• Қоғам
  • 20 Қазан, 2022

ОСЫДАН 32 ЖЫЛ БҰРЫН

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Ойлап қарасаңыз, отыз жылдан енді ғана асқан егемендік жолымыздың өзі бірталай құпияны бүгіп тұр. 1990 жылдары қазақтың рухын жанып, тәуелсіздік арманын асқақтатқан Егемендік туралы Декларация қабылданар қарсаңындағы қоғамдық көңіл күй ауаны да бірқалыпты болмағанын ұғамыз. Алматыдағы Мемлекеттік архив құжаттарымен танысқанда, сол кездегі ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің әр сессиясы үлкен пікірталас тудырғаны анық байқалады. 
Иә, уақыттың тығыздығына байланысты біз әлі көріп, танысып үлгермеген біраз құжаттар бар екенін мойындаймыз. Алдағы уақытта олардың да сырын оқырманға жеткізбекпіз. Бүгінгі санда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымындағы екінші сессиясының қазан айындағы (25 қазанға дейінгі) мәжілістерінің стенографиялық есебін оқи отырғандағы кейбір жайттармен оқырманды таныстыруға тырысамыз. 

«ЕҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ – ДЕКЛАРАЦИЯ ҚАБЫЛДАУ»

Сонымен, 15 қазандағы басталған сессияда депутаттар бірнеше заңды қарап бастаған. Сессия отырысының басында түрлі заң жобалары мен халық депутатының мақсат-міндеттері сөз болады. Алайда сөз алған депутаттардың бірнешеуі Декларация туралы ойын білдіріп кетіп отырған.

Мәселен, депутат Н.М. Оразалин:
 «Жолдастар, бүгін Республика халқы сессиядан өте маңызды мәселені: Республика егемендігі туралы Декларацияны қабылдау мәселесін шешуімізді күтіп отыр. Екінші – Одақтастық шарт туралы келісімді қарауымыз керек», – десе, депутат В.В. Волков
«Декларацияны сессия жұмы­сының алғашқы күндері қара­мау­ды» ұсынады. Депутат
И.Н.Аймағамбетов «Одақ құра­мын­дағы егеменді мемлекеттілік ту­ралы құқық пен міндетті заңдық тұрғыдан жүзеге асыратын уақыт келді. Ал бұл құжат Декларация емес, заң болуы керек» екенін айтады. Ол: «Кез келген декларация қандай деңгейде қабылданса да, ешқандай Заңдық күші мен мазмұны жоқ. Ожегов сөздігінен мысал келтірейік:
«Декларация – ресми не салтанатты бағдарламалық мәлімдеме». Мәлімдеме мен заңның екі бөлек мағынасы бар. Менің ұсынысым бұл құжатты Заң деп танысақ, ал Волковтың сөзіне қатысты айтарым, бұл құжат бірінші болып қаралуы керек», – дейді.

«Декларация жобасын кейінге қалдыруды ұсынып отырған жол­дас­тардың пікіріне мен де қо­сылмаймын. Жоба бірнеше нұс­қада түгелге жуық комитетте қарастырылды. Респуб­ли­ка­лық баспасөзде басылды. Респуб­ли­ка заңдарының көпшілігі дәл осы Декларацияға байланысты бол­ған­дықтан, Декларация жоба­сын бірінші кезекте қарауды ұсына­мын», – деген депутат Л.К.Кии­нов­тің сөзін У.Б.Баймұратов та қолдайды: «Сессияның күн тәртібі бүгінгі өміріміздің шындығына қарауы керек. Ал шындық осы: біз қазір күрделі әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бастан өткеріп отырмыз. Бұдан кейінгі жетістігіміз осы дағдарыстан қалай шығатынымызға байланысты. Оның шешімі – Қазақ КСР-інің Егемендік туралы декларациясын қабылдауы дер едім. Одақтастық шарт жобасын да қабылдауымыз керек болар», – деген екен.

Айтқандай, дәл осы сессияда Одақтың туына қатысты да дау туған болуы керек. Депутаттар сөзінен түсінгеніміз, залда Одақ туы емес, Қазақ КСР-інің туы ғана тұруы керек деген пікірталас туды ма деп болжам жасаймыз. Себебі осы жиында
А.Ф. Христенко: «Тағы бір ескертпе, туға қатысты. Өткен сессияның соңында алматылық халық депутаты: «Өзге туды мына залдан алып шығыңыз», – деді. Мен ол өзгенің туы дегенмен келіспеймін», – деген кезде төрағалық етіп отырған кісі: «Жағдайды қиындатып, эмоцияны өршітпейік. Бәріміз КСРО әнұранын тыңдадық. Бұл көп нәрсені ұқтырып тұр ғой. Сондықтан тудың мәселесін қозғамай-ақ қоялық», – деп ескертеді. Алайда әңгіме мұнымен бітпей,
Б.М. Барченко: «Ту туралы айтсақ, бұл залда ешкімнің тудың болуы-болмауы туралы мәселені өздігінен шешуіне құқы жоқ. Одақтың туы бізге керек пе, керек емес пе: дауыс беруі нәтижесінде қабылданған Жоғарғы Кеңестің міндетті түрде шешімі қажет. Одақтың әнұранын тыңдадық, ол жақсы. Барлығын дауыс беру арқылы шешейік, әркім өзінше жеке шешім қабылдамасын», – деп сөз алады.

Түсінгеніміз, бұл сессияда де­путаттар бұрнағы уақытта жобасы талқыланған Декларацияны тездетіп қарастыру керек
немесе кейінге қалдыру керек деген пікірталастар жасаған.

«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА ГЕНОЦИД ЖАСАЛҒАНЫ ДӘЛЕЛДЕНДІ...»

Осы сессия отырысында депутат М.К. Қозыбаев біраз мәселені көтерген екен. Қысқаша аударып берсек, ол: «Декларацияны қабылдаудың тарихи маңызы айқын. Ол Қазақстан халықтарының өмірінде үлкен маңызға ие.  Декларация жобасын қолдай отырып, тілегімді айта кетсем деймін. Декларация жобасында тағдыры мен мемлекеттік өзін-өзі таныту билігіне қатысты ұлттың құқығы Қазақстан халқының құқығына ауысыпты....Үшінші, қазір қазақ халқына қатысты, қазақ халқына ғана емес, басқа ұлттарға да қатысты геноцид жасалғаны дәлелденді. Төртінші, Қазақстан КСРО халықтарының түрмесіне айналды. Сталиндік қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға 2 млн-ға жуық адам, тұтас ұлттар айдалды. Республика ГУЛАГ-тың негізгі шынжырына айналды. Бір ғана ҚарЛАГ-та миллион тұтқын отырды... Осылайша ұлттың өзін-өзі анықтауына қатысты ұлттық құқығы туралы Ленин принципі жойылды. Одақтас республикалардың Жоғарғы Кеңестері өз декларацияларында осы негізгі принципке сүйенгені кездейсоқтық емес. Украин КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясында бірінші бап «украин ұлты өз тағдырын өзі шешеді» дейді.

Осы отырыста Декларация баптарындағы Қарулы күштерге қатысты мәселе де көп талқыланған секілді. Оны стенограмма құжаттарынан анық байқаймыз. Мәселен, «Қазақ КСР-інің егемендігі туралы декларацияның осы жобасы жақсы жасалған деп есептеймін. Бастапқы мәтінде бар біраз түйткілдер шешіліпті, сонда да менде бір маңызды ескертпе бар. «Қазақ КСР-інің Президенті мен республиканың Жоғарғы Кеңесіне бағынатын Қазақ КСР-інің жеке Ішкі әскерін, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік органын жасақтауға құқылы» деген бапты алып тастауды өтінемін. Меніңше, әзірше Қазақ КСР-інің ішкі әскерін жасақтауға ешқандай себеп жоқ. Әскер бізде бар, ол КСРО Ішкі істер министрлігіне есеп беретініне келісемін», – дейді депутат ­­С.Ф. Костин. Бұдан кейін сөз алған А.Ф. Козлов  депутат Қозыбаевтың сөзі мүлдем ұнамағанын айтады: «Оның сөзі жаныма жақпады. Өткенге қайырылудың, оны өте жиі айтудың не қажеті бар? Не істейміз – біз қазір бірге тұрып жатырмыз, мұнда өз қалауымызбен емес, тағдыр айдап әкелді. Біреулер ерте, біреулер кейінірек келді, бірақ біз бірге тұрып жатырмыз, сол үшін «Қазақстан халқы» ұғымы біздің әрқайсымызда сіңуі үшін қолдан келгеннің бәрін істейік. Декларацияның екінші кезектегі сөйлеміне мән берейік: «Қазақстан халқының еркін білдіре отырып» дейді. Мен осыған: «Республикадағы барлық ұлттардың азаматтары құрайтын» деген сөйлемді қосуды ұсынамын»...

Алайда Козловтың бұл ұсынысы жобаға енбеген. 

Дәл осы сессияда отырыс төрағасы Президент атына келген хатты оқып береді. Онда: «Біздің еліміз, ­республикамыз қиын жағдайда тұр, мәселе көп. Ал осындай күрделі кезеңде халықтар арасында өшпенділік өртін тұтатқысы келетіндер бар. ...Солженицын сияқтылар «Как нам обустроить Россию?» деген мақаласы арқылы нені көздегенін әрбір тәртіпті азамат ұғып отыр. Қазақтарды қорлауы арқылы ол орыстар мен қазақтардың арасына өшпенділік отын тұтатып, орыстарды ұлыдержавалық шовинист болуға үндейді. Солженицын біраз уақыт Қазақстанда тұрды, ол енді алыс Америкада отырып бізге дөңайбат көрсетеді. Одан да сорақысы, біздің ­республикадан КСРО-ға халық депутаты болып барған Васильев, Петрушенко және Қазақ КСР халық депутаты ­Водолазовтар республикамыздың кейбір бөлігін тартып алу туралы сеператистік ұран айтып жүр. Олар санкцияланбаған митингтер өткізіп, республикамыздың орыстілді халқын байырғы қазақ халқына тиесілі жерін тартып алуға үндейді.... Сондықтан біз, төменде қол қойған депутаттар, депутат Водолазов Орал қаласында, тамыз айында қандай негізде жаңаорал қазактарының санкцияланбаған митингісін өткізгенін түсіндіріп бергенін қалаймыз. Оны бүгін тыңдаған халық депутаттары Водолазовтың саяси қызметіне қатысты шешім қабылдайық» делінген. Бұл хатқа Аймағамбетов, Ізбанов, Қалиев, Ахмедов, Кальпенов, Мауметов, Арынов, Искакова қол қойған.

ЕГЕМЕНДІК ДЕГЕНІМІЗ – МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Бұдан кейінгі күнгі жиында да Декларация жобасының жай-күйі талқыланған. ­С.Ә. Әбділдин: «Жолдастар, Руссо  «адамның бостандығы оның мәні» екенін айтады. Адамдың еркі мен бостандығын мақұлдап қана оған жауапкершілік артамыз. Дәл сол секілді, егемендік дегеніміз – мемлекеттіліктің бастауы. Толық егемендігі бар мемлекет қана өз халқын қорғап, халқына қатысты толық жауапкершілікті мойнына алады. Ұсынылған декларацияны мұқият оқып шықтым... ­Декларацияда «Қазақстан халқы» деген сөз тіркесі ұшырасады. Субъективті түрде маған бұл тіркес ұнайды, бірақ осында Кузнецов жолдас ғылыми негіздеу туралы айтты ғой, ендеше сол ғылыми негіздесек, ол тіркес нақты емес. Мәселенки, мынадай сауал туындайды: Қазақстан халқы деген қандай тарихи қауымдастық? Бұл «Қазақстан халқының» тілі қандай? «Қазақстан халқының» ортақ мәдениеті ше? Біз тіпті «совет халқы» деген ұғымды сіңіріп болған жоқпыз ғой. Сондықтан, меніңше, ғылыми негізді сөйлем мынадай: Қазақстанда қазақ халқы тұрады, бұл этнос әлемде тек осы жермен ғана – Қазақстанмен ғана тарихын, жерін, мәдениетін, ата-баба бейітін байланыстырады. Елімізде бастапқы шығу тегі өзге жерде болып саналатын өзге ұлттық топтар да тұрады. Мәселен, мұнда орыс халқы тұрады деп айтуға болмайды. Орыс халқы Ресейде, мұнда орыс халқының үлкен ұлттық тобы мекен етеді... Сондықтан «қазақ халқының және өзге ұлттық топтардың еркін білдіре отырып» деген сөйлем дұрысырақ деп ойлаймын. «Демократиялық Қазақстанның» декларациясын да мұқият оқып шықтым. Жекеленген қызық тіркестер болғанымен, олардың Декларациясының мазмұн идеясын қолдамаймын» – дей келе, Әбділдин ұлттық мемлекеттілік құқықтық мемлекеттілікке кереғар емес екенін айтады: «Қазіргі күнге дейін, өкінішке қарай, Лениннің өлімінен соң, ұлттық мемлекеттілік толыққанды қызмет етпеді. Тіптен ұлттық мемлекеттілік қызметі шектелді. Соның кесірінен қазақ тілінің, қазақ мәдениетінің, қазақ тарихының жағдайы нашарлады, экологиямыз бүлінді. Егер ұлттық мемлекеттілік шынымен де болса, мұндай кемшіліктерге жол берілмес еді. Сондықтан жолдастар, ұлттық мемлекеттілік орнаса, ол қазақ халқының мүддесін шынымен қорғар еді. Этнотарихтың, мәдениеттің кіндігі осы жерде. Ұлттық мемлекеттілік идеясын жоққа шығару тоталитарлы мемлекетке бастайды. Сондықтан ұлттық мемлекеттілік біз өтіп кеткен кезең емес, ол – біздің болашақ. Ол біздің осы шақ үшін қажет. Ол ешбір өзге халықтардың мүддесіне қайшы келмейді. Ешкім қазақ және орыс мәдениетінің, белорусь және орыс мәдениетінің жағдайы бір деп айта алмайды. Себебі орыс мәдениетін мыңжылдық мемлекет қорғады. Ал, мысалы, белорусь және қазақ халқының мәдениетін ол мемлекет шындап қорғаған жоқ. Үшінші, территориялық анық емес жағдайлар айтылып қалып жатыр. Қазақстан – аралас халық мекені дейтіндер бар. Жолдастар, бұл тіптен дұрыс емес. Мұнда аралас ұлт емес, толыққанды, біртұтас қазақ этносы өмір сүреді».

Әбділдин сөзінде қазақ тіліне қатысты заң да, сол заң аясында айтылып жатқан түрлі пікірлерге тойтарыс беру мінезі де бар. Бұдан кейін сөз алған депутаттардың бірқатары «екі бірдей мемлекеттік тіл бола салса не болады?», «он шақты жылға дейін мемлекеттік тіл қазақ тілі болсын деген мәселені жылы жауып тұра тұрсақ ешкімнің көңіліне келмейді ғой» деген сыңайдағы пікірін білдірген. Қысқасы, осы күнгі сессияда да Декларацияға қатысты жалпы пікірталастар болғанымен, оның баптары жеке талданбаған.        

 

 «СЕПАРАТИСТІК КӨҢІЛ КҮЙДІ ӨРШІТЕТІН ХАБАР ЖАСАҒАН ӘШІМБАЕВ...»

19 қазан күнгі отырыста депутат Е.К. Ертісбаев ренішін айтыпты. Яғни «Егемендік туралы Декларацияны талқылау кезіндегі пікірталастарды берген БАҚ кейбір депутаттардың пікірін барынша толық етіп берген. Ал «Демократиялық Қазақстан» тобының пікірі қысқарып кетіпті. Естеріңізде болса, рухы да, сан салалы қыры да түп-түгел интернационалды болған депутат Оспановтың сөзі арнайы қысқартылып берілген...» дей келе, депутат бұдан былай республикалық қана емес, облыстық басылымдар да өз депутаттарының сөзін қысқартпай, толық беруі керек деген мәселені көтереді. Бұл мәселеден бөлек: «Өткен жолы біздің сөзге үстірт қарап, мінберден мысқылдап түсіп кеткен жолдас Әшімбаевты дүйсенбі күні шақырайық, ол жасаған бағдарламасына жауап берсін. Ол бағдарлама, меніңше, сепаратистік көңіл күйді өршітеді» дейді. Өкінішке қарай, Ертісбаевтың ер-тоқымын ала тулауына себеп болған Әшімбаевтың қандай хабары екенін анықтай алмадық, алайда сол жылдары Әшімбаев та, қазақтың баспа БАҚ өкілдері де қазақ руханияты үшін талмай еңбек еткені рас. Жоғарғы Кеңес жиындарындағы ұлт пен мемлекеттілікке қатысты мәселенің барлығын да сол кездегі «Социалистік Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі» басылымдары жазып, оқырманға жеткізіп тұрған. Айтқандай, бұл кезеңде қазақ алаңы да бос емес еді. Әсіресе сол кездегі астана – Алматы қаласында түрлі қарсылық акциялары өтіп тұрғанын да архив құжаттары мен БАҚ басылымдарынан байқаймыз.

Мысалы, дінтанушы Мұхан Исаханның «Мұнара» газетінде шыққан мақаласындағы пікірін ықшамдап ұсынсақ: «Еліміз 1990 жылы тәуелсіздігін алар тұста, Қазақстанның саяси алаңында «Азат», «Желтоқсан»,  «Қазақ Социал-Демократиялық ­парти­ясы, «Алаш» секілді бірнеше партиялар бой көрсетті. Осылардың ішінде «Алаш» – ұлт-азаттық һәм исламдық бағытта құрылған партия еді. Алаш партиясының  құрылуы, оның жетекшілері Арон Атабек (1953–2021) пен Рашид Нұтышевтың (1956–2020) есімдерімен тығыз байланысты. Анығында, партияның құрылу тарихының идеологиялық негіздері М.Шоқайдың «Түркістан» идеясынан бастау алады. Алаш партиясының негізін салушы Арон Атабек пен Рашид Нұтышевтың әкесі Қабыш (Хабибулла) ақсақал 1940 жылдары Сібір түрмесінде М.Шоқай құрған «Түркістан легионы» тұтқындарымен бірге жазасын өтеген... Арон Атабек пен Рашид Нұтышев 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттарына Желтоқсан оқиғасының әділ бағасын беру және Қазақстанның егемендігі жөнінде саяси талаптар қойып, хат ұйымдастырады. Кеңес үкіметі ұлтшылдарға саяси партия құруға мүмкіндік бермегендіктен, Арон Атабек, Рашид Нұтышев, Жағда Бабалық және т.б. азаматтар 1989 жылы «Жерұйық» Қазақ ұлттық-этнографиялық қоғамын ұйымдастырды. Бұл қоғамдық бірлестік Ө.Жәнібековтың қолдауы­ның арқасында алғаш рет 1989 жылы Алматыда Наурыз мерекесінің атап өтілуіне мұрындық болады. «Жерұйық» мүшелері 1989 жылы қараша айында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу үшін қаралы жиын өткізуге биліктен рұқсат сұрайды. Билік бұл талапты негізсіз деп танып, «Жерұйық» қоғамдық бірлестігін таратып жібереді. Арон Атабек пен Рашид Нұтышев 1989 жылы 13 желтоқсанда Мединститут ғимаратында Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу мақсатында митинг өткізіп, осы жиынның соңында Алаш партиясын құру туралы бастама көтеріледі. Билік партияны ресми түрде тіркемегендіктен, бастамашы топ өкілдері бейресми түрде саяси алаңда белсенді әрекет ете бастайды. Олар Алматы қаласында митингілер ұйымдастырып, билікке Қазақстанның тәуелсіздігі туралы ашық талаптарын қояды. Арон Атабек пен Рашид Нұтышев 1990 жылдың сәуір айында «Алаш» ұлт-азаттық партиясының құрылғанын ресми түрде жариялайды. Партияның төрағасы болып Арон Атабек сайланады. «Алаш» атты газет шығарып, партияның бағыты исламдық құндылықтарға негізделетінін халыққа жеткізеді. Олар 1990 жылы қазан айында Алматы қаласында Қазақстанның егемендігін алу жөнінде қатарынан бірнеше күн қарақұрым халық жиналған митинг өткізеді. Халық ­саяси талабынан бас тартпай, орталық алаңнан кетпей қойған».

 

Мәселенки, мынадай сауал туындайды: Қазақстан халқы деген қандай тарихи қауымдастық? Бұл «Қазақстан халқының» тілі қандай? «Қазақстан халқының» ортақ мәдениеті ше? Біз тіпті «совет халқы» деген ұғымды сіңіріп болған жоқпыз ғой. Сондықтан, меніңше, ғылыми негізді сөйлем мынадай: Қазақстанда қазақ халқы тұрады, бұл этнос әлемде тек осы жермен ғана – Қазақстанмен ғана тарихын, жерін, мәдениетін, ата-баба бейітін байланыстырады. Елімізде бастапқы шығу тегі өзге жерде болып саналатын өзге ұлттық топтар да тұрады. Мәселен, мұнда орыс халқы тұрады деп айтуға болмайды. Орыс халқы Ресейде, мұнда орыс халқының үлкен ұлттық тобы мекен етеді... Сондықтан «қазақ халқының және өзге ұлттық топтардың еркін білдіре отырып» деген сөйлем дұрысырақ деп ойлаймын.

 

ЗИМАНОВТЫҢ ТАБАНДЫЛЫҒЫ

Сонымен, декларация қабыл­данған 1990 жылдың 25 қазан күнгі Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің отырысында С.З. Зиманов үлкен баяндама жасайды. Оны толық емес, ықшамдап аударғанды жөн санадық:  

«Енді түбегейлі келіспеушіліктер тудырған мәселелерге қатысты. Бір топ та, екіншісі де әртүрлі көзқарасын қорғап, бір-бірінің сөзіне құлақ асқысы келмейді. Мәселен: ...түптеп келгенде осы Декларацияның мазмұнын айқындайтын преамбуладағы сөйлемге қатысты... тағы да қайталап айтамын, соңғының алдындағы пункт «қазақ халқының тағдыры үшін жауапкершілікті сезіне отырып» деген сөйлемге бір топ жолдас «және басқа ұлттардың да» деген сөйлемді қосуды ұсынды. Бірақ комиссия төрағасы ретінде мен де және комиссия мүшелерінің көпшілігі де мұны заңсыз деп санаймыз. Заңсыз, өйткені «қазақ ұлты» сөзі – ұлттың өзін-өзі анықтау құқығынан туындайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған халықаралық хартияларда көрсетілгендей, Қазақ ­Республикасы – билігі бар, көпке танылған, нақты халық, осылайша өзін-өзі анықтау, белгілеу аясында халық билігі орнайды. Оған қоса, бұл бірінші кезектегі сөйлем емес. Біз, алдымен, басқа халықтар туралы айттық. Қазақстан халқының ерік-жігерін білдіре отырып, республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және тең өмір сүру жағдайларын жасауға ұмтыла отырып, мен республикада тұратын халықтар достығын нығайтуды басты міндет деп санаймын. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын және ұлттың өз тағдырын еркін таңдау құқығын мойындай отырып,  қазақ ұлтының тағдыры үшін саналы жауапкершілік көзделді. Қазақ елінің қамын шынымен кім ойлайды? Өз билігі бар ұлт па? Әрине, сол ұлттың республикасы ойлайды.

Байырғы ұлттың тағдырына мемлекеттік қамқорлықты одақтас, автономды республика көрсе­тетіні туралы сөз, бірнеше одақтас республикалардың қазіргі конститу­цияларындағы баптарында көр­сетілген. Мәселен, Грузин КСР-і Конституциясының 76 бабында Грузин КСР-і грузин тілі, мәдениеті және т.б. мемлекеттік қамқорлық көрсетілетіні айтылады. Бұл Армения Конституциясының 72-бабында да бар. Ал бұл конституциялар 1978 жылдың ақпан-наурыз айларында қабылданған. Біз мұны 70 жыл аксиома деп санадық, бұл күндері бірқатар одақтық республикалар қабылдаған декларацияларында да осы сөйлемнің болуы кездейсоқтық емес.

Осыған байланысты Тәжік КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын оқып бергім келеді. Олар тәжік халқының тағдыры мен ұлттық мемлекеттілігі үшін терең саналы тарихи жауапкершілікті преамбулада бірінші кезекте көрсеткен. Біз мұны бесінші кезекте жазып отырмыз, ал олар бірінші кезекте атап өтеді.

Бұл туралы Молдова Республи­касының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияда да айтылған. Онда мыңдаған жылдан келе жатқан өзіндік тарихы, мәдениеті мен дәстүрі бар Молдованың тағдыры үшін тарихи жауапкершілігін сезіну екінші кезекте айтылған. Бұл туралы Беларусь КСР-інің Декларациясында да бар. Сондай-ақ ерекше, сегізінші кезекте Украина Декларациясында да атап өтіледі. Осылайша бұл тезиске ешкім қарсылық білдірген емес. Тек неге екені белгісіз, біз басында мұны жаңсақтық, түсінбеушілік, мұның қажеті жоқ деп ойладық. Осыған қатысты өзара диалогтардан кейін алдымен келістік, бірақ екінші кездесуде тіптен болбырап кеттік. Бұл тезиске ­9 адам дауыс берді, 5 адам қарсы шықты, 3 адам қалыс қалды. Қалғанын өздеріңіз шешіңіздер.

Қазақ КСР-інде ұлттық мемлекет­тілікті қорғау, нығайту шаралары қолға алынып жатқаны туралы екінші бап та пікірталас тудырды. Менің ойымша, ұлттық мемлекеттілік болмаса, федерация да жоқ. Көп ұлтты федеративтік Кеңес мемлекеті де болмайды. Біз қандай федерация туралы айтып отырмыз? Ал одақтық немесе автономиялық республика атауына келсек, бұл белгілі бір ұлттық мемлекеттің, осы ұлттық мемлекеттің формасының, деңгейлерінің терминологиялық сипаты. Одақтық республиканың мазмұны болмаса, федерация да жоқ. Мұны унитарлық мемлекетке қатысты да айта аламыз.

Осы комиссияның құрамында болған және қазір де бар кейбір жолдастар соңғы күндері теледидардан сөйлеп жүр. Олар «депутаттардың кейбір топтары ұлттық мемлекет құруды жақтайды» мәлімдеді. Бізде ұлттық мемлекет 73 жыл бойы бар. Ал енді олар қандай мемлекет құрғылары келеді? Міне, алдарыңызға үйме кітап әкелдім, Зинаида Леонтьевна көрді, сіздерге де көрсетсем деймін. Міне, кейбірін ғана оқып берейін. «Одақтас республикалардың ұлттық мемлекеті», Мәскеу, 1968; Коваленко, «Советтік ұлттық мемлекет», Минск, 1983; Раджепов, «Ленин және Советтік ұлттық мемлекет», Душанбе, 1972 ж. Мұндай кітаптар ондап емес, жүздеп саналады. Бұл ұлттық мемлекеттің бар екенін білдіреді.

Жолдастар ұлттық мемлекеттілік құқықтық мемлекетпен үйлеспейтінін айтады. Бірақ бұл жерде тағы да айта кету керек, ол – түсінбеушілік. Құқықтық мемлекет ұлттық мемлекет­тіліктің қалыптасуы негізінде ғана пайда болды. Тарихтан білеміз, екеуі үйлесімсіз емес, тіптен бір-бірімен байланысты ғой... Ұлттық мемлекеттілік туралы бірнеше декларацияда да айтылған. Оны оқып жатпайын. Сондықтан біздің міндетіміз, Декларация мәтініне назар аудару деп ойлаймын».

 

Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттар, сондай-ақ республикамыздың кейбір жұртшылығы «ұлттық республиканы жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікір айтады. Ал оларға мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен, Англия – праволық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония, тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі праволық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, діні қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халық қой.

 

ТІЛ МЕН ЕГЕМЕНДІК ТАҒДЫРЫ

Зиманов баяндамасынан соң, преамбуладағы «қазақ ұлтының тағдырына деген жауапкершілікті ұғына отырып» деген сөйлемге депутат Барченко қарсы болып, осы сөйлемнен кейін «Қазақстанды мекендейтін басқа ұлттардың да тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып» деген сөйлемді қостырғысы келгені стенограммада айқын жазылып тұр. Бірақ депутаттың бұл ұсынысы қабылданбаған. Барченко 2-баптағы «Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттілігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» деген сөйлемдегі «ұлттық» сөзіне де қарсы шығып, «ұлттық мемлекеттілігінің» орнына «өз мемлекеттілігін» деген тіркесті ұсынған. Оған депутат М.Т. Оспанов «Мемлекеттілігіміз анықталған. Ол барлық құжаттарда таңбаланған. Одақтас республикалардың ұлттық мемлекеттілігі деген сөз тұр, оны біз «өз мемлекеттілігі» деп жазсақ анық емес және дәл болмай қалады. Белорусия мен Украина декларацияларында, өзге де декларацияларда ұлттық деп жазылған» деп жауап береді. Ал Ю.М. Сухов  «уақытша бір мерзімге, ең болмаса он жылға, шарттар пісіп-жетілгенше, екі мемлекеттік тіл жасай салсақ не болады. Осы жағдайдан қазақ халқының мәртебесі төмендеп қала ма? Иә, бізде бұл бап жоқ. Алайда ол мәселені өмірімізден ысыра алмаймыз ғой. Декларацияны қабылдаудағы ең үлкен мәселе тіл мәселесі. Ертең орыстар не істейді? Олар қазақ тілін білмейді ғой, қалай өмір сүреді?», – деген екен. Оған төраға Е.Асанбаев: «Бұл біз талқылап отырған бапқа қатысты емес. Осы бапқа қатысты қандай сауал бар?» дегенінде Сухов іле-шала сөзін жалғап: «Пікірлер әртүрлі болғандықтан, Декларацияны қабылдау-қабылдамауды халықтан сұрап, референдум жасайық» деп мәселе қояды. Төраға: «Жеткен жеріміз осы ма? Жарайды, депутаттың ұсынысын дауысқа салайық» дегенімен, Суховтың референдум ұсынысы қабылданбаған.

М.В. Баженов  деген депутат «2-баптағы «Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту...» деген сөйлемдегі «тілін» деген сөзді әзірге алып тастай тұрайық та» дегенде зал шуылдап кетсе керек, «сіздер сөйлегенде сөздеріңізді бұзбадым ғой, мені тыңдасаңыздаршы» деп өкпе артады.

Сонымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кешкі мәжілісінен үзінді келтірсек:

Мәжілісті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Е.К. Асанбаев жүргізген.

Төраға: Жолдас депутаттар, жұмысымызды жалғастырайық. Декларация жобасының алтыншы бабы. Сіздердің қолдарыңыздағы мәтінге қатысты, бап бойынша өзгерістер жоқ. Сонда да оқып берейін бе? 6-бапқа қатысты кімде қандай өзгерістер бар? Депутат Әлиев.

М.Ә. Әлиев:  Құрметті депутаттар, Салық Зиманұлы түске дейін екі сағаттан аса тік тұрып еді, қазір де мәжіліс біткенше тік тұрмақшы. Оған отыруға мүмкіндік берейік те. Оны аямаймыз ба?

Төраға: Бұл мәселені сөйлескенбіз, ол жалғастыра беретінін айтты. Мәжіліс біткенше тік тұруға дайын. Сөз депутат Княгининге беріледі...

Дәл осы жиында (егер қателеспесек) Зиманов неше рет пікір білдіргенін стенограмма жазбасынан санап шықтық. Ол әртүрлі деңгейдегі сауалдарға 50-ден аса рет жауап беріп, кейбір сөздерінде ұзақтау сөйлеп, баптардың неге солай құрылғанын негізді түрде түсіндіріп өтсе, кейбірінде қысқа қайырып, «иә, жоқ» деумен шектелген. Айтқандай Декларация қабылданар күні де депутат Козлов «Қазақстан халқының еркін білдіре отырып» деген баптың соңына «Республикадағы барлық ұлттардың азаматтары құрайтын» деген тіркесті қостыруға ұсыныс білдіреді. Алайда бұл жолы да ол ұсыныс қабылданбаған.

Иә, Декларация жобасын түсіндіріп тұрған Зимановқа үтірдің орнына және шылауын немесе сөйлем соңында нүкте қоюы, болмаса кейбір сөздің синонимін ұсынуы секілді ұсыныстар да айтылған.

Тіпті депутат И.С. Кальпенов былай дейді: «Құрметті халық депутаттары! Бір ұсынысым бар еді. Менің мамандығым дәрігер, әдебиетші емес. Орыс тілі сөз тіркестеріне бай, сондықтан бүгін мәтінде бар қандай да бір сөйлемге соқтыға бермейікші. Жалпы мағынасы сақталса болды емес пе? Әрқайсымызға сөз берсе, әрқайсымыз түрлі сөз тіркесін ойлап таба береміз».

Декларация қабылданғанға дейінгі бірнеше отырыста «ұлттық мемлекеттілік» пен «қазақ халқы» және «қазақ тілі» мәселелеріне қатысты сан рет айтыс-тартыс болса да дәл осы мәселелер 25 қазан күнгі отырыста тағы да ұзаққа созылған пікірталастың өзегіне айналғандай. Олай дейтініміз, таңғы сессияда тек алты бап қана талданады.

Тағы да сессия отырысынан мысал келтірелік:

В.Г. Кириллин: Құрметті төраға! Қадірлі депутаттар! Екінші баптың екінші бөліміне өзгерістер енгізу керек деп есептеймін. Себебі сіздер қабылдағалы отырған декларациядағы өткір тұстарды да азайтқан дұрыс. Оны мынадай қалыпта қабылдауды ұсынамын: «Қазақстан халықтарының төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту Қазақ КСР-і мемлекеттілігінің аса маңызды міндеттерінің бірі болып табылады».

Төраға: Түсінбедім. Сіз «басқа да ұлттардың» деген сөзді алып тастағыңыз келіп тұр ма?

В.Г. Кириллин: «Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың» сөз тіркесін алып тастап, оның орнына «Қазақстан халқы» тіркесін қосу керек деймін.

Төраға: Түсінікті. Дауыс берейік. Депутат Кириллиннің түзетуін кім қолдайды, дауыс беріңіздер (Зал шулап кетті). Депутат ұсынысы қабылданбаған.

Осы жиында депутат Баженов қазақ тіліне қатысты мәселені қозғап: «қазір кейбір жерлерге, Қостанай облысына мұғалімдер келіп, қазақ тілінде сабақ береді. Бірақ біз шынымен де өзге ұлттары көп облыстар туралы әңгімелегіміз келеді. Ал Заң бойынша 1994-95 жылдардан бастап жекелеген өңірлерде іс қағазы қазақша болады. Міне, осыдан түсінбестік туындап отыр» дегенде сессия төрағасы Е.Асанбаев «Қазақ КСР-інде мемлекеттік тілмен бір деңгейде орыс тілінің де дамуын қамтамасыз ететінін» тағы бір нақтылап, «Қазақша іс-қағаздарын жүргізу графигі әзірше қабылданбағанын» да тілге тиек етеді.

 

«Депутат А.Княгинин Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты ірі халықаралық ұйымдарда Қазақстанның атынан қазақ халқы өкілінің өкілеттігі танылатын болсын деген ұсыныс айтты. «Мұны Қазақстанда тұратын өзге ұлттық топтар өкілдері түсініп қабылдайды деген ойдамын», – деді.  «Себебі аталған халықаралық ұйымда, айталық, украин халқының өкілеттігін Украина, ал белорус халқының өкілеттігін Белоруссия танытады ғой».

  ДЕПУТАТТАР МІНБЕРІ БОЛҒАН БАҚ

Сөзіміздің барысында сол кездегі Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты Е.Ертісбаевтың «кейбір БАҚ депу­таттардың біреуінің сөзін толығымен, келесісінің сөзін қысқартып бергені» туралы сөзін мысалға алдық қой. Міне, осы сөзінде Ертісбаев «сепаратистік бағыттағы бағдарлама жасағаны үшін Әшімбаев түсіндірме берсін» деп талап етуімен қатар, елдегі БАҚ Жоғарғы Кеңестің сессиясын толық берсе де басқа билік органдары туралы қысқа ақпарат берумен шектелетінін айтып шүйлігеді. Ол еліміздегі әрбір БАҚ Сессия жұмысын насихаттап толыққанды хабар таратуын қадағалау керек деген ойын айтқан.

Осы орайда Әшімбаевтың сол уақытта қандай «сепаратистік» бағ­дарлама жасағанын таппағаны­мызбен, 1990 жылдары Егемендік туралы ­Декларация қабылданған кезде және Декларацияны талқылау барысында қазақ тілді баспа БАҚ қандай ақпарат жеткізгенін де бір шолып шығуды жөн санадық.

«Лениншіл жас» газетінің 1990 жылғы 30 қазандағы санында Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Салық Зимановтың «Ерекше маңызды құжат» мақаласы шыққан. Автордың айтуынша, жобаның 8-бабындағы «Қазақ КСР-інде қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ресми тіл болып табылады» деген бөлігі Декларацияға енгізілмей, талқылаудан алынып тасталған.

 «Бұл бөліктің Декларация жобасына енгізілуі дұрыс емес еді. Мұның өзі тек оның 1989 жылғы қыркүйектің 22-сінде қабылданған Республиканың Тіл туралы заңына мазмұны жағынан қарама-қайшы келгендігінен ғана емес. Бұл заң бойынша, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі деп танылған болатын. Ең басты нәрсе мынаған байланысты: бұл ережені өзгертіп, жаңа ережені қабылдай отырып, заң шығарушы орган қазақ тілін тез арада құрып кетуге күні бұрын әдейі душар етер еді.

Қазақ және орыс тілдері праволық тұрғыдан тең. Бірақ олар өзінің іс жүзіндегі жағдайы бойынша тең емес және тең болуы мүмкін емес. Біріншісі, ғылыми-техникалық саладан белсенді түрде ығыстырылып отырған. Республикадағы ресми іс жүргізу саласынан толық дерлік ығыстырылған жергілікті, аймақтық тіл болып табылады, екіншісі – ғылым, білім беру және дүниежүзілік цивилизация тілі. Осыған байланысты бұл тілдер тең статусы бола тұра, қатарлас қозғалыс процесінде бірін-бірі «жігерлендіре» алмайды. Бұл біз велосипедшіні ғарыш кемесімен қатар қойып, оларды еркін «жарысқа» қосқанмен бірдей. Қазақ тілі мұндай жағдайда сөзсіз құнсызданып, құрып кетуге душар болмақ...

11-статьяның «Қазақ КСР белгіленген тәртіппен және жергілікті ұлттың мүдделерін ескере отырып Одақтан ерікті түрде шығу правосын өзінде сақтайды» делінген тұсына пікір әртүрлі болды», – дейді мақалада С.Зиманов.

Осы «Лениншіл жастағы» ­«Парламент парасаты» атты мақалада: «Он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сес­сиясында депутаттар Ә.Кекілбаев, С.Сартаев, С.Сухов, И.Байдәулетов, К.Айтаханов, С.Зиманов, М.Тінікеев, С.Субботиндер және басқалар, біздің ойымызша, пікірталастарға батыл қосылып, өз позициясын алға тартудан тайсалмайтын, білікті де беделді депутаттар екенін байқатты», – делінген.

Тағы да сол «Лениншіл жас» (Ғалымжан Мелдешев): «Үлкен мәжіліс залының айналмалы балконы баспасөз өкілдерінің «меншігінде». Мұнда бүкіл зал көз алдыңда, ерекше бір тынысты сезесің, бәрі алақаныңа сыйып кетердей. Ел үлкен үмітпен күткен егемендік мәселесі талқыланғалы жатқанда ешкім де бей-жай қалмаса керек. Баспасөз орталығында орнатылған қос телевизордан бас алмай көз қадап отырған әріптестер сол балконға ұмтылды... Ел тілегі құпталды. Көксегенімізге қол жетті. Дегенмен  мұнымен іс біткен жоқ. Атқарар қыруар шаруа енді келді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын уақыттың дәп өзі – осы. Егемендік – еселі, ерен еңбекке шақырады. Егемендік – нақты тірліктерді талап етеді. Егемендік – енжарлыққа, келеңсіздікке төзбейді. Егемендік – жарқын келешекке жол сілтейді. Егемендігің құтты болсын, елім!» деп жазады.

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 26 қазандағы нөмірінде Г.Еңсепова мен Ә.Әлібековтің «Егемендік ел үміті еді» атты материалы басылған. Материалда пікір қоса берілген. Мәселен, ­Алтыншаш Жағанова: «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобының Декларацияның негізгі жобасындағы ойды тек қана қазақ ұлтының мүддесін көздеу деп түсінуі жанымызға батады. Негізгі жобаны талқылау кезінде кейбір депутаттардың қызуқандылықпен еркін сөйлеп, тіптен қазақ халқының намысына тиетін пікірлер білдіргені – тым асқақтаушылық», – десе, Сұлтан Сартаев: «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттар, сондай-ақ республикамыздың кейбір жұртшылығы «ұлттық республиканы жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікір айтады. Ал оларға мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен, Англия – праволық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония, тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі праволық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, діні қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халық қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», – деген пікір айтады.

Г.Еңсепова мен Ә.Әлібеков «Елді­гіміздің басты белгісі» атты мақалада  («Социалистік Қазақстан», 1990 ж. 27 қазан): «Депутат А.Кня­гинин Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты ірі халықаралық ұйымдарда Қазақстанның атынан қазақ халқы өкілінің өкілеттігі танылатын болсын деген ұсыныс айтты. «Мұны Қазақстанда тұратын өзге ұлттық топтар өкілдері түсініп қабылдайды деген ойдамын», – деді. – «Себебі  аталған халықаралық ұйымда, айталық, украин халқының өкілеттігін Украина, ал белорус халқының өкілеттігін Белоруссия танытады ғой».

Оған сессия мінберінде сол күні сағаттар бойы түрегеп түрып, Декларация жобасының әр бабы жөнінде депутаттарға түсінік берген, осы мәселеге байланысты құрылған комиссияның төрағасы С.Зиманов былай деп жауап қайтарды: «БҰҰ-да жекелеген ұлттар емес, мемлекеттер ғана өкілеттік ете алады»...

Халықаралық право тұрғысынан алғанда депутат А.Княгинин ұсынысының өтпей қалуы заңды. Бірақ шынын айту керек, өзге ұлттар жөнінде осындай қамқорлық пен жанашарлық таныта сөйлеген депутаттар әрдайым бәрімізді ризалық сезіміне бөлейді».

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 3 қазандағы санында филология ғылымының докторлары Бабаш Әбілқасымов, Сапарғали Омарбеков Қазақ КСР-інің мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясының жобасы тіл туралы заңға қайшы келіп тұрғанын айтып, дабыл көтерді. Тіл туралы заңда орыс тілі – Қазақстан жерінде ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп жарияланған болатын. Декларация жобасын жасаушылардың оны ресми тіл деп өзгертіп жібергені сынға алынды. Ғалымдар орыс тілін Қазақ КСР-інде ресми тіл деп жариялау – қазақ тілінің мемлекеттік статусын жоққа шығарумен пара-пар екенін, өзі көктеп, өркен жайған туған топырағында қазақ тілінің ресми тіл болуға да әбден құқығы бар екенін жазды.

«Қазақ әдебиеті» газеті (1990 жыл, 26 қазан, К.Табеев) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ІІ-сессиясы туралы: «...Сессияның бесінші күні мәжіліске барлық 357 депутаттың 251-і ғана қатысқанын айта кетуді жөн көрдік. Еліміздің елдігі, халқымыздың еркіндігі сынға түскен осынау қиын сәтте ел сенімін арқалаған сол бір азаматтардың парламентте бос тұрған орындарын көргенде, іштей көңіліміз жүдеу тартқанын да несін жасырайық? Ертең тіліміздің тіл болуы, еліміздің ел болуы кейде бір-екі дауыспен-ақ шешіліп кететінін ойласақ, жүрек шіркін аттай тулап, көңілге күдік ұялайды», – деп жазған.

Егемендік туралы Декларацияны қабылдау барысы «Ана тілі» газетінде де егжей-тегжейлі жазылған. Ол жайында өткен санымызда оқырманды хабардар еткендіктен, қайталап жатпадық.

 

КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІНЕ АЙНАЛҒАН  ЗАҢ АКТІСІ

Иә, Жоғарғы Кеңес «Мем­лекеттік егемендік туралы Декларацияны» 1990 жылы 25 қазан күні 18 сағат 55 минутта қабылдады. Бұл құжатта Қазақстан аумағының біртұтастығы және ондай біртұтастыққа деген жат көзқарас, қарсы әрекеттер жасалмайтыны бекітілді. Оған қоса республиканың өз бюджеті болатыны да тайға таңба басқандай жазылды.

Демек, мемлекеттік егемендік туралы Декларация, ғалымдар айтып жүргендей,  еліміздің Конс­ти­туциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі. Бұл құжатта Қазақстан «халық­аралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардын қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жарияланды. Декларацияда, сондай-ақ табиғи ресурстардың, экономикалык және ғылыми-техникалық әлеуетінің Қазақстан меншігінде болуының ерекше құқығын баяндады. Егемендік қағидаттарына қайшы келсе, КСРО заңдарын Қазақстан аумағында тоқтату құқығын белгіледі.

Егемендік туралы декларация шын мәнінде күллі халықтың жаппай бірге талқылауын тудырған, тілегі мен мақсатын жұмылдырған құжат болды. Жоғарғы Кеңес мінберінде академиктер, докторлар, депутаттар пікір таластырса, алаңдарда қарапайым халық пен белсенділер елдің пікірін білдіріп, қазақ халқының жойқын күш екенін дәлелдеп тұрды. Ал қазақ тілінде жарық көретін БАҚ осындай жайттарды егжей-тегжейлі жариялап, ұлттық мемлекеттілік пен егемендіктің хабарын халыққа сүйіншілеуден, пікірталастар тасқынын жеткізуден танбады.

Бұл шынымен де күллі халықтың бірге жүріп қабылдаған құжаты деуге анық негіз бар. 

Редакциядан: Архив құжаттарына қатысты  мәліметтерді табуға жәрдемдескен Орталық Мемлекеттік  архив ұжымына  және мекеме директоры Сәбит Шілдебайға алғыс айтамыз!

1360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы