• Қоғам
  • 13 Қазан, 2022

АПТАДАҒЫ АЙШЫҚТЫ КЕЗДЕСУЛЕР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесу алдында «Ақорда» резиденциясында Қатар Әмірін салтанатты қарсы алу шарасы өтті. Президент Қатар Әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәниге шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін алғыс айтты.

– Жоғары мәртебелі шейх Тәмим мырза, өзіңізбен Қазақстанда кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Менің шақыруымды қабыл алып, мемлекеттік сапармен Қазақстанға келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүгін екіжақты қарым-қатынастың ең маңызды мәселелері бойынша тиісті уағдаластықтарға қол жеткіземіз. Біз үшін Қатар мемлекеті – Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес. Сондықтан қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қатар Әмірі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға  шақыр­ғаны үшін алғыс айтып, қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

– Жоғары мәртебелі президент мырза, еліңізге мемлекеттік сапармен шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Кейінгі жылдары  әртүрлі саладағы байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Бүгінгі мемлекеттік сапар аясында маусым айында Дохада өткен экономикалық форум кезіндегі бірқатар уағдаластықтарды бүгін талқылаймыз. Бұл келісімдердің мақсаты – бірнеше салада ынтымақтастықты дамыту. Бүгін біз кеңейтілген құрамда министрлердің қатысуымен осы мәселелерді жан-жақты қарастырамыз. Сондай-ақ ертең өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінің сәтті өтуіне тілектестік білдіремін,  – деді Қатар Әмірі.

Осы сапар аясында Астанада ­«Қазақ­стан-Катар» инвестициялық форумы ашылды. Оның тұсауын екі ел басшылары кесті.

Сарапшылар осы апта айшықты кездесулерге толы болатындығын жазуда. Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесу біткеннен кейін Астанада тағы да әлем назарын аударар келіссөздер басталады.

12–13 қазанда Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келеді. Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 4,1 миллиард долларға жетті. Оның ішінде 3 миллиард доллары Қазақстанның Түркияға экспорты. 1,1 миллиард доллар – Түркияның бізге жөнелткен импорты. Соңғы жылдары Түркия Қазақстанда 5,5 миллиард доллардың инвестициялық жобаларын жүзеге асырып жатыр. «Алдағы уақытта инвестиция көлемі бұрынғыдан өседі» деген болжам бар.

2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 1,5 миллиард доллар шамасында. Осы қарқын сақталатын болса, алдағы уақытта Түркиямен тауар айналымы 5 миллиард доллардан  асады.

Бұл ғана емес, Түркия президентімен кездесуден соң, Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтеді. Шара аясында Президент мемлекеттер мен үкіметтер басшыларымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізеді. Ең бір айта кетерлігі, аталған саммиттің аясында Ресей Президенті Владимир Путин мен Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған кездеседі. Ақитатын айту керек, қазіргі уақытта Түркия әлемдік саясатта тіс қаққан ойыншыға айналып  отыр. Кездесу барысында Украина мен Ресей арасындағы жағдай да талқылануы мүмкін. Сондықтан бүкіл әлем Астанада өтетін саммитке зор мән береді. Бұл ғана емес, саммит аяқтала бере Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі және «Орталық Азия – Ресей» саммиті жоспарланған. Бұл саммитте де халықаралық жағдайға қатысты көптеген мәселелер сөз болады. Ал аталған саммит аяқталғаннан кейін 15 қазанда Қазақстанға Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов мемлекеттік сапармен келеді. Бұл жас Түрікменстан Президентінің елімізге алғашқы ресми сапары. Сондықтан бұл апта Қазақстан үшін халықаралық маңызы бар айшықты мәмілеге толы болайын деп тұр.

Еркін ҚАЛДАН

809 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы