• Руханият
  • 20 Қазан, 2022

«АКАДЕМИК ДЕПУТАТТАРДЫ ЖЕҢУ МҮМКІН ЕМЕС...»

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Жоғарғы Кеңестің басылымы «Халық кеңесі» газетінің парламент тілшісі ретінде еліміздің саяси өміріндегі айтулы тарихи оқиғалардың куәсі болдым. Республикамыздың Жоғарғы Кеңесі сессиясында мемлекеттік Егемендік туралы Декларацияның жобасын талқылау және оны 1990 жылы 25 қазанда қабылдау сәтінен репортаждар жазған едім. Бәрі көз алдымызда өтті, ал бүгінде тарихқа айналды.
Алдымен мемлекеттік Егемендік туралы Декларацияның қалай қабылданғаны жөнінде айта кеткен жөн. 1990 жылы 15 қазанда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы басталды, онда мемлекеттік Егемендік туралы Декларацияның жобасы туралы баяндама жасалды. Бұл жоба сессия алдында мұқият талқылаудан өткен еді. Өзімнің жеке мұрағатымдағы аталған газет тігіндісінен жобаны талқылаудың алғашқы күндерінен «Көш қозғалды», «Үміт пен күдік шарпысып...», «Жеті рет өлшеген өкінбес» атты жазған репортаждарым, «Сессиядан кейінгі ой» деген шолу мақалам көзге оттай басылады («Халық кеңесі», 18, 25 қазан, 1 қараша 1990 жыл). Ондағы әрбір жол сол кездің көрінісін баз қалпында қайтадан еске түсірді. 

Ел егемендігін заңдастыруға ұмтылған депутаттардың құлшынысы ерекше болатын. Бірақ ә дегеннен кертартпалық жасап, жобаның алдын ала талқыланғанына шек келтіргендер болды. Жоғарғы Кеңес Төрағасы
Е.М. Асанбаев оның сессия алдында мұқият талқыланғанын айтып, түсіндіріп берді. Депутат Н.Акуевтің сөзі күдікті біржолата сейілтті, ол өз сөзінде мәселе бірінші сессияда қойылған соң, арнайы топ құрылғанын, сол сәттен жұртшылықтан хат-хабар, ұсыныстар көп түскенін, Жоғарғы Кеңесте, Төралқа мәжілістерінде, комитеттер мен комиссияларда талқыланып, қалың жұртшылық пікірімен санасып жасалғанын, бір сөзбен айтқанда, нағыз демократиялық жолмен дайындалғанын дәлелдеп берді.

Сонымен, Декларация жобасын талқылау қызу пікірталаспен басталды, айтыс-тартыс ұлғайып, бұл құжат қабылдана ма, жоқ па деген үміт пен күдіктің, екі көзқарастың шарпысқаны да рас еді. Депутаттардың бір тобы Декларация жобасын талқылауды тоқтатып, басқа мәселеге көшейік десе, екіншісі жобаны толықтырып сессияға қайта ұсыну жөніндегі комиссия құруды жақтады. Ақыры көпшілік дауыспен комиссия құруға келісілді. Ол комиссияның төрағасы болып депутат Салық Зиманов сайланды. Мұндай комиссия құруға қол жеткізу демократия толқынына ілесіп, егемендік алуды аңсаған халық қалаулыларының алғашқы жеңісі деуге болады. Өйткені республика тағдырын шешетін айтулы құжаттың принципті мәселелері төңірегінде бір мәмілеге келуін ел күтіп отыр еді. Осы бір маңызды сәттің тынысын сол қалпында жеткізу үшін репортаждан үзінді келтіре кетелік: 

«...Депутаттардың бір тобы
Декларацияда ұлттар туралы айтып жатпай-ақ жалпыазаматтық қоғам құру жөнінде мәселе көтерді. Оны негізінен «Демократиялық Қазақстан» тобының біраз депуттары жақтаған еді. Олар
республикада екі мемлекеттік тіл болуын енгізуді, жобадағы жалпы қазақ деген сөздерді алып тастауды, республиканың правалық мемлекет, не жалпы азаматтық қоғам болуы керектігін көлденең тартты. Мұны қостаушылар «Қазақстандағы миграцияны реттеу мәселесі құжат жобасынан мүлдем алып тасталуы тиіс» деді. Бұл ұсыныс депутаттардың арасында пікір-таласын өрбіте түсті. Депутаттар С.Зиманов, С.Сартаев, Ә.Кекілбаев аталмыш ой төңірегінде терең де, салиқалы талдауға құрылған пікір айтты. Мәселен, С.Сартаев өз сөзінде праволық мемлекет пен ұлттық мемлекеттің екі түрлі мәселе екендігін, ал азаматтық қоғамның мәнісін түсінбеушілік бар екендігін айта келіп, егеменді ұлттық мемлекеттің республика жағдайында маңыздылығына тоқталды. Ол қазақ ұлтын сақтап қалу арқылы республиканы сақтау мүмкіндігін еске салды. Сондай-ақ дамыған елдің қайсыбірі болсын миграцияны реттеп отыратындығын, сондықтан да оның Қазақстан үшін ешқандай жаттығы жоқтығын қадап-қадап көрсетуі, сайып келгенде қазақ халқының болашағына алаңдаушылықты білдіру деп түсінген дұрыс...»

 Осы жолдардан аңғарғанымыздай, Декларация жобасындағы «...қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып...», «Қазақстандағы миграцияны реттеу» тәрізді ұғымдар және мемлекеттік тіл мәселесі бірқатар депутаттарға ұнамаған еді. Сессияның алғашқы күні-ақ миграцияны реттеуге қарсы шыққандар, оның Қазақстан үшін қажеті жоқ дегенге сайды. Депутат В.Козлов қазақстандық миграция процесін қолға алудың соңы қым-қиғаш сипат алуы мүмкін деп күмән келтіре сөйледі. «Демократиялық Қазақстан» тобы республикадағы ұлттық мемлекеттілік туралы мәселені ғана емес, жалпы қазақ ұғымы, атауы туралы сөздерді алып тастауға жанталасты.
Ол кезде еліміздің аумағында қазақ халқының санының басым болмауын алға тартқан олар, жобаға қазақ деген сөзді мүлдем жолатқысы келмеді. Бірақ еліміздің, халқымыздың тағдырын ойлаған депутаттар республиканың атын ұстап тұрған байырғы тұрғын­дардың болашағына қиянат жасатпау үшін, тайсалмай табандылықпен айқасты. Соның бірі Жезқазған облыстық Советі атқару комитетінің төрағасы, депутат Ш.Шардарбеков болатын, ол «Қазақ КСР тіл туралы» заңның күшіне енгеніне санаулы ай өткенін, онда қазақ тілі мемлекеттік, ал орыс тілі халықаралық қатынас құралы екенін еске салып, енді тіл мәселесіне қайта оралудың қажеті жоқтығын айтқаны орынды еді.

Сонымен, бүкіл еліміз де, депутаттар да асыға күткен Декларация жобасы пысықталып сессияға ұсынылатын 25 қазан күні де келіп жетті. Мінбеге комиссия төрағасы, депутат Салық Зиманов көтерілді. Дауысы саңқылдап, әр сөзін нақпа-нақ айтып, тастүйін тұжырымдап сөйлеген академикті залдағылар сілтідей тынып тыңдады. «Мынадай ұсыныс болып еді, осындай кемшілік айтылып еді, бұл былай» деп, қазақтың, Қазақстанның ары мен намысын қорғағанда, болашағына мына мәселелер керек дегенде «апырай, қазақтың осындай ұлынан айналмассың ба» деп қандастарымыз разы болып отырғаны анық еді. Бірақ алдыңғы талқылауларда жобаға қарсы шыққандар тағы бас көтерді. Салық Зиманұлына сұрақтар қарша борады, әрбір сұрақтың сан қатпарлы астары бар, зілбатпан ауырлығы бар, намысымызға тиер құйтырқы­лары бар, өзге елдің тәжірибелерімен салыстырған біліктілері де, импе­риялық, шовинистік пиғылдағы ұстанғандары да бар, не керек бір адамның оның бәріне бірдей
жауап беруі оңай емес еді, шынын айтқанда мүмкін емес-тұғын. Ал Салық ағамыз өзінің телегей теңіз білімімен, ғұлама ғалымдығымен, білікті заңгерлігімен, ғажап ұстамдылығымен, қазақ халқының болашағы үшін ештеңеден тайынбайтын қайсарлығымен ерекшеленді. Оның айтқан тасқайрақтай жауабына уәж айтудың өзі қиын екені анық байқалды. Уәж айтқысы, таласқысы келгендер екпіні қатты тау өзенінің ағысындай білім мен білікке төтеп бере алмады. Құжаттың соңғы жобасын комиссияның мұқият ойластырғаны сондай, оның селкеулігін тауып дәлелдеу, не ұсыныс енгізу депутаттарға оңай болған жоқ. Комиссия төрағасы әр қарсыласын мірдің оғындай сөздерімен, ұшқыр ойларымен жусатып салды. Сөйтіп, баяндама жасап, қойылған сұрақтарға жауап берген академик депутат Салық
Зиманов күні бойы тізе бүкпей мінберде тұрып, әріптестерінің қолдауымен Егемендік туралы Декларация жобасын қорғап шықты!

Бұл жолы Егемендікті жақтаған депутаттардың қай-қайсысы да ел болашағы үшін аянып қалған жоқ. Декларацияның кіріспесіндегі «Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғыну», «қазақ», «қазақ халқы», «ұлттық мемлекет» деген сөздерге таласпақшы болғандардың, яғни оны алып тастағысы келгендердің ұсыныстары өтпей, депутаттар дауыс беру нәтижесінде жобада ұсынылған нұсқаны дұрыс деп тапты. Ұлт мәселесі нәзік те күрделі, ал жобаны қабылдау кезінде оны дұрыс түсінбегендер не түсінгісі келмегендер де кездескен, тіпті, ұсынысы өтпегеніне ренжіп, қыр көрсетіп залдан шығып кеткендер де болған.

Декларацияның қабылданып, еліміздің егемендік алуы КСРО әлі күшіндегі кезде, егемендік, тәуелсіздік деген ұғымдарды қызыл империяның құрсауында болып келген кеңес адамдарының бір бөлігінің жете түсіне қоймаған немесе түсінген күннің өзінде кеңестік жүйені жақтайтындар бар кезде жүзеге асқан еді. Осындай күрделі жағдайда, сындарлы шақта ел басшысының да, депутаттардың да, халқымыздың да Егемендік туралы Декларация қабылдауға тәуекел еткені, алға қойған мақсаттарына қол жеткізгені тарихта алтын әріпппен жазылып қалды. Өйткені  сол тоқсаныншы жылдың күзінде ескі жүйе құрсауынан бұлқынып шығып, еліміздің болашағын болжау, оған бастар тыңнан жол салу, тәуелсіздіктің іргетасын бекіту оңай шаруа емес екенін көзбен көріп, көңілге түйген болатынбыз. Депутаттар Декларацияны қабылдауда парасаттылық танытты, Қазақ Елі сол күннен кейін, дамудың жаңа жолын бастады.
Сонымен, Егемендік алған күн осылайша есте қалды.

Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында ерекше орын алатын, оның іргетасы болып қаланған маңызды құжаттың Жоғарғы Кеңес сессиясында қалай қабылданғаны жөнінде қысқаша айтып өттік. КСРО ыдырап, еліміз егемендік алған тұста өзіміздің қаншама төл заңдарымыз қабылданды десеңізші! Бұл айтуға ғана оңай, әйтпесе соншама заңдық нормаларды қалыптастыруда үлкен қиындықтарды саяси, эконо­микалық, психологиялық қарама-қайшылықтар жағдайында жеңуге тура келді. Тап сол кезде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге деген құлшыныс депутаттар тарапынан анық байқалатын. Ш.Мұртаза, Б.Қыдырбекұлы, З.Тамшыбаева, Р.Жүнісов, Д.Шөкенов, О.Сәбденов тәрізді халық қалаулылары сессияда
 үнемі қазақ тілінде сөйлейтін еді. 1991 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Е.М. Асанбаев «Қазақ КСР Жоғарғы Советінің қызметін жетілдіру туралы» баяндамасын қазақ тілінде жасады, бұл сол кездің тұрғысынан алғанда батыл қадам болатын, Төрағаның өзі бас болып, ана тілімізді қуаттаған бұл қадамына қуанып қалғанбыз.

Сол тоқсаныншы жылдардың бас кезінде отандық заңдарды әзірлеуде, қабылдауда Жоғарғы Кеңестің депутаттары мен комитеттері, орталық аппараттың қызметкерлері өлшеусіз зор еңбек сіңірді. Біз, журналистер, соның куәсі болдық. Егемендік туралы Декларацияны, Тәуелсіздік туралы заңды, тұңғыш Конституцияны талқылау кезіндегі айтыс-тартыста сессияның үзіліс кезінде өздерінің тілімізге, ұлтымыздың мүддесіне қайшы келетін ұсыныстарын өткізе алмаған кейбір депутаттардың «бұл академик депутаттарды жеңу мүмкін емес» дегенін де естігенбіз.

Сессияда көш бастайтын, не топ бастайтын депутаттар көп болды. Алғашқы Парламент құрамы мүмкін сондай мықтылығымен ерекшеленген шығар деп ойлаймын. С.Зиманов, С.Сартаев, Ө.Жолдасбеков, Ж.Әбілдин, М.Қозыбаев, О.Баймұратов, Ғ.Қалиев, С.Әбділдин, Ұ.Қараманов, З.Федотова, Ө.Жәнібеков, Б.Қыдырбекұлы, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Қ.Найманбаев, М.Шаханов, Н.Оразалин, М.Әуезов, С.Тәкежанов, Х.Ережепов, З.Нұрқаділов, Ғ.Алдамжаров, Ф.Новиков, С.Түгелбаев, Л.Қиынов, Қ.Нағманов, Т.Ізмұхамбетов, С.Әбдірахманов, Ж.Кәкішов, Б.Әйтімова, О.Сәбденов, З.Тамшыбаева, Г.Исенбаева, А.Княгинин, Е.Ертісбаев, Ғ.Тұрғамбаев, Т.Сыздықов, П.Своик, Ш.Есіргепов, Х.Дриллер, М.Ізбанов, Н.Акуев, М.Раев, А.Қонысбаев, В.Воронов,С.Нұрмағамбетов, Б.Байтасов, М.Қалматаев, С.Жақыпов, Қ.Жүсіпов, С.Мұқанов, Л.Филаретова, С.Исықпаева, І.Аймағамбетов, Р.Жүнісов, Д.Шөкенов, М.Тінікеев, М.Нұртазин, Т.Рахыпбеков, И.Архипов және т.б. депутаттар ел мүддесі жолындағы пікірталаста, заң жобаларын талқылау мен оған қатысты ұсыныстарын беруде, білім мен білігін, жоғары инттеллектуалдық дәрежесін, табандылығын талай мәрте дәлелдеді. Олардың ішінде ғалымдар, қаламгерлер, заңгерлер, экономистер, әскерилер (генералдар), облыс, қала, аудан басшылары, өндіріс жетекшілері, мұғалімдер, дәрігерлер, геологтар, мұнайшылар, шахтерлер және т.б. көптеген мамандық иелері болды.

Бұл депутаттар корпусының бір ерекшелігі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеді, төрт жылдай парламент тілшісі әрі осы бөлімнің меңгерушісі болғанымда журналист сауалынан жалтарған бірде-бір халық қалаулысын кездестіргенім жоқ. Депутаттардың өздері редакциямызға жиі келіп тұратын, газетіміздің тілшілерімен, бөлім меңгерушілерімен тығыз қарым-қатынаста болды. 1990 жылы жазда Атырау (бұрынғы
Гурьев) облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаровқа әріптесім Басқар Битанов екеуміз сұхбат алайық дегенімізде, ол: «Халық кеңесі» газетінің редакциясына өзім барайын, бір жағынан хал-жағдайларыңызбен танысайын» деген еді. Ол уәдесіне тұрып, редакцияда әңгімелестік, «Гурьев деген көпестің аты ғой, оны қашан, қалай өзгертесіздер» деп сұрағанымызда, Ғазекең «Атырау деп өзгерту ойда бар» деді. Арада көп уақыт өтпей аталған облыстың да, қаланың да атауы Атырау болып өзгертілгені белгілі. Депутаттар әркез сайлаушылары арасынан табылатын, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, оны сессияның күн тәртібіне қойған кездері аз болған жоқ.

Дүниенің дүбірге толы сол кезеңінде, еліміздің алғашқы Парламентінде, халқымыздың ұлы арманы Егемендікке қол жеткізіп, Тәуелсіздікті жариялау, тұңғыш Ата Заңымызды қабылдаумен бірге, тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына қатысты небір күрделі мәселелердің шешімін тапқанының куәсі болдық. 

Самат ИБРАИМ,

ҚР Мәдениет қайраткері

1340 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы