• Қоғам
  • 13 Қазан, 2022

САЙЛАУ МЕН ТАҢДАУ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Сонымен 20 қараша күні өтетін Президент сайлауына кандидаттар ұсыну аяқталды. Аламан бәйгеде кімнің асығы алшысынан түседі? Оны әрине уақыт көрсетеді. Десек те, біз ұсынылған үміткерлердің кімдер екенін бір сараптап көрейік.

ОРТАҚ КАНДИДАТ – ОРНЫ БАР ТҰЛҒА

Алдымен Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалицияның форумы өтті. Форумға «AMANAT», «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиясы сынды саяси партиялардың және 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның екі мыңнан астам өкілі қатысты.

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастау алған сайлау науқаны барысында бірден бірнеше республикалық қоғамдық бірлестік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Респуб­ликасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдағанын атап өтті.

– Түрлі саяси және қоғамдық күш­тердің дәл мұндай ауызбіршілігі біздің қоғамды топтастырудың мүлдем жаңа деңгейін көрсетеді. Осыған сүйене отырып, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен кеңесе келе, біз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалиция құру туралы шешім қабылдадық, – деді Ерлан Қошанов.

Еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш, Қазақстан әуе күштерінің генерал-майоры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын, оны мықты саясаткер, шебер дипломат санайтынын мәлімдеді.

– Халықаралық геосаяси жағдай қиын кезде бізге дәл осындай тұлға қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев шет елдің басшыларымен тең дәрежеде сөйлесе алатын сұңғыла саясаткер. Оның халықаралық тәжірибесі өте жоғары, әлемдік деңгейде мойындалған. бізге тұрақтылық пен бейбіт өмір қажет. Біз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау арқылы болашақты таңдаймыз. Мен Президенттің бастамасымен жүргізіліп жатқан барлық реформаларды толық қолдаймын, – деді Тоқтар Әубәкіров.

Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі Қазыбек Иса өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен тарихи реформалар қарқын алғанын атап өтті.

– Әр қиындықтан сабақ алуға тиіспіз. Қасіретті басталған жылды қа­сиетті істерге жалғастырып, жақсы­лыққа ұластырып алып кету елге, сіз бен бізге байланысты. Біз әртүрлі саяси ұйымның өкілі болсақ та, біздің бағы­тымыз бен мақсаттарымыз, арман-тілектеріміз бір. Өйткені біздің қасиетті қара шаңырағымыз бір. Бізге керегі қазір ең алдымен елдің амандығы – Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің тұтас­тығын сақтау! Осы мақсатта, біз «ақ­жолдықтар» бірауыздан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Прези­денттігіне лайықты кандидат деп есептеп, қолдаймыз! – деді Қазбек Иса.

Мәжілістегі Қазақстанның Халық партиясының депутаты, «Қазақстан халқына» Қоғамдық әлеуметтік қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ирина Смирнова Президент реформаларының басты бағыты – адам, оның әл-ауқаты, өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті.

– Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасынан нағыз халықтық Президентті таныды деп сенеміз! Бүгін Съезде ҚХП бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауына кандидат ретінде ұсынып, Халықтық Коалицияға кіруге шешім қабылдады, – деді Ирина Смирнова.

Форумда сөйлеген сөзінде қоғам қайраткері, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, кәсіби спортшы Ардақ ­Наза­­ров ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың рухани байлығына және асыл мұра­ларына, ұлттық құндылықтарына сүйенген жөн екенін жеткізді.

Журналист, Алматы қалалық мәс­лихатының депутаты Сергей Пономарев азаматтардың сұранысына жедел әрі тиімді жауап беру, талқылау мен шешім қабылдау кезіндегі ашықтық билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі Президент құрған жаңа формасы болды деп есептейді.

«Мемлекет басшысы президент болған үш жыл ішінде небір қиын-қыстау кезеңдерде әрқашан бізбен бірге болып, жан-жақты қолдау көрсетті. Халыққа жаны жақын тұлға екенін бір емес, бірнеше рет дәлелдеді. Қазіргі кезеңде одан басқа лайықты үміткерді көріп тұрған жоқпын, – деді Сергей Пономарев.

М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетіндегі бизнес-мектептің директоры Алина Әбдірахманованың айтуынша, Қазақстанның инновациялар еліне айналуына барлық мүмкіндігі бар.

– Қазірдің өзінде бізде «Tik-tok» және «Вinance» сияқты компаниялар аймақтық кеңселерін ашуда. Біздің қазақстандық компаниялар тәжірибе ретінде әлемнің жетекші бизнес мектептерінде зерттеліп жатыр. Бұл – Қазақстанның басты байлығы оның табиғи ресурстарында емес, адами капиталында екендігінің тікелей дәлелі. Жастар Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен үміт артады және ол бастаған реформалардың сәтті жүзеге асатынына сенеді, – деп атап өтті Алина Әбдрахманова.

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларға қолдау көрсетіп, сенім артқаны үшін ризашылығын білдірді. Форумның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтық Коалицияның ұсыны­сын қабылдап, ҚР Президенті лауазымына кандидат ретінде ұсынуға келісімін берді.

 

САЙЛАУ БӘСЕКЕСІНДЕ САПА БОЛА МА?

Аламан бәйгеге қатысатындардың осалы болмайды дейміз ғой.Бірақ Халықтық Коалицияның форумы кандидат ретінде ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалған қарсыластар бәсекелес бола ала ма? Көпшілікті толғандыратын да осы сауал екені сөзсіз. Қазақстан президенттігіне кандидаттарды ұсыну аяқталды. Орталық сайлау комиссиясына 12 кандидат өтініш берді.

Сонымен Жигули Дайрабаев – «Ауыл» партиясы атынан, Мейрам Қажыкен – «Аманат» кәсіподақтар достастығы атынан, Нұрлан Әуесбаев - Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан; Қасым-Жомарт Тоқаев – Халықтық коалиция атынан, Қарақат Әбден – «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлердің ұлттық альянсы» атынан, Нұржан Әлтаев – «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігі атынан, Жұматай Әлиев – «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан, Талғат Ерғалиев – «Қазақстан құрылысшылар одағы» атынан, Салтанат Тұрсынбекова – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі атынан, Хайролла Ғаб­жа­лилов – «Оралмандардың «Асар» бір­лестігі» атынан, Бақыт Жаңабаев – «Қазақстандық Футбол Әуескерлері Лигасы» қоғамдық бірлестігі атынан, Фатима Бизақова – «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан сынға түседі.

Ал үміткерлерге қол жинау 21 қазанға дейін жалғасады. Әр кандидат 118 273 сайлаушының қолын жинауы тиіс. Бірақ олардың барлығы да алдағы додаға тікелей қатыса ала ма? Бұл енді үлкен мәселе. Ең алдымен сайлау бәсекесіне түсейін деп отырған үміткерлердің құжаттары егжей-тегжейлі тексеріледі. Олар мемлекеттік тілге қаншалықты жетік? Лингвистикалық комиссияның мүшелері үміткерлерден емтихан алады. Қалай айтқанда да, мемлекеттік тіл жөніндегі емтиханнан кандидаттар сүрінбей өте ме? Оны енді уақыт көрстеді. Қазірден байқап отырғанымыздай, президенттікке үміткерлердің бәрі де жоғары білімді. Сонымен нақты айтқанда, алдағы Президент сайлауына 12 адам өтініш түсірді. Бәрінің артында бір саяси ұйым мен бірлестіктер бар. Бір айта кетерлігі, бұл сайлаудың жөні бөлек болайын деп тұр. Біріншіден, үміткерлер өте көп. Бірақ бәрі оза шауып бәйге алады деп айту қиын. Меніңше, қазіргі Президенттің бәсі өте жоғары. Бәйгені де шаппай алатыны сөзсіз. Өйткені халықтың сенімі бар. Екіншіден, бүгінгі мемлекет басшысы бастаған реформасын жалғастыруы тиіс. Сондықтан сенім квотасы алға шығады. Ал басты сауал, екінші орынды кім алады? Мәселе де осыған келіп тіреледі. Екінші орын алу да кез келген үміткерге жеңістен кем соқпауы тиіс. Бәрін уақыт көрсетер. Десек те, «Ауыл» партиясының президенттік додаға қатысуы келер жылғы парламенттік сайлауда өз ұпайын түгендеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Қалай айтқанда да, Президент сайлауына үміткерлер ұсынылды. Енді алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстары басталады. Әрине, сайлау бәсекесінде популистік ұрандар да көтерілуі ықтимал. Бірақ халық – таразы. Бәрін өлшеп, екшеп барып қалаған кандидатына дауыс береді деп сенеміз.

667 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы