольный горец» газетінің 1920 жылғы 16 ақпан №30 санындағы «Шеттегі коммунистердің саясаты» атты мақалаға да Түркістаннан келген адамдардың ақпараттары негіз болған. Мұнда мұсылман халқына жалпы дауыс беру құқығының берілмеуі қатал сынға алынады. Мәселен, Кеңес съездерінде «бұратана халық» пен «келімсектер» арасында тең өкілеттілік сақталмайтыны, Түркістан халқының 95 пайызын құрайтын «бұратана халық» барлық съездерде тек 20-25 делегат мандатына ие болатыны айтылады. Осы ретте автор Мәскеуден Ташкенге қызыл жалаумен көмкеріліп, жасыл жарты ай суреттері салынған поездармен насихатшылардың көптеп келетінін, панисламдық ұрандардың айтылатынын, мұсылмандық «байрамдардың» салтанатты тойланатынын, алайда мұсылмандардың өз елін басқаруға қатысуы мәселесі көтеріле қалса, түркістандық большевиктердің революция туының «тазалығын» қорғаушы бола қалатынын ашына жазады.  

«Вольный Горец» газетінде (№32, 1920 жылғы 1 наурыз) жарияланған «Орта Азиядағы «түрікшілдік пен исламшылдық» мақаласының  авторы – Мұзаффар Жанаев. Мақалада «осы жолдардың авторы өз халқының және елінің ұлттық өзін-өзі таныту ісіне барынша қатыса отырып, ұлттық азаттыққа бар ықыласымен жаны ашып, тағдырдың тезіне сай империалистік есіркеушілердің тегеурінді уысына түсіп қалған барлық мұсылман халықтарымен бірге өзін, не панисламистерге де, не пантүрікшілерге де жатқызбайтынын» айтқан. Алайда «бұл жағдаят оған жалпыға аян бұлжымайтын факт – мұсылман халықтарымен ішкі рухани байланыс туралы атап айтуға ешбір кедергі бола алмайды» деп тұжырымдайды автор.

Осылайша Мұстафа Шоқайдың аталған мақалаларына ұлт тәуелсіздігі  үшін күрес пен ұлт рухын қорғау арқау болғанын көреміз. Сол алмағайып заманда Алаш ардақтысы өзінің тамаша білімін елімізді азат және озық елдер қатарына қосу, халқымыздың ұлттық санасын қалыптастыру, өз елін өзі басқаруына демократиялық жолмен қол жеткізу мүддесіне жұмсаған. Ол ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларымен бірлесе отырып, қазақ елінің жарқын болашағы үшін жан аямай күресті. Осы күресте М.Шоқай жауларының қыспағымен шетелге амалсыз кетсе де, сыртта жүріп өмірінің соңына дейін күрескерлік жолын жалғастырды.

Гүлмира  СҰЛТАНӘЛИ,

дипломат

1584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы