• Тұлға
  • 13 Қазан, 2022

ПАРАСАТТЫ ПРОЗАНЫҢ ПАТШАСЫ

Төлен Әбдік. Қазақ прозасында ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар қаламгер. Драматург, қоғам қайраткері. Қазақ әдебиетіндегі елеулі есімдердің бірі. Шығармалары 1964 жылдан жариялана бастады. «Көкжиек» (1969), «Күзгі жапырақ» (1971), «Ақиқат» (1974), «Айтылмаған ақиқат» (1979) әңгіме, повестер жинақтарын, «Өліара» (1985), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987), «Парасат майданы» (2002) романдарын жариялады. Әңгіме, повестері орыс тілінде «Истина» (1980, 1981) деген атпен шықты. Грек аңыздары – «Эллада ерлерін» (1977) қазақ тіліне аударған.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Кафка» және Қазақстандағы «ПЕН» клуб сыйлықтарының лауреаты (2003). 
1942 жылы 4 қыркүйекте Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. Бүгінде сексен жасқа толып отыр. Дулат Исабеков айтқандай, Төлен Әбдік қазақтың философиялық прозасын айрықша дамытты. Ол –танымдық,  парасатты прозаның патшасындай болған қаламгер. Сондықтан жазушының әдеби шығармаларымен оқырман етене таныс деп ойлаймыз. 
Бұл жолы оқырмандарға жазушының әр жылдарда берген сұхбаттарындағы, туындыларындағы ой-толғаныстарын ықшамдап ұсынып отырмыз.

ЖАҒЫМПАЗДЫҢ ҮШ ТҮРІ БАР

– Менің «Ұры мен ұлы» деген пьесам Алматыда М.Әуезов драма театрында  4-5 жылдан бері қойылып келеді. Сонда жағымпаздар туралы ­басты кейіпкер профессордың аузымен берілетін баға бар. Жағымпаздық қазір мінезден гөрі мал табатын қызметке көбірек келеді. Өмір сүрудің нормасына айналды. Жағымпаздың үш түрі бар, – дейді әлгі профессор.

– Біріншісі – таза қанды жағымпаздар. Олардың одан басқа қабілеті де жоқ. Сондықтан олар өздерін мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген адамдай сезінеді.

Екіншісі – амалсыз жүрген жағымпаздар. Олар мұның жақсы нәрсе емес екенін біледі. Іштей ұнатпайды.Қолынан келсе, екі жаққа да жақсы көрінгісі келеді. Өздерін заманның құрбанымыз деп түсінеді. Өз істерін жасыруға тырысады. Бірақ одан олардың күнәсі жеңілдемейді.

Үшіншісі – бұлар да бәрін біледі, бірақ жағымпаздықты қысылмастан ашық жасай береді.

 

ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ  ОРНЫҒУЫНА РУЛЫҚ САНА КЕДЕРГІ БОЛЫП ОТЫР

Бүгінгі қазақтың да үлкен проблемасы оның санасында жатыр деп ойлаймын. Кешегі Кеңес өкіметі мейлінше идеологияланған мемлекет еді ғой. Халықтың санасын улады, жалған ұғым, сенімдерді қалыптастырды. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, сол санадан әлі арылып бола алмай жатырмыз. Зиялы қауымның ішінде көзі ашық деген азаматтардың арасында да әлі сол кеңес заманында өмір сүріп жүргендей ой ойлап, пікір таратып жүргендер баршылық. Тіпті тәуелсіздікті әлі мойындағысы келмей жүргендер де бар. Олардың көбі кезінде кеңестік номенклатурада болып, жоғары қызметтерде істеп, заманның қызығын молынан көргендер немесе солардың ұрпақтары, коммунистік идеяға қатты сенгендер, орысша тәрбиеленіп, өз тамырынан айрылып қалғандар һәм тағы сол сияқтылар. Әлі күнге дейін Ресейдің насихатынан шыға алмай (өйткені таңертеңнен кешке дейін тыңдайтынымыз – солардың телеарналары, оқитынымыз – солардың газеттері), соларша Американы жамандап, Еуропаны ғайбаттап (бұлар біздің жерімізге көз алартып отырғандай немесе тіліміздің мемлекеттік тіл болуына кедергі жасап жатқандай), демократияны жоққа шығарып (бұрын жалған демократияны желеу етіп отырған мемлекеттерді сынаушы едік, енді демократияның өзін сынауға көштік, бізді құртып отырған сол екен), ел үшін жандарын құрбандыққа шалған Алаш азаматтарының өздерін аса жоғары көтермей, шамалап қана мақтап, кезінде большевиктердің сойылын соққандарды әлі күнге дейін көкке көтеріп ұлықтауымызды қоймай – мінеки, осылай өмір сүріп жатырмыз. Оның үстіне, ұлттық сананың орнығуына кедергі болып отырған рулық сананы қосыңыз. Ұлттық сана дегеніміз – халықтың біртұтас организмге айналуы, кез келген істе, әсіресе ұлттық мүддені қорғау қажет болғанда жұмыла білуі. Ал рулық сана – сол жолдағы үлкен кедергі. Әлемге ықпал жасап отырған өркениетті халықтардың артықшылығы да осы тайпалық сананы әлдеқашан артқа тастап, ұлттық санаға көшіп кеткендігінде жатыр.

 

АДАМНЫҢ ӨЗІН ӨЗІ  ЖЕҢУІНЕН АРТЫҚ ЖЕҢІС ЖОҚ

Жалпы, адам бойындағы басты дерттің бірі өзімшілдік дер едім. Бұл адам табиғатында бар нәрсе. Ол тіпті бала кездерде ілгері ұмтылуға, өзін өзі жетілдіруге себепкер де бола алады. Бірақ адам есейіп, өзін қоғамның бір бөлшегі екенін сезініп, биік мұрат байлық та, билік те емес, адамгершілік екенін, жарық дүниеге келген адам баласы Алланың алдында, ардың алдында бірдей екенін сезінген кезде, өз бойындағы әлгі инстинкті тежей білуге тиіс. Өйткені өзімшілдік қоғамдық ортада қалыпты жағдайға айналса, онда берекелі тіршіліктің болуы мүмкін емес. «Мен, мен, тағы да мен» деп өзеуреген өлермен өзімшілдік тұрған жерде риясыз достық та, шынайы сыйластық та болмайды. Бір ұлы адамның: «Атаққұмар адам ақылдыларға – мазақ, ақымақтарға – кемеңгер, жағымпаз-алаяқтарға – олжа және өз бойындағы атаққұмарлықтың басыбайлы құлы» деген сөзі бар. Өзімшілдік, «біз ерекше жаралған халықпыз» деген ұлттық өзімшілдікке көтерілген кезде фашизм басталады. Сондықтан адам өз бойындағы кемшілікпен күресуі керек деп ойлаймын. Адамның өзін өзі жеңуінен артық жеңіс жоқ.

 

ӨЗІНДІК ТАЛҒАМ, ТҮЙСІК ҚАЛМАЙ БАРА ЖАТЫР

Бұл дүниеде ең қиын әрі ең қарапайым нәрсе не екенін білесіз бе? Ол – «жақсы деген не?» және «жаман деген не?» деген сұраққа жауап беру, соның аражігін ажырату. Қазір басқаны былай қойған кезде, жоғары элитада басшылық қызметте жүрген адамдар бар емес пе? Солар бір шығарманы оқып шыққаннан кейін жақсы-жаманын айыра алмайды. Сұрасаң, нақты жауап беруге жарамайды. Қазіргі қоғамның дерті сол – не нәрсе жүйелі жарнамаланып, жақсы насихатталса – сол тамаша! Өзіндік талғам, түйсік деген, өкінішке қарай, қалмай бара жатыр. Кемеңгер Абайдың:«Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» деген сөзі бар еді ғой. Хакім айтпақшы, бұл – шын мәнінде әдеби надандық дер едім. Ал қарапайым оқырманға ондай өкпе арта алмаймын. Өйткені оларда түйсік бар. Қызыл сөзге салып талдап бере алмағанымен, олар шығарманың жақсы немесе жаман екенін жүрегімен сезіп, біліп тұрады.

 

БӘРІ МҮМКІН

Шынында да, неге ақылды адам ақымақтан жеңілуге тиісті? Егер қоғам дұрыс болса, мұндай болуы мүмкін бе? Әрине, дертті қоғамда бәрі керісінше. Шындықты айтқан адам – айкәпір, өтірік айтқан адам құрмет иесі болуы мүмкін. Мәселе шешетін орындарда кәсіптік деңгейі биік, білімді маман емес, бастығының қыбын таба білетін, бейімшіл, ойланбайтын тілалғыш, жағымпаздар керек болуы мүмкін. Құрмет, атақ, орден, сыйлық таланттыларға емес, талантсыздарға бұйыруы мүмкін. Бәрі мүмкін.

 

ХАНДАРДЫ КӨККЕ  КӨТЕРУДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ

Бүгінгі тарихқа да, баяғы тарихқа да сын көзімен қарауға қалыптасқанмын. Қазір хандарды көкке көтеріп, фильм түсіріп жатамыз ғой. Соған хандарды көкке көтерудің керегі жоқ екенін айтамын. Қазақтың ауыз әдебиетінде «Хандар жыры» деген жыр жоқ, «Батырлар жыры» деген жыр бар. Қазақтардың батырларды қатты қолдағанының белгісі.

ЖАҚСЫ ШЫҒАРМА БҮГІНГІ ҚОҒАМДЫҚ  ӨМІРДІ СЫНАЙДЫ

Жақсы шығарма деген не? Жақсы шығарма деген бүгінгі қоғамдық өмірді сынайды. Чехов та солай сынаған, Салтыков-Щедрин де сөйткен. Ондай шығарма мемлекет басында тұрғандарға ұнамайды. Сосын жақсы әдебиетті қолдау деген болған жоқ.

Жалпы, қалай болғанда да, әдебиетті өркендету үшін белгілі бір қаражат керек. Мысалы, кітап саудасын жолға қою деген бар. Кітап саудасы деген совет үкіметінің тұсында болды. Кәдімгідей үлкен тираж болды. Біз сол кездері бір кітабымызға әжептәуір ақша алатын болдық. Ол кезде аздап та болса, күн көруге болатын. Сол кітап саудасы қалай, неге құрығанын өзім де білмеймін. Сол кітап саудасы құрығаннан кейін, кітап өтпегеннен кейін, одан пайда түспегеннен кейін жазушы да кедей болады.

 

ОН ТЕҢГЕ ҰРЛАСАҢ –  ҰРЛЫҚ, ОН МИЛЛИОН

ҰРЛАСАҢ – БИЗНЕС

Алғашқы шыққан тәп-тәуір шығарма сенің бүкіл жазушылық тағдырыңды анықтай алмайды. Өз басыңдағы қуаныш қайғыңды жазғаннан кейін сен өзгелердікін де дәл өзіңдікіндей етіп жаза білуің керек. Жүрегіңнен өткізіп жазуың керек. Ал оған уақыт қажет! Сол екі ортада адамда бір кризис пайда болады. Сол кризиске төзе білуің керек. Жоқ, жұрттың бәрі жылда бір кітап шығарады ғой деп, соған кірісіп кетсең, басқа жолға түсіп кетесің. Ал әлгі кризиске төзсең, соңында бәрібір өзіңді табасың. Сосын бәрі өзгеше болады...».

***

Билік Алашты мойындады. Мерейтойларын атады. Кітаптарын шығарды. Бірақ өмірімізге, ұстанымымызға, бағытымызға алтын арқау болатындай ұлттық идеямызға айналдырмады. Біз Алаш көсемдерінің ескерткіштері астанамыздың ең төрінде, азаттығы­мыздың темірқазығындай болып, әр ұрпақтың көзқуанышына айналар деп ойлаған едік. Астанадағы маңдайалды университетімізге солардың біреуінің аты берілер деп үміт қылған едік. Алайда бәрі басқаша болды.

***

Басқа жерде жоқ, тек біздің ғана еншімізге бұйырған ерекше лауазым бар екен. Одан кейін ұлылардың ұлысы деген бір атақ пайда болды. Оған арналып жеке заң шықты. Ол адам бір өзіне ғана арналған жеке заңмен өмір сүреді екен. Енді оған жағымпазданатын топ жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Ол туралы романдар, поэмалар жазылды, кинофильмдер түсірілді, оны пайғамбарға теңеп ұлықтағандар өзара жарысқа түсті, тіпті, бір ақын оны құдайдың өзіне теңепті деген хабар жетті (Алла сақтасын!). Енді біреуі қызды-қыздымен бізге тәуелсіздікті бір кісі алып берді деп баршамызды айран-асыр қылды. Тағы біреулер демократия деген бәлесі құрысын, бізге енді сайлаудың қажеті жоқ, осы кісі сайлаусыз-ақ өмір бойы жүре берсін деп ұран тастады. Конституцияның ешкімге қажеті болмай қалды. Жағым­паздарды жексұрын жандар шығар деп ойлаушы ек, біздің қоғамда ең беделді адамдар солар болып шықты.

***

Бүгінгі өркениетті елдердің басында тұрған Америка Құрама Штат-тарында мемлекеттің іргесін қалаған аталар (отцы-основатели) деген ұғым бар. Оған олардың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон, үшінші прези-дент, «Тәуелсіздік декларациясының» авторы Томас Джефферсон, конституцияны жазғандардың бірі Джеймс Мэдисон – небәрі жеті адам кіреді.

Джордж Вашингтон, Американың тәуелсіздігін алып берген қолбасшы, президенттік бірінші мерзім аяқталғаннан кейін, екінші мерзімнен бас тартқан. Бүкіл үзеңгілес замандастары жалынғандай болып, екінші мерзімге әрең көндірген. Президенттік екі мерзім дәстүрі осыдан кейін әрі қарай жалғасты.

Ал Томас Джефферсонның «Тәуелсіздік декларациясын» көркем шығарма оқығандай оқисың. Демократияны ондай терең түсіндіріп берген басқа ешкімді өз басым білмеймін.

Мінеки, осы адамдар – АҚШ-тың негізін қалаушылар болып есептеледі. Саяси ортада болып жататын, қоғамның іргесін солқылдатқан дау-дамайлардың өзінде, бәрінің тоқтайтын жері – мемлекеттің негізін қалаушы аталардың сөздері. Бір-бірімен бітіспес жау секілді күресіп, ешбір келісімге илікпей жүрген саяси партиялардың өздері мемлекеттің негізін қалаушылардың ой-пікірлері төңірегінде мәмілеге келіп жататын кездері аз емес.

***

Бізде қазір тәуелсіздік жылдарында билік құрған авторитарлы режимнің дәуірі аяқталды дегенді жұрттың бәрі айтып жүр. Ол дәуірге қайтып орала алмайтынымыз белгілі. Егер біз шын мәнінде жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, ұлттық идеяны айқындап алуымыз керек.

Ол идея – Алаш идеясы. Республика нышанындағы жаңа заманғы жаңа мемлекетті жасақтаған Алаш көсемдеріне – Қазақ Республикасының негізін қалаушылар (Отцы-основатели) деген мәртебе берген жөн.

Бұл культ емес, өркениетті елдердің бәрінде бар – тарихты дұрыс түсініп, әділ бағалай білу. Насихатпен жасалған жалған дақпырт-даңқтан арылып, ақиқатты мойындау.

 

МЕМЛЕКЕТ ТІЗГІНІ ДИКТАТОРДЫҢ ҚОЛЫНА ТҮССЕ, ОЛ ЕЛДІ ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ДЕП АЙТУҒА БОЛМАЙДЫ

30 жыл біздің зиялы қауым үшін үлкен сын болды. Заман өзгергеннен кейін шығармашылық қауымның, зиялы қауымның адамдары белгілі бір прицнипті түрде шындықты айтуды қолға алатын шығар, биліктен қорықпайтын дәрежеге жететін шығар деп ойладық. Сол болмады. Оның бәріне, бәлкім, біздің жүйе кінәлі деп есептеймін. Тәуелсіздік алғаннан кейін бәріміз де қуандық қой. Бөркімізді аспанға аттық. Бірақ оның ар жағында талай қулық-сұмдық, саяси ойын, ұрлық-қарлық жатқанын кейін білдік. Мемлекет тізгіні диктатордың қолына түссе, ол елді тәуелсіз ел деп айтуға болмайды. Өйткені ол диктаторға тәуелді. Мысалы, Солтүстік Корея да саяси статусы жағынан тәуелсіз ел екені рас, бірақ ол елді бақытты ел деп ешкім де айта алмайды. Өйткені диктатор билеп отыр, ойына не келсе, соны істейді. Халық кедей, ешқандай еркіндігі жоқ, тоталитарлық жүйенің қыспағында отырған бір сорлы халық. Авторитарлы жүйе деген не? Ар жағында фашизм жатыр мұның. Бұл коррупция жасауға ең қолайлы жүйе. Өйткені заң жұмыс істемейді. Заң тек қана халыққа жұмыс істеуі мүмкін, ал биліктегілерге заңның шамасы жетпейді. Халықты ояту керек бірінші. Халық оянды деп айта алмаймын. Халықты ояту керек. Халықты өзін-өзі мақтап, өзін-өзі керемет қылу деген идеялардан арылту керек. «Біз кереметпіз» деген бос мақтаншылықтардан арылту керек. Саланы өзгерту керек. Совет үкіметінен кейін қалыптасқан толып жатқан ескі түсініктер бар. Солардан арылу керек. Ол үшін осы елін сүйетін талантты жазушылар шындықты айтуы керек. Бетіне басу керек бүгінгі биліктің дұрыс істемей отырғанын. Халық ояну керек. Халық оянбаса ештеңе болмайды.

 

ЕҢ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕ БҮГІНГІ ЗАМАННЫҢ  АДАМЫ БОЛУ

Кейінгі ұрпақтың жақсы болғанын тілеймін. Кейінгі ұрпақтың миын ашытпай, адам етіп тәрбиелеуіміз керек. Салт-сана деп бірдеңелерді айтып жатады. Салт-сана өзімен-өзі сақталады, егер бүгінгі заманға сәйкес келсе, бүгінгі заманның талабына жауап беретін болса... Салт-сананы жасайтын – орта, тарихи жағдай. Ол сенің «мынаны сақтайық-мынаны сақтамайық» деп жиналыс ашқаныңа қарамайды. Сондықтан ең негізгі мәселе, бүгінгі заманның адамы болу, бүгінгі заманды білу.

 

1470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы