• Руханият
  • 20 Қазан, 2022

ЕГЕМЕН БОЛМАЙ, ЕЛ БОЛМАС

Енді бірнеше күннен соң,  барша қазақстандықтар 25 қазан -  Республика күнін Ұлттық мереке ретінде тойлайды. Осыдан 32 жыл бұрын дәл осы күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылданып, «егемендік» атауы ұлттық заңнамадан берік орын алды. Бабалар қолданысындағы көне сөз бүгінгі буын санасында қалай жаңғырды? Академиктің төмендегі шағын зерттеуі осы туралы сыр шертеді.

Редакциядан

Осы жұрт «егеменді», «егемен» сөзінің қолданысқа ен­гізілуін «Егемен Қазақстан» газеті атауының өзгеруімен жиі бай­ла­ныстырады. Декларация қабыл­данғанда бұл газеттің атауы – әлі «Социалистік Қазақстан». Оны «Егеменді Қазақстан» деп қайсар қаламгер Шерхан Мұртаза 1991 жылы өзгерткен. Шерхан ағамыз тоқсаныншы жылдың басында Түркияға барған сапарында түрік бауырлардың «самолетті» ұшақ, ал «суверенитетті» егемен деп жазатын үлгісімен осы екі терминді қолданысқа енгізіп жібереді.

Сөзіміз де, ойымыз да түгел болуы үшін біз әуелі «егемен» сөзінің түп-төркініне тереңірек үңіліп көрейік.

Кеңес Одағының ең атақты түркологтары Д.Насилов,
Э.Те­нишев, А.Щербак, А.Кононов бас­таған ғалымдар 1969 жылы бірегей жұмыс бітіріп, «Древнетюркский словарь» атты түркі халықтарының ғажайып қазы­насын жарыққа шығарды. Онда VII-XIII ғасырларда дүниеге келген түркі тілдеріндегі жазбаша ескерткіштерден теңізден сүзілген маржандай 20 мыңға жуық сөз бен тұрақты сөз тіркестері қамтылды (салыстыру үшін XVIII ғасырда өмір сүрген А.С. Пушкин­нің шығар­маларында 21 мың сөз қолданылған).

«Еге», «Егемен» бір болса сонда болар деп, оны әуелі «Көне түркі сөздігінен» іздедік. Мұндай сөз «е» әрпінен табылмаса да, «и»-ден шықты. Сөздікте «ига» сөзі қожайын деп берілген. Мысал ретінде, «йер, сув игасы» деп кел­тірілген тіркес қазақ мифологиясында жиі кездесетін «жер, су иесі» ұғымымен дәлме-дәл үйлесіп тұр.

Бұдан кейін әйгілі Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрігін» қарадық. Бұдан да «ига» сөзі шықты. Онда мысал ретінде келтірілген «қаз қопса ордәк  көліг иганұр» деген тіркесті «қаз көтерілсе үйректің көлін иемденеді» деп аударуға болады. Тіркестегі бес сөздің бесеуі де аздаған фонетикалық өзгерістер болмаса, бүгінгі қазаққа әбден түсінікті.

Бұдан кейін Қашқариден де бері жылжып, XVI-XVII ғасырдағы Кавказдан табылған қыпшақ жазба ескерткіштері негізінде профессор А.Н. Гаркавец құрастырған «Қыпшақ сөздігін» ақтардық. Кере қарыс сөздіктен «ейа», «ега» сөзі табылды. Мысал ретінде берілген «Ейа Тенгридің» «Тәңір иеміз» екенін бүгінгі қазақ жазбай таниды. Бұған қосымша ретінде берілген «ейалік етар» да «иелік етер» екенін түсіндірудің өзі артық.

Зерттеушілердің бір тобында қазақ жыраулары толғауларында: «егемен болмай, ел болмас» деген жол кездеседі дейтіндер де бар. Оны анықтау үшін бұл тақырыпты алғаш және түбегейлі зерттеген ғұлама жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алдаспанына» жүгінуге тура келді.

Кеңес заманында жарық көрген «Алдаспан» – автордың өзі әл­денеше рет атап өткендей, қай­шыға да, қиянатқа да көп түсіп, «тазарған», «жөнделген» жинақ. Сол себепті «Атамұра» баспасы 2006 жылы Мұхтар Мағауиннің өз қолымен жазылған түсінік, дәйек­темелермен бастапқы қалпын бұзбай, алғашқы басылымнан саяси талаптармен алынып тасталған, жыр, толғау, шумақ, жол, тіпті цензура талабымен өзгертілген сөздеріне дейін орнына қойып, қайта басып шығарған еді.

 

 

Осы антологиядағы Асан Қайғы, Қазтуған бабалардан бастап, Шал ақынға дейінгі жыраулардың шығар­маларын түгел сүзіп шығып, мұндай жолды да, тіркесті де таба алмадық.

«Алдаспанның» соңғы басылымында Бұхар жыраудың жырлары түгелдей қамтылған. Сонда Бұхарекеңнің бұрынғы жинақтарда кездесе бермейтін «Ежелгі дос жау болмас, Шірнеуіште хаты бар. Ежелгі дұшпан ел болмас, Көңілде кірдің таты бар» деген сегіз жолдық қысқа да нұсқа жыры берілген. Қазыналы жырауда: «Бірі етек, бірі жең болған, Ежелден саған ел болған», – деген асты-үсті бірдей ұйқасып тұрған келісті жолдар және бар. Абыз жырау тағы бірде: «Етекті кессең, жең болмас, Ежелгі дұшпан ел болмас», – депті.

«Алдаспаннан» біз іздеген «егемен» ұшыраспады. Бірақ Бұхар жырауға ұқсас жолдар ер Махамбет жырларының әр тұсынан қылаң берді. Жалпы ел аузында жиі айтылып, афоризмге айналып кеткен ұтқыр тіркестер – қазақ поэзиясында әр дәуір ақын-жыраулары шығармаларында жиі кездесетін құбылыс. Махамбеттің қазақ баласы түгелдей жатқа білетін «Мен мен едімінде»: «Ежелгі дұшпан ел болмас, Етектен кесіп жең болмас» деген жігерлі жолдар бар.

Тым арыға бармай, әңгімені осы арадан түйіндер болсақ, «еге», «ие» сөзі ежелгі түрік заманынан тамыр тартса да, дәл осы түбірден тарайтын «егемен» сөзі көне сөздіктер мен ақын-жыраулар шығармаларында мүлде кездеспейді.

«Егемен» сөзі кеңес заманында шыққан 10 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде де, академик Ісмет Кеңесбаевтың 1977 жылы басылған «Қазақ тілінің фразеоло­гиялық сөздігінде» де жоқ.

Бұл сөзді Түркияға барған сапардан кейін, алғаш қолданысқа енгізген Шерхан ағамыз екенін жоғарыда айттық. Біз оны енді 122 мың сөз бен сөз тіркесін қамтыған «Түрікше сөздіктің» 11-басылымынан (Анкара, 2010 жыл) іздедік. Бар екен. «Егемен» де, «егеменлік» те тұр (759-бет). Мысал ретінде «Егеменлік
кайытсыз (қайтусыз, кері оралмайтын, біржолата деген мағынада), шартсыз миллетіндір (миллетімізге, яғни ұлтымызға тиесілі)» – деген Түрік Республикасының Конституциясынан алынған сөйлем жазылған.

Түркия XX ғасырда төрт рет – 1921, 1924, 1961, 1982 жылдары Конституциясын өзгерткен. Оның алтыншы бабы «егеменлік» деп аталады. Баптың алғашқы сөйлемінде: «Егеменлік
кайытсыз, шартсыз милетіндір», – деп жазылып, бұдан кейінгі екі сөйлемде оның мағынасы таратылған.

Түркияға барған сапарымызда осы елдің Парламенті, Үкіметі, түрлі министрліктері қабырғасынан әр түрік үшін киелі, қастерлі сөзге айналған бұл тіркесті біз де талай көргенбіз және ешбір аудармашысыз-ақ мағынасын дәл танығанбыз.

Осыдан отыз екі жыл бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында өткен, 12-шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі екінші сессиясының отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданып, арғы бабалар тарихынан тамыр тартқан көне сөз ресми түрде жаңа мағынаға ие болды.

Алғаш Шерхан ағамыз қолданысқа енгізіп, аға газет саналатын «Со­циа­­листік Қазақстан» арқылы қазақ қауы­мының көзі үйреніп, құлағына сіңісті болған, түбі әр қазаққа түсінікті «еге», «ие» сөзінен тараған, мағынасы «өз билігін өзі иелену», «өз мемлекетіне өзі егелік ету» дегенді білдіретін «егемен» термині декларация арқылы ұлттық заңнамамыздан берік орын алды.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,

академик

 

1299 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы