• Руханият
  • 13 Қазан, 2022

АМАНХАННЫҢ «ЖЫРДАРИЯСЫ»

Ұлттық кітапханада көрнекті ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, журналист, публицист Аманхан Әлімұлының «Жырдария» атты кітабының таныстырылымы өтті. Ақынның 70 жылдық мерейтойына орайлас шыққан жаңа жинақ  «Атамұра кітапханасы» сериясымен жарық көрген. Қаламгердің өлеңдері оқылып, әдеби кешке ұласқан жиында ақын-жазушылар  Аманхан Әлімұлы туралы естеліктерін айтып, сағынышпен еске алды. 

Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып жүргізді. Белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов қаламдас, рухтас інісі Аманханның ақындығы мен азаматтығы жайлы айта келіп, жиналған қауымға бата берді. Көрнекті ақын Темірхан ­Медетбеков әріптес інісімен Мәскеудегі бірге өткен күндерін еске алып, қызықты әңгімелерімен бөлісті. Сөз алған ақын-жазушылардың барлығы Аманхан Әлімұлының әдебиетке адал, кез келген әділетсіздікке қарсы тұрып, күресетін арлы азамат болғанын атап айтты. Ақын, баспагер Темірғали Көпбаев Алматыға келіп, әдебиетке араласа бастаған жас кезінде Аманхан Әлімұлының жақсылығын көп көргенін тілге тиек етіп, адами болмысына тоқталды.

Аманхан Әлімұлы ағамызбен ағалы-інілідей жақын араласқан белгілі ақын, ардагер журналист Аян Нысаналин ақын інісінің ең алдымен өлеңімен кездескенін еске алды. «Мәскеуде оқып жүргенде жазғы демалыста Шымкентке келдім. Облыстық газеттен қоңырау шалып, жүз шақты автордың өлеңін құшақтатып жіберді. Соның ішінде мектептің 9 сынып оқушысы Аман­ханның өлеңі бар екен. Тәп-тәуір. Мәскеуден келген соң «Жүйріктер әліне қарай шабады» деген мақала жаздым, «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шықты. Соның ішінде Аманxанның өлеңіне тоқталып, болашақта ақын болады деп жазғанмын» дей келіп, Аян ағамыз әдебиет пен қоғам жайлы сыр шертіп, шахмат ойнап, ой жарыстыратын ақын інісін сағынып жүргенін жеткізді.

 «Жырдария» жинағын жарыққа шығарған баспагер-ғалым, «Атамұра» корпорациясының Президенті Рақымғали Абрарұлы өз сөзінде бұл кітаптың Аманхан Әлімұлының өзі барда жоспарланғанын, сол уәденің нәтижесі екеніне тоқталды. Көпшілік қауым ақын ағасын ұмытпаған ­баспагерге алғыс айтты. Аманхан Әлімұлының публицистикасы туралы сөз қозғаған белгілі журналист, әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке қаламгердің мақалалар жинағын басып шығару жөнінде ұсыныс білдірді.

Аманхан Әлімұлы ­мектеп оқу­шылары мен студент жас­тар арасында жиі болып, кездесулерден қалмайтын. Сондай білім ошағының бірі – Алматыдағы М. Мақатаев  атындағы №140 мектеп-гимназия. Ақын ағаларын еске алуға арналған іс-шараға арнайы келген осы мектептің өнерлі оқушылары Аманхан Әлімұлының өлеңдерін оқып, бірнеше жыл бұрын өткен әдеби кештен бейнеүзік көрсетті. Кітап таныстырылымы осылайша ақынын ұлықтаған рухани, жайдары жүздесуге ұласты.

Ақын жайлы әдеби кешке айнал­ған жиынның соңын Бауыржан Жақып «Аманхан Әлімұлы – ұлт ақыны» деген қаламгер шығар­машылығына берілген бағамен түйіндеді. Екінші ғұмыры басталған ақын және журналист Аманхан Әлімұлы есімі қабырғалы қазақ жұрты барда жасай бермек.

Дина ИМАМБАЙ

851 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы