• Тұлға
  • 13 Қазан, 2022

ӘЛЕМДIК ӨРКЕНИЕТ БИІГІНДЕ ОРНЫ БАР ОЙШЫЛ ЖАЗУШЫ

«Әр адам өз өмірін өзі жасайды»  деген ғақлия сөз бар. Бірақ бұл толық ақиқат емес. Өткінші өмірдің емес, болашақтың қамын ойлайтын ойшыл жазушы-драматург  Дулат ­Исабеков жөнінде келісті пікір айту, мақала жазу оңайға соқпасы анық. Өйткені өркениет төрінде өзіндік қолтаңбасы бар, әлемдік классикалық әдебиетке үлесін қосқан жазушы жайлы жазу оңай емес. Себебі де жоқ емес. Ол – Аллаға шүкір, жігіттің ең сүлейіне бұйырмас бақыттың бәрі маңдайына жазылған, жүйріктің ең дүлейіне бұйырмас бақыттың бәрін қанжығасына байлаған, қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінің, жалпы ұлттық руханияттың қорын байытқан кемеңгер де кемел қаламгер. Еліміздің бағына туып, халқымыздың мерейін үстем еткен классик драматург ағамыз биыл мерейлі 80 жасқа толып отыр. Дана халқымызда «Ерге бақыт бітпейді, бітсе,  бақыт күтпейді, күтсе , бақыт кетпейді» деген аталы сөз бар. Республика жұртшылығына белгілі Исабековтер әулетінің аты озып, абырой биігіне жетуіне әуелі Алла Тағала, сосын айбынды асқар тауы – әкесі Алдабергенұлы Исабек атамыз бен оның асыл жары болған шешесі Күміскүл әжеміздің ұрпақтарына берген тәлім-тәрбиесі, маңдай тер, адал еңбектері айрықша. Осы әулеттің ұрпағын жалғастырған, келісті келіні болған, отбасының отанасына айналған Нұрғайша Қажиқызының Дулат Исабековке деген адалдығы, кіршіксіз таза мөлдір махаббаты көпке үлгі болатын. Осы жылдың көктемінде өмірден өткен, 56 жыл бірге ғибратты ғұмыр кешкен Нұрғайша Қажиқызының «Алла нәсіп етсе, қалың оқырмандарын көркем туындыларымен баурап алған, көрерменін тәнті еткен қаламгер ағаларыңның 
80 жылдық мерейтойын аман-сау бірге тойласақ» деген ізгі ниетін оның қолынан шай ішіп отырып, сан мәрте тыңдадым.

Нұрғайша Қажиқызы – «қыдыр дарып, бақ қонған», текті жердің қызы. Біздің тарихта есімдері аталмай, аталса да тиіп-қашып аталып, бүгінгі таңда барша қазаққа әйгілі болған тарихи тұлғалардың көлеңкесінде қалып келе жатқан ел қорғаған батырлар мен ел билеген көсемдер, от ауызды, орақ тілді ділмарлар, топ бастаған шешендер, халқының бостандығы мен тәуелсіздігін сақтау жолында жан аямай күрескен есіл ерлер.  Осындай елеулі ердің бірі, батыр Тәнеке Досетұлы  атамыз – шежіре бойынша Жармұхаммедтегі Нұрғайша Қажиқызының тікелей бабасы. Жетісу өлкесінде ұлт-азаттық қозғалыстың туын көтерген қолбасшы, елінің ертеңін ойлаған, халқына қамқор бола білген ірі қайраткер 1810 жылы туып, 1887 жылы 77 жасында дүниеден өткен. Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Жекен Қалиұлының «Тәнеке батыр» атты кітабында батыр жайлы көп мағлұмат бар. «Қымыздың жақсы болмағы – сабасынан, бесіктің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – жанашыр нағашыдан»  деген ата-бабаларымыздан қалған асыл сөз бар. Нұрғайша Қажиқызы шыққан жұртының текті әулет екенін, ұл-қыздары Естияр, Айман мен Шолпанның нағашылары тегін адамдар болмағанын атап айту парыз. 

Дулат Исабеков 1990 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ай-Петри ақиқаты» атты повестер мен әңгімелер жинағы үшін
1992 жылы тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2017 жылдың 1-7 қазаны аралығында Британияның астанасы Лондон қаласындағы драматург ­Шекспир театрында ағамыздың 75 жылдық мерейтойына орай «Қазақ өнерінің фестивалі» атты театр фестивалі ұйымдастырылды. Аталмыш елде Дулат Исабековтің таңдамалы пьесалар жинағы кітабының тұсаукесері тұңғыш рет «лордтар палатасында» аталып өтуі ағамыздың әлемдік өркениет биігіндегі ойшыл жазушы драматург екенін айғақтайтын құбылыс. Ал биыл, құдай бұйыртса, осы Лондон қаласында бес бірдей тұлғаның: ақын, драматург Шекспир, патшайым Элизавета, АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама, КСРО-ның соңғы президенті М.С.Горбачев және ұлтымыздың классик жазушысы Дулат Исабековтің құрметіне арнайы алтын құймалардан жасалатын монеталар (тиын) шығару жоспарланып отыр. Автордың пьесасы бойынша 13-17 қазан аралығында Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрында өтетін
ІІ Халықаралық «Исабеков әлемі» театр фестиваліне алыс-жақын шетелдерден 3 театр, өз еліміз бойынша да ­3 театр қатыспақ. Азаматтық көзқарасы, ой-пікірімен әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосып келе жатқан жазушы-драматург Дулат Исабековке өнерге, мәдениетке, руханиятқа жанашыр шетелдік азаматтардың ықылас-пейілі ерекше екенін атап айтқан жөн. Осындай құрмет-қошеметтің өз елімізде де кеңінен жасалып жатуы, жазушы үшін үлкен мерей, ал өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сан ғасырлық тарихы бар, қастерлі киелі өлке Түркістан облысы, Түркістан қаласында жаңадан салынған музыкалық драма театр Дулат Исабековтің «Бөрте» спектаклімен ашылды. Жалпы шетелдің оншақты театрында пьесалары қойылып жатқан, ойшыл жазушы-драматург ұлтымыздың мақтанышы, руханиятымыздың жанашыры қазақ әдебиетінің айшықты тұлғасы екені даусыз.  Әлем тарихында империясы 300 жыл ғұмыр кешкен қаһарман тұлға Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған алғашқы асыл жары тарихта есімі елеулі әз-ана Бөртеге арналған шығармасы қазақ сахнасында тұңғыш рет Түркістан музыкалық драма театрында қойылғаны мұқым елге белгілі. 

Бүгінде Дулат Исабековтің еселі еңбектері өз елімізде ғана емес, сонымен қатар халықаралық режиссерлер мен өнер майталмандарының үлкен мәртебесіне ие болды.«Бөрте» спектаклі әлем сахнасына жол тартып, шетелдік көрерменнің көзайымына айналды. Бұл жазушы үшін де, халқымыз үшін де үлкен мәртебе. Ол аға қазақтың ұлттық қайраткерлері, ғұлама ғалымдары, ақын-жазушылары Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Әлихан Бөкейхан, Нұртас Оңдасынов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Ғабиден Мұстафиндерді өзіне өнеге тұтты. Ал қаламдас ағалары және үзеңгілес достары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Кемел Тоқаев, Серік Қирабаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Асқар Сүлейменов, Төлен Әбдіков, Жарылқасын Нұсқабайұлы, Әшірбек Сығай, Райымбек Сейтметов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Ақселеу Сейдімбеков, Софы Сматаев, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази (Әшімов), Олжас Сүлейменов, Тоқаш Бердияров, Смағұл Елубай, Оспанхан Әубәкіров, Ғафу Қайырбеков, інілері Бейсенбай Сүлейменов, Құлбек Ергөбек, Шәмшидин Паттеев, Көпен Әмірбектермен ерекше сыйласып, сырласып ғұмыр кешті. Бұл бүгінгі буынға және болашақ толқынға дана да сара жол нұсқар өнеге болары хақ.

Талант пен дарын Алланың берген сыйы десек, сол Құдай берген сыйды халқының игілігіне жаратып келе жатқан қаламгерді энциклопедиялық терең білімнің иесі деп айтуға әбден болады. Бүгінгі таңда Дулат Исабеков – «Мәдениет» журналының шығарушысы және бас редакторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры. Осы оқу орнында «Кинотеледраматургия» шеберханасы бойынша дәріс беріп, дарынды шәкірттер тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз. Дулат Исабековтің «Әдебиет – білім мен руханияттың қайнар көзі ғана емес, ел мен елдің арасын жақындастыратын алтын көпір» деп айтқаны бар. Ұлттың айнасы, көзі мен құлағы, сарқылмас рухани қазынасы да әдебиет, сол әдебиеттің өрісін дамытатын, көкжиегін кеңейтетін – жазушылар. Иә, ұлттық рухтағы ұрпақ тәрбиелеуде, алдымен, өз тарихыңды білу, оны қастерлеу, өзіңнің кім екеніңді түсіну, өзгелерден кем емес екеніңді ойыңмен, еңбегіңмен, таза ісіңмен дәлелдеу – Дулат Исабековтің өмірлік кре­досы екені сөзсіз! Жазушының хал­қымыздың менталитетіне тән әдемі дәстүрдің бірі – жеңге мен қай­ны­ның жарасымды достығы бейнелен­ген бірегей туындысының бірі «Гауһартас» арқылы қаншама буын ұрпақ тәрбиеленіп жатыр. Телеэкраннан бір көрсең, қайта көре бергің келетін, шіркін, осындай туындылар көп болса игі.

Қазақстанның еңбек ері, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, әдебие­тіміздің абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Дулат – қаламгер. Дулат – жазушы. Өзін күллі жұрттан, семьядан бөліп тастап, есікті тарс жауып, өз сезімімен арпалыса отырып, ол енді тап бір Тәңірінің өзімен тайталасқандай, кешегі Зейнолла Қабдолов айтатындай, өмірден – өнер жасайды» – деп ағалық, бауырлық пікірін білдіреді. 

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: «Дулат Исабеков – үнемі ізденіс үстінде жүретін драматург. Көп жазады, жақсы жазады. Жаман жазу – Дулат Исабеков үшін қылмыс. Қуанатыным, ол қазақ драматургиясында ешкім қалам тартпаған тақырыптарға барып жатады», – деді. Ал әйгілі ­театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Дулат Исабековтің қандай пьесасын алмаңыз, көрерменді жылата отырып, күлдіреді. Бұл – жазушы-драматург Исабековтің өзіндік стилі», – деп баға берді.

Белгілі әдебиеттанушы, сыншы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек: «Дулат Исабеков мейлі өткен күн тағылымын айтсын, мейлі бүгінгі күн шындығын жазсын, қайда да, қашан да шынайы суреткер, айтарын характерлер арқылы бейнелеп айтады, жазарын көркем детальдарды ойната құбылтып жазады, шығармаларының көркемдігі жұтынып, композициясы дөңгеленіп, шып-шымыр шығады. Қазақтың кешегісінен бүгініне ойыса жазатыны секілді, шағын жанрдан аралық жанрға (повеске), повестен әңгімеге еркін ауысып кете барады. Мейлі тақырып алмастырсын, мейлі жанр жаңаласын, жазушы бойынан еркінсіп келе жатқан өскелең суреткерлік табамыз, табамыз да қуанамыз. Оның ілгеріде аталған «Сүйекші», «Тіршілік», «Дермене» повестері мен жаңарған уақытпен жарыса туған бертінгі (аталған) әңгімелерін қазақ әдебиетінің классикасына жатқызуға әбден болады. Бұл туындылар Дулаттікі ғана емес, халықтікі бүгінде. Бүгінге ғана емес, ертеңге де қызмет етеді бұл туындылар. Сахнаға арнап жазған драматургиялық шығармалары экраннан киноға айналып сөйлеген, новелласы – повеске, әңгімесі – пьеса, кинодраматургияға ұласқан жазушының бірі де бірегейі – Дулат Исабеков», – деп жазады.

Белгілі ақын, баспагер, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Бақыт­жан Қанапиянов: «Дулат Иса­бекұлының әңгімелері мен повестері, романдары мен пьеса, киносценарийлері әдебиет жарық жұлдыздарының қатарында әлемдік кеңістікте шарықтап жүргеніне де, міне, анау-мынау емес, жарты ғасыр асыпты. Оның шығармалары қай кезеңдерде де, қай кеңістікте де өз оқырмандары мен өз тыңдарман, өз көрермендерімен тіл табысып, үндесіп бірге жасап келеді», – дейді.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы Смағұл Елубай: «Алғаш әдебиетке келген кезінде жазушы Дулат Исабековтің өзгелерге ұқсамайтын бір ерекшелігі болды. Ол – тіршілік атты тулаған теңіздің табанында жатқан кейіпкерлерді тауып алатын жазушы екен. Адам елей бермейтін, көптеген қаламгер жанынан жай ғана өте беретін кейіпкерлер болады. Ал Дулат Исабеков сол кейіпкерлерді байқап, соның адами қасиетін мөлдіретіп, қағаз бетіне түсіре білумен дараланды», – дейді жазушы замандасы.

Дулат Исабеков – 40-қа жуық кітабы жарыққа шыққан, еселі еңбектерімен шынында да биік шыңдарды бағындыра білген, еліне рухани қуатты азық беретін бірегей қаламгер. Ол қазақтың ғана емес, әлемдік өркениет биігіндегі ойшыл жазушы-драматург екеніне күмән келтірудің өзі артық шығар деп ойлаймын.

Ұлт руханиятының кемеңгері болған этнограф-ғалым, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің кезінде «елдегі экономикалық-әлеуметтік, саяси мәселелер түзелер, ал руханият бүлінсе, онда жағдайымыз қандай болмақ?» дегені барды. Еліміздің әдебиеті, мәдениеті, руханияты биік болу үшін заңғар жазушылар, оқымысты ғұлама ғалымдар қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында «Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік» деген болатын. Алдымен, береке-бірліктің, ұлтты ұйыстырудың төте жолдарының бірі – әдебиетке қамқорлық жасау арқылы өз тарихы мен әдебиетін терең түсінген ұрпақ руханиятымыздың көшбасшы жанашыры болатыны белгілі. Егемен еліміздің еңсесін тіктеу жолында тер төгіп жүрген азаматтардың мәртебелері биіктеп, өсе берсін!

Дулат Исабеков – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер. Ол бүкіл саналы ғұмырын отандық әдебиетке, ұлт руханиятына арнап келеді. Халықты аздырмайтын, елді тоздырмайтын асыл сөз – әдебиет. «Сөз сиқыр жазады ғой жараны да» деп Мағжан Жұмабайұлы тегін айтпаса керек.

                               Ғани СМАХАНҰЛЫ

2196 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы