• Білім және ғылым
  • 13 Қазан, 2022

«Тұран» – Тәуелсіздіктің құрдасы

Биыл «Тұран» университетінің құрылғанына  30 жыл толды. Мерейтойға орай аталған университетте «Жаһандық өзгерістер: ғылым және білім талабы» атты халықаралық ғылыми-практикалық форум өткізілді. Форумның ашылу салтанатына Азия мен Еуропаның көптеген елдерінен оқытушы профессорлар, ғалымдар қатысты.

Әрине, отыз жылдыққа байланысты университеттің жеткен жетістігі алдымен сөз болды. «Тұран» университеті Қазақстан экономикасы үшін ауыр жылдар болған сонау тоқсаныншы жылдары құрылыпты. Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданып, онда жекеменшік оқу орнын ашуға рұқсат берілгесін, жапатармағай университет, институт ашушылар көбейіпті. Бірақ көбі жабылып қалған. Сондықтан «Тұран» Тәуелсіздікпен бірге келе жатқан бірден-бір жекеменшік университет деуге болады. Осы жылдар ішінде «Тұран» жеке университет қана емес, білім беретін бүтіндей корпорацияға айналғаны мәлім. Корпорация құрамындағы білім беретін мекемелер түгелдей дерлік заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Университет бакалавриат бойынша 27 мамандыққа оқытады. Атап айтсақ: экономика, құқық, туризм, режиссура, радиотехника, электроника, телекоммуникация тағы басқа мамандықтар. Университет басшылығы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы секілді ұйым-мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, нарыққа қажетті мамандықтарды анықтап, дайындауға тұрақты көңіл бөледі. Яғни экономиканың барлық саласына мамандар дайындауда.

Еліміздегі бірде-бір жоғары оқу орны туризм саласына маман дайындамай келген. Оны да бастаған және біліктілікпен жалғастырып келе жатқан «Тұран» университеті екен. Жекеменшік университеттердің ішінде екі мыңыншы жылдардың басында бірінші болып диссертациялық кеңес ашып, өзге оқу орындарына қолғабыс жасапты.

Университет ұжымының көптеген отан­дық және халықаралық рейтингіні анықтау сынақтарында алдыңғы лектен, тіпті, алғашқы ондықтың қатарынан көрініп келе жатқаны көп жайдан хабар берсе керек. Министрліктің талабымен елімізде Ұлттық университеттер шетелдерде өз филиалдарын ашуда. Жекеменшік университеттерден тек «Тұран» сол жетістікке қол жеткізіпті. Содан да шығар университет Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа – 2020» марапатына ие болған. «Тұран» деген тарихи атау – орта азиялықтарды, түркілерді біріктіретін сөз екені де айтылды.

Отыз жылда «Тұранды» тәмамдаған отыз мыңнан аса жас, ел экономикасының көп­теген саласына қызмет етуге аттанған. Олар­дың алды генерал, әкім тағы басқа жауапты қызметтер істеуде.

Форумның ашылуы қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жүргізілгенін де айта кеткен жөн. Өйткені университет отыздай елдің жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Форумға сол отыз елден елу спикер келіпті. Олар ғылыми семинарлар, ғылыми-практикалық іс-шаралар, сараптамалық және фасилитациялық сессиялар, шеберлік сыныптар, ашық дәрістер, ғылыми семинарлар өткізетіні хабарланды.

Дағжан  БЕЛДЕУБАЙ

1760 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы