• Мәдениет
  • 13 Қазан, 2022

«ҚАРАГӨЗ» – ТЕАТРДЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫН АШТЫ

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 97-маусымы «Қарагөз» трагедиясымен ашылды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің  туғанына 125 жыл толу мерейтойына байланысты қойылған бұл спектальдің режиссері – Елік Нұрсұлтан. Жаңа маусымның ашылуына орай баспасөз мәслихаты өтіп, жиынға  театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов,  директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Еркін Жуасбек, режиссері Елік Нұрсұлтан, қоюшы-суретшісі  М.Сапаров және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс қатысты.

Баспасөз мәслихатында  алғашқы болып сөз алған М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов келушілерді театр маусымының ашылуымен құттықтады.

– Қазақстанның бірден-бір мемлекеттік театры, қара шаңырағы, көптеген ұлы тұлға­лардың қызмет атқарған жері болғандықтан, маусымның ашылуы да жабылуы да үлкен бір мереке. Театр ұжымы бүгін  маусымның ашылуына арнайы «Құдайы тамақ» берді. Бұл – қазақтың ырымы, салт-дәстүрі. Осының бәрін бұрын жоғалтып алып едік, қазір қайтадан бәрі орнына келді. Қазақтың ырымы, мәдениеті жоғалмауы керек. Оны сақтайтын орынның бірі –осы қарашаңырақ, қазақ театры. Биылдан бастап, Республика күнін қайтадан мерекелейтін болдық. Құдайға шүкір, еркін елміз. Мәдениетте де еркіндік бар. Қандай тақырыпта спектакаль қоямыз десек те, ешкім қолбайлау болған емес. Театар ел мәдениетінің сақтаушысы болса, театр жаңалығын халыққа жеткізетін қауым – журналистер. Ел мен егемендіктің сақшысы болғымыз келген әрқайсымыз өз ісімізді адал атқарсақ, театр қайраткерлері ел көңілінен шығатын қойылым қойсақ, оның жаңалығын журналистер халыққа жеткізсе, театр сахнасынан көрермен рухани байып қайтса – бұл да бір мақсаттың межесі ғой, – деді А.Әшімов.

Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс:

– Біздің театрдың  құрылуына үлес қосқан бірнеше буын өкілдері бар. Кешегі тақыр жерден театр тұрғызған бабалардың аманатына адалдықпен қарап келе жатқан өнердегі азаматтармыз. Бұрын театр маусымын Абай шығармасымен ашып, Әуезов шығармасымен жабатын едік. Биылғы ­маусымды Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толу мерейтойына орай, қаламгердің төл туындысы «Қарагөз» спектаклімен ашамыз. Қазір осындай классикалық туындыға режиссер әр қырынан қарайды. Мұндай туындылар біздің ұлттық інжу-маржанымыз. Оны аялауымыз керек. Ұлттық жауһарды қалай болса солай қоюға қарсымын. Осы күні көптеген режиссер «өзім білермендікке» салады. Егер де сол классиктердің көзі тірі болса, мұндай жұлмалауға рұқсат бермес еді. Ал бүгін  «Қарагөзді» өзіміз де бірінші рет көрейік деп тұрмыз, «жұлмаланбаған» қалпында қойылады деп сенеміз. Театр ұлттық болған соң, ұлттық байлығымызға құрметпен қарауымыз керек. Ол құрмет біздің театрдағы дәстүр жалғастығы болғаны дұрыс. Қазіргі ұрпақ үшін, ұлттық тіл үшін, сахнадағы үн жоғалмауы үшін осындай ұлттық мұрадан алшақтамасақ екен, – деді.

М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының режиссері Елік Нұрсұлтан «Қарагөз» трагедиясына дайындық барысы жайлы сөз қозғады:

– Қойылымның барынша шашауын шығармауға тырыстық. Негізгі дүниелерін сақтай отыра, бір жағынан, жаңа реңк бергіміз де келеді. Себебі бұл қойылым алғаш осы біздің театрда сахналанған, сондықтан сол бұрынғы уақыттағы ерекше тілін, дәстүрін сақтадық деп ойлаймын. Режиссер айтқысы келгенінің бәрін сахна арқылы айтуы керек қой, еншеде қойылымдағы біздің сөзді сахнадан көресіздер, бізді түсінерсіздер деп сенеміз.

М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының қоюшы-суретшісі  Мұрат Сапаров:

– Баршаңызды маусымның ашылуымен құттықтаймын. Әр маусымды көрермен асыға күтеді. Осы маусымды да күткен көрермен өте көп. Бір апта бұрын билет  таусылып қалды. Соған қарағанда халық театрды сағынған секілді. Жалпы спектакль  жайлы емес, қойылымның сценографиясына тоқталсам, «Қарагөз» қойылымы театрмызда бұл уақытқа дейін 3-4 рет  қойылған. Соның өзінде заманына сай сценографиясы, режиссурасы жасалған. Біз қойылымның стилін өзгертіп, өз заманымызға лайықтап жасадық. Журналистер әр жаңа қойылымның көбінесе режиссурасы, драмутргиясы, актерлері жайлы айтып, сценография екінші планға ысырылып қалып жатады. Осы қойылымда да, алдағы премьераларда да сценография да сырт қалмаса екен деген өтінішіміз бар, – деді.

Жиынның соңын М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Еркін Жуасбек түйіндеді:

– Халықтың театрға келу мәдениетін көтерсек деймін. Театр мәдениетін мына өскелең ұрпаққа жеткізсек. Бұл да – ел руханияты үшін ең керек қызметтің бірі дер едім...

Маусым шымылдығы М.Әуезовтің «Қарагөз» премьерасымен ашылды. Мұхтар Әуезовтің адам тағдыры мен заман шындығы көрсетілетін атақты шығармасы шығармашылық топтың жаңа интерпретациясында көрерменге жол тартты. Басты рөлдерде Индира Құлмағанбетова, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов өнер көрсеткен адамның жан дүниесіне терең үңілетін бірден-бір қойылым болғандықтан залда көрермен қарасы да көп болды.

Сая ЖАНСЕИТ,

Абылайхан атындағы ҚХжӘТУ

журналистика  факультетінің

1- курс студенті

 

1760 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы