• Руханият
  • 13 Қазан, 2022

ҚИЯНАТҚА ҚАРСЫЛЫҚ

«Франциясыз Еуропа жоқ!» деген сөз бар. Бұл қанатты сөзде шындықтың табы жатыр. Париж ұлы әлемдік революциялық өзгерістер, идеялар бесігі. Ұлы ойшылдар мен өнер иелерінің қаласы. Ұлы Мұстафа Шоқай өзінің екінші отаны ретінде мойындаған ел. Әлем елдері мәдениетін біріктіру, өзара байланыстыру ісінде ерекше қызмет атқарып келе жатқан ЮНЕСКО-ның Парижде орын тебуі де әрине, бұл қаланың ерекше орнына байланысты екені анық. Бұл халықаралық ұйым өзінің көпқырлы қызметін әлемдік мәдениетіне өшпес терең із қалдырған тарихи тұлғалардың өмір жолы мен ұстанымын кең насихаттау ісін ұштастырып келеді. Ағымдағы жылы ­ЮНЕСКО тарапынан бұл ілтипат қазақ елінің ұлы ағартушы ғалымы және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлына көрсетілді. 4 қазан күні ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб–пәтерінде «Ахмет Байтұрсынұлы және ренессанстық өркениет» аталатын халықаралық конференцияның өткізілуі соның айғағы болды.
Конференцияда Қазақстанның Франциядағы елшісі Г.Л.Арыстанқұлова ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. ЮНЕСКО-ның Бас директорының орынбасары Син Цюй мырза қазақ мәдениетінің ұлы өкілі А.Байтұрсынұлы туралы баяндама жасады. Конференция жұмысына елімізден және басқа мемлекеттерден арнайы келген ғалымдар А.Байтұрсынұлының қызметі мен бай шығармашылық мұрасын түрлі қырларынан талдауға алған баяндамаларын жасады.
Біз газетімізде осы мәртебелі конференцияда «А.Байтұрсынұлы. Қиянатқа қарсылық» атты тақырыпта сөйлеген ғалым М.Қойгелдінің баяндамасының мәтінін жариялап отырмыз.

Біз еліміздің мәдениеті мен оның ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы туралы осы залда баяндамамен сөйлеуге мүмкіндік бергені үшін ЮНЕСКО-ның басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Осы орайда қазақ халқының француз мәдениетімен терең байланысы бар екендігін атап айту артық емес. Мәселен, Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлері туралы мәліметтің батыс елдері оқырманда­рына А.Беннигсен, Ш.Лемерсье–­Келькежей және басқа авторлардың еңбектері арқылы жеткендігін ұмыт қалдыру мүмкін емес. Француз жеріне саяси эмигрант ретінде келіп, ұлы іс тындырып, соңында мол мұра қалдырған біздің отандасымыз Мұстафа Шоқай Францияны екінші отаны санады.

ХVІІІ ғасырда Франция әлемдік дамуға жаңа серпін берген үндеу жолдады. Ол бүгін де маңызын жоймаған үш-ақ сөзден тұрды. Олар Азаттық, Теңдік және Ағайындық. ХІХ ғасырдың ортасында бұл сиқырлы сөздер британиялық геосаясаткер Хэлфорд Маккиндер «Хартленд» (географическая ось истории) атаған еуразиялық континентке де  жетті.

Бүгін ЮНЕСКО-ның ресми орталығында 150 жылдығы аталып отырған халқымыздың ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынұлының ХХ ғасырдың екінші он жыл­дығында шығып тұрған «Қазақ» газеті Азаттық, Теңдік және Ағайындық сөздерін ағартушылық қызметінің өзекті тақырыбына айналдырды.

Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлы кім, оның Орталық Азия, жалпы адамзат мәдениетіндегі орны туралы не айтуға болады деген тақырыпқа тоқталу парыз. Шығармаларын түрік және парсы тілдерінде жазған біздің жерлесіміз, ұлы ғалым Мұхаммед Мырза Хайдар мәдениетте, ғылымда шекара жоқ дейді. Яғни бүгін біз игілігін көріп, пайдаланып отырған мәдениет те, ғылым да бүкіл адамзат еңбегінің жемісі. Осындай ортақ ұлы игілікке жету үшін әрбір халыққа азапты қалыптасу және ұлттық бірегейлігі (идентичность) үшін күрес жолынан өтуге тура келді.

Ахмет Байтұрсынұлы Орталық Азия елдерінің тарихындағы жаңа ағартушылық кезеңнің өкілі. Еуропа халықтары бұл процесті ХVІІ–ХІХ ғасырларда басынан өткерді. (Айтпақшы, америкалық ғалым Стивен  Фридерик Старр.Орталық Азия аймағын (IX–XII ғасырларда) Франциядағы ағарту дәуірі басталғанға дейінгі ағарту аймақтарының бірі болған деп атайды. Бұл тарихи шындыққа деген құрметтің көрінісі).

А.Байтұрсынұлының қызме­тіне байланысты мен қысқа болса да ортаазиялық ағартушылық­тың мұңлы тағдырына тоқталуға мәжбүрмін. Орталық Азия елдері өткен ХХ ғасыр­дың басында, яғни өзінің көп ғасырлық тарихында екінші мәрте ағар­тушылық процесін басынан өткерді.

Әлемдік өркениетке ағарту­шы­лық процесі ортағасырлық сана және құлдық көзқараспен кү­рестен басталып, ұлттық сана мен ұлттық ғылым және әдебиет тілінің қалыптасуымен аяқталған. Өткен ғасырдың алғашқы он жыл­дықтарында бұл процесс барлық ортаазиялық елдерде, сол сияқты қазақ елінде де жүрді. Өкінішке қарай бұл процесс өзінің табиғи қалыптасу және өніп-өсу кезеңдерін толық жүріп өте алмады.

Енді ғана басталған сәтінде сырттан дөрекі араласудың нәтижесінде күшпен сөндірілді. Бар болғаны жиырма жылға жетер-жетпес уақытқа созылды. Ағартушылық идеясы мен практикасын өмірге әкелген интеллектуалдар буынының сталиндік репрессия құрбаны болуы ұлттық сананың дағдарысқа түсуіне алып келді. Отарлық тәуелділікте бол­ма­ған халықтар мұндай қайғылы жағ­дайды бастарынан кешірген емес.

Ахмет Байтұрсынұлының ұлт өмірін жаңа сұраныстарға бейім­деу ісіндегі қызметін асыра бағалау мүмкін емес. Оның қазақ тілінің алфавиті мен грам­ма­тикасын, тіл және ұлттық әде­биет теориясын жасау ісіндегі еңбегі қазақ ағарту­шылығының тәжі есебіндегі құбылыс.

Қазақ азаттық қозғалысының лидері Әлихан Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының қазақ ұлтына атқарған қызметін Кирилл мен Мефодидің, Новиков пен Радищевтің славян және орыс халқы үшін атқарған қызметімен теңгеруі ұлы ағартушының жалпытүркілік мәдениеттегі орнын анықтау ғана емес, сонымен бірге оған көрсетілуге тиіс құрметті абақты азабына ауыстырған саяси жүйеге айтылған қарғысы да еді.

А.Байтұрсынұлы өзін ағарту­шылық қызметтегі педагог санады. Сонымен бірге отарлық езгідегі халықтың перзенті ретінде елін тәуелділіктен құтқаруды көздеп, жұмысын режимге қарсы саяси идеялармен ұштастырды. Мақсатқа ұлттың мәдениеті мен санасын көтеру арқылы ғана жету мүмкін деген сенімде болды.

ХХ ғасыр басында өзгерістер жолына түскен қазақ елін үш ұлы күш – білімді зиялылар, олардың аузымен айтылған дәлелді Сөз, сондай-ақ осы екеуін қазақ қоғамымен жалғастырған мерзімді Басылым – елдің өмірін өзгертті, оны жаңа сапаға көтерді, санасында үміт отын жақты. Осы процестің басында Ахмет Байтұрсынұлы, ол басқарған ұлттың ақыл-ой орталығына (умственный центр народа) айналған «Қазақ» газеті тұрды.

Қазақ қоғамында басталып кеткен қозғалыс барлық көріністермен ұлт-азаттық сипат алып, күн тәртібіне ең өзекті деген екі мәселе қойылды: біріншіден, қазақ жерін отарлау процесіне шек қою және екіншіден, метрополиялық орта­лыққа қазақты мемлекетті ұлт дәрежесінде мойындату болды.

Міне, бұл екі доминантты мәселе жалпы, империялық күшке ай­налған большевиктер партиясы мен қазақ азаттық қозғалысы бас­шылығы арасындағы өзара бітіс­пес қарсыласу тақырыбына айналды.

1. Ресейлік марксистер адамзат тарихы – бұл тапаралық күрес тарихы, өз ретінде ол проле­та­риат диктатурасының орнауына соқтырмай қоймайды деген ұстанымды басшылыққа алып, билікке келген бетте тапаралық күрес идеясын империя құзы­рын­дағы барлық халықтардың өміріне күшпен енгізу жолына түсті.

2. Өз ретінде Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы бастаған азат­тық қозғалыс басшылығы комму­низм идеясын қазақ қоғамына мезгілсіз жеткен «жат қонақ» (чужая гостья) есебінде бағалап, оған антиколониалдық күрес арнасында тұрған халықтарды әлсіретуге соқтыратын арандатушылық (как подрывная деятельность!) әрекет есебінде сезіктене қарады.

А.Байтұрсынұлы қазақ жерінде социалистік қоғам құру идеясын қабылдаған жоқ. Большевиктер ойластырған қоғамдық қатынастар жүйесіне өтуге қазақ қоғамының даярлығы жоқ деп санады. Сол сияқты Советтік ор­талықтың Қазақстанда ор­натқан билік түрін қазақ ұлты­ның негізгі сұраныстарына жауап бере алатын билік жүйесі ретінде мойындаған жоқ.

А.Байтұрсынұлы Совет үкіметінің басшысы В.И. Ленинге жолдаған хатында «Қазақтарға не керегі анық және түсінікті. Ғасырлар бойы империялық езгіде болған халық өз билігі өзінде болғанын қалайды», – деп жазды. Саяси билікке қатысты өз ұстанымын білдірумен бірге ол совет өкіметінен өзі жақсы білмейтін елде радикалды әлеуметтік реформаларды жүргізбеуді талап етті. Өкінішке орай, советтік орталық толық негізді бұл ескертулерге құлақ асқан жоқ.

Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұр­сынұлы жүріп өткен жол бұл халық өміріне жасалған қиянатқа төзбеу­шіліктің және оған көрсетілген ымырасыз қарсылықтың үлгісі. Ол өзі саналы түрде таңдап алған бұл өмірлік жолы туралы «ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп жазды. 1929 жылы Мәскеуде өткен тергеу процесінде өмірлік идеалын мынадай сөздер арқылы білдірді: «Менің өмірлік ұстанымым – қазақ халқының мәдениетін көтеруге мүмкін болғанша жағымды жағдай туғызу. Өйткені осы жол ғана оның өніп-өсуіне кепілдік бере алады. Осы іс қандай өкіметтің қолынан келсе мен сол билікке разы болмақпын».

А.Байтұрсынұлы бастаған интеллектуалдар буынының мәдениет және саяси күрес тарихынан ысы­рылғанына міне жүз жылға жуық уақыт өтті. Олар жүргізген күрестің өміршеңдік сипатына қатысты кейінгі уақыт нені көрсетті? 1928–1933 жылдары қазақ жерінде болған аштық, халықтың жартысына жуы­ғының осы нәубеттен қырылып қалуы, большевиктік билік тарапынан жергілікті ерекшеліктерді ескерусіз қалдырып, халықтың қалыптағы өмірін радикалды реформалар арқылы тез арада өзгерту әрекетінің қате болғандығының дәлелі еді.

Ал жоғарыда қойылған сауалға қысқа жауап берер болсақ, онда сөзімізді «халқының болашағына байланысты Ахмет Байтұрсынұлы мен оның идеялас серіктері тура жолда тұрды» деген жауаппен аяқтаған болар едік.

М.ҚОЙГЕЛДИЕВ,

профессор 

905 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы