• Руханият
  • 13 Қазан, 2022

ОЙЛЫ ОҚЫРМАН ОҚИТЫН КІТАП

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Көлн Қазақ мәдени орталығының» құрметті төрағасы Абдуррахман Жәлелұлы Четиннің  «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабының тұсаукесері өтті. Салтанатты шараға Түркияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі мен тарихшылар, жазушылар қатысып, авторға ақжарма тілектерін айтып, кітаптың тарихи мәні мен көркемдігі туралы пікірлерін білдірді. 

Басқосуды Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекқызы ашып, өздерінде талай кітаптың тұсаукесер шарасы өтетінін, алайда бұл кітаптың да, оның авторының да орны бөлек екенін айтып, сөз тізгінін шараның модераторы, белгілі айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлына тапсырды.

Бақыт Жағыпарұлы шараның қонақтарымен таныстырып, кітап авторы Абдуррахман Жәлелұлының өмірбаянын баяндап өтті. Оның айтуынша, Абдуррахман Жәлелұлы 1935 жылы Қытай Халық Республикасының ШҰАР аймағы Баркөл ауданында өмірге келген. Қытайда мұсылмандарды жазалау, қудалау науханы басталғанда 1949 жылы ауылдастарымен бірге Тибет тауларымен босып көшіп, Үндістанның Кашмир ауданына қоныс аударады. Қытайдағы балалық шағы кітаптың бірінші тарауында «Балалық шақтың естеліктері» деген тақырыппен берілсе, екінші тарау «Тықыр таянғанда» деп аталады. Ал Үндістанға жеткенше көрген қиыншылықтары «Тибет асқанда» деген үшінші тарауда баяндалған. 1954 жылға дейін Үндістанда тұрып орта білім алған автор онда кездескен қиыншылықтарын «Үнді елінде бастан кешкендеріміз» атты төртінші тарауда әсерлі суреттеген. Алайда діні бөлек елдің ортасында қалып қоймай, жол азабынан естерін жиып, тіл үйренген соң үнді елінің басшыларына өтініш айтып, Түркияға көшуге ұсыныс жасайды. Бұлардың ол ұсынысына Түркиядан делегация келіп, олардың қазақтар-қандастар екенін біліп, Түркияға қабылдауға келісім береді. Осылайша 1954 жылдың аяғында Кашмирден Түркияға қоныс аударып, бауыр-туыстарымен бірге сол елдің азаматтығын алады. Бұл сапарлары «Түркияға бет түзеу» деген бесінші тарауда баяндалады. Автор бауырлас елде білімін жетілдіріп, оқиды. Түрік, ағылшын, неміс тілдерін үйренеді. Бұл кезеңдерін «Жаңа бетбұрыс» деген алтыншы тарауда суреттеген. Осыдан соң автор 1963 жылы Германияға барып, Генри Форд атындағы жеңіл машина жасайтын зауытқа жұмысқа орналасады. 1965 жылы отбасын құрып, жарымен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде оншақты немер сүйген бақытты ата-әже. Міне, бұдан кейінгі өмірі мен қайраткерлік қызыметтері кітаптың «Атамекенге сағыныш», «Қазақ түркілері» қоғамы, «Қазақстан – көзімнің қарашығы», «Жақсыдан шарапат», «Насихат айтсам азырақ» деген тарауларда таратылады.

Абдуррахман Жәлелұлы Еуропа қазақтарының басын біріктірген қайраткер қандастардың қатарында ұрпақтарының тіл мен дінді, салт, дәстүрді сақтауда өлшеусіз еңбек еткен тұлға. Сондықтан да ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі болған. Кітапта бұл жолда атқарған еңбектері де жан-жақты баяндалған. Тұсаукесер шарасында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бұрынғы төрағасы, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов алғашқы болып сөз алып, кітап авторының қайраткерлік тұлғасына кеңінен тоқталды. Ал ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы Смағұл Елубай өз сөзінде ­Абдуррах­­ман Жәлелұлының бұл кітабын Халифа Алтайдың «Ата жұрттан Анадолыға дейін» атты кітабымен салыстыра талдап өтті.

Өз кезегінде тарих ғылымының докторы Нәбижан Мұхмедханұлы кітаптың тарихи құндылығына тоқталды. Өткен ғасырдағы әлемге тарыдай шашылған қазақтың басынан кешкен қиыншылықтарын зерттейтін болашақ ғалымдарға құнды дереккөз болатынын айтып өтті.

Шара соңында кітаптың тұсакесер рәсімі жасалып, ондаған кітап Ұлттық кітапхана қорына табыс етілді. Айта кетер бір мәселе, кітаптың шығуына белгілі меценат Бауыржан Оспанов демеушілік жасап, 1000 дана таралыммен шыққан. Тұсаукесер шараның соңында Абдуррахман Жәлелұлы ­Бауыржан Оспановқа ризашылығын айтып, оның өкіліне кітабы мен арнайы сыйлығын табыс етті.

«AmalBooks»-тен шыққан кітаптың сыртқы безендірілуі қалай ерекше болса, ішкі мазмұны да бай, тарихи құндылықтарға толы. Өз тарихын, халқымыздың басынан кешкен зұлмат жылдарды білгісі келген ойлы оқырман оқитын кітаптың бірі дүниеге келді. Құтты болсын!

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

 

801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы